Еменнің иір бұтағы

12305

0

Фото: ашық дереккөз

Әлімсақтан келе жатқан қазақта «Ұлықпандай мың жаса» деген бата, тілек бар. Әрине пенде мың жасамайды.

Бірақ оның адам баласына жасаған жақсылығы, ізгілік ісі, артқа қалдырған ғибраттары мен өшпес ізі мың жасайды. Ұлықпан сонысымен мәңгілік, Ұлықпан сонысымен мың жасап келе жатқан ғұлама.

Сырды мекен еткен, елінің ерден елеулісі, халықтың қалаулысы, қамқоршысы болған Остай деген ақсақал тоқсаннан асқан шағында дүниеден өтіпті дейді.

Сол кезде Соғыс және еңбек ардагері Бабаш Жөкенов деген ауылдасы оның көңілін сұрай барғанда абыз:

– Қарағым, Аллаға өкпем жоқ. Мына пәни дүниеге де арманым жоқ. Өзімнен тараған ұрпағым 100-ге жетті. Енді осылардың алдында абыроймен Алла аманатын алса… өкінішім жоқ, деген екен.

– Менің де жасым сол кезде 80-нен асып қалған еді. «Ұрпағым 100-ге жетті» деген кісіні бірінші естуім, деп отыратын сол кезде Бабаш қария.

Сол ақылы дариядай қарияның ұрпағынан өрген өскелең ұрпақ бүгінде бір ауылға пара пар. Немере, шөбере-шөпшектері әр салада, шартарапта қоғамның көпірін салысып, заманның ірге тасын құйып, қабырғасының кірпішін қалап жүр.

Солардың бірегейі сол қасиетті әулеттің абыройын әуелеткен марқұм Батырхан Остаев еді.

Еменнің иір бұтағы
Фото: ашық дереккөз

Руслан Рүстемов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Біздің Сыр елі қашанда тұлғасы биік адамдарға кенде емес. Солардың қатарын бүгінде Батырхан Остаев сынды ағамыз толтырып отыр.

Өзім ол кісіні 1994-95 жылдардан бері танып білдім. Жалпы Батырхан ағайды қай кезде көрсең де өзінің бойына біткен тектілігімен, ақыл, парасаттылығымен, жәй ғана қарапайымдылығымен тәнті ететін.

Ол кісімен әрбір кездесуің, сені жаңа бір жылы леп, жаңа бір жаңалыққа, ерекше бір жігерге бөлей-тін. Сөз барысында оның іс-тәжірибесінен үлгі алып марқайып қалатынсың. Ол тек мектеп диреторы болып қана қойған жоқ, мектепте пәндік басқару жүйесін қалыптастыру барысында көптеген жаңалықтар енгізген, ізденімпаз жан болды.

Батекеңнің қаламынан 550-ден аса ғылыми-танымдық әдістемелік дүниелер өмірге келді. Бұл дегенің.үлкен ғаламат, көп еңбек! Оның еңбектері, іс тәжірибелері Одақ көлемінде де танымал болып, іске асты.

Өмір ізіне көз салсаңыз, сонау 1982 жылы Ереван қаласында, бүгінгі Армения елінде Бүкілодақтық білім фестивалі өткен-тін. Батырхан аға соның төрінен өзінің шығармашылық ғылыми-танымдық әдістемелерімен қатысушыларды тәнті етті. Дипломант атанды.

Батырхан Остаев №143 мектепте үзеңгілес әріптестерін де осы пәндік салалық басқару жетілдіру барысында жетекшілік жасай білді.

Мысалы Баттал Жүсіпбеков,Қадір Әмзеев, Мырзахан Жәкенов республикалық, одақтық деңгейде танымал ұстаздар қатарында болды. Мен тек есіме түскендерді айтып отырмын. Шынтуайтында ондай ұстаздар сол мектептің өзінен көптеп шықты. Бір шағын ауылдағы мектептің өзінен бірнеше ғылым доктарлары мен он шақты ғылым докторлары шығуы осы сөзімнің дәлелі.

«Тау алыстаған сайын биіктей береді». Болашақта ол кісінің ерен еңбегі еленіп, есімі ұлықталып жатса әрине құба-құп болар еді. Өйткені Батырхан ағай соған лайық адам.

Ес біліп,мектеп табалдырығын аттағаннан ол өмірінің ақырына дейін өзінің туған өңірі бұрынғы Ақсуат, Киров, бүгінгі Махамбет ауылына қызмет етіп кетті.

Сол арқылы бүкіл еліне деген ыстық ықыласы мен сүйіспеншілігін өзінің еңбекқорлығымен, іскерлігімен танытып өткен жан. Ардақты, абзал азамат еді.

