Ол осынау тіршілік атты дүбірлі дүние есігін кәрі Сейхұнның бойындағы кішкене ауылда – Қандөз елді мекенінде, тамылжыған тамыз айында ашты. Бұл кездегі, ойхой-й, Сыр бойының жан жадыратып, бойыңа ерекше қуат құяр уыздай табиғатын айт! Қиялыңа қанат бітіріп, ойыңды қияға самғатады. Ауызбен айтып жеткізгісіз ерекше маусым, тұмса көрініс!
Міне, осындай кезде жарық дүниеге іңгәлап келген сәби Темірхан өсе келе табиғатты бағалады, еңбекті сүйді. Жастайынан еңбекқор, зерек, әсіресе кітап оқуға аса құмар болып алып еді. Әке – балаға сыншы! Расында да, әкесі Әнекең, Ұлы Отан соғысының II топтағы мүгедегі, ардагер ақсақал дуалы аузымен «осы балам қағазбен нанын табады, орыс келін әкеледі» деп жиі айтады екен өз қатарлары бас қосқан отырыстарда. Анасы Айзада үй шаруасында көп баланың тәрбиесімен жүрген, мінезі тұйық, сабырлы да салмақты жан еді.
Темірхан мектеп табалдырығын аттағаннан бастап үздік оқыды, өз сыныптастарынан оқ бойы озық болды. Алғырлығымен көзге түсті. Тіпті, кейде пән мұғалімі Темірханды тақтаға шығарып қойып, өз білгендерін сыныптастарына айтқызып, «міне, осылай оқу керек» деп, барлығына үлгі ете сөйлегенде, төбесі көкке бір елі жетпей қалушы еді.
Қандөздегі Ғ.Мұратбаев атындағы №240 орта мектепті үздік бағамен аяқтаған Темірхан бала кезден арманы болған жоғары оқу орнына, Алматыдағы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетіне оқуға аттанды. Ол кезде сынақ өте қатты болатын және бір орынға он-он бес бала таласатын. Шет тілінен «қанағаттанарлық», басқасын үздік бағаға тапсырса да, өкінішке қарай, негізгі конкурстан өте алмады. Жолы болмағанына қатты өкінді, бірақ амал қанша! Сол уақыттағы университет ректоры Өмірбек Жолдасбековтің алдына барғанда қинала сөйлеп, «шырағым, әлі жассың, келесі жылы кел, міндетті түрде түсесің» деп арқасынан қағып шығарып салғаны әлі күнге есінде.
Келесі жылы бірақ көңіл таңдауы өзгерді, енді сол шақта бүкіл Кеңес одағына аты дүркіреп тұрған Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтына жаңадан басталған эксперименттік жүйемен екі пәннен ғана үздік бағаға тапсырып, студент атанды. Жастайынан алғыр бозбала екінші курстан ғалым-ұстаздарының көзіне түсе бастады, оған зор сеніммін қарады. Тіпті, достары «бұл біздің болашақ профессор» деп әзілдеп те қоятын. Жаратқан тәңір ауыздарына салып тұр ма, араға жылдар салып, Темірхан Толқынбаевтың білікті ғалым, профессор атанатынын олар білді ме екен?! Одақтағы ең жас ректор атанған М.Үркімбаев басқарған оқу орны қаймағы бұзылмаған, тамаша ғалым-ұстаздар топтасқан нағыз ғылым мен білімнің ордасы еді. Бертін келе, Темірхан осындай тәлімі зор, ғибраты мол жоғары оқу орнын таңдағанына шын қуанды. Күн-түн демей, қолына кітап алып, қызығы мен қиындығы мол ғылым жолына біржола бет бұрды. Соның арқасында Мәскеудегі В.Куйбышев атындағы инженерлік-құрылыс институтына алғашында зерттеуші-оқытушы, кейін мақсатты бағыттағы аспирант болып қабылданды. Қуанышында шек жоқ. Арманы алға асықтырып, Кеңес одағының астанасы айтулы Мәскеуден бірақ шықты. Төрт жылға жуық уақыт аты Одаққа танымал, белгілі ғалымдар мен академиктер Б.А.Крылов, Б.М.Красновский, профессорлар В.С.Абрамов, С.Г.Головнев, А.И.Гныря, В.Я.Гендин және т.б. ғылыми мектептерінен өтіп шыңдалды. Мәскеудің мүйізі қарағайдай, азулы да айтулы ғалымдары алдында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, туған елге оралды.
Бұл қылышынан қан тамған Кеңес одағының келмеске кетіп жатқан кезі болатын. Елге бос қайтпады, олжалы қайтты. Ғылыми атағымен қоса, өзінен бір жыл бұрын кандидаттық диссертациясын Мәскеуде қорғаған, сол кезде М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде еңбек етіп жатқан, құдай қосқан қосағы – Бақыткүлмен қолтықтасып келді. Өздері жақын уақытта сәби күтіп жүрген-ді. Бақыткүл – Мәскеуде тұрып жатқанымен әкесі айтқандай «орыс емес», Сыр өңірінің өсіп-өнген бір әулеті Байхожаевтардың әлпештеп, аялап өсірген қызы. Сыр елінің болашақ екі ғалымы Мәскеудің төрінде, ғылымның ордасы В.Ленин атындағы мемлекеттік кітапханада кездесіп, танысқан еді.
Елге оралған соң, қасиетті Тараз өңірінде гидромелиоративтік-құрылыс институтында жас мамандарды тәрбиелеуде жемісті еңбек атқарып жатқан Темірханның бар ойы ғылымды жалғастырып, докторлық диссертациясын қорғау болатын. Институтта қызмет атқарып жүргенде көзінің ағы мен қарасындай Айжаны мен Тоғжаны дүниеге келді. Жаратқанға дән риза. Қатардағы оқытушыдан бастап факультет деканы дәрежесіне дейін көтерілді.
