Коронавирус адамзатқа үлкен сынақ болды. Әлем халқы соңғы бір ғасырда мұндай ауыр жағдайды бірінші рет бастан өткеріп отыр. Өкініштісі, пандемия кезінде індет құрығына ілінгендер мен қайтыс болғандар арасында ақ халаттылар да бар. Қызметтік міндетіне асқан жауапкершілікпен қарап, адам жанының арашашысына айналған олардың еңбегі ерекше.
Жақында кеселмен күресте көз жұмған бірқатар медицина өкілі мемлекеттік марапатқа ие болды. Олардың қатарында Қазалы ауданаралық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімін басқарған дәрігер-инфекционист Іскендір Жұмағазы да бар. «Құрмет» орденін марқұмның әкесі Жиенбай Жұмағазиевке аудан әкімі Мұрат Ергешбаев тапсырды.
Жаһанды індет жайлаған тұста барлық әріптесі секілді ол да мінсіз қызмет атқарды. «Осындай қиын-қыстау кезеңде дәрігерлер азаматтардың өмірін сақтау үшін уақытпен санасқан жоқ. Өз бастарын қатерге тікті. Өкінішке қарай, бұл күресте Іскендір сияқты алдыңғы қатарлы медицина қызметкерлерінен де айырылып қалып жатырмыз. Бұл – денсаулық сақтау саласы үшін орны толмас қасірет», – дейді оны білетіндер.
І.Жұмағазы Ақтөбе мемлекеттік медициналық институтының педиатрия факультетін бітірген соң Қызылорда қалалық балалар ауруханасында біржылдық интернатурадан өтті. Еңбек жолын Қазалы аудандық ауруханасында балалар дәрігері болып бастады. Одан кейін аудандық ауруханада балалар бөлімінің меңгерушісі, «Жетес би» жанұялық емханасында жалпы практикалық дәрігер қызметтерін атқарды. 2016 жылдан бастап дәм-тұзы таусылғанға дейін ауданаралық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімін басқарды.
Ол кеселді жеңу үшін ертеңге үміт арту керектігін пациенттеріне үнемі айтатын. Үрей – дерттің жартысы, сенім – саулықтың жартысы, сабыр – сауығудың басы екеніне емделушілерді сендіре алатын. Ел шетіне індет енгеннен бері дамыл көрмеді. Беймәлім вирус көрінбейтін жау секілді. Қай тұстан келетініне мәлім жоқ. Бірақ дәрігер берген антынан айнымады. Ақ халатты абзал жан деген атына кір жұқтырмады.
– Іскендір зиянды әдеттерден бойын аулақ ұстады. Ораза ұстап, намаз оқитын. Айналасына сыйлы, әріптестерінің арасында абыройлы еді. Кәсібіне адалдығы шығар, жұмыстан орынсыз қалып көрген емес. Көп ауырған жоқ. Жөтел қысып, дене қызуы көтерілген соң ауруханаға жатқан. Ауруы асқынып, жан сақтау бөлімінен бір-ақ шықты. Ұлымызды жоғалту – біз үшін орны толмас қайғы, – дейді марқұмның әкесі.
І.Жұмағазы – төрт қыздың әкесі. Олар бүгінде өмірден өз орындарын тапқан. Бір әулет асқар тауынан айырылса, ауданның медицина саласы білікті дәрігерді жоғалтып отыр.
– Жұмысқа тиянақты, өте жауапты болды. Нағыз маманымыздан қапыда айырылып қаламыз деп ойламадық, – дейді ауданаралық аурухананың бас дәрігерінің міндетін атқарушы Бақытгүл Әлішева.
Салада отыз бес жылдан астам тәжірибесі бар І.Жұмағазы «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгілерімен марапатталған.
Назерке ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<