Ізгілік иірімдері

3727

0

Сурет ашық дереккөзден

Асыл жеңге неге долданды?

Жеңістің 80 жылдығы жақындаған сайын, балалық шақтағы оқиғалар еске жиі түсе беретін болды.

1942 жылдың бірінші мамыры күні бізді оқудан босатты. Біз деп отырғаным – 6-сыныптың ересек оқушылары. Басқарманың орынбасары Байұзақ көке келді де орнымыздан тұрғызып:

– Оқу бітті, әкелеріңнің ау-құралдарын қабылдаңдар, – деді өктем үнмен. Директор ағай қарсылық білдіріп еді, оған ұрысып тастады. «Не соғып тұрсың, өзіңді еңбек армиясына жіберейін бе?» деп жекірді. Еті тірілеу Шоқанайдың Қуандығы көмектеспек болып:

– Ағайдың кінәсі жоқ қой, ал біз айтқаныңызға көндік, – деді.

– Қарай гөр, мына Шоқанаевтың адвокат болуын, – деп күлімсіреді де, есіктен шығып кетті.

Бүркітәлі екеуміз бір қос болдық. Әкелеріміз де бірігіп балық аулаған теңізші-балықшылар еді. Бір ай өткен шамада, яғни 1942 жылдың маусым-шілде айларында, екі ай Николай атауынан («Возрождение») шемая балығын аулауға тәртіп алдық. Мұнда жасөспірімдерден Қарлыбайдың Өтегені, Шоқанаев Қуандық, Бүркітәлі және мен болдым.

Одан оралғасын, тамыз айында теңізге қайта түстік. Басқалары да көлді, өзенді және моторлы кемеге қара қайықтарын тіркеп, теңізді шарлады. Осы аралықта сыныптас қыздарымыз Мауыты, Тынай, Ұлмекен, Зейнептің ауылда жоғын естідік, біреулер «ФЗО-ға оқуға кетті» десе, біреулер «жоқ, олай емес еңбек армиясына алып кетті» деп жорамалдады. Әсіресе, бұған Қуандық досымыз көбірек қиналды. Сірә, солардың бірімен сөз байласып жүрсе керек.

***

Қараша айының орта тұсында Бүркітәлі екеумізге бригадир Бөлебай аға келіп:

– Ау-құралды тапсырып, оқуға барыңдар, – деді. Себебі теңізде сең жүре бастаған еді. Табысымызға есептеп урлон (қағаз) береді. Онда шәй, ұн-шекер, шикі сөк жазылады. Өйткені дүкенде азық-түліктен бары осы төртеуі ғана.

Бүркітәлі екеуміз урлонды қақ бөліп алып, дүкенге келдік.

«Терістүбек» қыстағында мекемеден бары – бастауыш мектеп пен осы дүкен.

Бүркітәлі «Шапибай-ау, атымды талға байлап келдім жаяу» деген әнді шырқап, есіктен кіргені сол еді:

– Тоқтат, қара жертартқыр, неге жетісіп ән салып жүрсің, көрінбе көзіме, – деп Асыл жеңгей гір тасының бірін жіберіп қалды. Жеңгей жынданған ба, мынаусы несі, дегендей таңданып, ол кейін шегінді. Асылдың жеңгелігі менен гөрі Бүркітәліге жақындау еді.

Екеуміз далада состиып тұрмыз. Мектепберген есімді әкемнің құрдасы бар-ды. Ол көптен лепромен ауырып, төсек тартып жатқан-ды. Сол кісінің әйелі:

– Айналайын Асыл, біздің үйдегі әкеңнің балықтан өзге қорегі жоқ. Соған бір кесе шикі сөк берші, – деп еді, – урлон әкел, онсыз ештеңе бере алмаймын, мені түрмеге жапсын дегеніңіз бе? – деп ақырды.

Сол тұста қалтама қол салып едім, үш келі шикі сөк деген урлон ілінді. Ішке кіріп, Асылеке, міне урлон деп қолына ұстаттым.

– Ой-й, жетпегір, қайдан алдың, кімнен ұрладың? – деп бетіме былш еткізді.

Осы арада абырой болып Бөлебай бригадирдің дүкенге кіріп келмесі бар ма?!

– Әй, әй… келін. Бұлар ұры емес, кәнігі балықшылар. Әкелерінің орнын басып теңізші-балықшы атанғандар. Кеше түсте біздің үйден тамақтанғанда табаға қуырылған қызыл тыран осы екеуінен алған сыралғым болатын, – деп арашалады.

Бөлебей аға бір қалта шекер алды да кетіп қалды. Шикі сөктің урлонын қайта ұсындым. Урлонды уқалап-уқалап тұрады да:

– Шешең келсін, – деді бетінің түгі шығып.

