Ең асыл құндылық

5052

0

Қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Оған дау жоқ. Дегенмен көп тіл білгеннен ұтпасақ ұтылмаймыз. Хакім Абай жиырма бесінші қара сөзінде: «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста тұр. Зарарынан қашық болуға, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек. Оның себебі – олар дүниенің тілін білді. Сен оның тілін білсең, көкірек-көзің ашылады. Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі соныменен бірдейлік дағуасына кіреді. Орыстың ғылымы, өнері – дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі»дейді. Тіл адамзат баласына ана сүтімен дарып, қалыптасады. Оны көздің қарашығындай сақтай білу өмірлік қағидамыз болуы тиіс.

Осы орайда белгілі қоғам қайраткері, тіл жанашыры Асылы Османмен хабарласып, ойын білген едік.

Қазақты қазақ ететін – тілі

– Ұлтты ұлт етіп сақтайтын – тілі. «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы. Өз тілін, әдебиетін білмеген, қадірлемеген адамды толық интеллигент деуге болмас. Сол себепті еліміз дамып, мемлекетіміз өркендесін десек, әуелі қазақ тілінің мәртебесін көтеруде белсенділік танытуымыз керек. Егер адам өзге тілді білетін болса, ол – рухани бай адам. Өйткені сол тіл арқылы басқа халықтың мәдениетін, дәстүрін үйренеді, басқа тілді үйрену арқылы танымы кеңейеді.

Қазақ моңғолға да ұқсайды, корейге де ұқсайды. Бірақ басқа ұлттан айырып тұратын – тілі. Сондықтан оны бірінші орынға қоюымыз керек. Өйткені қазақ тілі Қазақстаннан басқа жерде қолданылмайды, өзгеге керек те емес. Мысалы, қызметке аларда орыс тілі мен шет тілін сұраймыз. Бірақ қазақ тілін емес. Неге талап қоймаймыз? Қажеттілік, сұраныс, талап болу, тілді өмірдің барлық саласында қолдану керек.

Тіл десе күйініп кетемін. Қазақ тілі VІІ ғасырда алып арабқа да, ХІІІ ғасырда тегеурінді моңғолға да, ХІХ-ХХ ғасырда ормандай орысқа да төтеп беріп, сақталған. Ол құрып кетеді деп қорықпаймын, соңғы қазақ өлгенше өмір сүреді. Бірақ өз топырағында, өз елінде мемлекеттік тіл болғаннан кейін, мемлекеттік дәрежеде өз тұғырында қонуы керек. Мен үнемі айтамын, тас мұқалып құм болады, темір тозады, адам өмірден озады, ұлттың бүгінін ертеңіне сабақтастыратын көкейдегі сөз бенен таңдайдағы тіл ғана. Қазіргі жастар баласының тілі шыққаннан басқа тілді үйретіп әлек болады. Содан кейін тілді біліп қана қою аздық етеді. Оны түсіну керек. Түсіну де аз, қабылдауымыз керек. Қабылдау да аз орындауымыз керек. Сол кезде ғана толық адам боламыз, – дейді ол.

Ана тілі – қасиетті ұғым

Тілді құрметтеудің әліппесі отбасынан бастау алуы қажет. Сонда өресі биік, өрісі кең болмақ. Жастардың тіл үйренуге талпынысы көңіл қуантады. Өзге тілде сөйлей білу танымыңды кеңейтеді. Тақырып төңірегінде белгілі ғалым Аман Абасиловтың да пікірін сұрап көрдік:

– Ана тілі деген не? Ол қандай тіл? Адамның сөйлеп жүрген тілі сол адамның этносымен сәйкес келе ме, биологиялық тұрғыдан байланыса ма  әлде ол адамның әлеуметтенуі арқылы өзі таңдап алған тілі ме? Бұл – сұрағы көп күрделі мәселе. Егер менің ұлтым қазақ, әкем қазақ, шешем қазақ болса, менің де ана тілім қазақ тілі ғой. Дәл сондай ұлты орыс, әке-шешесі орыс адамның да «родной язык» дейтіні орыс тілі ме? Ал ол адамның әкесі қазақ, шешесі орыс болса, оның «ана тілі» не «родной язык» дегені қай тіл болады? Осыған ұқсас жағдай, керісінше, әкесі орыс, ал шешесі қазақ болса не болады? Осындай аралас некеден туған балалар ана тілін өздері таңдай ма әлде ата-анасы таңдай ма? Енді тағы бір жағдайда ол өзінің қай ұлтқа не этносқа жататынын білмесе оның ана тілі қай тіл болады? Осы сұрақтарға жалпылама жауап берсек, адам өз ана тілін өзі таңдайды.

