Жерлестігіміз бар, бір ауылда өскендігіміз бар, бірге оқығандығымыз бар, қалай дегенде де жазушы Қуаныш Жиенбайдың қай шығармасы да бізге ыстық, жанымызға жақын. Оның үстіне туындыларының дені теңіз төңірегінде болса қайтпексің?!
Қайран теңіз, көз алдымыздан әлі күнге дейін құм жағаны армансыз тепкілеп жататын түйе толқындардың елесі бір сәтке де алыстаған емес. Жан дүниемізді теңізден соғатын саф самал түгел дерлік жаулап алған секілді. Несін айтасыз, теңіз жағалауына қоныстанған қамыстан тұрғызылған үйіміздің іргесін толқын соққылап жатқанда біз бала болсақ та, бір нәрседен құр қалғандай ұйқыдан тым ерте оянушы едік. Оянған бойда ыбылжып, уақыт өткізіп жүріп алмастан, бірден шаруаға кірісетінбіз. Балықшы әкемізбен бірге теңіз төріне аттанамыз, қайықтың ескегін есеміз немесе шаңырағымыздың несібесін айырып тұрған ау-құралдың анау-мынау кем-құтығын жамап-жасқаймыз. Әйтеуір, бізде қам-қарекетсіз тыныш жүру деген атымен жоқ-ты. Бұл – әсілі теңіз тылсымынан бойға біткен тынымсыз мінез болса керек. Қысқасы, теңіз жағалауында туғандардың «ақын болмасқа қақы жоқ» демекші, балалық дәуренді басымыздан ерте өткіздік те, ерте есейдік.
Менің Қуаныш досымның бәрінен бұрын бір бүйрегінің теңіз тақырыбына бұрылып тұратыны – табиғи заңдылық. Оннан астам прозалық жинақтың авторы өзім білерде елімізге аты мәлім талай әдебиет сыншылары мен қаламгер ағаларының оң ниетті ықылас-пейілдеріне ие болды, олар Қуаныш Жиенбайдың шығармашылық әлеуетін жан-жақты талдады, мерзімді басылымдарға толғаныстан туған талай мақаласын жазды. Біз оларды да жата-жастана түгел оқыдық. Ол ықылас-пейілдер жазушының қалам қуатына берілген әділ баға еді. Ол бірнеше халықаралық әдеби сыйлықтың лауреаты, роман, хикаят, көркем әңгімелері орыс және басқа тілдерге аударылды. Теңіз тақырыбы, теңіз төңірегіндегі тірліктерді арқау еткен және соған барын салып, соқталы кітап етіп шығарған «Даңқ түрмесінің тұтқыны», «Ән салуға әлі ерте», «Жер үстінде де жұмақ бар» романдарын оқырман қауым жылы қабылдады.
Теңіз төңірегі демекші, Арал теңізіне тиіп тұрған «Төретам», «Байқоңыр» космодромы, Қорқыт кесенесі және осы өңірдегі қасаң табиғаттың қатқыл қабағымен қасарысып, қанша қиындық көрсе де мойымай, болашақтан үміттерін де үзбей, қайсарлықпен өмір сүрген қарапайым қазақтардың тағдыры Қуаныш қаламынан жалқы сәт тыс қалған емес. Осы жолы оның бәрін бүге-шүгесіне дейін қамтитын мүмкіндік қайда?!
Өткен жылы «Фолиант» баспасы Қуаныштың «У мен уылдырық» атты кітабын басып шығарды. Осы жинақтың тұла бойынан да теңіз тынысы молырақ аңғарылады. Үш хикаят, жиырма шақты көркем әңгіме. Соның бірнешеуіне шамамыз жеткенше «аялдама» жасайық. Жинаққа енген хикаяттың бірі – «Қашқын». Кімнен, неге, не үшін қашты? Ә дегеннен осы сұрақтардың көмейге кептелетіні анық. Әрі қарай кітап беттерін парақтай түсесің. Тағы да таныс суреттер дөңгеленіп көз алдыңа келе қалады. «Байқоңыр» космодромының жергілікті қазақтарға қаншалықты «шапағаты» тиіп жатқаны онсыз да белгілі ғой. Талай мәрте айтылған, талай мәрте жазылған. Космодромды түп орнымен көшіріп жіберуге керек десеңіз, мемлекеттің өзі қауқарсыз. «Төретам» маңайын пәленбай жылға жалға алған мемлекетаралық келісім-шартты бұзуға тірі адамның жүрегі дауаламайды. Ал «біз атағы әлемге жайылған космодромның іргесінде тұрамыз» дейтін жалған мақтанышты жалаулатқанымызға қанша жыл болғанын кім білсін?! Бізге кейде айтады, кейде айтпайды, төңіректің апшысын қуырып, құйрығынан адам шошырлық от құсып, күні-түні орбитаға кідіріссіз ұшып жатқан ракеталар қаншама!