Ол өзінің алға қойған мақсат арманын жүзеге асырған бар ғұмырын ұстаздық жолға арнады. Жүрегі – алтын ұя мектебі. Тірегі – ұжымы

Еменнің иір бұтағы
Фото: ашық дереккөз

Жаңыл Жонтаева, Назарбаев Университетінің Жоғары білім беру мектебінің үздіксіз білім беру департаментінің директоры:

– Жалпы Сыр елінің ұстаздарын өзге өңірлермен салыстыра қарағанда өзгеше бір ерекшелігі бар сияқты болып көрінеді, маған. Қазақи қалпы, қарапайымдылық қасиеті дегендей. Мүмкін сен облыс, не аудан деңгейінен салыстырсаң Батырхан аға сияқты адамдар кезекті бір басшы ретінде ойлап қалуы мүмкін. Ол кісілерді тану үшін үлкен ой таразысы керек. Кең тұрғыда 500 мыңнан астам ұстаздардың өмірбаянын көріп, талдау арқылы қарасаң, Батырхандай басшының, ұстаздың бірегей екендігіне көз жеткізесіз.

Бірегей деп отырған себебім: Жалпы, Батырхан Остаев тек бір мектептің ұстазы, не бір мектептің директоры ғана емес, елдегі ұстаздардың идеалы, атрибуты осы Батырхан ағамыз. Жаны өте жаңашылдыққа құмар. Ерекшелікке тәнті. Мектептің бар ісіне жан тәнімен беріліп, сонан ләззат, рахат алатын кісі-тін, жарықтық!

Мақтанғаным емес, мен 24 жасымда мектеп директоры болдым. Сонда «Шіркін-ай, осындай ұстаз, осындай басшы болсақ арман жоқ», – деп.

Бүгінде «сәбетский» ұстаз, заманауи, жаңа кезеңдік ұстаз деп бөліп жатады, кейде.

Ал, Батырхан ағайдай ұстаз, қай заманның да, қай қоғамның да ұстазы, көрген білгені тоқығаны көп, білім саласының ағартушысы, сол қоғамның қайраткері болып қала береді. Өзім сондай жандармен бірге қызмет атқарып, солардың өнеге өсиеттеріне тәнті болып, солардан ғибрат алғаныма қуанымын. Туған жерім Сырда, бүкіл Қазақияда олардың мерейі үстем, мәртебесі биік бола беруіне тілектеспін!

Батырхан Остаевтың бір-ақ өмірбаяны бар.

Ол өзінің алған ілімін бойына терең сіңірген, өзі шыққан білікті ұстаздық белесі.

Шырқау биікті асқаралы Алатауға біткен шынарға ғана берсе, екінің бірінің қолы жете бермейтін сондай асу биікті жаратқан иесі Батекеңе бұйыртыпты.

Ол – ұстаздардың ұстазы бола білген, толғауы тоқсан тірліктегі еңбек жолы.

Ол 32 жыл бойы білім саласында тапжылмай мектеп ұжымын басқарған, маңдайының терін сылып алған тәжірибесі мол іскерлігі.

Ол қандай да бір қиын қыстау кезде, нарық қиыншылығында, өз ұжымының ортасында тығырықтан шығар жол тауып отырған көшбасшылығы. Бойына біткен алғырлығы, қажырлы қайраттылығы.

Бүгінде артында қалған елі ол кісінің аты аталса болды, бар қызығымен бар қуаныш уайымын мектеп пен шәкірттерінің және әріптестерінің жолына сарп еткен жан ретінде еске алады.

Еменнің иір бұтағы
Фото: ашық дереккөз

Ақмарал Әлназарова, ҚР Парламентінің Сенат депутаты:

– Бұл кісінің ұстаздығы туралы айтсақ, еңбегі ұшан теңіз. Бір мектепте табан тіреп 32 жыл басшылық етсе, жалпы білім саласында елу жылға таяу қызмет етіпті. Бүкіл ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған жан, асыл абыз емес пе?

Бүкіл республикаға ауыл мектебінің атын шығарып, одаққа даңқын асқақтатқан Батырхан Остаев туралы қанша айтсаң да аздық етпейді. Ол кісі тек мектеп саласында емес, сол мектепке ауадай қажет фермерлік шаруашылықты дамытуда да қыруар іс атқарды. Өзінің өмірде жинаған іс-тәжірибесін, білімін қоғамдық жұмыстармен ұштастыра білген іскер азамат болды. Еселі еңбегі өз жемісін сол кездің өзінде жемісін беріп, елінің құрметіне бөленді деуге негіз бар.

