Сыр елі тағы бір ардақты азаматынан айырылды. Оның есімі халыққа жақсы таныс. Сәмит Далдабаев Сыр елі топырағында дүние есігін ашып, ұзақ жылдар басшылық қызметте болып, ел еңсесін көтеруде өз қолтаңбасын қалдырған айтулы азамат еді.
Ол адал еңбегімен туған еліне қалтқысыз қызмет еткен жылы жүректі жайсаң жан еді. Облыс экономикасы мен мәдениетін ілгері бастыруда жасаған еңбектері халық жадында сақталған.
Өмірде адамдардың ғұмыры сан түрлі жағдайда өрбиді. Сәкеңнің өмір жолы бірыңғай тегіс болған жоқ. Бірақ қандай жұмыста, қандай қиыншылықта болмасын еңбекққорлығымен, адамгершілігімен алып шықты. Барлық қызметін абыроймен атқарды. Осы орайда тағдырдың қандай толқыны болса да сабырлылықпен көтеріп, келешегін ой түбіне сақтап, көптеген жақсылықтарға, мұрат-мақсаттарына қол жеткізіп отырған Сәмит Далдабаев бақытты ғұмыр кешті деп айта аламын.
Жақсы адамның бойындағы өмірге деген құлшыныс, дүние-мүлік пен байлыққа бой алдырмау, жақсыға жақын жүру, сыйласа білу тәрізді адами қасиеттерді Сәкеңнің бойынан табуға болатын еді. Көпті көрген көңіліне көп нәрсені түйген, жаны жайсаң, кішіпейіл адал еңбегімен абырой биігіне көтерілген азамат болғанын нық сеніммен айта аламыз. Сыр елі абыздарының бірі болған Сейілбек Шаухаманов ағамыз кезінде С.Далдабаевқа “Ол іскерлікті асығыстықпен, талапшылықты дөрекілікпен, кішіпейілділікті жалпақшешейлікпен, тілалғыштықты қолбалалықпен шатастырмайтын басшы болды” деп баға бергені есімізде. Ол кісіден асырып кім айта алған?
Ол әркез халыққа сыйлы болды. Қай жерде болмасын адал қызметімен, адамгершілік қасиетімен өзін сыйлата білді. Еліне қадірлі еткен аса кішіпейіл, азаматтығы басым, өзін емес, өзгенің қамын ойлағыш шынайы адал жан болуында. Халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, қолынан келгенше жақсылық істеп, жоқ-жұтаңдарға қолын созып жүрді. Сондай азамат еді Сәкең.
Қазақта “Елдің азаматы” деген ұғым бар. Бұл – екінің-біріне айтылмайтын сөз.
Сәмит Далдабаев тіршілігінде осы ұғымға өзінің болмысымен, қадір-қасиетімен сараланып ие болған жан десек, еш артық айтпағанымыз. Облыстың бірнеше ауданының “Құрметті азаматы” атануы осы сөздеріміздің нақты дәлелі болса керек.
Өзің жақсы білетін, ұзақ жыл сыйлас болған жақын адамың қайтыс болғанда жан-дүниең құлазып, қабырғаңның қайысатындығы заңды құбылыс емес пе?! Елу жылдан аса бірге келе жатқан досым жайлы өткен шақта айту маған да оңай соғып отырған жоқ.
Достың да досы болады ғой. Сәкең – менің сыйласым, сырласым, қимасым, жанашырым болған жан. Жарты ғасырдан әрі бірге келе жатыр едік. Кейде кейбір ұсақ-түйек мәселелердің шешімін таппағанда өзімнен алты ай үлкендігі бар Сәкеңнің ақылына жүгінетінмін. Ол да қолынан келген көмегін жасап, ақыл-кеңесін беруден жалықпайтын. Ол кісінің адами қасиеттерін сөз етер болсақ, қарапайымдылығы, туған-туысқа жанашырлығы, кішіні іні тұта білетін, үлкенді аға тұта білетін кеңпейілділігін еске алатын боламыз. Алдындағы ағаларын құрметтеумен өтті. Сәкең өзінің еңбек жолында халықпен тіл тауып, жұмыс істеуді үйреткен ақылшы-ұстаз ағаларын барынша қадірлеп өткенін білеміз. Осы ретте оның Қозытай Әбуов, Қонысбек Қазантаев, Елеу Көшербаев, Еламан Жүнісбаевтар туралы естеліктер жазып қалдырғанын атап өтпеске болмайды.
Отбасында өте жайлы, мінезге бай сырбаз жан болғанын жақын араласқан қауым жақсы біледі. Ағайын-туыс, жора-жолдастарының жақсылығы мен жамандығынан қалмайтын. Жаңақорғандағы қызметінен кеткеніне отыз жылдан асса да, сол жақтың азаматтары осы уақытқа дейін қатынасып тұрды. Міне, бұл – ел азаматтарының Сәкеңе деген құрметінің, сыйластығының белгісі. Осындай жан бүгін арамыздан кетіп отыр.
Бұл да тағдырдың жазуы. Оған кім қарсы келген? Осы орайда Сәкеңнің отбасына амандық тілеймін, қайғы салмағын азайтардай жақсылық-қуаныштары мол болғай дегім келеді. Ендігі жерде қолымыздан келетіні, жақсылығын дәріптеп, рухын асқақтату. Жаныңда жүрген жайсаң жанның қадір-қасиетін ол мәңгілік мекеніне аттанғаннан кейін көбірек сезіне түседі екенсің.
Абыройлы еңбек еткен, өнегелі ісі көпке үлгі болып, артына тәрбиелі із қалдырған, жерлестеріне абыройлы да ардақты болған Сәмит Далдабаевтың есімі ешқашан ұмытылмайды. Ағамыздың мәңгілік мекені жарық болып, нұры пейіште шалқысын!
Тұрғанбай МАХАНОВ,
Қызылорда облысының Құрметті азаматы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<