Кентаудағы кездесу

53

0

Осыдан тура жарты ғасыр бұрынғы сол бір кездесу менің жадымда әлі күнге сайрап тұр.

…Өткен ғасырдың жетпіс төртінші жылғы желтоқсан айының соңғы күндері. Сол кездегі Жазушылар одағы Шымкент облысаралық бөлімшесінің (о кездері бұл бөлімше Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарында тұратын қаламгерлерді біріктіретін) төрағасы, белгілі балалар жазушысы Нәсіредин Сералиев Қызылорда облыстық комсомол комитетіне қатынас қағазын жолдаған. Ондағы Сыр бойынан 1974 жылғы 28-29 желтоқсанда Кентау қаласында өтетін жас ақын-жазушылардың республикалық кеңесіне қатысатын бір топ үміткерлердің қатарынан өзімнің аты-жөнімді көргендегі қуанышымды әлі күнге ұмытпаймын.

Бұл тізімнің басында әрине, жас қаламгерлердің ақылшы-кеңесшісі ретінде қазақ әдебиетінің классигі, абыз ақсақал Асқар Тоқмағамбетов тұрды. Бұ кісінің жанында мен кіммін? Небәрі жиырма екі жастамын. Бар үмітім қалтама екі бүктеп тыққан тор көзді дәптердегі шимай-шатпағымда. Оның өзін ұлы ұстазым Зейнолла Шүкіров қызыл қаламсаппен түзеп-күзеп берген болатын.

Сонымен асқақ арманмен, үкілі үмітпен үлкен жолға шықтық. Қызылордадан киелі мекен Түркістанды бетке алған жолаушылар пойызында Жаңақорғаннан Адырбек Сопыбеков, Файзулла Сахиев, Әкім Мейірбеков, Қызылорда қаласынан Асқар Кіребаев, сол жылы «Жазушы» баспасынан «Жүрек жырлайды» атты тұңғыш жыр жинағы жарық көрген Иранбек Оразбаев (Иран-Ғайып), Жалағаштан Мәлік Аяпов, Тереңөзектен Мұхтар Сақтапов, Балашбек Шағыров, Аралдан Серік Сейітмағамбетов пен осы жолдардың авторы бар. Бастаушымыз облыстық комсомол комитетінің хатшысы Атамұрат Шәменов басқа вагонда.

Ауылдан шыққалы жайлы вагонда жыр оқып, ән шырқап, Сырдың он сал-серісі Түркістан шаһарына қарай көңілді күйде жол үстінде келе жаттық. Ортамызда әзіл-қалжыңның көрігін қыздырып отырған ақын-журналист Асқар Кіребаев. Жас шамасы сол кездері жиырма жеті, жиырма сегізде. Нағыз сері. Түр-сипаты тобылғы түстес, бой-сойы келіскен төртпақ әдемі жігіт. Әр сөзін әрлеп, нәрлеп, әзіл-қалжыңды әртісше құбылтып айтады.

Ашуға ырық бермейтін әзілді кім жек көрсін?! Асқар ағамыз әсіресе өзімен түйдей құрдас Иранбекпен қатты қалжыңдасады. Ара-тұра Иранбектің сол жылы жарық көрген пышақ қырындай, көлемі алақандай, есесіне атан түйенің жүгін көтеріп тұрған жыр жинағын парақтап отырып: «Дегенмен сен мықтысың. Осы отырған бәріміз – әлі кітабы шықпаған кішкентай ақындармыз. Орта жүзден, оның ішінде Арғыннан шыққан атышулы ақын болатын түрің бар» деп қажайды. Иранбек те досының қағытпа қалжыңына есесін жібермейді.