– Табыс тапқан анам емес, мен ғой, жеңеше. Мына кісі де анам, беріңіз!

Тұрды, тұрды…

– Бір келісін ғана берем, – деді де екі келілік шикі сөктің урлонын қайтарып берді.

***

Үйге көңілсіз келдім. Алғашқы табысымды көтергенімше арқалап келіп, көрші-қолаңға мақтанбақшы едім. Төсекке құлай кеттім. Қалтамдағы бар урлонды Оңайбике әжеме бердім. Ол айналып-толғанып жатыр.

– Ертең бәрін әкеліп той жасаймын. Ата-бабаға Құран оқытамын. Мана Үмбет молдамен келіскенмін. Асылға өкпелемей-ақ қой. О байғұста қазір не ес бар дейсің?

– Оған не болған, әже?

– Рза ағаңнан аты өшкір «қара қағаз» келіпті. Пошташыдан есіттік. Өзі сыр ашпай жүріпті. Өшін сендердей қайныларынан алмағанда, кімнен алады?

– Ойбүй, Рза ағаның да кеткені ме? Жігіттің сұлтаны еді-ау, сұлтаны!

Бір пұт ұн

Сол күннің ертеңіне Набат анам жүз келі ұнның урлонын алып дүкенге барады. Асыл келіні кешегідей асау емес, басылғанын айтып келді. Бірақ мұндай көп ұнды босата алмайтынын, оны «Қаратереңдегі» орталықтан алу қажеттігін құлағына сыбырлап, құпиялап жеткізеді.

– Ене-ау, онысы несі? – деп әжеме ойласып еді, әжем «қайдам?» деп иығын қозғады да, сыр ашпады.

Сонымен Мауия деген кісінің түйесін сұрап алып, Үрылхан апамыз екеуміз «Қаратереңге» тарттық. Қос өркешті түйе желіп отырып лезде-ақ апарды. Дүкенші Байсары таныс ағамыз болатын. Бір кісімен сөйлесіп тұр.

– Байсары, маған бір пұт ұн бер, шешем әл үстінде жатыр, жалғыз ешкі бар. Лақтағасын лағын өсіріп беремін, – деді бізге бейтаныс адам.

– Жо-қ, қинамаңыз, урлон әкеліңіз, басым кетеді, – деді дүкенші қатқылдау үнмен.

Мен қасына барып:

– Байсары аға, міне жүз келі ұнның талоны, осыдан 16 келіні мына атаға өлшеңіз, – дедім жүрегім алып-ұшып.

– А-а, әй балам, кімнің баласысың? – деді ата. Әкемнің есімін естіп:

– Е-е, түсің жылы еді-ау, бақытты бол, балақай, – деп бата беріп, 16 келі ұнды алды да кете барды.

Қалған ұнды екі қапқа бөліп салып, түйеге теңдеп «Терістүбекке» қарай желе жортып келеміз. Апам үнсіз. Мүлде көңілсіз.

Түйені шөгердім. Апам түсе сала үйге жүгірді. Маған ашулы. Бірдеңе дейтінін білдім. Анам салмақты. Сөзді соңына дейін тыңдайды. Ошақтың аузында қамыс отынды жағуда екен. Қолында көсеуі.

– Апа, апа… Мына оңбаған балаң танымайтын бір кісіге 16 келі ұнды беріп кетті, – деді есік жаққа бір қарап қойып. Мен тыңдап тұрмын. Анам үндемеді. Отынды ысырып жаға берді.

– Апа, есіттіңіз бе? – деді апай тағы да.

– Бері кел, – деді анам, – ол кімнің табысы, «Береген қолым, алаған» деген. Мұны біліп қой. Екіншіден, інілеріңді қарғама. Әйтеке би «Бауырмал болса інің жақын, ақылды болса апайың жақын» деген. Енді миыңа бірдеңе барды ма? – деп шекесіне көсеумен тық еткізді.

Мен күлмедім де, шаттанбадым да, қайта апамды аяп кеттім.

***

Ештеңе білмегендей, қаптарды үйге кіргізіп болып, түйесін апарып берейін деп едім, анам:

– Тұра қал, қазір, – деді. Шикі сөк салған бір қалтаны қолыма ұстатты да:

– Түсіндің бе? – деді.

– Түсіндім апа, Мауия көкеге сәлемдеме ғой?

– Дұрыс, бара бер, – деді жылы мейіріммен.

Мауия көке есігінің алдында тұр екен. Сәлем бердім де, әлгі қалтаны ұсындым.

