Ерлік тәрбиеден туады. Адам баласы ерлік жасайын, батырлық істейін деп ойламайды, сол сәттегі ойы, түсінігі, адамдығы, сол кезге дейін көрген тәлім-тәрбиесі оны ерлікке жетелейді. Бұл ықылым заманнан солай, ол – адам баласының пайым-түсінігінің әрекеттегі жоғары көрінісі.
Наурыз айының 15-і күні кешкілік ақ пен қызылдың арасында Өзгент көлінің шығыс бетінен қою қара түтін бұрқ ете қалады. Арада бір-екі минут өтпей қара түтін көлдің екінші тұсынан көрінді. Ақжол ауылынан Ақсуат ауылына кіре бере қалтамдағы ұялы телефон шыр ете қалды. Телефон шалып жатқан Өзгент ауылының ақсақалы Анарбек көкем екен. Даусынан асығыстық байқалғанмен, қай істі де байыппен шешетін көкем көлге қатысты болып жатқан жағдайды, не істеуіміз керектігін айта бастады.
«Бала! Көлдің аяқ жағынан шыққан өртті көрдің бе, жел ауылға қарай екен, мен өрт шыққан жаққа бара жатырмын. Тез қимылдамасақ болмайды. Бұл не болса да қаскөй біреудің әрекеті. Көл басына тез жеткенің дұрыс» – деп ол сөзін аяқтағанша мен де автокөлігіммен «Анархан насосы» аталып кеткен жерге жетіп қалған едім. Осы сәт өрт енді көлдің оңтүстік жағынан үш-төрт жерден көріне бастады. Өрттің жану бағытына қарай кім болса да атпен кетіп бара жатып от қойған. Осылай топшыладым да орман шаруашылығының қызметкері Қасымбеков Бектөреге көлемі жүз қырық жеті гектарлық көлдің оңтүстік жағынан баруын өтіндім. Өрт қаупі күшті еді, егер біз тосқауыл қойып, бетін қайтара алмасақ, бүкіл Ақсуат ауылын шарпу қаупі төнген болатын. Көл шаруашылығы менің иелігімде болғасын көптеген таныстар болған оқиға туралы маған телефон шала бастады. Солардың бірі мектеп мұғалімі Тілеубергенов Шайхиддин мен үлкен ұлым Нұрсұлтанды да солай қарай жібердім.
Көл басында Анарбек Дүйсенов аға кездесті, түрі қарауытып кеткен, өрт шыққан беттен келгені көрініп тұр. Ел «дала академигі» атандырып жіберген, білігі мен көргені мол Әнекең: «Көлдің оңтүстігінен шыққан өрттен ауылға қауіп жоқ, себебі көлге келіп тоқтайды, ал шығысынан шыққаны ауылға қауіпті, қыстан қалған ақшеңгелі, жыңғылы, қоғасы мен қамысы – барлығы қурап тұр. Алдын алмасақ болмайды. Тез қимылдау керек» деді.
Жалын адамды жүз метрдей жерден маңына жолатар емес. Бар үміт – көл жағалай өскен қоғаның 70-80 метрдей жеріндегі ашық алаң. Бір амал сол ашық жерден ықтан желге қарсы от қою. Сөйтіп ашық жер көлемін ұлғайту. «Менің де күшімді көріңдер» дегендей шығыстан соққан жел де өртті өршіте түсуде. Бір сәт от көл жағасындағы қоғадан жиырма шақты метр жердегі шеңгелге тиді. Енді үш-ақ метр жердегі жолдың келесі бетіндегі қалың ақшеңгелге немесе өзекті қуалып өскен қалың бұтаға тисе ауыздықтау қиынға түсері анық. Бұл кезде қараңғы түсе бастаған еді. Жанталаса іске кірістік. Байқасам, қасымда шалт қимылдап өрттің келесі бетке өтуіне жол бермей он бес-он алты жас шамасындағы бала жүр. Әнекең: «Жолдан әрі өткізбейік, топырақ шашыңдар, топырақ шашыңдар!» деп жатыр. Осы кезде қолына күрегін алып ауыл мектебінде музыка пәнінен сабақ беретін Әбен Әбшенов ағай да жетті-ау. Өрттің арғы бетке өтуіне жол бермей өшірген тұста жел де бәсеңдей бастады. Сол жердегі төрт-бес адам «Ууһ» деп демді бір-ақ алдық. Әл де құрыған, жер ыза болса да, қисая кеттік. Әлгі жас баладан «Кімнің баласысың?» десем, Әнекең: «Әй, Әлия қызымның ұлы, өзіңнің жиенің, менің немерем ғой» деді танымайсың ба дегендей таңырқап. Сол кезде барып мен оның ауылда «Елгезек, тілалғыш» деп жақсы жағынан аты шығып жүрген №245 жалпы орта мектептің 9-сынып оқушысы Тасболатов Ернұр екенін білдім. «Ұлы даланың жеті қыры» атты республикалық іс-шарада үйдің сызбасы мен макетін қоғадан жасап, 1-2 орындарды, қос жүлде ұтып алған дегенді сынып жетекшісі Беркімбаев Бауыржан ағайынан еститінмін. «Е…Әнекең тәлімінің жемісі екен ғой. Әйтпесе, үлкендермен бірдей өртпен күресіп, күйе-күйе болып, жалынға шарпылып, ауыл үшін отқа түсе қояр деймісің» деп ойладым.
Өрт қойып елді шулатқан белгісіз адам заң алдындағы жауаптан құтылғанмен, «Ол да Құдай пендесі, түспей қояр деймісің Алланың құрған тезіне» деп ұлы Абай айтқандай, ар жазасынан құтылмасы анық. «Ауыл үшін күрес» деген сөздің Отан үшін күрес екенін талай әскери қақтығысты бастан өткеріп, оны түсінгенмен, кейбір жандардың бұған немқұрайды қарайтынын білемін. Ал сондай қиын сәтте, жігіттің жігіттігі сынға түскен мезетте тайсалмай, бет шарпыған жалынға қарсы тұра алған Ернұрға рахмет айта отырып, батырлыққа бейбіт кезде де орын бар деген рас екен-ау деген ойға келдім.
Орынбек АСЫЛБАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<