Ана мен бала денсаулығы – ұлт байлығы. Мемлекеттің жарқын күні, халықтың баянды болашағы ана мен бала денсаулығына тікелей байланысты. Демек, осы салада тер төгіп, ұлт саулығына ғұмырын арнаған жандардың еңбегі өлшеусіз. Ана бақытын алғаш сезінген талай нәзік жандардың қуанышымен бөлісіп, шыр етіп дүние есігін ашқан сәбилердің кіндік шешесі атану да екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Ақ халатына дақ түсірмей өткен сондай абзал жандардың бірі – Гүлбибі Райымқұлова еді.
Гүлбибі Байсеркеқызы Жаңақорған ауданы, Бірлік ауылында дәрігерлер отбасында дүниеге келген. Еңбек жолын Тасбөгет кентіндегі перзентханада акушер болып бастаған ол 40 жыл медицина саласында қызмет етіп, халықтың алғысына бөленді. Өмірін жастарға жол көрсетіп, ұлт саулығына қатысты өз тәжірибесімен бөлісуге арнаған абзал жанның бүгінде орны ойсырап тұр…
– Тумысы бөлектердің тағдыры да бөлек екендігі қашанда ерте сезіледі. Осы қағида қадірі қимас достарыңнан көз жазып қалғанда, жалған дүние алдында еркіңнен тыс тосылып қалады екенсің. Әріптесім әрі замандас, тағдырлас досым Гүлбибі Райымқұлова жайлы суық хабарды естігенде, осындай күйде болдым. Мен үшін Гүлбибі көп достарымның бірі ғана емес, бірегейі еді. Оның өмір жолы күтпеген тұстан ерте үзіледі деп кім ойлаған? Ауыр хабар сол сәтте санамды суытып, жанымды күйзелтті. Қара жерді қарыштап басып, бірге өткізген көп күндер, әріптестен достыққа ұласқан жастық шақ, жұмыстың ыстық-суығын бірге көрген көңіл-күйім толқып, санам сапырылысып кетті.
Ол тумысынан ерекше жан болды. Ұжымға алғаш келген күннен бастап өзінің тынбайтын еңбекқорлығымен, мұнтаздай тазалығымен, өзгелерге деген жанашырлығымен ерекшеленіп еді. Оның болмысының бөлектігі мен даралығын шыққан тегінен жұғысты болғанын көзіне айтпасам да, іштей мойындап, сезінетінмін. Құрбым еңбек етіп отырған ұжымын айрықша қадір тұтатын. Әрдайым әріптестеріне ұжым үшін аянбай еңбек етуді ісімен де, сөзімен де насихаттап отыратын. Өмірді сүюді, айналадағы әдемілікті бағалауды мен Гүлбибіден үйрендім. Сабырлы дауысымен сөйлеуі, асықпай жасайтын берекелі тірлігі мен үшін ғана емес, ұжымдағы қыз-келіншектерге де үлгі болатын. Медицина саласында осындай мейірімді де таза жандар қызмет етуі керек деп ойлайтынмын.
Ерекше есте қалғаны – біздің емхана ұжымы бір жылда Гүлбибінің үйіне кемінде екі рет қонақ болып баратынбыз. Сонда Гүлбибінің дастарқанынан Аралдың балығы, түйенің өркеші, Қармақшының шұбаты мен Сырдарияның қымызы үзілмейтін. Тіпті Гүлбибі бәрінің қайдан әкелінгенін, ол тағамның құрамын, ағзаға тигізер пайдасын түгел айтып бере алатын. Сондай-ақ дастарқан басында жарқын әңгімелер айтылып, әзілмен қалжыңдасып отыратынбыз. Жолдасы – Кеңес – менің күйеуіммен сыныптас. Гүлбибінің пейіліне сай отағасы да жора-жолдасқа бай, қолы ашық, кең адам деп айтар едім. Кеңес пен Гүлбибінің жақсылығы ағайын-туыс пен достарының арасында әлі ұзақ айтылады деп ойлаймын.
Амал қанша, аяулы құрбымның барша адамзаттан қонысын бөлек салғанына да, міне, жыл болды. Оның жан тазалығы, болмыс-бітімі, отбасына қандай қадірлі болса, ұжымына да өшпес өнеге, үлгі болатынына сенемін. Ізгіліктің иесі, жақсылықтың киесі болған аяулы досымды мен де ұмытпаймын, – деп еске алады әріптесі әрі замандасы Әсем Байқадамова.
Адам өмірінің қорғаушысы атанған медицина саласы ерік-жігермен қатар жан жылытар мейірімді де қажет етеді. Ауырғанда шипа іздеп алдына барған кез келген науқасқа қолдау білдіріп, тіпті кейде оларға екінші өмір сыйлайтын жандардың қатары көп емес. Саналы ғұмырын осы бір қиын салаға арнаған жан тек қызметте ғана емес, отбасының да ұйытқысы бола білді.
– Табиғат әйелге былай дейді: қолыңнан келсе, сұлу бол, қаласаң, дана бол, ал саналы, ақылды болуға сен міндеттісің. Бұл қасиеттің барлығы менің бауырымның бойынан табылды. Оның сұлулығы мен даналығына, ақылы мен парасатына ешкім шүбә келтірмейтін. Қиындығы мен қуанышы қатар жүретін медицина саласында еңбек ете жүріп бала тәрбиесі, бауырға деген қамқорлығынан еш танған емес. «Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба сонда жүреді» емес пе? Гүлбибі де ізгілік атаулының барлығын бойына жинап біздің жол көрсетер бағдаршамымыз бола білді. Ол 4 баласына сапалы білім, саналы тәрбие беріп, жоғары білім алуына жағдай жасады. Келін түсіріп, немере сүйіп, тамырын тереңге жайған мәуелі бәйтеректей әулеттің анасына айналды. Оның жарқын бейнесі туған-туыстарының ғана емес Тасбөгет халқының жүрегінде десек, артық емес шығар. Себебі, «Баламның кіндік шешесі еді» деп көңіл айтып келген халықта есеп болмады. Бес күн жалған өмірде артыңа өшпестей із қалдырып, дүниеден өтсе де алғысын жаудырып жатқан жұрттың ниеті жанымызға медеу болды, – дейді бауыры Бейбітгүл.
Әрбір адамның өзіне тән ғұмыр жолы, тіршілік баяны бар, бірақ еткен еңбек, көрген бейнет, татқан зейнет, алған асу, жеткен биік әркімнің өмірінде әрқилы. Сондағы жалпының іздейтіні біреу: ол – адамгершілік айнасы. Өмір жолында осындай құндылыққа кір келтірмеген асыл жан біздің мәңгілік жадымызда.
Ербол БЕКЕНОВ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<