Бұл «кереметті» ес білген ағайын жақсы біледі, бірақ қолдарынан келер қайран шамалы. «Қашқындағы» Бөрібай – осы «Төретам» шаһарының байырғы тұрғыны. Теміржол бойымен брезент жабылған сан түрлі техникалардың космодромға ағылып жататынына аузы ашылып, таңғалғаны болмаса, әлем жұртшылығын тамсандырған сол космодромнан соқыр тиын пайда көргені қайсы? Әр спутник ұшқан сайын аспанға алай-дүлей қою шаң көтеріліп, онысы кейін тұрғындардың басы-көзіне қонатыны, осы пәледен ауру таптық деп арыз-шағым айтушылардың қарасы жылдан-жылға көбейе түсетіні жалпақ жұртқа және белгілі. Ана жылдары алмағайып заманды бәріміз бастан кештік қой, күнделікті бала-шағаға нәпақа тауып берудің өзі қиынға соқты. Ел жан-жақтан ауызға түсетін несібе іздеді, ешбір қиындығыңнан қашқан жоқ, ұшы көрінген олжаны жалма-жан тартып алуға тырысты. Бір есептен бұ жолы Бөрібайлардың «жолы болды». Олар топталып Бетбақдаладан ракеталардың сынықтарын іздеуге бас қатырмастан бірден кірісті де кетті. Сирек металдарды қабылдап алып, қолма-қол ақысын төлейтін қабылдаушылар ауыл арасында өріп жүретін-ді. Олардың сирек металдарды одан соң қайда жөнелтетінін кім білсін, бәрінен бұрын зымыстан шөлде қаталап, дала кезгілеген еңбектері ақталса болды да. Бөрібайлардың мол табысқа құныққандары соншалық, күн-түн демей металл іздеді, металл – ақша. Бұ заманда бәрін ақша шешеді. Ептеп қалта қалыңдаған сыңайлы. Қолына «қарға тышқан» адамның құдайын ұмытып, аспанға қарайтыны белгілі ғой.
Бөрібайдың сүйікті жары – Гүлжәмила жұмыртқадан жүн қырқатын болмаған пысық. Адамдармен тіл табысқыш, Бөрібайға қарағанда ортаға бейім, аз-кем сауаты да жоқ емес. Бір кездері «Байқоңыр» космодромында аспазшы болып істегені және бар. Гүлжәмиланың есіл-дерті – қолдағы қаражаттың басын бұзбай, үй сатып алып қалаға көшу. Бөрібайдың құлақ түбі ызың-ызың, ал турасын айтқанда, оған туған жерінен артық жұмақ жоқ, анасы, ағайын-тумалары осында. Олармен өмір сүрген әлдеқайда көңілді, қала тіршілігінен бейхабар. Іздегенге – сұраған, бірде маң даладан жанығып металл жинап жүргенде Бөрібайдың «командасындағы» біреу байқаусызда қордаланған улы газға тұншығып, мерт болады. Марқұмды ауылға әкеліп жерлейді, жылап-сықтайды. Бірақ іс мұнымен бітпейді, құқық қорғаушылар келгіштеп, Бөрібайлардан жауап алу қамында. Ажалдың себеп-салдарына барлау жасайды, ол пақырға неге дер кезінде көмек көрсетілмеген, қасында кімдер болған, басқалар аман, неге ол ойламаған жерден өлім құшады? Қысқасы, Бөрібайлар да көп кінәратты мойындарымен көтермекші. Гүлжәмила алақанын ысқылайды, енді ауылда қалудың қандай мән-мағынасы бар? Бір түнде анау-мынауларын жинап, қайда баратындарын тірі жанға айтпастан, «үлкен қала қайдасың?» деп көшеді де кетеді. Пысық әйелі біреулермен сөйлесіп жүріп, Бөрібайға жұмыс тауып береді. Таксист. Келістіріп үй салып алады. Бірақ Бөрібайдың дария жағасындағы жатаған ауылына деген сағынышы бір басылмайды. Көшеден қалаға жұмыс іздеп келген бір топ бозбала ауылдастарын кездестіреді де, Гүлжәмилаға ескертпестен үйіне қонақ етіп түнетеді. Рақатқа батып, таң атқанша әңгімелеседі, бой-сойы жеңілдейді.
