Өсіп-өркендеген Сыр елінің шежіресі көнеден керуен тартады. Біздің бүгінгі күніміз де осы тарихтың тамырынан көктеп шыққан.
«Сыр бойы» газетінің жаңадан ашып отырған «Сыр жылнамасы» айдары киелі өлкенің өткен дәуірінен ой толғайды. Облысымыздың тәуелсіздік жылдарындағы бет-бейнесінің қалыптасу кезеңіне көз жібереді. Бұл мінберден сөз алатын – ғалымдар, тарихшылар, әдебиетшілер, басқа да әртүрлі мамандық иелері туған жеріміздің қадір-қасиетін ұрпақ жадында жаңғыртатын есті естеліктер айтып бермек.
Жылнаманың тұсаукесерін қоғам қайраткері, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, экономика ғылымдарының докторы, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Бақберген Сәрсенұлы Досманбетовпен әңгімеден бастамақпыз.
Қорқыт атаның есімі қуат берді
Қазіргі Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің тарихы 1937 жылы Қиыр Шығыстағы корей институтының Қызылордаға көшіріліп келуінен басталады.
Кейінгілер үшін мұның мәнісі аса түсінікті болмауы да мүмкін. Жалпы, өз елі, өз жері бар корей халқы Қиыр Шығыста қайдан жүр? Тарихқа көз жіберсек, Қиыр Шығыстағы Приморье өлкесі ерте замандарда Пархэ, Чхон секілді мемлекеттер өмір сүрген аймақ еді. 1860 жылы Ресей мен Қытай арасындағы Пекин трактатынан кейін бұл жерлер Ресей империясының құрамына қаратылған. Әлгі сұрағымызға аз-маз түсінік қалыптастырған болсақ, біз енді бұл сүрлеуден шығып кетейік.
1937 жылдың 21 тамыз күні КСРО Халық Комиссарлар кеңесі және ВКП(б) Орталық Комитеті «Қиыр Шығыстағы корей халқын шекарадағы аудандардан қоныс аудару туралы» қаулы қабылдады. Олар мұның себебін кеңестік үкіметке Жапония тарапынан төніп тұрған соғыс қаупінен деп түсіндірген. Бұған қоса корей халқы өкілдеріне түгелдей «жапон шпионы» деген айып таққан. Сөйтіп, қиыршығыстықтар қазақ жеріне қоныс аударылды.
Корейлер көшімен бірге Сыр еліне педагогикалық институт, мұғалімдер иституты, жұмысшы факультеті, педагогикалық училище және 39 мектеп келген. Қызылордаға орныққан педагогикалық институттың алғаш директоры Н.Цой деген кісі болыпты.Содан бері бұл жоғары мектепке қанша адамның басшылық жасағанын дөп басып айта алмаймыз.
Тоқсаныншы жылдардағы қайта құру, жариялылық секілді қоғамдық өзгерістер жоғары оқу орындарына да инновациялық идеялар ала келді. Соның бірі институт ректорын ұжымның сайлауы арқылы бекіту болатын. Дәл осы тәсілмен 1991 жылы институт проректоры қызметіндегі Бақберген Досманбетов ректор болып сайланды. Мәскеудің инженерлік-экономикалық институтын бітірген ғылым кандидаты, тыным таппайтын іскер адамды ұжымы да ерекше сыйлайтын.
Алғашқы күннен бастап ректор институттағы мамандық санын көбейтуді, оқу орнының білім кеңістігіндегі беделін көтеруді ойлаумен болды. Сол кезде институт Н.В.Гоголь атында болатын.
