Ана бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербейді. Отбасының жылуын ойлаған нәзікжандыларымыз түрлі саладағы табысты еңбегімен танымал. Солардың бірі – кәсіпкер Гүлмира Кішкенбаева.
Ол Қызылорда қаласына қарасты Ақсуат ауылдық округіндегі «Жұмабай-Ерхан» шаруа қожалығын басқарады. Кәсібін дөңгеленткен жан бес адамды жұмыспен қамтып отыр. Қожалықтың шаруасын нықтау мақсатында 2013 жылы «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 6,5 млн теңге несие алған.
– Мемлекеттік бағдарламаны тиімді пайдалана отырып, 34 бас ірі қара сатып алған едім. Тынымсыз тірліктің нәтижесі болса керек, бұл күнде ірі қараның саны 200-ден асты. Бұйырған несібені теріп жеп отырған жандармыз. Адам армандай білу керек. Ал сол арманның жүзеге асуы үшін тер төксеңіз, орындалады, – дейді Гүлмира Үсенқызы.
Мал өсіріп, жұртшылықты таза өніммен қамтып отырған кәсіпкердің алға қойған мақсаты үлкен. Кез келген істі ұршықша иіре әкететін нәзікжандыларымыздың бұл салада да беделі жоғары.
Дәулет ҚЫРДАН.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<