Еңбегі ерен ел ағасы

1525

0

Ауыл шаруашылығының озат ұйымдастырушысы, «Ленин», 2 мәрте «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар Достығы» ордендерінің, бірнеше медальдің иегері Шынтас Жалғасбаевтың өнегесі өміріне шамшырақ болған жандар аз емес.

1968 жыл. Қызылордадан Қазалы аудандық ауыл шаруа­шылығы басқар­масына бас құ­рылыс инженері болып қыз­метке ауысқан кезім. Ауданда 15 шақты шаруашылық бар, проблема шаш етектен. Әсіресе, малшылардың жағ­дайы нашар. Үй, мал қорасы атымен жоқ. Малшылар қыста жертөледе, жаз­да қараша үйде күн көріп жатыр. Совхоз орталықтарында типтік жобамен салынған мектептер, балабақшалар, мә­дениет үйлері, ауруханалар жоқтың қасы.

Аудандағы Қазақ ССР-ның 40 жыл­дығы атындағы совхоз директоры Ақ­мырза Досхожаев қызметінен боса­тылды. Орнына К.Маркс атындағы совхоздың бастауыш партия ұйымының хатшысы Шынтас Жалғасбаев келіпті деген хабарды естідім. Бұл 1969 жылдың ақпан айы еді. Аталған шаруашылықтың көрсеткіші нашар, артта қалған сов­хоз болатын. Жұмысты қа­был­дап, ыж­да­ғаттықпен кіріс­кенімен, Сырдария өзе­нінің «Иланды» деген жерінен су тасып, малшы үйлері, қыстайтын қоралар ас­тында қалды. Шәкең ойланбастан, көмек сұрау үшін аудандық партия коми­тетінің бірінші хатшысы Әбжәми Байшуақов ағамыздың қабыл­дауына келді.

Жұмыста отырғанмын, рай­комға тез жетсін деген хабар алдым. Барсам, хатшының ал­дында Шынтас отыр екен. Мен кірдім де, ауыз жақтағы көп орын­дық­тардың біріне отыра кеттім.

– Бері жақында, – деді хатшы. – Мына ағаңды танисың ба?

– Танимын, бір рет кездескенім бар.

– Ендеше, дұрыстап таныс. Қазір жинал да, өзімен бірге шаруашылығын арала, не проб­лемасы бар, соны шеш! Сосын қорытындысын маған айтарсың!

Шәкеңнің 8 орындық ГАЗ-69 жеңіл автокөлігіне мініп, совхоз орталығын, ауыл маңындағы мал қыстайтын жер­лерді түгел аралап, түстен кейін Қара­құмға жол тарттық.   

Бар проблемасын айтып келе жатыр, менің қолымда кішкентай күнделік дәптерім, анда-санда тоқтаған жерде, елді мекендердің аттарын, онда не бар, не жоқ, соны түртіп аламын. Менде үн жоқ.

Байқаймын, Шәкеңнің көңілі тол­майтын сияқты. Ойланып келе жатыр­мын, жыл басталып кетті, қаржы бөлініп, банкке тапсырылды. Бірақ шешу керек!

Кештетіп, жол-жөнекей «Шөлқұм», «Шилі», Қарақұмдағы «Шакен» елді мекендерін аралап, бір қойшының үйіне келіп қондық. Ертеңіне бірге қайттық, қайтарда аздап тіл қата бастадым.

– Шәке, ауданның бар шаруа­шылықтарында осындай проблема же­терлік. Бәрін көзіммен көрдім. Көмек болады, қаржы да, құрылыс мате­риалдарын да бөлемін. Тек құрылысты салуға құрылыс бригадаңыз бар ма, бөлінген қаржыны игере аласыз ба, соны есептейік. Совхоздың прорабы Қоңырбаев Нұрылланы жіберіңіз және келер жылдардағы берілетін көмекті де жоспарлайық. Жоба-смета дайындауға тапсырыс берейін, – дедім.

Ол кезде малшылар үшін үй салуға дайын материалдар келетін. Содан жеткілікті етіп бөлдім, жылына 5-6 қой қорасын екі бөліп отырдым. Совхоз орталығында әр жылда 15-20 үй пайдалануға берілді.

1975 жылы қараша айында мені облыстық партия комитетінің ша­қыр­уымен облыстық ауыл шаруа­шы­лығы басқармасына құрылыс жөніндегі орынбасары қызметіне ауыстырды. Ол кезде ауыл шаруашылығына қа­расты 90 совхоз, 10 колхоз, 5 арнаулы мал бордақылау бірлестігі, көптеген ведомствоаралық мекемелер бар бола­тын. Проблема да, тапсырма да жет­кілікті, көбіне басшылармен іс­сапарда жүремін.

Жұмысқа кіріскеніме көп уақыт болмай кабинетіме Шынтас аға келді. Жақсы тілектерін айтты, «баяғы өзің көрген елді мекендер кішігірім ауылға айналды. Көп көмектестің, әлі де көмегің керек, бәрі де өзіңнің қолыңда ғой» деп өзінің әдемі күлкісімен жымиды.

– Айта бер, Шәке, не қажет?

