Бір кездері жазылған достық туралы майдангер ақын Әбдікәрім Ахметовтің:
«Дос көңілі шарайна,
Кірлетпе оны қалайда» деген жыр жолдары әлі жадымызда болатын. Оған жалғаса қазақтың дарынды ақыны, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шаханов:
«Достық деген ізгіліктің алаңы,
Оған куә ғасырлар мен замандар.
Отанын да сатып кете алады,
Қиын шақта досын сатқан адамдар» деп адам бойындағы осынау асыл сезімді одан әрі асқақтата жырлаған еді.
Адал достық – айнымас достық негізі. Қазақтың танымал, талантты қалам иесі, сатира саңлағы, осыдан екі жыл бұрын дүниеден өткен, «Көпен келе жатыр» деген атпен көпшілікке кеңінен таныс болған кәдімгі Көпен Әмірбек пен одан бір жыл бұрын дүние салған, Арал ауданындағы «Аманөткел» елді мекенінің тұрғыны, ардагер ұстаз Айкөрген Әбіловтің өле-өлгенше бір-біріне деген көңіл сыйластығы еске түседі. Бұл тірілерге сабақ болса игі.
Иә, өткен ғасырдың сонау алпыс сегізінші жылы Арал қаласындағы №15 орта мектепті ойдағыдай тәмамдаған бозбала Айкөргеннің жүрегі Алатау етегіндегі әсем Алматы шаһарына алып ұшты. Теңіз қолтығындағы шағын қаладан бұған дейін ұзап шықпаған арманшыл жас үшін бәрі қызық. Көргені де, көрмегені де.
Кең-байтақ еліміздің түкпір-түкпірінен арман қуып келген бозбалалар мен бойжеткендердің тоқайласатын нүктесі сол кездегі әсем астана Алматы шаһары болатын. Болашақ сатирик Көпен мен белгілі себептермен кейін журналистік мамандығын ұстаздыққа айырбастаған Айкөрген Әбілов осы қалада алғаш рет кездескен еді. Қазақ мемлекеттік университетіне маңдай тіреп келген арманшыл абитуриенттер (қазіргіше айтқанда, талапкерлер) топ-топ болып пәтер жағалап, осында қашан оқуға түскенше үй жалдап тұратын.
Бұл жөнінде Көпен Әмірбек көзі тірісінде төмендегіше қалам тербеген еді. «Менің өмірімде достыққа адал бір адам болса, ол Айкөрген еді. Шалдың жалғыз баласы қазаққа тән қасиетті тұла бойына тұндырып, құйып алғанына тәнтімін. Уәдесіне берік. Мәрт. Біртоға. Бәзбіреулердің басын кемсітіп, сыртынан ғайбаттаған емес. Сенің сырыңды шашпайды. Қашанда қамқор. Жоқ-жітікке қолұшын бергісі келіп тұрады. Ықыласы жақсы, ниеті түзу. Міне, жігіт!
Айкөрген десе, Айкөрген. Дене бітімі дембелшең, көз тартатын көрікті жігіт. Оқуға түскен жылы алты курстас, белгілі ақын Қайырбек Асанов, Аманкелді Жұмабеков, белгілі прозашы Марат Қабанбаев, Өмірәлі Смайылов, Айкөрген Әбілов және мен орыс кемпірдің құзданып, құлайын деп тұрған жаман пәтерінде бірге тұрдық. Айкөрген екеуміз төсек-орын жетпегендіктен, пештің түбіндегі темір керуетте егіз қозыдай болып бірге жаттық».
Жоғарыда Көпен досы бейнелегендей, Айкөрген марқұм қоғамдық жұмысқа мектептегі шәкірт кезінен бүйрегі бұрып тұратын көпшіл тұлға еді. Сол қасиетін университет қабырғасында одан әрі дамытқан. Келе-келе университет комсомол комитетінің Алматы қалалық «Буревестник» спорт қоғамының белсенді мүшесі ретінде көзге түседі. Тіпті студенттер арасындағы дойбы чемпионатына Қазақ университеті атынан қатысып, қала чемпионы атанды. Бұл жөнінде республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газеті Айкөргеннің суретімен кезінде көлемді мақала жариялаған көрінеді.