Сөйтіп екеуінің жарасымды қалжыңы мен ақындардың бірінен соң бірі оқыған жырлары көңілді отырысты одан әрі қыздырып, жолды кәдімгідей қысқартты. Арасында Иранбек ағамыз келешек «Секретарьлар сырласқанда» атты поэма жазатынын, Алматы қаласына қоныс аудармақ ойын айтты. Сол жерде отырған үлкен-кішіміз талантты ақынның бұл ойын бірауыздан мақұлдадық, шынында да араға бірнеше жыл салып ол Алматы шаһарына біржолата көш басын бұрған еді.

Өстіп отырып Түркістанға қалай жеткенімізді білмей қалыппыз. Абыр-сабыр шұбырып пойыздан түсіп жатырмыз. Бізді перронда қос балдағына сүйенген, көз әйнегі түнгі вокзал шамдарының жарығымен жарқ-жұрқ еткен бір жігіт пен жас шамасы отыздың жуан ортасындағы жігіт күтіп алды. Артынан біліп жатырмыз. Бірі Қаныбек Сарыбаев болса, алдыңғысы Өмірбек Сәуірбаев деген түркістандық белгілі ақындар екен.

Әдеби ортаға екеуі де әлдеқашан танымал болған. Оның үстіне Қаныбек аралдық Серік Сейітмағамбетовпен Қызылорданың пединститутында қарайлас оқыпты. Ал біз олармен тұстас оқыған, бірақ мен көрмеген Махмұтбай Әміреев, Зордан Салықбаев, Тыныштықбай Мұрынбаев сияқты ақындардың өлең-жырларын Қызылорда облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетінің әдебиет беттерінен оқта-текте оқып қалатынбыз.

Сонымен пойыздан күтіп алған қасиетті Түркістанның қос ақынына сол жерде Нұрмахан Назаров қосылды. Ол да – түркістандық белгілі ақын. Қызмет орны Қожа Ахмет Яссауи мавзолейінде екен, Қызылорда пединститутының түлегі болып шықты.

Әп-сәтте кенді қала Кентауға келген бізді осындағы «Ащысай полиметалл» зауытының зәулім қонақүйіне жайғастырды. Осы жерде атағы дүркіреп тұрған Сабырхан Асанов, Аян Нысаналин, Ибрагим Исаев сияқты алматылық ақындарды алғаш рет көрдім. Бұған дейін менің көрген ақындарым Зейнолла Шүкіров, мектеп қабырғасындағы жылдары ауылдағы клубта Аралдан кемемен келіп, тұрғындармен кездескен Ғафу Қайырбеков, Сағи Жиенбаев сияқты поэзия пырақтары болатын.

Кентауда өткен екі күндік жас каламгерлердің семинар-кеңесіндегі поэзия секциясында Қадыр Мырза-Әлі, Сабырхан Асанов, Аян Нысаналиннің өлең туралы әсерлі әңгімелерін, тұшымды ақыл-кеңестерін тыңдап, өзіміз де бір-бір өлең оқу бақытына ие болдық. Тараздық ақын Тынышбай Рахимовтың оқыған өлеңіне ден қойған Асқар Тоқмағамбетовтың «Ой, Тынышбай, Тынышбай, айтқан сөзің қылыштай» деп аталық ақжарма тілегін осы секция үстінде жеткізгені де әлі есте.

Бұл семинарға атыраулық Күләш Нәбиева, алматылық Тұрсынай Оразбаева, ақтөбелік Есенбай Дүйсенбаев, талдықорғандық Әбен Дәуренбеков, маңғыстаулық Мырзағали Іңірбаев (Мір-шайыр), тараздық Тынышбай Рахимов, қызылордалық жоғарыда айтылған жыр жүйріктері, кентаулық Рахым Балабиев, түркістандық Өмірбай Сәуірбаев, шымкенттік Ханбибі Есенқараева, Нармахан Бегалиев және басқалар қатысты. Әрине, арада бақандай елу жыл өтті. Көбісі жадымда қалмаса, желдей соққан, судай аққан зымыран уақыт кінәлі. Сондықтан арамызда жүрген, аттары аталмай қалған не болмаса тұз-дәмі таусылып бақилық болған, осынау кеңеске қатысқан қаламдастарымның баршасынан ғафу өтінемін.

