Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры Қазыбай Құдайбергенов Мәскеудің педагогикалық білім беру академиясының академигі болып сайланды. Ғалым сексенге қарай бет бұрды.
Қазыбай – көрші ауылдың жігіті. Бала кезінен таныспыз. Арғы аталары Ұлбикемен айтысатын, дуалы сөзімен Құнанбайды аға сұлтандыққа сайлаған Күдеріқожадан тарайды. Айтқыш Қалтаймен аталас туыс. Қазіргі «Шіркейлі» өңшең ақын-шайырлар ауылы болған. «Көкілташ» медресесінде оқыған Тапал ахун, одан Камалладин, Жәміш мақсұмдар, беріректе Қалтайдың әкесі Қарамолда. Мұхамеджан Нүрекеевтердің кіндік қаны тамған құнарлы өңір. «Заманай» деген төрт шумақ өлең жазып, қызыл империяны тоқпақ жалды торы айғырға теңегені үшін Мұхамеджан ата «халық жауы» атанып, атылып кеткені өзінше жыр.
Сол бір кездегі «Талап» атты кең жайлауда ғалым-тарихшы, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Қазыбай Құдайбергенов дүниеге келген. Бала жастан қиыншылықты, өмірдің тауқыметін көріп өскен. Әкесі Құдайберген ақындығы бар, ала жіпті аттамағанын, колхоз басқарып тұрып, ашқұрсақ отырғанын көзкөргендер осы күнге дейін таусылмайтын әңгіме етуден жалықпайды.
Ендігі әңгімені текті тұлпардың тұяғы Қазыбай Құдайбергеновке қарай бұрайық. Оның «Сырым мен шыным» атты өлеңдер жинағы қолыма тигелі бері қайта-қайта парақтап оқып отырмын. «Оу, ғалым-профессор ақын екен-ау» деп тамсанып қоямын. Өлеңдері, Абай айтқандай, жұп-жұмыр екен. Осы кітабын маған ұсына отырып, былайша эпиграф жазып жіберіпті:
Сырым да осы ағажан, шыным да осы,
Өлең жазам келгенде көңіл қошы.
Қылышымен қара сөз «жауға»
шапқан,
Өзіңізсіз ініңнің адал досы!
«Асылы, адамға қартайғанда мақтау керек секілді екен, лебізіне рахмет!» деп іштей ризалық пейіл байқатып, 200 бетке жуық топтама өлеңдеріне шолу жасауға бел будым.
Кітаптың алғашқы беті біз оқып жүрген бұрынғы ақындар секілді Отан, туған жер емес, бірден сүйікті жары Жақсыбикеге арналып, «Алғашқы танысуым» деп басталыпты:
– Ауысып уақыт, шіркін, күн мен
түнге,
Зымырап өтіп жатыр жүрген бізге.
Жиырма жыл өмірімді бірге өткізген,
Сырымның кілті жарым – Жақсыгүлге!
Өзіңмен өткен шақтарым,
Соғатын желге санаймын.
Сырласқан саябақтардың,
Самалын сепкен арайлым!
Ғалым Қазыбай сүйген жарын осылай тербейді, тебіренеді. Сырымның кілті, саябақтардың самалы сепкені күні кешегідей екенін шумағымен өрнектейді. «Қалқан құлақ сары шалың ызыңдап келе берсінші, балаларыңның бағы бол» деген шынайы сезім сүйікті жары елуге толғанда арналыпты.
Жақсыбике ауыр сырқатқа шалдықты. Қазекеңді мұң басты. Алматыда операция жасар сәтте жарына:
– Жанарыңнан жалт еткені соңғы ма
деп қорықтым,
Көкірекке шер мен мұң толды ма
деп қорықтым!
Қоштасатын уақыт, шіркін, жетті ме
деп қорықтым,
Он сегіз жыл еш думансыз өтті ме
деп қорықтым! –
деп ажал құрсауынан қалай аман алып шығамын деп азаматтың жаны күйзелгені жүректі сыздатады.
Қазыбай күйзелді. Тағы да азамат өлеңмен шер тарқатты. Сүйікті жары Жақсыбикеден, 2004 жылы жалғыз тұяғы – ұлынан айырылды. «Ароныма» деген өлеңде:
– Тастатып артқа бәрін де балам,
Өкініш өртеп ашиды жарам.
Құзырын хақтың қабылдап алам,
Бір күні мен де қасыңа барам!
Ақынжанды азаматтың бұл жинағы сабырға, дауасыз ажалға, дос-жарандардың қамқор құшағына, қиын сәтте қол ұшын созған іні-қарындастарына, замандастарына арналғаны сезіледі. «Қайғыға дауа – уақыт» атты өлеңінде өзін-өзі жұбатады:
– Қырқы да өтті, жүзі де жақын,
жыл келер,
Жөнделер әлі қиюы кеткен іргелер.
Бақилық болып кеткенше біздер
пәниден,
Жүректе жаны, рухы мәңгі бізбен ол.