Мектеп көне, клуб жоқ, ауызсу, ауылға жол, тағы басқа мәселелерін алдыма жайып салды.

– Бәрін де рет-ретімен аудан­дағы құрылыс мекемелерінің күшіне қарап шешемін. Жоба­ларына тапсырыс бе­рейін, тек клуб болмаса, – дедім. Клуб, мәдениет үйі ол кезде Қазақ ССР Мәдениет министрлігі арқылы бөлінетін.

Берген уәдем бойынша 624 орындық мектеп, ауылға дейінгі жол, көшелер, жаңа үлгідегі үйлер салынды.

Ауыл ішіне жерасты суын тұшы­татын қондырғы орнатылып, су құбыры жүргізілді. Ол кезде су тұшытатын қондырғыны Мәскеуден алдыртатын едік. Клуб құрылысына да өзінің та­бан­дылығының арқасында қол жет­кіз­ді. Қазақ ССР Ауыл шаруа­шылығы министріне барып, өзінің көрсеткіш­терінің бәрі жақсы, тек клуб жоқ, осыған көмектесіңіз, деп өтініш айтып, Госплан арқылы қаржы бөлдірді. Бөлінген қар­жыны игеру үшін жобаны жасатып, мердігер мекеменің жоспарына енгізіп, 330 орындық клубтың салынуына бас­шылық жасадым.

Жақсының көзі кеткенмен, аты өшпейді. Оның ел алдындағы атқарған игілікті істері көптің есінде. Ол уақытпен санаспай жұмыс істейтін еді, халқы үшін, жастардың болашағы үшін аянбай еңбек етті. Шакең ауыл шаруашылығы саласында білікті де, білімді мамандар дайындады. Олардың көбісі кейін совхоз директоры, ұжымшар төрағасы болып ауданның, облыстың экономикасын кө­теруге өз үлестерін қосты.

Ол мамандарын сыйлай да, жұмыс­тарын бағалай да, талап ете де білетін қарапайым адам еді. Дүние­қоңыздыққа барған жоқ, барынша әділ, шындықты сүйетін.

Шынтас аға совхоз директоры болған 22 жылда Қазақстанның 40 жылдығы атындағы совхоз 3 рет Бүкілодақтық, 6 рет республикалық ауыспалы «Қызыл Туға» ие болды. Одақта 2 рет, республикада 11 рет Құрмет грамотасымен, дипломдармен марапатталды. Қазалы ауданы, Қазақ­станның 40 жылдығы атындағы совхоз Қазақ ССР-ның «Құрмет» кітабына жазылып, Мәскеу қаласындағы бүкіл­одақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің Құрмет тақтасына ілінді.

Ол Қазақстан Орталық партия комитетінің X, XII, XVI, съездерінің делегаты, бірнеше рет облыстық, ау­дандық кеңестердің депутаты болып сайланды, аудандық партия комитетінің мүшесі болды.

Отбасында асқар таудай әке жұбайы Балкүміс апаймен екеуі 4 ұл, 3 қыз тәрбиелеп, ұлдарын – ұяға, қыздарын қияға қондырды. Балаларына өнегелі тәрбие берді, бәрі де жоғары білім алып, егемен еліміздің әр түкпірінде абыроймен қызмет атқаруда.

Шынтас аға 1991 жылы зейнетке шықты, өмірінің соңына дейін Қазалы ауданы әкімінің қоғамдық негіздегі кеңесшісі, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде халықтың ортасында болды.

2000 жылы Шынтас аға қайтыс болды деген суық хабар келді. Ақтық сапарға шығарып салуға Қызылордадан Жанқожа баба атындағы ауылға бардым. Мәйітті өзі салдырған ауыл ортасындағы жолмен алып жүрді. Қасымдағы жол­дастарыма: «сол жақтағы мектеп, оң жақтағы клуб үйі, абаттандырылған үйлер, бой түзеген көше – Шәкеңнен қалған қолтаңба» дедім.

Иә, Шынтас ағаның маңдай терімен атқарылған жұмыстар – кейінгі жастарға өнеге, үлгі. Ол небәрі 70 жыл өмір сүрді, бірақ өзінің ерен еңбегімен ел есінде қалды. Оның кіндік қаны 1930 жылы Арал ауданы, Сайғонды ауылдық кеңесінің Шабан ауылында тамған. Балалық шағы ашаршылық жылдарына, Ұлы Отан соғысынан кейінгі елдегі қиын кезге тап келді. Еңбек жолын қарапайым «Шөмішкөл» балық колхо­зының жұ­мыс­шысынан бастап, Арал ауданы «Приарал», Қазалы ауданы К.Маркс атындағы совхоздарында пар­тия ұйымының хатшылығы қыз­меттерін абыроймен атқарған болатын.

Кезінде ауыл шаруашылығы саласын­да қызметтес болған аяулы азамат Шынтас Жалғасбаев тірі болғанда бұл күндері 90 жасқа толар еді.

Нұрлыбай ҰЛЫҚБАНҰЛЫ,

Қазақстанның құрметті құрылысшысы, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ардагерлер кеңесінің төрағасы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<