Сол кеңесте әдебиетіміздің ақсақалы Асқар Тоқмағамбетов, белгілі қалам иелері Амантай Сатаев, Сәуірбек Бақбергенов, Николай Ровенский, Сабырхан Асанов қазақ-орыс секцияларында қатысушылардың өлең-жырларын мұқият тыңдап, ағалық ақылын айтты.

Кейін жастардың өлеңдері Сабырхан ағамыз қызмет атқаратын «Қазақ әдебиеті» газетінің тұтастай бір бетіне басылды. Оның қатарынан өзімнің «Қысқа түн немесе өзің жайлы» атты бас-аяғы төрт-бес шумақ өлеңімді көргендегі қуанышымды әлі ұмытқан емеспін.

Кеңеске Қазақстан комсомолы орталық комитетінің хатшысы Тельман Сауранбаев, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қалаубек Тұрсынқұлов байыпты басшылық жасап, соның нәтижесінде бұл шара өз дәрежесінде өткен еді.

Қатысушылардың ішіндегі ең жасы маңғыстаулық Мір-шайыр мен екеуміз едік-ау. Араға үш жыл салып екеуміз 1977 жылы Алматы қаласында өткен жас ақын-жазушылардың кеңесінде қайта қауышқан болатынбыз. Кейін өмірден өткенін естідім. Иманы саламат болсын.

Сөйтіп екі күнге созылған семинар-кеңес соңында қатысушылар жұбын жазбай Кентау трансформатор зауытында, «Ащысай полиметалл» комбинатында, Түркістандағы вагон жөндеу депосында және басқа да өндіріс, өнеркәсіп орындарында қарапайым еңбек адамдарымен дидарласып, әдеби кездесулер өткізіп арқа-жарқа болғанбыз.

Сөз реті келгенде айта кетейін.

Иә, еңбек адамдарына қошемет пен құрмет кеңестік кезеңде бірінші кезекте тұратын. Адал еңбегіне орай қырдағы малшылар, астықты алқаптағы диқандар, кен қазған кеншілер, ақжал толқындармен алысқан балықшылар, Отан дәулетін тасытқан тағы басқа қарапайым еңбек адамдары мақтау-марапаттан кенде болған жоқ. Барша идеологиялық сала да солай. Қазақ әдебиетінің кешегі көрнекті өкілдері Ғабиден Мұстафин «Миллионер», Сәбит Мұқанов «Сырдария», Тахауи Ахтанов «Боран», Әбдіжәміл Нұрпейісов «Қан мен тер», тағы басқа да қаламгерлер осындай еңбек, еңбек адамдары туралы үлкенді-кішілі әдеби көркем дүниелерін оқырман қауымға ұсынған болатын. Амал не, ескі қоғам есіктен шығып, жаңа қоғам табалдырықтан аттағалы Отан дәулетін тасытып жатқан еңбек иелері ұмыт қалған тәрізді еді. Араға уақыт салып сол бір игі үрдіс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында нақты жалғасын тапқаны қандай керемет?! Бұл қадам жұртшылық тарапынан лайықты қолдауға ие болғанын айта кеткім келеді. Соған сәйкес «2025 – Жұмысшы мамандықтары жылы» болып жарияланды. Бұған бүгінде тоқсан жылдық торқалы тойы үстінде отырған Жазушылар одағының мүшелері жаңа шығармаларымен үн қосады деп ойлаймын.

…Сонымен Кентауда өткен семинардан қайтар жолда Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи мавзолейінде болып, қазақтың әйгілі хандары, батырлары, билері мәңгілік тыныс тапқан киелі орындарға тағзым жасадық. Суретке түстік. Сол бір сәт менің жадымда арада жарты ғасыр уақыт өтсе де әлі күнге жаңғырып тұр.

Толыбай АБЫЛАЕВ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

Жарасқан Әбдірашев атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<