Жараның емі зымырап
жатқан уақытта,
Дегенмен, алда қуаныш та бар,
қауіп бар.
Кеткелі Арон көңіл де, шіркін,
селт етпей,
Тұрғандай бүркіп жаңбырмен бірге
жауып қар!
Иә, өмір – өзен, ол ағысын тоқтатпайды. Тірі адам тіршілікке бет бұрады.
Бұл кітап жеті тараудан тұрады. Ақынжанды азамат «жүрек – жамау, қиял – құз, санам – сағым» деп өзін-өзі жұбатады, қанатын қатайтқандай болады. Аллаға әмір жүрмейтінін мойындайды.
Кітапты одан әрі оқып, парақтай бастадым. Ауылдас інісі ақын Қанатбектің кітаптағы арнауы жан толқытады. Қазекеңе «Мойыма, аға, мойыма!» деп қуат бергендей жыр арнайды.
– Баршаға биік бағасы,
Риза, қайны, ағасы.
Қабырғамызды қайыстырды-ау,
Жақсыбикенің қазасы.
Тот баспайды тазаны,
Болғанмен өмір азабы.
Жүрегіңіздегі жараны,
Уақыт қана жазады.
Әрине, уақыт – емші. Ол ұрпақпен жалғаса бермек. Кітаптағы сүйікті ағасы Әбибулла Мұхамеджанов, Пасахаддин Еспенбетовтің арнау өлеңдерінде Қазыбайға деген ілтипат, қамқор құшақ, сабырға шақырған шынайы ілтипат сезіліп тұр.
Ақын Әскербек Рақымбекұлы замандасы Қазыбайдың сүйген жары Жақсыбикенің жылындағы оқыған өлеңі кітаптың өн бойын одан әрі толықтырып тұрғандай. Ақын Әскербек былайша тебіренеді:
– Жақсыбикедей жарыңмен тауып
жарасым,
Талай жыл тақтың сыйлаған
саған сағатын.
Қырандай едің қиядан тұрақ табатын,
Ұлың мен қызың қанатың еді қағатын.
Қапияда, досым, қанатыңнан сен
қайырылдың,
Жалғыз жұлдызың – жалғыз ұлыңнан
айырылдың.
Қара аспан құлап,
Қайғырдың сонда, қайғырдың,
Айрылдың естен аманыңда
сен ай-күннің.
Жаралы күндер жалғасты солай,
жалғасты,
Жақсыбикенің жағасына дерті
жармасты.
Араға түсті сұм ажал атты албасты
Айырды-ау сені махаббатыңнан
алғашқы.
Көп жылдан бері көтердің жүкті
нар шыдар,
Қап-қара бұлттан аспаның енді
ашылар…
Аялап жүрген ақ арманың да
бар шығар,
Шақтасың, досым, шабыттың
атын қамшылар…
Соңғы жетінші тараудағы табиғат, көктем сезімдері, Германияда әскери борышын өтеп жүргендегі жазбалары, сондай-ақ дос-жарандарға, ақын Сейілге, академик Д.Кішібековке, тағы басқаларға арнаған өлеңдері шып-шымыр, оқуға ынтызар етеді. Кітапта туған жер келбеті, кездесулер, ата-бабаларының көркем бояулы суреттері берілген.
Біз бүгін ғалымның ақындық өнерінен сыр ағыттық. Оның ғалым ретінде тындырған ісіне тоқталмадық. Жалпы ғалым, профессор Қазыбай Құдайбергенов – топ жара сөйлейтін шешендігі бар азамат, орынды жерінде таптырмайтын асаба, мәселені әріден қозғайтын білгір, қара сөздің де қара нары.
Ғылыми бағыты – экономика тарихы, өндіргіш күштерді орналастыру мәселелері, қазақ ағартушыларының экономикалық көзқарастары, екі монографияның, оқу құралының, жүзге жуық ғылыми мақалалардың авторы, Мәскеудегі педагогикалық білім беру академиясының корреспондент мүшесі, академик. Бір басына жетерлік сан алуан марапаты бар. Қысқасы, сөз түйіні: Қазыбай – сегіз қырлы, бір сырлы.
Ақынжанды ғалымның «Сырым мен шыным» атты өлеңдер жинағын парақтап оқығанда қандай ой түйдік? Азамат өзінің іштегі шер-шеменін, жан тебіренісін сыртқа шығарған секілді. Сейфолла Оспан, Әскербек Рахымбекұлы, айтыс ақыны Зәмәдин Ибадуллаевтар жыр шумақтарымен Қазыбайды одан әрі қанаттандырғандай әсер қалдырады. Біз де осы тілекке қосыламыз.
Бүгін оның ғалымдығынан гөрі ақындық өнерге деген ұмтылысын аз-кем сөз еттік. Бәлкім, Қазыбайдың өлең-арнауларына тереңірек зейін қойып, сәт сапар тілеп жатса, артық болмас деп тұжырымдауды парыз тұттық.
Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті
журналисі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<