Ерекше құнды ескерткіш

2466

1

Алаш қайраткері Мұстафа Шоқайдың туғанына 130 жыл. Осы орайда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті жанындағы «Мұстафа Шоқай» ғылыми орталығында Мұстафа Шоқай мен аяулы жары Мария Шоқайға арналған ескерткіш мүсін ашылды.

Ерекше тартымды жасалған ескерткіш көрген жанның көңілін терең ойға жетелейді. Алаш арманы, ұлт болашағы жолында озық ойымен, батыл да жарқын идеясымен жарқырай көрінетін Мұстафа Шоқайдың рухани биік болмысы, сондай-ақ, азаматының асыл мұрасын көзінің қарашығындай қорғап, отбасылық өмірде ғана емес, қоғамдық-саяси көзқарасымен де мүдделес болған Мария Яковлевна Шоқайдың қатар тұрған бейнесі еріксіз көңіл толқытады. Ескерткіш мүсіннің авторы Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, М.Шоқайдың Франциядағы ескерткішінің авторы Аманкелді Кененбаев.


Осы жиында қоғам қайраткері, философия ғылымдарының кандидаты, саяси ғылымдарының докторы, әлеуметтану ғылымының профессоры, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дің Мұстафа Шоқай ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Әбдіжәлел Бәкірдің ғылыми-публицистикалық еңбегі – «Мұстафа Шоқай өмірі мен қызметі, шығармашылығы» атты кітабының да тұсауы кесілді.


Ойлы оқырманға жол тартқан ғылыми танымдық туындының мазмұны жайында ғалым, профессор, университеттің ардагерлер кеңесінің төрағасы Қазыбай Құдайбергенов, тарих ғылымдарының докторы Дастан Сәтбай, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Қаршыға Есімсейітова пікірлерін білдіріп, болашақта М.Шоқай көтерген тәуелсіз Түркістан идеясын зерттеп, оның тарихи маңыздылығын ашуда бұл еңбектің берері мол екенін айтты.


Жиынның қорытынды сәтінде «Мұстафа Шоқай өмірі мен қызметі, шығармашылығы» кітабының авторы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбдіжәлел Бәкір жарыққа шыққан жаңа туындысы туралы аз-кем толғанысын айтты.


– Жалпы тіл тәуелсіз болмай, ой-сана тәуелсіз болмай, егемендігіміздің ертеңі белгісіз. Сондықтан тарихымызды терең танып, Алаш ұлт-азаттық қоғалысының, тәуелсіз Түркістан идеясының астарына бойлай білуіміз керек. Бұл тұрғыда М.Шоқайдың қаншама еңбектері қазақ тіліне аударылмай жатыр? Сол еңбектерді аударуға, зерттеуге көңіл бөлу керек.


Осы еңбекті жазуда М.Шоқайдың өзі ұстаз санаған Әлихан Бөкейхан, аса құрметпен қараған Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлының шығармаларын қайта-қайта оқып, нәтижесінде 2008 жылы «Алаш ұлт азаттық қозғалысының саяси топ басшыларының әлеуметтік көзқарастары» атты кітапша шығарған едім. Бұдан кейін де осы тақырып төңірегінде көлемді монографиялық еңбегім жарыққа шықты. Ал мына кітапта «Мұстафа Шоқай және кеңестік шындық», «Мұстафа Шоқай және Тәуелсіздік», «Отандық Мұстафатану ғылымы туралы» деп аталатын үш бөлім бойынша нақты деректер баяндалған.


Жалпы бұл – болашақтың жүгін көтеріп тұрған қоғамдық-саяси мәні зор тақырып. Сондықтан әлі де зерттеп, зерделейтін мәселелер жеткілікті, –дейді Ә.Бәкір.

Ғазиза ӘБІЛДА

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<