Батырхан аға білім саласындағы өзекті мәселелерді ешқашан көзден де, сөзден де таса еткен жоқ. Айтар орнында ащы айтты. Сынар жерде шырылдатып сынады. Барды бар деді, жоқты жоқ деді. Әділдігіне жүгінді. Сол айтылған проблемаларды шешуге өзі де тікелей ат салысты. Білім саласына еткен қызметі өлшеусіз, о кісінің…

Елдің естеліктеріне құлақ түрсең, өзінің артына қалдырып кеткен мұрағаттарын парақтасаң Остаевтың өзіндік қолтаңбасы, өнегелі өмірі, өшпестей ізі сайрап жатыр. Сол із болашақта да үлкен даңғыл жолға айналып, Сыр елінің, бүкіл ұлттың, Қазақстанның болашағына қызмет ете берері сөзсіз. Ол кісінің аты да, абыройы да сонысымен биік, сонысымен сый-сияпатқа лайық.

Сонау 60-жылдары Қызылорда педагогикалық институттың физика-математика факультетін тәмамдаған ол өз көлінің иесі қара бауыр қасқалдақтай ұшып, өзі бітірген мектебіне мұғалім боп келді.

Өзі бауыр басқан алтын ұясында шыңдалып, ұстаздық тәжірибесін тереңдетті.

Өзі оқытқан ізгілігі мол жандардың ақыл кеңесіне жүгінді. Әріптестері мен ұжымының қолдауына, тірегіне сүйенді.

Білімнің шалқар көліне қонып, біліктілігімен, іскерлігімен сол кездегі білім саласындағы қиындықты жеңе отырып елдің сеніміне ие болды.

Азаматтық аманаттың, адамгершілік жолдың қасиеттілігінің ала жібін аттамай халықтың құрметті тұғырынан орын алды.

Өзінің ақ жарқын мінезімен, қарапайымдылығымен қандай жағдайда да, қай ортамен де тіл тапқыштығы Батекеңнің мерейін үстем етті.

Еңбегінің жемісі, білімді ұстаз, білікті ұстаз ретінде еліміздің білім саласына, қазақстандық ұстаздардың арасында танымалдыққа қол жеткізді.

Білімнен тыс шаруаларды ұйымдастыру шараларында да жаңалықтың жаршысы болды. Ақ желең Батырхан ондайда өз жетістігінің жемісіне ұжыммен бірге қуанды. Қуанышын әріптестерімен бөлісті. Өйткені оның жүрегі де, тірегі де сол жандар еді.

Кезіндегі оқу министрі Қожахмет Балахметов сайлау барысымен келгенде Батырхан Остаевтың №143 мектебіне соққан-тын.

Сондағы танысқан педогикалық жұмыстарды ғылыми түрде негіздеген ұйымдастыру шарасымен танысқанда, ол ұжымдағы шаруашылық, фермерлік, оқушыларды еңбекке баулу істеріне тәнті болғаны бар.

Оқу министрі сол сапарында облыстың қай жерін араласа да – «Мен керемет ауыл мектебін көрдім, оны өте шеберлікпен басқарған мектеп директорын көрдім. Тәнті болдым. Сол жерден үйрену керек. Сол директордан оқу керек. Сол жерде облыстық семинар өткізу керек», – деп мінбеден айтудан танбай кеткені бар.

Әрине, бұл мақала шеңберінде Б.Остаевтың білім саласындағы КСРО Оқу минисрлігінен бастап, ҚР-сы Білім министрлігі тарапынан алған жоғарғы, орден-медальдарымен марапат, мадақтау, атақ-дәрежелерін тізіп жазу мүмкін емес.

Батекеңнің ең басты марапаты – өзіне деген халқының құрметі. Ең жоғарғы мадағы – әріптестерінің өзіне деген сенімі. Шынайы сыйластығы, қарапайым көңілі, ақ адал тілегі.

Сан мыңдаған шәкірттерінің алған белесі. Өзіне сенім артқан ұстаздарының ақталған үміті болды.

Абзал жанның ұжымға әрқашан «Бір жерде менің атымды атап, мақтаса ол сендердің марапаттарың. Ол сендердің еңбектерің. Ол сендердің бірлік, тірліктеріңнің арқасы», – деуі де сондықтан.

2000 жылы «Ғасыр директоры» атанған ұлағатты ұстаздың артына қалдырған мұрағат мұрасы қыруар.

Оқу әдістемелері жөніндегі жарық көрген мақалалары мыңдаған.

Салт – дәстүр туралы, шежіре жайлы жазған кітаптары болса да бір төбе.

Оның сол қалдырған мұрағаттарын парақтап отырған адам, оның сан тараулы шығармасынан шыға алмай, не бір білімге қатысты, өмірге қатысты жазбаларының тұңғиығына батып кетердей әсерде болатыны анық.

