Киіз үйде қасиет бар

1626

0

Дүйсенбі күні қала іргесіндегі Ақжарма ауылына аттандық. Мұнда келуіміздің басты мақсаты – қазақы салт-дәстүрді бекем ұстанып отырған ауыл тұрғыны Райхан Шалбаевамен жүздесу. Межелі мекен-жайға кіребергеннен айтса айтқандай ауылға тән әдемі тіршілік көз сүйсіндіреді. Аядай ғана аулада жиырмаға жуық жеміс ағаштары бар. Жайдары көктем мезгілі келісімен қасиетті Жер-ана бауыры жіпсіп, жеміс талдарына қуат бергендей.

Райхан апа күн жылынуын тағатсыздана күтіп жүр. Өйткені жыл сайын есік алдына тігілетін сегіз қанатты ақбоз үйді тұтынып келе жатқанына жарты ғасырға жуықтады. Айтуынша, киіз үйдің сүйегі Қарақалпақстаннан әкелінген. Оған қажетті жабулар мен баулардың барлығы өз қолынан шыққан. Жасы жетпістен асса да әжей әлі тың көрінеді. Сөзі нық, ісі ширақ.

– Шырағым, ауыл баласы болсаң білерсің. Киіз үйдің қызығын жазда күн ысығанда көресің. Іргеге су шашып салқындатып алсаң күні бойы ыстықты жібермейді. Әрі таза ауа адам денсаулығына пайдалы. Өзім Өзбекстан Республикасының Тамды деген жерінде дүниеге келгенмін. Бала кезден киіз үйде өстік. Анам күн жылынғаннан киіз үй тігуге асығатын. Ол жақта халық түгел қазақы дәстүрді ұстанады. Жастайымыздан бойымызға дарыған қасиет өмірлік дағдымызға айналып отыр. Киіз үйге қажетті басқұр, жел бау, түкті бау, бел арқан секілді дүниелердің барлығын өзім жүннен иіріп, тоқи беремін. Қыз жасауын да әзірлеймін.

Құрақ көрпе – ұзатылған қызға анасының артынан апаратын бұйымы. Ұрпағың құрақтай болып көбейсін деген ниетте тігіледі. Мұның бәрі – біздің ата-бабамыздың ұстанып кеткен салиқалы жолы. Соны өз деңгейінде тани алсақ, ұрпағымыз ұлы дәстүрден алыстамайды, – дейді Райхан Дүкенбайқызы.

Әңгімелесе келе кейіпкеріміздің әкесі Дүкенбай ақсақал дәуірінде мықты шежіреші болғанын білдік. 1978 жылы Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы шаңырағында қонақта болып, кейіннен Дүкенбай қария туралы естелік кітабында кеңінен әңгімелеген.

Кейіпкеріміздің көп қырының бірі – ақындық қабілеті. Әлі күнге дейін қолынан қаламын тастаған емес. Әжесі суырыпсалма ақын болған. 2018 жылы жергілікті баспалардың бірінен «Тамдының жыры бітпейді» атты кітабы жарық көрген. Өлеңдер жинағына туған жерге, ата-анаға, құрбы-құрдастарына деген сағыныштан туған туындылары топтастырылған. Соның бірі «Қайсар қазағым!» деген шығармасында ақын жүрегі былайша жырлайды:

– Ей, бауырым картаға бір қарашы,

Мынау көсіліп жатқан

Қайсар қазақтың даласы.

Орыстың, қытайдың, немістің,

Ешқандай болмасын таласы.

Тауы, орманы, өзені, теңізі,

Осынша байлықтың егесі

Тек қана қазақтың баласы, – деп туған өлке туралы тебірене толғайды. Жастайынан өлең жазумен қатар мың бояуды үйлестіріп, сурет өнерін де жалғастырып келеді. Жұқа тақтайша бетіне жағылған бояуларға түрлі-түсті моншақтар жапсырып, қолөнер туындыларын жасайды. Бүгінге дейін 200-ден аса туынды жасап, көбісін сыйлыққа таратып берген.

Дүкенбай ақсақал мен Фатима ананың шаңырағынан түлеген 8 ағайындының ішінде бір інісінің шығармашылыққа бейімі бар. Тағы бір айтарлығы, кейіпкеріміз арабша оқып, жазып қазақшаға аударады. Қайбір жылы облыстық «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешіті ұйымдастырған имандылықты насихаттау байқауында бақ сынап, жүзге жуық талапкердің арасынан бас жүлдені жеңіп алған.

1971 жылы жары Жәлел Алдамжаровпен отау құрып, бүгінде өнегелі әулетке айналып отыр. Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған қос қарияның ендігі арман-тілегі – егемен елдің тыныштығы.

– Өлеңдерімді немерелерім жатқа айтып отырады. Соған сүйсініп қаламын. Ақбаян деген немеремнің өлең жазуға ынтасы бар. Болашағынан үміт күтемін. Ал арабша оқуды көптен меңгергенмін. Әлімсақтан Адам ата мен Хауа ана жаратылғалы жер бетінде пайда болған тіршілік нәрі Құранмен тығыз байланысты. Сондықтан араб қарпін білсең құран оқу жеңіл болады.  Бір айта кететін жайт, кейбір замандастарымыз баласының тілі шықпаса, балағат сөз айтқызып жатады. Ал алғашқы тілі олай шыққан баланың өміріне шайтан араласады. Сондықтан балаға қай кезде де имандылыққа үндейтін сөздер үйреткен абзал. Оған періштелер сырттай сүйсініп, Алладан тілеуін тілейді, – дейді Райхан Дүкенбайқызы.

Иә, баба дәстүрін дәріптеп келер ұрпаққа аманаттауда осындай аналардың әзиз жолы – тұнған өнеге. Бір басына бірнеше өнер дарыған ананың еліне, жастарға берері әлі де көп. Әжеймен болған алғаусыз әңгімеде біз осыны аңғардық. Қазақтың қасиетті киіз үйін әлі күнге дәріптеп, есік алдына тігуді дағдыға айналдырған жанның даралығын сезіндік. Киіз үйде қасиет бар.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<