Абитуриенттік алғашқы таныстығы алғаусыз шынайы достыққа ұласқан Көпен мен Айкөргеннің жұбы журфакті тәмамдар сәтте әзер жазылған. Көпен болса жазарманы жыртылып-айырылған Алматыда тұрақтап қалса, Айкөргеннің жолдамасы Маңғыстау облыстық газетіне түскен еді.
Ауылдағы шалдың жалғыз баласы Айкөрген ұзақ ойланып-толғанып барып Каспий жағалауына емес, туған ауылына амалсыздан тартып тұрады. Екі достың бір-бірін қимай қоштасқаны басқа курстастарына аңыз іспеттес болыпты.
Арада жылжып жылдар өтеді. Бұл кездері Көпен Әмірбек есімі қалың қазақтың қабырғалы қаламгері ретінде танылса, ауылдағы досы Айкөрген де абыройдан құралақан емес еді. Ұстаздыққа біржолата бел буған ол Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетін бітіріп, ұзақ жылдар білікті педагог, білімді мектеп директоры қызметін атқарады. Ауыл жастарының бос уақытында спортпен шұғылдануы үшін «Достық» спорт алаңын салуға дәнекер болады. Зейнет демалысында да қарап отырмай, ауылдағы мешіттің бой көтеруіне атсалысады. Ал Айкөргеннің айнымас досы Көпен Әмірбек бұл уақытта «Қазақ әдебиеті» басылымында, «Ара» журналында және басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында зейнет жасына жеткенше абыройлы қызмет атқарғаны аян.
Екеуінің достығы өздері өмірден өткенше жалғасты. Айкөрген Алматыдағы Көпен досының төрінде талай мәрте аунап-қунап, қадірлі, сырлас, сыйлас қонағы болса, Көпен де жолынан жаңылмады.
Аралдан шалғайдағы Айкөргеннің ауылына талай рет ат басын тіреп, досының жары, ардагер-ұстаз Айымкүлдің дастарқанынан дәм татады. Келген күннің ертеңіне ауылдың маңайындағы тарихи орындарға саяхат жасайды.
Тоғыз жолдың торабындағы, сырлы Сырдария өзенінің дәл жанындағы «Аманөткел» елді мекені жанындағы «Ақшатау» – жоңғарларға қарсы қол бастаған Сартай батырдың туған жері. Оның «Мың бала» атанған, 15-16 жастағы бозбалалардан ұйымдастырған ержүрек жасағының жасаған ерлігі жалпақ елге түгел аян. Алматылық ақын Батық Мәжитұлының сөзіне жазылған «Мың бала» әні жүрегін тербеткен Көпен досын Айкөрген батырдың кіндік қаны тамған «Ақшатауға» да бірнеше мәрте ертіп барған еді. Талай заманнан бері жел мен жауыннан мүжілген, бірақ уақыт теперішіне міз бақпаған ескі бейіттер көп сырды қойнына бүгіп жатқан еді.
Көпен тағы бір жылы Айкөрген досының ауылына алыстан ат сабылтып келгенде «Ақшатау» жаққа екінші мәрте жолы түскен. Жанында Айкөрген және екі досты қошеметтеген ауыл жігіттері. Сол барғанда қасиетті «Ақшатаудың» басында бұлар Сартай батырдың әкесі Байжан бидің бейітіне тағзым ете келген әлемге әйгілі жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовті кездестірген. Атақты қаламгердің жанындағы Қызылорда облысының бұрынғы әкімі, мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Елеуұлы Көшербаев бастаған бір топ зиялы қауымға бұлар да қосылып, әңгіме тиегін біраз ағытқан болатын.
