Қаламгерлердің кәсіби мерекесі қарсаңында ел тіршілігін салмақты ой, салиқалы пікір арқылы толғап жүрген әріптестер марапат төрінен табылып, мерейімізді тағы бір үстем етті.
Қарашаның қамын шығармашылығына арқау еткен перзенттерін ел көкке көтеруден жалыққан емес. Жақында белгілі журналист, күйші-сазгер Жұмабай Жақыптың өңірдің баспасөз саласы, мәдениеті мен өнері, руханиятына сіңірген елеулі еңбегі үшін «Арал ауданының Құрметті азаматы» атағын иеленуі соның дәлелі. Еңбек жолын Қазалы аудандық «Ленин туы» газетінен бастап, «Сыр бойы» газетінің Арал, Қазалы аудандары бойынша аймақтық тілшісі, Арал аудандық «Толқын» газетінде редактор-директор қызметтерін атқарған ол қазір Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының аудандық филиалына төрағалық етеді. Ұлттық құндылықтарды дәріптеп, тіл мәселесін тереңінен қаузап, мазмұнды һәм құнды дүниелер ұсынуын жалғастыруда.
Сондай-ақ, «Ақпарат саласының үздігі», «Қазақстан» РТРК» АҚ «Күміс жаршысы» төсбелгісінің иегері, сарапшы журналист Айткүл Шалғынбаева «Қазақстанның Құрметті журналисі» атанды. Аймақтың төл арнасының ақпарат айдынына шығуына үлес қосқан журналист көзіқарақты көрерменге құнды дүниелер әзірледі. Авторлық ақпараттық-сараптамалық, танымдық хабарларда өзіндік қолтаңба қалдырғанына көрермен куә.
Елдік деңгейде түрлі проблемаларды көтеріп, оның түйінін тарқатуға журналист ретінде ықпал еткен «Жас Алаш» газетінің аймақтағы тілшісі Миуагүл Байназарова да «Қазақстанның құрметті журналисі» атағына ие болды.
Бұл – қазақ журналистикасының дамуына айрықша үлес қосып келе жатқан аға буынның еселі еңбегінің, үздіксіз ізденісінің жемісі. Олардың жүріп өткен жолы – өнеге. Мұндай жетістіктер жас журналистерге рухани жігер беріп, алға жетелей түседі. Қаламдарыңызға қарымды қуат сыйлар шабыт шалқи түссін, мерейлеріңіз арта берсін демекпіз, құрметті әріптестер!
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<