Ректор алдымен нарықтық қатынастар жағдайында қоғамға керекті мамандықтарды саралады. Сыр елі түркі дүниесінің бесігі болған киелі топырақ, бұл жерде ерте дәуірде гүлденген, қазаққа астана болған қаншама қалалардың мүрдесі жатыр. Оның бәрін аршу керек, ұрпақтың рухын көтеру үшін де жарқыратып көрсету қажет. Ендеше, шәкірттер археология, этнография мамандықтарын оқуы тиіс. Ректор Бақберген жаңа факультеттер ашумен қатар көптеген істі тыңнан бастады. Соның бастысы институтқа Қорқыт ата атының берілуі болды. Дәл осы тұста ұжым екіге жарылды, біріншілері оқу орнына ақын Асқар Тоқмағанбетовтің, ғалым Әуелбек Қоңыратбаевтың атын лайық деп білді. Басқа да тұлғалардың есімі аталды. Ректор Бақберген оларға өзіне сай байсалдылықпен жауап берді. «Қорқыт абыздың аты бізге тәрбиелеп жатқан шәкірттеріміздің сапалы білім алуы үшін керек», – деді. Біраз кісі баланың білім алуы мен институттың кімнің атына берілуі арасындағы тінді таба алмай-ақ қойды.
«Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін» деп Ахмет Байтұрсынов айтпақшы, ұстаз Бақберген сонда тым тереңнен ойлап тұр еді.
1992 жылдың күз айында Қазақстан вице-премьері Мырзатай Жолдасбеков Сыр еліне келіп, Қазалыда өткен жәрмеңкеге қатысты. Сол сәтте ашық-жарқын пікір алысудың сәті түсіп, ректор Қызылорда пединститутына Қорқыт ата есімін бергісі келетінін айтқан. Мырзекең осы ұсынысқа бұрыннан дайын тұрған адамдай көңілденіп, «тез арада хат жазып жібер» деп жауап берді. Бір аптадан соң Қызылорда педагогикалық институтын Қорқыт ата атымен атау туралы Үкімет қаулысы келді.
Көп ұзамай оқу орны басшысы институттың шығыстану факультетін ашты. Осыған орай іссапармен Стамбулдағы Түркі әлемін зерттеу институтына келді. Оның басшысы Туран Язғанмен кездесті. Күріштен салдырып Қорқыт ата портретін ала барды. Досманбетовтің жоспарларын тыңдаған Туран Язған компьютер және мамандар мәселесі жөнінен көмек беруге келісті. Сол жерде екеуін жақын тіл табыстырған, Язғанның туыстық сезімін қозғаған Қорқыт есімі болды. «Өз институтыңа неге Қорқыт есімін бердің?» деді. «Себебі, Қорқыттың мәңгілік мекені біздің жерде». «Жоқ, ол біздің жерде жатыр». «Қорқыт түбі түркі бәрімізге ортақ». Язған сол уәжге тоқтады.
Артынша Қызылордаға Стамбулдан Метан, Сонгюл, Расим, Исмайл дейтін төрт түрік маманы келді. Институт ішінен қазақ-түрік лицейі, оған қоса корей, араб тілдеріндегі бөлімдер ашылды. Кейін осы лицейді, бөлімдерді бітірген түлектер шет елдерге барып оқып, білікті маман болып оралды. «Қорқыт атаның аты біздің шәкірттеріміздің сапалы білім алуы үшін керек» деген ректор сөзінің өміршеңдігі осылай көрініс тапты.
Мұнан кейін оқу орнынан Мәскеу бизнес және ақпараттық технологиялар институтының филиалы ашылды.
Ректор Досманбетов тоқмейілсуді білмейтін, ақырында Үкімет үйінің есігін жағалап жүріп институтты университетке айналдыруға күш салды. Соны орындады.Өзі ректор болып келген кездегі институттағы он алты мамандықтың түрін отыз төртке жеткізді.
Табалдырықтан биік тау жоқ
1996 жылы арнайы экономикалық аймақ құрылды. Ол кезде облыс басшысы Бердібек Сапарбаев болатын.
Ректор Досманбетов бір күні институт жатақханасының сыртқы қабырғасын жөндеп жатқан жұмысшыларға қарап, ойға беріліп тұрған. Кенет иығынан біреу қаққандай болды. Қараса, облыс әкімі екен.