Осы арада оқушысын еліктіріп әкететін және майдан қыл суырғандай бір-бірімен үндестік тапқан тосын эпизодтар қаншама?! Хикаят жеңіл әрі жылдам оқылады. Сюжеттік құрылымы, оқиғалардың жымдасуы ешкімді бейжай қалдырмайды, сендіреді. Тілі жатық, шұбалаңқы сөйлемдерден ада. Шығарманы бастан-аяқ оқыған адамның өкінбесіне біз куә.
Жинаққа енген «Оны мазаламаңыздаршы» хикаяты да, «Тойдың төрағасы», «Кішкентай кісілер», «Қасқырбайдың махаббаты», «Дуадақтың дауы» секілді көркем әңгімелерінің де тың ойларымен оқушысын жалықтырмасы белгілі және әңгімелердің дені кезінде мерзімді басылымдарда жарық көрген, көпшілікке таныс. «Үрей» әңгімесіндегі оқиға жаныма жақын. Республикаға белгілі ақын Мұратбек Шерәлиев – өзінің отты әрі патриоттық жырларымен көпшіліктің қошеметіне бөленген шайыр. Кітаптары дүкен сөрелерінде қатталып тұрмайды, көзді ашып-жұмғанша сатылып кетеді. Ақынмен жүздесу – қарапайым оқырман үшін үлкен мереке. Оқырмандары ақын қай қалада кездесу ұйымдастырса да, бәрі жабылып соған жетіп барады. Ал оппозиционерлердің ақын жырына «ғашық» болғандары соншалық, Мұратбек Шерәлиевтің табанын жерге тигізбейді. Кездесуге шақырса, бар жағдайын жасайды, астына арнайы көлік бөлгізеді, жалға алған мәдениет сарайының ақысын да өздері төлейді. Шетелден де оқырмандар шақырады. Шерәлиевтің топ алдына шыққанда екі иығын жұлып жеп, бар шығармасын жатқа оқитыны керемет. Оқырман қауым айдалада шөлдеп келе жатып, мұп-мұздай бұлақ суына тап болғандай әдемі әрі әсерлі күй кешеді. Ақын тірі жанды жалықтырмайды. Ал билік ақыннан аздап үрейленеді. Себебі, әрбір сөзімен жұртты иландыра білетін ақын олардың көңілінен шықпайтын бір нәрселер айтып қоя ма деп қауіптенеді. Әңгіме ойға, оқиғаға құрылған. Мұхтар Шахановтың ақынға тән кейбір еркін мінездері қылаң береді. Өз басым сүйсініп оқыдым.
Есіңізде болар, ана жылдары әлемдік теледидар ел қызығатындай талай тамаша дүниелерді бір шетке ысырып қойып, тұмсығы сорайған, жағына пышақ жанығандай жүп-жүдеу «қара шалдың» мұхит тереңінен түсірген репортаждарын күн құрғатпай бірінен соң бірін көрсетуші еді ғой. Сол ғажап ленталар әліге дейін көз алдымызда. «Шалдың» аты-жөні – Жак-Ив Кусто, атақты мұхит зерттеушісі. Оның ұлтына, қайда дүниеге келгеніне жұрт қызықпайтын. Қызығатыны – мұхит түбіндегі кереметтерді еш боямасыз, қаз-қалпында түсірген кино туындылары.
Бір адам әзер сиятын ауа толтырылған қобдишаның ішіне кіріп, қолынан кино аппаратын тастамаған күйі көрерменге күле қарап, дәп бір өз еркімен ажалмен арпалысқа бара жатқандай мың метрлік тереңдікке сүңгитін Кустоның сол жанқиярлық ерлігін өкінішке қарай, бүгінге дейін ешбір жан толық мағынасында қайталай алған жоқ. Өзі дүние салған соң ол істі ұлы жалғастырмақшы болған-ды, бірақ Кустодай шеберліктің шыңына шығу қайда?!
Құрлықта кино түсіру мен мұхитта кино түсірудің айырмасы жер мен көктей. Сан түрлі балықтар тіршілігі еріксіз көз арбайды. Балық демекші, дүниежүзілік атақ пен абыройға кенелткен Э.Хемингуэйдің «Шал мен теңізінде» де акулаларға байланысты эпизод бірінші планда-тын. Иә, иінін тапсаңыз, балық пен теңіздің жыры жуық маңда таусылмайды.
