Кешірім

6826

0

Сурет ашық дереккөзден

Әлеуметтік желіде Анна Кирьянова есімді ресейлік белгілі психолог, жазушы, тележүргізушінің жазбаларын байқап қалдым. Өзі негізін қалаған психологиялық орталықтың басшысы, бұған қоса, ерікті психологтар мен философтар ассоциациясының вице-президенті екен. Осы кісі классик жазушы А.Чеховтың шағын бір әңгімесіне психолог ретінде өз тілінде талдау жүргізіпті. Жалпы нұсқасы өзіме ұнағасын шамам келгенше аударма жасап, бөліскенді жөн көрдім.

Чеховтың «Кең болсаң кем болмайсың» дегенді меңзейтін кешірім туралы бір жақсы әңгімесі бар дейді А.Кирьянова. Әйел-баласынан жырақтау, басқа қалада әжептәуір қомақты жалақысы бар кәсіп істейтін бір ер адам жалақы алған күні қызметтестерімен кафеде есінен танғанша арақ ішеді. Сол жердегі қатын-қалашпен тақасы түсіп қалғанша билеп, бар даусымен бақырып ән салып, көрші столда өзі сияқты көңіл көтеріп отырған кісілердің жағасына жармасып, гитарасын ұрып сындырып дегендей, жалпы не істеп, не қойғаны есінде жоқ. Қашан жалақысы таусылғанша бірнеше күн осы тірлігін жалғастырған әлгі адамның бұл қылығы кәсіпорын басшысының да құлағына жетіп, әрине, қызметінен ит қосып қуа салады. Мың жерден мықты маман болса да, кәсіпорынның атына кір келтіретін кеңкелесті кім керек қылсын?!

 Жалақысын соқыр тиын қалғанша ішіп тауысты, ол айдан анық. Әйелі жұмыс істемейді, ол заманда үй шаруасы бастан асатын болған соң әйелдер жұмыс істемеген ғой. Басын тауға да ұрып, тасқа да ұрып дегендей тапқан-таянғанын ішіп тауысып, әзер қолы жеткен жұмысы өз алдына, жылдап жинаған абыройынан бір-ақ сәтте айырылып, күйінгеннен өліп-ақ кетейін десе, жан тәтті, өле алмай, үйіне қайтып баруға беті жоқ, әлгі еркек әйеліне жағдайды қысқаша ғана хат арқылы жеткізгенді жөн көреді. Ер адам дегеннің өзі жаратылысы сондай, ең болмаса жағдайды тігісін жатқызып тәптіштеп жатуды да білмейді ғой байғұстар. «Жалақымды алып түгел ішіп қойдым, бәрін бүлдірдім, істеп жүрген жұмысымнан айырылдым». Болған-біткені осы.

Есесіне өмірден түңілген күйеуіне әйелінен жөнді жауап келді.  «Қайтесің енді, болар іс болып бояуы сіңгесін өкінгенмен не пайда? Құдай салды, біз көндік. Өзіңді өзің қолға алып басқа жұмыс қарастырып көрсеңші».

Содан не болды дейсіз ғой, әлгі еркек ескі дивандағы бүктетіліп жатқан орнынан түрегеліп, әйелінен келген хатқа жарық дүниеге жаңа келгендей ұзақ қарады. Сосын көп кідірмей бетін жуып, белін буып дегендей, сыртқа шығып жұмыс іздеуге кірісті. Бағына орай, ізін суытпай бұрынғыдан да жақсы, жалақысы да артық жұмыс тауып алды. Ісі де оңға басты, әйел-баласын да қалаға көшіріп алды. Арақты мүлдем ауызға алуды қойды, әйелін бұрын да жақсы көріп қосылған болатын, енді тіпті төбесіне көтере сыйлайтын болды.

«Қарапайым жандардың қағидасын бүге-шігесіне дейін білген Чехов мықты жазушы ғой» дейді психолог Анна Кирьянова. Қателік жасаған, шалыс басқан, жолдан тайған, онсыз да өткен ісіне өкініп тұрған  жанның жер-жебіріне жетіп сөккенде, айыбын бетіне басқанда, оны одан сайын ашындырғанда, одан келер пайда бар ма?

Шыдам-төзімі шырқау шегіне жетіп тұрған адамнан бар ашуыңды алдың делік, ал одан не шықты, адам да жоқ, тірлік те жоқ, мәселе де жоқ.

Шындығында, қолдан келіп жатса кеңпейіл болу, кешірімді болу, оның соңы қандай нәтижеге жеткізерін байыптай білу де даналықтың бір тармағы емес пе ?! Біздің қазағымыздың даналық тәмсілдері де түсіне білген адамға, күнделікті өмірде орнымен тұтына білген адамға жатқан бір тұтас ғылым, теңдесі жоқ тәрбиелік тағылым беретін жоғары оқу орындары емес пе?

 «Өз мінін түсіне білген адам, үш адамға ақыл бере алады», «Сабыр түбі сары алтын, сарғайған жетер мұратқа, асыққан қалар ұятқа» дейді. Шалыс басқан жанның алдыңа келіп ақырғы сөзін айтып ақталғанын күтудің көк тиынға да қажеті жоқ. Қолыңнан келе ме, артық сөз айтпай, жүйкесін жұқартпай, кешірімді болуға тырыс, мүмкіндігің болса қолдау білдір. Нағыз кешірім деген – түсіністік таныту мен қолдау көрсету, басқасы бекер болады. Кешірім жүрген жерде шынайы сыйластық пен жақсы көру қатар жүреді.

Әлімжан ҚИЯС.                                                                                              

 Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<