Ұзақ жылғы қаламгерлік қызметімде кейіпкердің қасиетін, бет-бейнесін, мінез-құлқын ашу барысында ол өмір сүрген кезеңнің ерекшеліктеріне мән беру керек екендігін түйсіндім. Сонда ғана әңгіме кім туралы, оның нендей ерекше қызметі бар, ол еңбектері халық үшін қандай пайда әкелді, қоғам қалай бағалады деген сауалдардың жауабына қаныға түсесіз.
Бүгінгі мақаламызда Сыр өңірінің экономикасы мен әлеуметтік дамуына айтарлықтай үлес қосқан ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Дүйсен Егенұлы Нұрымовтың жүріп өткен жолы арқылы оның ел мен жер үшін атқарған елеулі еңбектерін де еске аламыз. Күні кешеге дейін арамызда жүріп, қарапайым ғана қалпымен талай ауқымды шаруаларды атқарған ағамыз туралы өткен шақпен айтуымызға тура келеді.
Иә, сонау жетпісінші жылдардың басында Қызылорда облысында егіншілік саласымен қатар мал шаруашылығын күрт дамыту міндеттері тұрды. Басқа өндірісі кемшін Сыр өңірі үшін расында бұл негізгі табыс көзі, халықтың қарнын тойдырумен қатар экономиканы көтерудің төте жолы болатын-ды. Көнекөздер біледі, 1981 жылы СОКП Орталық комитеті «Азық-түлік бағдарламасын» қабылдады, әр өңірдің өз мүмкіндіктерін зерделеуге, соған орай қарқынды жұмыс ұйымдастыруға шешім қабылданды. Бұл солақай пікір айтылмайтын, артық талқылауды қажет етпейтін бұйрық райдағы тапсырма еді. Ал тапсырманы орындау – міндет. Оны орындай алмаған аймақтың басшысы, өңір атқамінерлері партбилетін үстел үстіне қояды. Қызыл билеттен айырылу – құрдымға кетті деген сөз. Сондықтан да «соқыр ит жан үшін үреді» деген ерсілеу мақалды еске ала отырып, жоғарғыдағы міндетті орындау жолында сол кездегі жанталасты көз алдыңызға елестетіп көріңіз.
Әлқисса, міне, осы науқанның бел ортасында отандық ғалымдар да жүрді. Соның бірі – ғалым-агроном Дүйсен Нұрымов ағамыз еді. Қызылорда облысының алдында тұрған «Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жайы және оны дамыту перспективасының» маңыздылығы неде еді? 1977 жылғы мәлімет бойынша ауыл шаруашылығы жерінің негізгі алқаптары Сырдария өзенінің бойында 200 мың гектарға таяу болды. Оның 120 мың гектары инженерлік жүйеге келтірілген. Жуық арада бірінші мелиорациялық топтағы жерлерді көп шығын жұмсамай-ақ, агротехникалық шараларды қатаң қолданып, игеру мәселесі де тұрды. Бұл әрекеттердің бәрі мол өнім алу барысындағы ізденістер еді десек, түсініктірек болар. Әрине, ізденістердің басында ғалым-агрономдардың жүргендігі белгілі.
1958 жылы Ташкент ауыл шаруашылығы институтын бітіргеннен кейін Шиелі ауданының бірқатар шаруашылығында бас агроном болып қызмет еткен атақты ғалым Әнес Алтынбековтің іс-тәжірибесінен хабардар Дүйсен ағамыз жоғарыда айтылғандардың нақтылай орындалу барысында ізденісті шаруаларға ден қойды. Шаруашылықтарда өзі бастан өткерген тәжірибесін ғылым жолында пайдалануды мақсат етіп, Қазақ егін шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты аспирантурасына түсті. Оны 1962 жылы тәмамдаған соң кандидаттық диссертация қорғап, саналы өмірін егін шаруашылығына байланысты ғылыми-зерттеу жұмыстарына арнаған. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері Арал өңірі жағдайында мал азығы дақылдарын өсіру технологиясы, оның сапасын арттыру мен бақылауға арналғандығы жоғарыда айтылған бағдарламаның орындалу барысындағы жанкешті еңбектердің басы десек, артық емес. Облыстың оңтүстік аудандарында, әсіресе, бір кездері өзі еңбек еткен Шиелі ауданында көптеген ғылыми-зерттеулер жасады. Тәжірибесін сан мәрте қайталай жүріп, нәрлілігі төмен, тұзды топыраққа төзімді және жоғары өнім берумен ерекшеленетін жүгерінің «Қазақстан-587 ТВ» жаңа буданын жасауға мол үлес қосты. Биіктігі 4-5 метрге жетер жаңа тұқымның гектарына 50 центнерден жоғары өнім бергендігін көрген талай шаруашылық басшылары құнарлы мал азығы – жүгері өсіруге ден қойғаны сол жылдар еді. Сыр өңірінде өсіп, мол өнім берген бұл сортты өсірген талай звено жеткешілері, өндіріс бригадирлері мемлекеттік жоғары атақтарға, үкіметтік марапаттауларға ие болды. «Бір адам жаққан отқа мың адам жылынады» деген осы болар.
