Киелі орындардың кереметі

1632

0

Жуырда облыстық орман, аң және балық шаруашылығы саласының ардагерлері Қармақшы ауданына арнайы бардық. Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының ұйымдастыруымен өткен сапарда алдымен «Марал ишан» мазарына барып, одан соң «Қорқыт ата» кесенесіне ат басын бұрдық. Киелі қос мекенге жасаған сапарымызда бабалар тарихынан азды көпті сыр шертіп, құран бағыштағанбыз.

Қазақта үш жүзге пір болған Мүсірәлі сопы әзизден кейінгі діни қайраткер ретінде Марал ишанның аты белгілі. Сыр өңірі, қазақ руханиятында Марал Құрманұлының орны ерекше. Аудан орталығынан шығысқа қарай 18 шақырым жерде орналасқан кесене жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіш болып табылады. Марал ишан – Кенесары Қасымұлының туған нағашысы. Оның кейбір оқиғаларды алдын ала болжап, айтып отыратын көріпкелдігі болған. Әкесі батыр Құрман Кенжебайұлы Абылай ханның емшісі ретінде елге танылған деседі.

Сапарда қорым басынан бірінші көргеніміз түнеухана еді. Оның салыну тарихы да ерекше. Марал бабаның мазарын екі мыңыншы жылдар басында халық ақша жинап, кірпішпен қаптамақшы болған. Бірақ құрылыс бітіп, бір тылсымның әсерінен тарыдай шашылып кеткен. Аруақ қарсы болған дейді жергілікті халық. Басында көне бір бөлмелі сарай болған, кейіннен қосымша бөлме қосылған. Шырақшының жеке бөлмесі де сонда орналасқан.

– Марал баба 1780 жылы Әулиекөлде дүниеге келген. Ол Кенжебай атты батырдың Құрман есімді ұлынан тарайды. Әкесі Құрман Абылай ханның ақылшысы әрі емшісі болған. Анасы Бибіпатыма –қалмақ ханы Қалдан Цереннің екінші қызы. Марал ишан 1841 жылы қайтқан, сүйегі осы Сырда жатыр. Өмір сүрген уақытында Қостанай төңірегінен жеті мешіт, Сыр жерінде 14 мешіт ашып, дінді уағыздап, имандылық нұрын шашқан тұлға ретінде дәріптеледі, – дейді, баба шырақшысы Бекболат Молдашұлы.

Шырақшының сөздері тарихқа негіз бола алады. Олай дейтініміз, әкесі Құрман Маралдың екі жасында қайтыс болған. Марал ишан діни сауатты ғана емес, емшілік қасиеті бар тәуіп те болған. Бабаның дүние салған жері өзі туып-өскен Қостанайдағы «Маралдың шілігі» деген жерде. Енді сүйегі неге Сыр бойында десек, ишанға осы Қармақшы жерінен дарияның үстімен аттың шашасы ғана су болып өтіпті дейді. Дариядан өткенде алдыңнан ақ түйе көрінеді. Соның бірінші шөккен жері сенің мәңгілік жатар жерің деген аңыз бар.

Шырақшы Бекболат сөз арасында Марал ишанның Қостанайда қайтыс болып, түйемен алты қонып, осында жерленгенін де айтып кетті. Түйенің алты қонып, келген жерінде «Түйе шөккен», «Қайыңды тоғай» деген жер атаулары кездеседі. Өзі анасының аманатын орындап, туған жеріне келіп, ағайынын жинап, «мен үш күннен соң о дүниеге сапар шегемін. Сол кезде ақ жуып, арулап, оң жаққа қойған соң бір ақ түйе келер. Мені сол түйеге артыңдар, Қамырдың қорымына сол түйе апарады» деген көрінеді.

Маралдың анасы да көріпкелдік ерекшелігімен елге танылған тұлға. көріпкелдік әулиелігі анасынан дарыды ма деген де ой туындайды. Ол дүниеге келерде ұшып жүрген жабайы адал құстың етіне жерік болған. Маралдың атасы Кенжебек Қыдырды үш рет көріп, өзі де оған тәнті болған. Әжесі де – атақты тәуіп. Абылай ханды шөптен дәрі жасап, ауыр науқасынан жазып, екі аяғынан тұрғызып жіберді деген де әңгіме бар. Әкесі Құрман да батыр, тәуіп, сынықшылығымен елге танылып, Абылайдың қолдауымен қатарға қосылғаны белгілі. Осындай ортада туып, ер жеткен Маралдың елден ерекше әулиелігі талайды таңғалдырады.

Сапар барысында Марал бабаның тарихына терең үңіліп, өткеніне біраз көз жүгірттік. Ақтара берсең тағылымға толы тарихқа қанық боласың. Түс ауған тұста баба рухына құран бағыштап, «Қорқыт ата» кесенесіне ат басын бұрдық.

Сырға тұнған Сырдың бойы – тарихи орындар мен ескерткіштерге бай мекен. Ал олардың ішінде түркілердің бәріне ортақ тарихи тұлға, кемеңгер ойшыл, данагөй абыз Қорқыт бабаның мемориалдық кешенінің бітімі бөлек, тағылымы терең деуге болады.

Күллі түркі жұрты кие тұтқан «Қорқыт ата» кешені – тағзым ететін қасиетті орын. Күрделі сәулеттік өнер туындысымен де әлемге танымал. Ерекше сәулетімен алыстан менмұндалап тұратын баба кесенесі рухани дүниенің есігі іспетті. Қобыздың үні сарнаған бұл орын адамзатқа күйбең тірліктің шеңберінен шығуды, әрбір сәттің құнды екенін бағалай білуді еске салады. «Қорқыттың есімі қобыздың ішегінде, халықтың жүрегінде» деген Мұхтар Әуезов бабаның қылқобызының үні шыққанда барша қазақ баласының қиялында тарихи танымы қылаң беріп, санасы сазды сарынға бөлегенін айтып тұрғандай. «Қорқыт ата» мемориалдық кешенінің тарихи сызбасы керемет жасалған. Жоғарыдан қарағанда кешен Қорқыт атаның қобызын бейнелейді.

Бүгінгі таңда музей қорында 3000-ға жуық экспонат сақталуда. Жыл сайын музей қызметкерлері мәдениетіміз бен тарихымыз үшін аса маңызды құнды жәдігерлер жинақтап, музей қорын толықтыру бағытында жұмыстар атқарып келеді. Сонымен қатар, археологиялық қазба жұмыстарына қатысып, келушілерді кешенмен толықтай таныстырып, жыл сайын жоспарлы түрде мәдени-ағарту шараларына ерекше үлес қосып жүр.

Сапар соңында ардагерлер тағылымға толы тарихы бай мағлұматтармен таныс болдық. Алған әсеріміз де ерекше. Кешен басында аруақтарға құран бағыштадық.

Сақтаған ЕШМАХАНОВ,

облыстық орман, аң және балық

шаруашылығы саласы ардагерлері бастауыш

ұйымының төрағасы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<