– Осы жұмысты күндіз істеуге болмай ма? – деді Бердібек Машбекұлы аман-саулық сұрасқан соң.
– Мынадай көтергіш қалада бір-ақ дана, күндіз босамайды, сондықтан қараңғы түскенше бізге көмектесуін сұрап едім, – деп ректор шынын айтқан.
Бұл облыс басшысының ректордың өз жұмысына деген жауапкершілігін бағалағаны екен. Ертеңіне облыс әкімі шақырып жатыр деген хабар келді. Сол күні дереу Бақберген Досманбетовтің жеке мәліметтерін сұратып алдырыпты. Оның институт бітіргені жайлы құжатында «қала шаруашылығының экономикасы және оны ұйымдастыру мен басқару маманы» деп жазылған болатын. Бұл Қызылорданы арнайы экономикалық аймаққа айналдырып, осы елдің түлеп өсуіне үделі үлес қосқан облыс басшысының маман таңдаудағы әділ әрі алысты болжаған шешімі еді.
Қызылорда қаласының әкімі-арнайы экономикалық аймақ төрағасы болып бекіген Бақберген Досманбетов өзінің жанына Нәжмадин Мұсабаев, Жеткерген Оразбаев секілді тәжірибелі, Бауыржан Омаров секілді білімді жас кадрларды топтастырды. Ең бастысы, енді қалаға күндегіден басқаша көзқараспен қарай бастады. Шын мәнінде қала келбеті жұпыны болатын, оны қалыпқа келтіруге ақша тапшылығы қолбайлау болған. Мәселені зерттеп қараса, өзі басшы болғанға дейін қаланы абаттандыруға жылына 26 млн теңге бөлініпті. Ал, өзінің тұсында осы ақша көлемі 426 млн теңге болды. Қала көшелері қисық, тар. Әсіресе, орталықтың Шанхай бөлігімен екі арадағы айналма жолдың жайы ойланарлық екен. Теміржол астынан салынған тесік көпірмен тіке Абай ауылына қарай өтіп кетуге болады, бірақ бұл бағытты бірнеше тұрғын үй бөгеп тұр. Олармен келісім жүргізудің өзі күшке түсті. Бір көшені түзетемін деп жүрген мамандарға қорамды бұздырмаймын деген бір тұрғын мылтық ала ұмтылыпты. Солардың бәрінің алдына қала әкімі өзі барды, қоқан-лоқы жасаған жоқ, кішірейіп сөйлесті. Үйін бұзғандарға жай берді, қорасын сырып тастағандардың әр жеміс ағашы үшін ақша төледі.
Сондай жұмыстардың нәтижесімен қаланың кептелісіне соқпай теміржол асты көпірінен кедергісіз өтетін Яссауи көшесі пайда болды, «Батыс» мөлтек ауданына тіке апаратын Шымбаймен қабат тағы бір жол ашылды.
Қала көріктене бастады, арбат салынды, алты субұрқақ атқылады. Қуғын-сүргін және аштық құрбандарына арналған мемориал ескерткіш орнатылды. Көмірдің астында көміліп он жыл жатқан Амангелді батырдың тас мүсінін қайта тұрғызды.
Ескерткіш демекші, сол кезде қаланың орталық алаңында В.И.Лениннің еңселі ескерткіші тұрған болатын. Бір күні облыс әкімі осы ескерткішті алып тастау жөнінде сөз қозғады. Досманбетов дереу орынбасарларын жиып, мәселені төтесінен қойды. Жиылыстан шыға бере бір орыс кемпірдің Ленин ескерткішіне гүл шоғын қойып жатқанын көріп қалды. Осы бір көрініс пролетариат көсеміне деген қарапайым адамның әлі суымаған ықыласындай әсерлі еді. Бұл жұмысты түнде орындаңдар деп тапсырма берді, сосын. Сөйтіп, осы маңда түні бойы өзі де жүрді. Сонда бір қызметкерінің «Мына ескерткіштің діңі мықты екен, құламақ түгілі қисаймайды, осылай қалдыра берсек қайтеді» дегені бар.