Сондықтан энциклопедиялық сөздікте ана тілі дегеніміз – ересектерден үйренген тіл деп анықтама береді. Ал ана тілі деп таңдаған тілінен кейінгі өмірде қарым-қатынаста қолданатын басқа тілдері Т2, Т3, Т4 деп қолданылу жиілігімен санамаланып кете береді. Бұл жалпы адамилық тұрғыдан қарағанда дұрыс. Бірақ ұлттық тұрғыдан қарастырсақ, сәл басқашалау болады. Мысалы, біз ана тілі деп әке қанымен, ана сүтімен бойымызға дарыған, ұлттың сан ғасырлық тәжірибесін бойына жинақтаған, сақтаған қазақ тілін атаймыз.  Ана тілі – атамұра. Оған дау жоқ. Бірақ сол қазақтың ішінде өз ұлтының тілін ана тілім деп санамайтын да адамдар бар. Ана тілім  – қазақ тілі деп айтқанымен, сол тілде бір ауыз білмейтін, айта алмайтын қазақтар жетерлік.

Олар үшін қазақ тілі Т2, тіпті Т3 болуы да мүмкін. Олар ана тілім деп өзге тілді, біздің жағдайымызда орыс тілін атауы да, атамауы да мүмкін. Сондықтан біз үшін «ана тілі» деген – қасиетті ұғым. Ана тілі дегеніміз – күллі тіл атаулыдан ішкі құрылыс ерекшелігімен дараланатын, белгілі бір халықпен нақты кеңістікте тарихта бірге жасап, оның төл мәдениетін ұрпақтан ұрпаққа үздіксіз ұластырушы, сол халық адамдарына түгелдей және жан-жақты қызмет ететін ұлтішілік қатынас құралы (Б.Хасанұлы). Осы тұрғыдан алсақ, басқа ұлттар өз тілдерін «родной язык», «сүт тілі», «этнос тілі» десе, біз ғана өз ұлтымыздың тілін «ана тілі» деп атаймыз. Өйткені біздің ана тіліміз – қазақ тілі ғана ұлтты ұйымдастырып басын қосатын, оның  дамуына, өркендеуіне қуат беретін бірден-бір құрал, – дейді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры.

Тіл үйренуге талпыныс жоғары

Тілді жетік білмей, мәдениетті меңгеру мүмкін емес. Жаһандану заманында жаңартылған бағдарлама талабына орай көп тілді меңгеру – уақыт талабы. Төл тіліңмен қатар өзге тілге де таяздық танытпау маңызды.

Қазір өңірімізде тілдерді оқыту орталығы жұмыс істейді.

– Қоғамдық даму басқармасы жанынан құрылған облыстық тілдерді оқыту орталығы мекемесінде қазақ, орыс және ағылшын тілдерін оқыту курстары ұйымдастырылуда. Курс ересектерге, яғни мемлекеттік қызметшілерге, ерікті қала тұрғындары мен кәсіпкерлерге, жастарға жүргізіледі. 2021 жылы республикалық «Үздік оқытушы» байқауында орталық ұжымы жүлделі 2-орын иеленді. «Тыңда! Түсін! Тіл үйрен!» әдістемелік жинағы жарық көріп, республикаға таратылды. Былтыр үздік авторлық бағдарлама бойынша республикада бас жүлде жеңіп алдық. Биыл «Сөз және сөйлеу мәдениеті» курсының бағдарламасы үздік деп танылып, тағы да бас жүлде алды. Сондай-ақ, кинофильмдер арқылы оқыту әдістемесі, жергілікті жер-су атауларына қатысты мәтіндер жинағы әзірленуде. Биылға жоспарланған 2016 тыңдаушының 1100-і оқып, сертификат алды. Көп тіл білгеннің пайдасы орасан. Орталыққа келіп, тіл үйренуге талпынған жас көп. Бұл сұраныстың артқанын көрсетеді, – дейді облыстық тілдерді оқыту орталығы директорының орынбасары Жаныгүл Ерекешова.

Көкжиегіңді кеңейткің келсе, тіл үйрен, бірақ ана тіліңді бәрінен биік қой.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<