– Бұл не, балақай? – деді қолына ала беріп. – Е-е, шикі сөк қой, шикі сөк. Бұл жарықтықты көрмегелі қашан. «Арпа-бидай ас екен, алтын-күміс тас екен» деген осы. Не, өзің балық аулайсың ба? Әкең болса, еңбек армиясында ғой.

– Иә, көке, аздап балық аулаймын.

– Есіткем, есіткем… Құдай шебер-ай, мұрнынан құрты түспеген ойын баласын да теңізге салып… Теңіз байлық десе де, аса қауіпті.

***

Хош деңіз. Арада 15 жыл өткенде сол «Қаратереңге» мектеп директоры болып бардым. Екі-үш ай өткенде «Директор баламның кеңсесі қайсы?» деп біреу таяғын тақылдатып келе жатты. Орнымнан тұрып есік аштым. Келімді, ақ сақалды аға екен. Орындыққа жайғасты.

– Әй, балам, осы ауылда қанша бастық бар? – деп сұрады.

– Ауыл совет, басқарма, флот бастығы, учаске және ферма бастығы, отыз шақты болар…

– Мен Бекмағамбет деген ағаңмын. Арғы күні, демалыс күні түсте, соларды ертіп біздің үйге апар. Дүкенші ағаң Байсары да қалмасын.

– Көке, жай ма?!

– Шай бергім келеді.

Ойланып отырып қалыппын. Оқу ісінің меңгерушісі Сахитжан келіп:

– Жетінші сыныпта сабағыңыз бар ғой, ұмыттыңыз ба? – деді.

– Жоқ ә, әлгі ағаны танисыз ба?

– Е-е, осы ауылдың белгілі, беделді, ақылгөй қарияларының бірі.

– Онда осындағы басшы-қосшыларды тізімде, демалыс күні қонаққа шақырды.

***

Міне, сол үйдеміз. Кең бөлме. Үш дастарқан жайылған. Ақ бауырсақ төгілген. Күйеуі мен үлкен қызы қызмет етіп жүр. Бұларды танимын. Балаларына жиі барып тұрады. Бекмағамбет көке жұмсақ орындыққа отырды. Мақсұтқали басқарма сөз бастады:

– Мына інің келгесін, дастарқан жайып жатырсың ба, біз соның шақыруымен келдік, – деп бір ұпай тастады.

Осы арада үш дастарқанға май қуырдақ шаймен қоса келді.

– Мақсұтқали, әуелі дастарқаннан дәм тат, мән-жайды сосын айтамын, – деді қария.

Бәріміз асқа кірістік. Үлкендерден Шамырат, Жұмахмет, Райхан, Шарапат, Жазыңбай, Бақытжан Үмбетов, тағы-тағылары болды. Мақсұтқали басқарма:

– Ал-л, баста хикаяңды, – деді үй иесіне күле қарап. Ол бір жөтеліңкіреніп алды да:

– Әй, Байсары, әңгіме тыңда, – деді оған қарап, – бұл 1942 жылдың қараша айының орта шамасы болатын. Анам байғұс әл үстінде жатты. Ертең, бүгін кетеді-ау деп қысылдым. Соғыстың қайнап тұрған кезі. Балықтан басқа нәр жоқ. Жалғыз ешкі буаз. Оны сойғанда не болады? Сонда мына дүкенші ініме бардым. Бір пұт ұн сұрап. Бұл басым кетеді деді. Менде урлон жоқ. Әйтеуір бір құтылармын дегенім ғой. Соның бәрін мына Шәкірат бала естіп тұр екен. Қолында 100 келі ұнның талоны. Мені танымайды. Мен де бұл баланы көрмегенмін. Әкесін білем. «Байсары аға, – деді дүкеншіге, мына көкеге сұраған 16 келі ұнды беріңіз» деді. Мен аң-таң. 16 келі ұнды алдым да, артыма қарамай үйге тарттым. Келсем анам о жаққа жүріп кетіпті. Сол ұннан күлше жасап таратып анамды жерледім.

Қария өксіп жылады. Жұрт тым-тырыс. Маған қарайды.

Қатты қысылдым. Байсары аға далаға шығып кетті. Қария сөзін жалғап:

– Менің қолым жүрді. Ешкі егіз туды. Жыл сайын солай. Сол төлді өсіріп, бір қашар алдым. Ол да жыл сайын төл берді. Солай көбейді. Ұл мен қыз өсті… Соның бәрі 16 келі ұннан басталды.

***

Сол ағаның бүгінгі Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеттің ұстазы Шанжархан Бекмағамбетовтің әкесі екенін кейін білдім.

Әні, солай!

Шәкірат Дәрмағамбетұлы,

тыл ардагері.

Қаратерең ауылы.

«Терістүбек» қыстағы.

Арал ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<