Сол сапардан соң арада бес жыл өткенде Айкөрген досы дүние салған. Көпен болса өзі науқастанып, ем-дом алып жүргендіктен дос қабіріне топырақ сала алмай біраз толқыған. Көз алдынан сонау бір абитуриенттік, студенттік бозбала шақтары, Айкөрген екеуінің бір тілім нанды бөліп жеген жарты құрсақ жастық шақтары кино көргендей зымырап өткен. Сонда ғой Көпен қаламынан Айкөрген досы туралы төмендегідей қимастыққа толы жолдардың төгіліп түскені: «Орыстың ұлы ақыны Н.Некрасов «Ақын болмау өз еркің, азамат болу – борышың» деп айтқандай, ол журналистік дипломы бола тұра жан жүрегімен ұстаздықты қалады. Өйткені ол шалдың жалғыз баласы болатын. Сол себепті қанатын емін-еркін жаза алмады. Өстіп қазақы мінез қанына талбесіктен дарыған Айкөрген досым осы дәстүрден аса алмады. Білімді ұстаз, білікті мектеп басшысы атанды, қоғамдық жұмыстарға белсенді атсалысты.
Иә, ол ұлағатты ұстаз бола білді. «Біз ғылыми-техникалық революцияның арқасында аспанда құсша ұшуды үйрендік, суда балықша жүзуді үйрендік. Бірақ адамша өмір сүруді үйрене алмадық» деп Бернард Шоу айтқандай, Айкөрген досым – шәкірттерінің адамша қалпын сақтау жолында білім мен тәрбие беруге бүкіл саналы өмірін арнаған адам…»
Сөйткен достар бозбала шақта басталған адал достыққа бірінен соң бірі ақтық сапарға аттанғанша дақ түсірмей өткен. Бейнелері оларды білетін тірілердің жадында ұзақ уақыт сақталмақ болады. «Өмір дегенің – серуен, адам – бір көшкен керуен» деген осы шығар.
Айкөрген сияқты айтулы азаматтың жан жары Айымкүл өткен күзде оңтүстікке барған сапарында қасиетті Отырардағы Көпеннің қабіріне арнайы соғып, жарының атынан дұға бағыштап қайтты. Астана қаласындағы балалары Көпеннің жылдық асына қатысып, әке рухына адалдық танытты.
Ақылы көпті дау алмас, досы көпті жау алмас. Соның ішінде судай мөлдір, адал достықтың қандай екенін жоғарыдағы екі достың бір-біріне деген шынайы сезімі, қалтқысыз қарым-қатынасы, сырлы сыйластығы паш етіп тұрғандай. Бұған осы жылы туғанына тоқсан жыл болатын қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, айтулы лирик Сағи Жиенбаевтың төмендегі достық туралы жүрек толқытар жыры дәйекті дәлел болғандай.
«Бірде төбе, бірде төмен ылдимен,
Жүріп келем өлеңдетіп бір күймен.
Сәл бөлінсем жолыға алмай қалардай,
Достарымды іздеп жүрем ылғи мен.
Бүгін емес, ертең келер күн де өзге,
Тұра бермес жалын атып нұр көзде.
Жұбымызды жазбайықшы, достарым,
Жалғыз-жалғыз жатамыз ғой бір кезде»
Дүниеде мәңгілік ештеңе жоқ. Биік таулар да шөгіп, терең теңіздер де тартылады. Арсыз ажал досты да, қасты да бір-бірінен айырады. Тек адал достық қана сақталады. Біз білетін Көпен пен Айкөрген сияқты достардың шынайы сезімі, алғаусыз қарым-қатынасының алтын жібі тірілерге жұғысты болғай деп тілейміз.
Толыбай АБЫЛАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Ж.Әбдірашев атындағы әдеби сыйлықтың иегері,
Арал ауданының Құрметті азаматы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<