«Жаңа ғана Қазақстан Жазушылар одағының инстаграмынан Айжарық Сәдібекұлының дүниеден өткенін оқыдым. Аға әріптесіңіздің қазақ руханиятының қадірлі бір азаматы, көненің қадірлі көзіндей болмыс екенін өзіңіз менен артық білетін боларсыз.
Газеттеріңіздің қоштасу бетінде менің де көңіл айтуымды берулеріңізі өтінемін. Мүмкін болса, қысқартпасаңыздар.
Өзіңізге, ұжымға амандық, шығармашылық табыстар тілеймін» Құрметпен, Әлия Бөпежанова» делінген хатта. Біз белгілі себептермен хатты газеттің сол нөміріне бере алмадық. Бүгін толық мәтінде назарға ұсынылды.
«Ай көңілді Айжарық ағатай, иманыңыз саламат болсын, жаныңызға жәннаттың төрінен орын бұйырсын деп тілеймін.
Сіздің дүние-жарықтан өткеніңіз туралы хабарды естіп, қайғырып отырмын. Өзіңізбен ешқашан көзбе-көз жүздесіп, әңгімелесудің орайы келмесе де қадірлі бір ағам едіңіз. Телефонмен айтатын пікірлеріңіз, хатпен жолдайтын орнықты ойларыңыз, әлдебір түйсікпен ғана сезінуге болатын қамқорлығыңыз жанымызды жылытатын. Асекең, Асқар Сүлейменов туралы 1999 жылы жарық көрген «Парасат падишасы» жинағы туралы эссеңізде, жалпы Асқар дос-замандасыңыз туралы естеліктеріңізде қаншама мейірім, ізгілікке деген махаббат бар. Бұл қасиеттеріңіз шығармашылығыңызға да тән екенін жақсы білемін.
Сіз туған ел, жер тарихы, әлеуметтік ортаңыз бен замандастар өміріне соншалықты сергек және осы ұғымдарды мағыналандыра түскен қаламгер болдыңыз. Осы асыл қасиеттеріңіз ұрпағыңыз бен шығармаларыңыз жарығымен жалғасуын тілейміз.
Айжарық ағаның отбасына, туған-туыс, қаламдас достарына, Қызылорда жұртшылығына қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын.
Айжарық аға сияқты өзінің туған жерінде өмір кешіп, өнер жасаған, ізгілік алауын жаққан қаламгерлеріміздің ел руханиятындағы орнын тани білу, салиқалы пайымдаулар жасаудың уақыты келген сияқты… Аман болыңыздар, елдегі Ағалар».
Әлия Бөпежанова,
сыншы,
ҚР еңбек сіңірген қайраткері.
Алматы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<