Ұлы Отан соғысына қатысып, бес орденмен марапатталған қазалылық соғыс ардагері туралы «Сыр бойы» газетінің жауапты хатшысы Дәуіржан Елубаевтан естігенімде сене қойған жоқпын. «Мүмкін емес, медальдарды да орденге қосып тұрған шығар» деп ойладым. Тарихшы ретінде соғыс тақырыбын зерттеп жүргенімде 2-3 ордені бар соғыс ардагерлерін білетінмін, олар нағыз батырлар еді. Солардың бірі «Қызыл Жұлдыз» орденінің екі мәрте иегері, аудандық ішкі істер бөлімінің ардагері М.Беков деген кісі еді.
Сонымен, бес орденді соғыс ардагерінің аты-жөні Елубес Ерғараев екен. Інісін үйіне іздеп бардым. Өзім танитын Тасболат Ерғараев деген ағамыз. Ол ұзақ жылдар бойы білім саласында еңбек етті. Қазір зейнетте. Оның айтуынша, атасы Ерғара – 1930 жылғы көтерілісте ту ұстаған Пірім батырмен бірге туған. Арыстанбайдың алты ұлының бірі Ерғарадан екі ұл – Елубай (халық Елуекі деп атап кеткен) мен Елубес тарайды. Ағайынды Ерғараевтар Арал ауданының Құмбазар елді мекенінде дүниеге келіпті. Елубай 1907 жылы дүниеге келсе, інісі Елубес 1910 жылы туған. Алайда оның туу туралы куәлігінде 1918 жыл жазылыпты.
– Өзің білесің, құжат жағына келгенде қазақтың жайбасарлығы басым. Құжатты тек керек кезінде іздейді. Ол кезде туу туралы метриканы алған уақытымен жазып беретін болған. Әкеміз халықты қынадай қырған мешін жылғы аштық жылдары ауыл іргесіндегі көлден балық аулап күнелткен екен. Ашаршылықта көптеген ағайынымыз «оңтүстікте тоқшылық» дегенді естіп, Құмбазардан көшіп кеткен. 1933 жылдары атам Ерғара отбасымен Қазалы стансасына көшіп келеді. Қазалы стансасы бұл кезде үлкен теміржол торабы еді. «Екі шойынжол тұрғанда балаларыма осы жерден жұмыс табылар» деген ниетпен қоныс аударса керек, – деді ол.
Мен үлкен атамды көрген жоқпын, әкемнің інісі Елубесті соғыстан кейінгі жылдары ғана көрдім. Әкемнің жұмыс орнына тамақ апарып тұратынмын. Ол қазіргі 5 кварталға өтетін теміржол өткелінен түсе берісіндегі көмір базасы еді. Бастапқыда әкем сонда от жағушы болып істеді. Ол кездегі көмірді тиеп-түсіретін кранның төменгі жағында қазандық болатын, әкем соған көмір жағатын, бумен қозғалысқа келетін экскаваторды сол кезде көрдім. Сол кездегі депода оқыған жалғыз қазақ Қасым (фамилиясын ұмыттым) әкем Елубай Ерғараевты Чкалов қаласындағы кран машинистерін дайындайтын курсқа жібереді. Оны оқып келіп, машинист болып жұмыс істеді. Осылайша, әкем теміржолға аса қажет маман ретінде броньмен соғысқа алынбай қалды. 1963 жылы теміржоландан зейнетке шығып, 1987 жылы дүниеден озды, – деді ол .
Ал әкемнің інісі Елубес соғыстан бұрын, 1940 жылы 3 мамырда әскер қатарына алынған. Әскери борышты өтеу мерзімі ол кезде 3 жыл болыпты. Ол әскерде жүргенде еліміздің батысында соғыс басталады. Елубес Ерғараев мергендер даярлайтын қысқа мерзімді курсты бітіріп, №281 атқыштар полк құрамында ұрысқа кіреді. Ұлы Отан соғысына үш жыл бойы мерген болып қатысқан сержант Елубес Ерғараев 1944 жылы Кенигсберг қаласына 18 шақырым жерде өткен бір шайқаста оң қолынан ауыр жараланады. Немістің мергенінің оғы оның алақанынан өтіп кетіп, сүйектің ішінен өтіп, шынтақтан тесіп шыққан.
Сержант Е.Ерғараев 1944 жылдың 10 қазанынан 1945 жылдың 8 тамызы аралығында 10 ай бойы госпитальда емделеді. Әскери дәрігерлер оны екінші топтағы соғыс мүгедегі ретінде елге қайтарады. Соғыстан кейінгі ауыр кезеңде оның «Қызыл Ту», жауынгерлік «Қызыл Жұлдыз», бірінші және екінші дәрежелі «Отан соғысы» және үшінші дәрежелі «Даңқ» орденімен, сондай-ақ, «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік еңбегі үшін» медальдарымен марапатталғанына ешкім назар аудармаса керек. Өзі де мен ордендерім бар еді айта қоймаған. Ол ұрыста алған жарақат салдарынан елге оралғаннан кейін 8 жылдан соң дүниеден озған. Бір қызығы, майдангер ағасының 5 орденді батыр екенін Тасболат ақсақалдың өзі Қазалы аудандық әскери комиссариаттан сұрау салдыру нәтижесінде Жеңістің 70 жылдығы тұсында ғана біліпті.