Соларды зерделей отырып «Не деген шаршамайтын, не деген ізденімпаз, не деген қажырлы жан!», деп бас шайқап, таңдай қағарың тағы анық.

Сонау бір кезде Б.Остаев Карл Маркс шалдың «Капитал» деген кітабы сияқты қалың «Педогикалық-ғылыми ізденістер» туралы еңбегіне шұқшиып отырып:

«Қай кезде дем алған, қай кезде ұйықтаған, бұ кісі?», деген екен сол кездегі облыстық білім саласынының басқарма басшысы Әли Мүсілімов.

Қосшыны да тыңдаған басшы жаман болмайды. Мектеп басшысының сол кездері мамандардың пікірлерімен санасу, ой-тілегіне назар аудару, ұсынысын тыңдап, ақыл қосудың жемісі де аз болған жоқ.

Батырхан солардың талаптарына өз ойын қоса отырып мектеп оқушыларының техника меңгеруі мен егіндік жерді баптап, керек десе мал ұстап, сауын саууды да қоса атқару үшін мақсатты шаруаны мықтап қолға алды.

Жас буынның ата кәсіптен алшақтап кетпеуін басты назарға ұстады.

Фермерлік шаруаның қыр-сырын меңгеруге шыңдап, ауқымды іске құлшына кірісті,маңайындағыларды да қызықтырып құлшындыра түсті.

Кеңшар ұжымымен мектепті тығыз байланыстырып мектеп жанынан сөйтіп ферма ұйымдастырды. Сол жылдары аудан мектептері өткізген 100 тонна қызанақтың 53 тоннасын №143 орта мектептің өндірістік бригадасы берді. Онан түскен қаржы мектеп қорына кіріс болды. Күнделікті мектеп асханасында оқушылардың жаңа сауылып пісірілген сүтке, қолдан ұйытылған қатық аққа аузы тиетін жағдайға жетті.

Ақтөбе, Орал, Атырау, Ақтау, Оңтүстік Қазақстан облыстарында мектептің өкілдері тәжірибе алмасуға Батырхандардың ауылына ат басын тіреді.

«Әке көрген оқ жонады» Батырханның әкесі Остай киіз үй тігіп бие байлаған адам. Өмірі дастарханы жыйылмаған қонақжай кісі болды.

«Қолыңнан келсе жұртыңның биі бол. Биі болмасаң бимен бірге қадірлі қонағыңның түсетін үйі бол», дейтін Батекеңнің әкесі.

Ол сол үрдіспен абыз елінің биі де, түсетін үйі де болды. Желіден құлыны, саумалдан биесі үзілген жоқ. Киелі әулетінен мейманы арылған жоқ.

Батырханда сол әке үрдісін балалаларына дарытты. Оның да өле өлгенше желісінен құлыны, балдай дәмді сары қымызы, саф алтындай сапырған саумалы, берекелі биесі белдеуден ажырамады.

Әбден сүрленген білем қазымен ашытқан қымызды, қазылы сусынды сексен ауруға шипалы сусын екенін ішкен адам біледі. Дертінен уайым шегіп айыққан жан біледі.

Міне, әкеден мұраға қалған Остаевтардың құба жол тоғай ішінде Батырханның баласы ұстап отырған шаруашылығы алты қанат ақ үйінің ақ баулықты атадан қалған алтын ордасының қара шаңырағы.

Әулеттің ең басты бақыты ең асыл қағидасы пендеге деген ыстық ықыласы.

Марқұм Батырханның ғұмыры да солай өтті. Үлкенге кішілік ілтипат, кішіге ізеттілік таныта білді.

«Қырықтың бірі Қыдыр, мыңның бірі шынымен Уәли болса», солардың дені осы Остайдың ұрпағы Батырханның және оның балаларының дастарханынан дәм татқан кісілер болды, сол кездегі вице-президент Асанбаевтар еді, кешегі президенттен бастап….

Мағжан Жұмабаев қазақ білімінің сапасы биіктен көрінуін жарықтық сол кездің өзінде көксеумен кеткен екен. «Әрбір елдің келешегі мектебіне байланысты» депті, бір жазбасында. Нағыз ұстаз өзінің көркем мінезімен білімділігін былай қойғанда, керек десе киген киімімен жан жағына жайдары қалпымен шуағын шашып жүреді.

Сол қарапайымдылығы мен ізгілігі арқылы шәкірттерінің де айналасындағы әріптестерінің де жүрегін жаулап алады.

Өз-өзінің қадірін біліп, өз-өзін сыйлаған жан, өзін де өзгеге сыйлата біледі. Батырхан Остаевтың парасатты, өзгелерге ұқсамайтын ерекшелігімен қымбат өшпес ұстаздық жолы осындай еді…

Жеткерәлі Әлмағанбетұлы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<