Кітаптағы «У мен уылдырық» повесін оқығанда осы жайлар ойға оралды. Біздің пайымдауымызша, Қуаныш – өз тақырыбын тапқан, замандастарымыздың тыныс-тіршілігін, қоғам мен адам, адам мен табиғат арасындағы байланысты, одан туындайтын күрделі мәселелерді аса дәлдікпен оқырманға ұсынып жүрген белгілі қаламгер. Жазушының барлық шығармаларында дерлік тартылған теңіз тағдыры, атамекенді қия алмай кешегі су шайған жағалауды бүгін құм басса да, мейлі өлместің күйін кешсе де, ешкімге мұң шақпайтын қайсар жүректі балықшылар әулеті туралы сөз болады. Тақырыпқа әртүрлі қырынан келеді. Өзі сол өңірдің перзенті болған соң теңіз бетіндегі емес, теңіз асты жағдайларын да жақсы біледі.
Балық та – біздің байлығымыз. Күнделікті дастарқандарынан балық өнімдері үзілмейтін жапон халқының ұзақ өмір сүретіні баршамызға аян. Соңғы уақытта біздің үкіметіміз де балық өнімдерін көбірек тұтынуға көңіл бөлуде. Жазушы кейіпкерлерінің дені қарапайым адамдар болғанын айтқанбыз. Ал «У мен уылдырықтағы» басты герой – Есберген жерлестеріне мүлде ұқсамайтын тосын бейне. Сол секілді шығарманың сыр-сипаты да күрделі. Әрі мұндай тақырып қазақ әдебиетінде бұрын-соңды кезікпеген. Есберген – әншейін қара көбейтіп жүрген қалың тобырдың бірі емес, бірегейі. Қаршадайынан су астына сүңгіп, дем алмастан тірлік кешуді үйренген. Кәдімгі «қос мекенді» адам. Ауа толтырылған скафандрды иыққа іліп, тыныс алуға қажетті құрал-жабдықты іздеп жатпайды. Кез келген жағдайда суға сүңгуге тастүйін дайын. Ал мұндай сирек бітімді тұлғалы азамат мемлекеттік құпиялы тапсырмаларды орындауға да таптырмайды. Есберген – көп жұрт біле бермейтін әрі төтенше жағдай туындағанда қай өңірде жүрмесін сол сәтте, сол объектіден табылатын сұңғыла суға сүңгуші водолаз. Баренц, Охот теңізінде батқан кемелердің қазына-байлығын сыртқа шығаруға атсалысқан. Оның Норвегия, Ресей, Балтық бойындағы үлкен қалаларда тұратын әріптестері амандығын біліп, жиі-жиі хабарласып тұрады.
Біздің түсінігімізде, Есберген – нағыз «әлем адамы». Бірақ ол әлдекімдер секілді жылтырақ жарнамаға жоламайды, «мен сондаймын, мені біліп қойыңдар» деп кеуде ұрғылауға жаны қас. Сәл жұпынылау аудан орталығында тұрып, жұртпен бірге күнделікті нәпақасын тауып жүрген біртоға пенде. Әйтсе де өзінің ерекше «мамандығы» қажет болғанда жеке басын күйттеп, бұғып қалатын жан емес. Жазушы кейіпкер характерін күрделі оқиғалар сахнасында, біздің қаперімізге келмеген, келмек түгілі, «солай болуы да мүмкін-ау» деп санаға да сіңбеген ситуациялар арқылы жан-жақты аша білген. Есбергенді тосыннан табылған олжа деуіміздің себебі осында.
Арал теңізінің жағалауында өмірге келгені былай тұрсын, Есберген – теңіздің кешегі һәм бүгінгі ахуалының көзі тірі куәгері. Теңіздің атам заманғы бет-бейнесі келмеске кеткен. Енді өзімізге тиесілі Сырдарияның болмашы суын қасықтап жинап, Кіші теңіздің деңгейін түсіріп алмасақ, соған да шүкіршілік. Мына қырсыққа қараңыз, талай жылдан бері «Арал – ғасыр проблемасы» деп келіп, Бүкіләлемдік банк молынан қаржы беріп тұрғанда «Көкарал» бөгетін көзбе-көз бірнеше метрге төмен салдық. Соның салдарынан теңіз табанына жиналған су бөгеттен сыртқа құлап, айдын шалқарды портты қалаға жеткізбей әлек. Кіші теңіздің кенересі қашан толары белгісіз.