Майданнан оралған жігіт тәрбиелі отбасынан шыққан Марияш есімді қызбен шаңырақ көтереді. Олар Серік, Төлеген есімді екі перзентті сүйді. Бірақ, оның тұрмыс жағдайы ауыр еді, мүгедек болғасын жұмысқа жарамады. Жақайым Дәріқұл жыраумен бір ауылда туып, қатар өскен Елубес қисса-дастандарды қолы кемдеу болса да, домбырамен жырлайтын жыршы болатын. Алайда, ол кезде елде той-томалақ аз болды, бара қалса әйтеуір бос қайтармайтын, отбасын асырау оңайға түспеді.
Сол себепті де Тәжікстанға көшуге шешім қабылдады. 1931-1933 жылдардағы аштық кезінде сол жаққа үдере көшкен қазақтардың арасында жақын ағайындары бар еді. «Бұл жақтағы тәжіктер сауықшыл халық, жыраулық өнерімен-ақ жан бағуға болады», деп шақырғасын, Елубес отбасымен сонда қоныс аударды. Ол кезде тәжіктер Қазақстандағыдай емес, біршама жақсы тұрды.
«Қазақстан – майдан арсеналы», «Майдан мен тыл – бір» деген ұран мұндағы қалың елді титықтатып кеткен-ді. Тылда еңбек еткендер де еңбекақысының 50 процентін «облигация» түрінде қорғаныс қорына аударуға мәжбүр болды. Тәжікстан майдан шебінен қашық болғасын және ашаршылықты бастан кешпегесін бе, халқы күйлі тұрып, ойын-сауықты, тойшыл екен. Қазақтың ғана емес бүкіл түркі халқының ортақ қазынасы «Көрғұлы», «Ер Едіге» секілді белгілі дастандар мен атақты Нұртуған шайырдың тарихи дастандарын, терме-толғауларын талмай жырлайтын Елубесті ол жақта қолды-аяққа тұрғызбай алып кететін.
Қазалының қазағы Қорған-Төбе қаласында 4 жыл тұрады. 1952 жылы соғыста алған жарақаты асқынып, ауырып қалғанын естіген ағасы Елубай «бауырым жат жерде қалмасын деп» Тәжікстанға барып, інісін отбасымен бірге Қазалыға алып келеді.
Бес орденді батыр елге келгеннен бір жылдан кейін жарақат салдарынан (1953 жылдың 5 мамырында) қайтыс болды. Бейіті Әйтеке би кенті жанындағы қорымда. Соңында Серік пен Төлеген есімді ұлдары қалды. Жары дүниеден ерте кеткенмен Марияш ана ұлдарын үйлендіріп, олардан бірнеше немере сүйіп, 2007 жылы өмірден озды. Бұл күнде қара шаңыраққа Ерғараев Серіктің ұлдары Мейрамбек пен Бақытбек ие болып түтінін түзеу түтетіп отыр. Серік қызы Бақыткүл, Маржан ұрпақ тәрбиелеп отыр. Ал Ерғараев Төлегеннен ұлдары қазір Қазалы, Алматы және Нұрсұлтан қалаларында тұрады.
Осымен бес бірдей орденнің иегері туралы әңгімені аяқтауға да болатын еді, бірақ көңілім көншімеді. «Өзі мерген болса, бес орденнің ар жағында үлкен ерлік тұр ғой» деп ойладым да осы ордендер қандай ерліктер үшін берілетінін іздестіре бастадым. Мәселен, «Қызыл Ту», «Қызыл Жұлдыз» және «Отан соғысы» ордендері соғыс кезінде командирдің тапсырған нақты бұйрығын толық орындағаны үшін беріледі екен. Ал үшінші дәрежелі «Даңқ» ордені «өзіне бекітілген атыс қаруымен 10-нан 50-ге дейінгі жаудың көзін құртқанда беріледі» делінген. Жерлесіміздің ұрыс даласында қанша жауды жер жастандырғанын осыдан-ақ бағамдауға болады. Соғыс кезінде мергендерге бірінші кезекте жаудың жоғары шенді офицерлері мен байланысшыларын, мергендері мен пулементшілерін және зеңбірек көздеушілерінің көзін құрту, сондай-ақ, төмен ұшқан жау ұшақтарын атып түсіру тапсырылды.
Ең бастысы, жаудың мергендерінің көзін жою болды. Өйткені, қолайлы жерге бекініп алған жау мергені көп жағдайда бір ротаның қарсы шабуылға шығуына кедергі келтірген. Ол үшін мергендер жұп болып шыққан: біріншісі – «мерген муляжды» тірі адамдай етіп көрсетіп жатқанда, екіншісі, жаудың мергенін байқап, дереу атып, көзін құртып отырған.
Бір өкініштісі, соғыста снайпер болған Елубес Ерғараевпен ол кезде ашылып сөйлесіп, одан даңқты жауынгерлік жолы туралы сұрау ешкімнің ойына келмеген. Ол бір «Балапан басына, тұрымтай тұсына» кеткен қиын кезең болды ғой деп өзімді жұбаттым. Соғыстан титықтаған ел-жұрттың әлі аш-жалаңаш кезі, жан бағу мақсатында күні-түні еңбек етті. Кейін ел тойынып, алды-артына қарап, өткен-кеткенін түгендей бастады.
Тәуелсіздік алған бақытты кезге соғыс солдаты жете алмай, дүниеден ерте кетті. Есіл ердің көкірегінде қандай арман кеткенін біз білмейміз…
Бақытжан ТҮМЕНБАЙ,
Жанқожа батыр атындағы
№70 мектеп мұғалімі.
Әйтеке би кенті
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<