Бір өкініштісі, көбінесе соңғы нәтижені дәріптеп, алғашқы ізденіс іздері ұмытылып қалып жатады. Алайда, көктем шыққаннан дала кезіп, егін алқабының басында жүретін Дүйсен Егенұлы жоғарғыдағы жаңалығы үшін 1985 жылы АС СССР 4951 авторлық куәлігіне ие болды. Бұл оның өмірде қалдырған айшықты ізінің бір дәлелі болса керек.
– Дүйсен ағамен бірнеше жыл ғылыми-зерттеу институтында қатар қызмет еттік. Ол кісінің ғылымға берілгендігі сонша, басқа ешқандай жағдайға көңіл аудармастан дала төсінде жасап жатқан тәжірибесінің нәтижелі болуына ғана баса мән беретін. Қарапайым ғана киініп, қарапайым ғана жүретін. Нағыз еңбектің торысы, ғылымға берілген адам еді, – деп еске алады қызметтес інілерінің бірі Камалдин Шермағанбетов.
Біздің ғалым-агроном кейіпкеріміз облыста жемшөп базасының жайы мен өркендету перспективалары туралы бірнеше еңбектер жазды. Қытымыр қыс айларында малдың қолға қарап қалатыны бар. Өз аяғымен жайылғандай емес, мұнан малдың күйі төмендеуі мүмкін. Сондықтан оларды құнарлы жем-шөппен азықтандыру керек. Ал оны қалай жүзеге асыруға болады? Ол үшін жем-шөптің берік қоры жасалуы тиіс. Осы орайда СОКП Министрлер кеңесі «1978-1985 жылдары жемшөп өндіру және жемшөп дайындауға арналған жоғары өнімді техника шығаруды арттыру, мал фермалары мен құс шаруашылығындағы жұмыстарды комплексті механикаландыру шаралары туралы» қаулы қабылдады. Өйткені, жемшөп базасының сол кездегі жағдайы мал шаруашылығының қажетіне оншалықты сай келмейтін еді. Кешенді шара қажет деп отырғандығы да сондықтан жоғарғы жақтың. Осы құжат Дүйсекеңнің көсіле шабуына, өзінің ғылыми ізденісін одан әрі тереңдетуіне де жол ашты десек, артық емес. Күріш егетін шаруашылықтарға ауыспалы егістің екі түрі – күрішті және азықтық, ал мал өсіретін шаруашылықтарға азықтық түрін жасауды ұсынды. Әрине, оларды топырақ және суландыру мәселелеріне қарай бейімдеп атқару керек. Бұл – айтуға оңай секілді көрінгенімен, алты ай жаз дала төсінде жүріп, тәжірибе алаңындағы қылтиған әр шөптің түбіне үңілумен өтетін жанкешті еңбек. Төзімді, біліктілікті қажет ететініне дау жоқ. Осы қиыншылықтарға мойымаған ғалым шынайы еңбек етті.