Кешегі кішігірім осындай оқиғалар бүгінгі тәлімді тарихқа айналып келе жатыр.
Бұрынғылардың «табалдырықтан биік тау жоқ» дейтін сөзі бар. Егер суын ішіп, топырағын кешкен туған жеріңнің қасиетін сезіне алмасаң, онда кең дүние саған ешқашан есігін ашпайды екен.
Ал, Бақберген Досманбетов қанша жердің дәмін татты, соның бәрінен мият тапты. Оның Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының, Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының, Халықаралық экология және табиғатты пайдалану академиясының, Халықаралық жоғары мектеп ғалымдары академиясының, әлеуметтік ғалымдар академиясының академигі болуы, Еуразия университетінің, Сеул университетінің құрметті профессоры атануы – алдымен туған жеріне қызмет етіп, рухын асқақтатқан халық алғысының ашқан жолы.
Сенатордың сыры
Бақберген Досманбетов 1999 жылы ҚР Парламенті Сенатының депутаты болып сайланды.
2000 жылдардың басында жаңа экономикалық реформалар жүзеге аса бастады. Сенатор сол жылдары Қызылорда облысының әлеуметтік мәселелерін Сенат жиындарының мінберінен көтеріп, оның әділ шешім табуына бар жігерін жұмсады. Ресей ұзақ жылға жалға алған Байқоңыр тұрғындарының әлеуметтік тұрмысы мен мектеп оқушыларының құқықтық мәселелерін көтерді.
Сенаттың бір келелі жиынындағы депутат Бақберген Досманбетовтің сөзінен бір үзік мысал келтірсек те, біз оның батыл да, әділ сенатор болғанын анық аңғарамыз: «… Еліміздің әл-ауқатын жақсарту үшін зиялы заңдар керек екенін, шала туған заңдарға терапевтік емдеу қажеттігін Үкімет ұмытып кеткен сияқты. Соның салдарынан Парламенттік талқылауға нақты жобалар ұсынылмай отыр. Үкімет Күлтөбенің басында күнде кеңес құрып, Цицеронның шеңберінен шеберліктерін шыңдаудан ары аса алар емес».
2004 жылы Қызылорда облысының Аралға 50, басқа аудандарға 30 процент берілетін экологиялық жеңілдіктерін алып тастау жөнінде сөз болды. Осы ұсынысты айтқан лауазымды басшыны сенатор Бақберген Досманбетов тікелей телеархабарда дебатқа шақырды. Халық алдында оның қателіктерін бетіне басты. «Экологиялық жеңілдік алып тастағаннан келіп-кетер ештеңе жоқ деп есептейсіз бе?» «Иә, көп болса ол бір қап ұн шығар». «Сіз сонда бір қап ұнға қарап отырған отбасылар бар екенін білмейсіз бе?» Осындай сұрақ-жауаптың соңы «алып тастаушыны» тығырыққа тіреді.
Осы мәселе бойынша біршама уақыттан соң облыс орталығында вице-премьердің қатысуымен жиын өтіп, ақыры көптің сөзі мен көпті жақтаған Досманбетовтің мерейі үстем болды.
Сенатордың екінші бір қарсы болған мәселесі оңтүстіктен «Көксарай» су қоймасын салу жобасы болатын. Осы жоба қабылданып кетті.
Бүгінде ұстаз Бақберген дарияның сол жағалауынан «Болашақ» университетінің көз жауын алған кампусын көтеріп жатыр. Шет елге барған сайын «біздің ауылдың балалары неге осындай сәні мен салтанаты жарасқан, барлық жағдайы жан-жақты жасалған тамаша жерде оқымауы керек» деп ойға бататын, армандайтын. Сол арманы енді ақиқатқа айналды, дәлірек айтсақ, терін төкті, қаржысын салды, ақыры арманына жетті.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<