1997 жылы факультет деканы лауазымын атқарып жүріп, көңіл шешімін жасап, Мәскеуге докторантураға баруға бел байлады. Елде қиын кез болатын, уақыттында жалақы берілмейтін, мардымсыз жағдай-ды. Бір жағынан отбасын ойлап, тағы алаңдады. Осындайда, сүйікті жары Бақыткүлдің «шегінбе, мен бармын ғой, біз елдеміз, оқуыңды бітіріп, тезірек қорғап ал» деген сөзі арманына қанат бітіргендей болды.
1999 жылы докторлық диссертациясын мерзімінен бұрын, 38 жасында Томскідегі сәулет-құрылыс университетінде сәтті қорғап шықты. 2000 жылы Алматыдағы Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясына жұмысқа шақырылып, профессор, кафедра меңгерушісі орынбасары қызметін атқарды. 2001 жылы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің ректоры, профессор Г.Гамарниктің тікелей шақыруымен Өскемен қаласына сәулет-құрылыс институтының директоры-проректор қызметіне орналасты. Осы жылы Халықаралық инженерлік академияға (Мәскеу қаласы) мүше-корреспондент болып сайланды.
2004-2007 жылдары І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің проректоры, 2008-2014 жылдары Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде профессор, кафедра меңгерушісі, факультет деканы, 2014-2016 жылдары елордадағы «Астана» университетінде бірінші проректор және ректор, 2016-2019 жылдары «Тұран-Астана» университетінде проректор, 2019-2021 жылдары М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде бірінші проректор лауазымдарында болды. 2021 жылдың сәуір айынан бастап Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде сәулет-құрылыс факультетінің деканы болып қызмет атқаруда.
Ол өз елімізде ғана емес, алыс-жақын шет елдерге біршама танымал белгілі ғалым-ұстаз, білімді де білікті ұйымдастырушы. Өмірде жолы, айналасында жаны жайсаң, ел құрметіне бөленген, тамаша тәлімгер-ұстаздары болды. Олардың арасынан М.Үркімбаев, Ж.Сүлейменов, Г.Гамарник, Ғ.Мұтанов, Е.Медеуов, Б.Әбдірайым, Е.Сыдықов, М.Сарыбеков сияқты ғылымның марқасқаларының есімдерін ерекше атайды.
Темірхан Толқынбаев әсіресе, сәулет-құрылыс саласында белгілі ғалым. Оның тікелей қатысуымен қысқы жағдайда біртұтас ғимараттар тұрғызудағы бетон жұмыстарының сапасын бақылау және оның технологиясын жетілдірудің ғылыми мектебі қалыптасқан десе де болады. Өзінің тікелей жетекшілігімен 3 докторлық, 5 кандидаттық және 18 магистрлік диссертация даярланған.
Академик – 350-ден астам ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектің авторы. Мәскеуде және Қазақстанда бес монографиясы жарық көрген, екі оқулық және жиырма төрт оқу құралы жарияланған. (Алты жаңалығына патент алғаны тағы бар).
Еңбегіне лайық әртүрлі мадақтаулар мен марапаттар алған. Атап айтқанда, Білім және ғылым министрлігінің «Ғылымды дамытуда атқарған еңбегі үшін», «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ы.Алтынсарин» төсбелгілерімен және басқа да мерейтойлық мадақтамалармен наградталған. 2009 жылғы «ЖОО үздік оқытушысы» мемлекеттік грант иегері. «Қазақстанның құрметті құрылысшы» төсбелгісінің иегері. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Ресей Сәулет және құрылыс ғылымдары академиясының шетелдік мүшесі, Халықаралық инженерлік академия (Мәскеу қаласы), Ұлттық инженерлік академия және Ұлттық Жоғары мектеп академияларының академигі.
Ең бастысы, Темірхан Әнәпияұлы үшін негізгі мақсат – халқына қалтқысыз қызмет ету, жас мамандарға сапалы білім мен саналы тәрбие беру. Ол – үлгілі әке, зайыбы Бақыткүл Ұзаққызы – Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде кафедра меңгерушісі, техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚР еңбегі сіңген метролог, ҚР Сапа менеджменті академиясының академигі.Үлкені Айжан Астана медицина университетін қызыл дипломмен бітірген, дәрігер-гинеколог. Тоғжан Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетін қызыл дипломмен бітірген. Заң магистрі. ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттікте бас маман болып қызмет атқаруда.
Темірхан қолы жұмыстан қалт еткенде, таза ауада дем алғанды, өткенге ойша саяхат жасағанды ұнатады. Әсіресе, сырбаз Cейхұндария жағалауын, танауыңды жарып өтер көктемгі жыңғыл мен жиде иісін ерекше сағынады. Сыр топырағында туғанына мақтанады. Әсіресе, өзінің кіндік қаны тамған Жаңақорған ауданындағы Қандөз елді мекені санасынан берік орын алған Бұл жерде қазақтың тұңғыш дипломаты, ұлт қайраткері Нәзір Төреқұлов та дүние есігін ашқан. Кім біледі, халқына өшпестей ұлы мұра қалдырған Нәзір атасының да әруағы әрдайым қолдап жүр ме екен?!
Бүгінде алпыстың асқарына шығып отырған Сыр елінің түлегі, білікті ұстаз, белгілі ғалым, академик Темірхан Әнәпияұлына мықты денсаулық, отбасылық бақыт тілей отырып, ғылым жолындағы ғибратты ғұмырың ұзақ болғай дегіміз келеді.
Жолтай ӘЛМАШҰЛЫ,
жазушы- драматург,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<