– Дүйсен Нұрымов мен басқарған «Түгіскен» шаруашылығында да жиі болатын-ды. Кеңшардың мамандарымен бірлесіп, бірнеше ізденісті шаруалар атқарды. Менің таңғалатыным, артық күтімді керек етпей, тек ғылым жұмысына мән беретіндігі еді. Бізге де көп салмақ салмай өз шаруасымен түбегейлі шұғылданатын, – дейді Жаңақорған ауданындағы ірі шаруашылық Түгіскен кеңшарында жиырма жылдай директор болған Наятолла Қарақожаев өз сөзінде.
Иә, малға құнарлы азық болатын түйежоңышқаны (Донник) Сыр өңіріне жерсіндіруде Дүйсен Егенұлы ұзақ ізденісте болды. Алғашқы өнім сортаң жерге өскендіктен болар, ащылау шығып, бұл істе аздаған тежелу болды. Алайда көптеген шаруашылықтардың «Донникті» екпе жоңышқаның айналасына егіп, малдан қорғаныш ретінде қолданғанынан хабарымыз бар. Кейіннен оның қолдануға қолайлы сорты өзімізде өнім бере бастады. Демек, ғалым жұмысының далаға кетпегені. Ол күрделі экологиялық жағдайда жемшөп өндіру жүйесін дамытудың көкейкесті мәселелеріне және жоғары оқу орнына арнап 83 ғылыми еңбек жазды. «Ауылшаруашылық тамақ өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігі», «Ауылшаруашылық өнімдерінің сапасын сараптау және бақылау», «Көпжылдық шөптер» деп аталатын 3 оқулық және 30 әдістемелік нұсқаулықтың авторы.
1993-2019 жылдар аралығында Дүйсен Нұрымов Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «Ауыл шаруашылығы өндірісінің технологиясы» кафедрасының меңгерушісі, кейін сол кафедрада, сосын «Болашақ» университетінде шәкірттерге дәріс оқып, жастарды ғылымға баулыды. Профессордың жетекшілігімен 5 аспирант кандидаттық диссертация қорғады. Олар осы жолда өз қызметтерін жалғастырып жүр.
Дүйсен Егенұлы өзінің көпжылдық ғылыми ізденіс жұмыстарының нәтижесінде Қызылорда облыстық атқару комитеті мен ВАСХНИЛ-дің Шығыс бөлімшесінің Құрмет грамоталарымен және Кеңес Одағының халық шаруашылығы жөніндегі комитетінің күміс медалімен марапатталған. 1993 жылдан бері Алматы Мал шаруашылығы және мал дәрігерлік ғылыми-өндірістік орталығының жанындағы докторлық және кандидаттық диссертация қорғау жөніндегі кеңестің мүшесі болған.
Қазақтың қара шалдары көкірек-көзіне түйгендерін мақал етіп, соңына қалдырып кете берген ғой. Соның бірінде «Жігіттің қосағы оңбай, қосы түзелмейді» дейді. Дүйсен ағаның жан жары – Тілек те құдай бере салған адам. Алпыс жылдан астам өмір сүрген уақытында бір-бірімен сөзге келмепті. Қашанда «отағасынікі жөн» деумен келіпті. Апамыз – қазақ әдебиетінің алыбы, қоғам қайраткері, мақтанышымыз Әбіш Кекілбаевтың туған қарындасы. «Мата даңқымен бөз өтер» демекші, үлкен кісінің атағымен-ақ, талай қырлардан асуға мүмкіндігі болса да, өмірі төте жол іздемепті. Екеуі тату-тәтті ғұмыр кешіп, екі ұл, үш қызын қатарға қосты. Бәрі де еліміздің өркендеуіне шама-шарқынша қызмет жасап жүр. Адам ұрпағымен мың жасайды деген, Жаратушы берген тоғыз немере сүйді.
Еңбегінің бағаланғаны да, Дүйсен Егенұлы қызмет еткен мекемелер оны құрмет тұтып, еске алып келеді. Әсіресе, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ғалымның Сыр өңіріне жасаған қызметін жоғары бағалап отыр. Бұл өсетін елдің, өркендейтін ұрпақтың ұстанымы болса керек. Бақилық сапарға аттанғанына қырық күн толатын ел мен жердің жанашыры Дүйсен ағамыздың рухы пейіште шалқысын, соңы қайырлы болсын.
Нұрмахан ЕЛТАЙ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<