Кіші теңіздің табиғат заңымен емін-еркін көсіліп қанат жаюына, айналасындағы көл-көлшік суға толып, «қаз ұшып, үйрек қонуына» қысастық жасап, болмашы балық-шабағына қомағайлана кірісіп, жан-жақтан талап жатқанымызды несін жасырайық. Жә, атакәсіп жаңғырсын, ел-жұрт несібесін айырсын, бірақ ұлтанына әлі балдыр өсіп жетілмеген, бауырындағы балығы әлжуаз, жаңа ғана қолдан тірілтіп алған теңіздің дәл осы таңдағы аянышты халіне жанашырлық танытып жүрген кім бар?! Жаңбырдан соңғы саңырауқұлақтай бірнеше балық зауыты дереу ірге көтерді. Оларға күн сайын тонналаған балық керек. Алақандай теңізді лицензиялап, бірнеше іскер азамат пышақ үстінен бөліп алған. Ұрандары: «балық, балық әкел!» Кез келген тұстан киіп-жарып, жасырынып балық аулайтын жырынды браконьерлер қаншама?! Міне, мұндай ауырлықты белі бүгілмей, «маңдай тері тырыспай» жасанды теңіз шыдас беріп, қашанғы көтере алады?!
Есберген азаматтық тұлғасын осы тұста танытады. Жасырын балық аулаушылармен де, «мемлекеттік жоспарды асыра орындаушылармен» де екі білегін сыбанып, айқасқа шығады. Кейіпкердің табиғатқа жанашырлығы, біздің өңіміз түгілі түсімізге кірмеген – тың, тосын әдіс-тәсіл. Ақбөкенді түнде прожектор жарығымен аулайды дегенді естігенбіз, енді мінекей, балықты да сөйтіп аулайтыны былай тұрсын, у шашып, қытай торымен тұзақтайтыны күн сайын тұс-тұстан дүңк-дүңк естіліп жатады. Мұндай сұмдықты естіген Есберген жынданып кетуге шақ қалады. Жасы жер ортасына таяса да, бойдағы күш-қуатын жинап, әлгіндей табиғатқа жасалған айуандықтың жолына тосқауыл қоюға тырысады. Су астына сүңгіп, аудың көзін тоз-тозын шығара қиып, балық өрісіне жол ашады, балық шоғырын улы аймақтан қақпайлап әрі әкетеді.
Бұл – табиғатқа жасалған үлкен қамқорлық еді. Жағалаулықтар Есбергеннің туған жерге асығыс қоныс аударғанын көрсе де, оның арғы астарында қандай мақсат жатқанын түсінбейді. Бір жолы мұз үстінде браконьерлер мен саудагерлер масайрап, өздерінше есебіміз түгелденді ғой деп, тойлап жатқан тұста су астымен жүзіп келген Есберген сол тұсқа динамит қойып, жарып жібереді. Зәрелері ұшып, жан-жаққа тырағайлап қашқандар енді қайтып бұл маңға жоламайды. Ауылдың ақсақал-қарасақалдарына да Есберген жүріс-тұрысының сырын ашпайды. Су астына сүңгитін себебі, балықтың сағағына жабысқан түймедей дәрі іздеп жүр-міс. Ол дәрі кісіні қартайтпайды-мыс…
Жазушы бұл эпизодты да өмір шындығымен жымдастыра білген. Есберген мен пошташы келіншек Жібек арасындағы сезім тебіреніске толы. Әдемі сүйіспеншілік иірімі өзінше өріс тапқан. Арадан талай уақыт босқа өтсе де, ақырында сөзіміздің басында мысал еткен Кустоның тірлігін қайталайды: мен неге о шалдан сорлы болуым керек деп, іштей сілкініп, көктем айларында өлгенін білмей жанталасып, жағалауға уылдырық шашуға шығатын балықтар әлемін киноға түсіреді. Табиғатқа жаһандық тұрғыдан жанашырлық жасаған Есберген – біз іздеп жүрген әдебиетіміздегі тосын бейне. Өзіміздің Жак-Ив Кусто.
Арал – әлем назарында. Биылдан бастап Халықаралық Аралды құтқару қорына Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалық жасайды. Талай мәселенің түйіні шешіліп, Кіші Аралдың кенересі толмақшы. Бір-бірімізден сүйінші сұрайтын оңтайлы сәттеріміз көбейе түскей!
Қорыта айтқанда, үнемі экология тақырыбын жырлаудан танбаған белгілі жазушы Қуаныш Жиенбайдың «У мен уылдырық» атты прозалық жинағы – Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа лайықты шығарма.
Толыбай АБЫЛАЕВ,
ақын, Ж. Әбдірашев атындағы сыйлықтың лауреаты,
Арал ауданының құрметті азаматы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<