Сыр өңірі, оның ішінде Қармақшы ауданы – ақын-жыраулардың үлкен шоғыры туған мекен. “Жүз жыраудың отаны” атанған мұнда шайырлар мен сүлейлердің түлеуі “Сыр елі – жыр елі” деген ұғымды қалыптастырса керек.
Бүгін де назым жырдың дүлдүлдерінің ізін жалғастырып, дәріптеп жүргендер жетерлік. Солардың бірі – ақын, жырау, сыршыл сазгер Жарқынбек Тұрымбетов.
Сыр сүлейі Тұрымбет Салқымбайұлының немересі Жарқынбекке жыраулық өнер қайдан дарығанын айтпасақ та түсінікті. Атадан балаға мирас болып келе жатқан бұл өнерден оның ата-анасы да құралақан емес еді. Әкесі Жаулыбай жүргізуші болса да домбыра шертіп, жүрген жерін жырға бөлесе, анасы Ақбалдақ өнерден алыс болмаған. Осындай ортадан шыққан Жарқынбек өнерге жақын болып, ата жолын таңдады.
– Атам Тұрымбет жастайынан терме-жырларды айтып, “бала жырау” атанған. Ол кісіге жыраулық аянмен берілсе керек. Бірде мал бағып жүріп адасып, ұйықтап қалады. Сол уақытта түсіне жан алғыш келіп, “бауырың Жадыра екеуіңнің біреуіңді аламын” дегенде, атам бауырымды емес, мені ал деп жылап оянған екен. Содан бастап, қолына өздігінен домбыра алып, көмейіне жыр құйыла берген көрінеді. Сол өнер бізге де жұғысты болды.
Әкем – жүргізуші, анам – тігінші. Домбыраны 4-кластан тарта бастадым. 10 жасымда аудандық әуез мектебінің домбыра класында болып, онда үлкен апам Айым Тұрымбетовадан, одан кейін Аманкүл Шайкеновадан сабақ алдым. 14 жасымнан бастап Шәмшат Төлепованың жыр-терме класына қабылдандым. Талайды таңдай қақтырған жыраудан тәлім алу мен үшін үлкен бақыт еді. Алғаш Бұқар жыраудың термесін орындағаным есімде, – дейді термеші.
Өмірін өнермен байланыстырған Жарқынбек Жаулыбайұлының еңбек жолы 1991 жылы “Жұлдыз” балабақшасында музыка жетекшісі болудан басталды. Мұнан соң 1992-1996 жылдары Қызылорда педагогикалық институты, музыка факультетінің “Халық әні” кафедрасына түсіп, жырау Алмас Алматовтан тәлім алады. 2000 жылдан бері аудандық балалар әуез мектебінде мұғалім.
– Жоғары оқу орнын бітірген соң ұстазы Алматыдағы консерваторияға баруға ұсыныс жасады. Бірақ анам рұқсат етпеді. Әкеден ерте айырылғандықтан, бізді анамыз өсіріп, жетілдірді. Сол кісінің бірауыз сөзі елде қалуға тоқтау болды. Маған көбі “шығармашылық адамысыз, елде жүріп көрінбей қалдым деп ойламайсыз ба?” деген сұрақ қойып жатады. Бұрын солай ойлайтынмын, ал қазір өкінбеймін. Себебі, елде де жыраулар сабақтастығын жалғастыратын бір адамның болғаны дұрыс, – дейді ұстаз.
Жарқынбек Тұрымбетовке “жыраулық өнерге деген жастардың қызығушылығы қалай?” деген сауал жолдаған едік.
– Жыраулық дәстүр – халықтың мұрасы. Оны халықтан ажыратып қарауға болмайды. Қызығушылық жоқ деу – қасаң пікір. Кей кезде таланттарды көрсем, ата-анасынан өзім сұрап аламын, – деді ол.
Бүгінде Сырдың мақамын, жырдың құдіретін дәріптеп жүрген ол шәкірт тәрбиелеп отыр. Сержан Сағымбаев, Руслан Өтегенов, Меруерт Ұзақбаева, Арай Тұрсынбекова, Динара Сәдуақасова сынды шәкірттері түрлі байқаулардың жеңімпазы атанып, биіктерден көрініп келеді.
Сүйiктiм,
Лағындайсың киiктiң.
Көркiңнен сұлу күй ұқтым,
Кетейiн қалайша қиып тым.
Қимаймын, қимаймын,
Дүниеге сенсiз сыймаймын.
Әнiмдi саған сыйлаймын…
Бұл әнді тыңдамаған жан жоқ шығар, сірә?! Ғашықтардың әнұранына айналған әуен талай жүректі тербетті. Сондықтан болар, бұл ән Жарқынбек ағаның өнер әлемінде жарқ етіп шығуына сеп болды. “Сүйіктім” деп аталған ән 1993 жылы дүниеге келген. Бүгінде мұны эстрада әншілері шырқап жүр.
– “Сүйіктім” әні бірге оқыған қызға арналған. Бір кездері әнші Индира Расылхан үлкен сахнада басқа автордың атымен шығарды. Жас болған соң ол кезде авторлық құқық дегенге мән бермеппін. Кейіннен 2004-2005 жылдары ізденіп жүріп авторлық құқығымды қорғап алдым.
Сазгердің бұдан бөлек “Бегімсұлу”, “Әкеме”, “Ұстазым”, “Мектебім”, “Апатайым” әндері де халық арасында айтылып келеді. Ақын өлеңдері баспасөз беттерінде жарық көріп, «Қасиетті Қармақшы», «Тұрымбет жырау» жинақтарына енген.
Бір бойында бірнеше өнер тоғысқан сазгердің енді бір қыры – күйшілігі. Жарқынбек Тұрымбетов күйді орындаушы ғана емес, шығарушы. “Желтоқсан”, “Тойбастар”, “Тұрымбеттің жыр күйі” күйлері қазіргі таңда көпшіліктің көзайымына айналып үлгерді.
– 4-5 жылдың көлемі болды осы өнерге ден қойдым. Тыңдаған күйшілер қызығушылық танытып жүр. Нотаға түсіріп қойған, әлі жарық көрмеген бірнеше күйім де бар. Алдағы уақытта осы бағытты жандандырсам деп ойлаймын. Сондай-ақ, мақамдарды нотаға түсіруді қолға алудамын, – дейді ол. “Жігітке жеті өнер де аз” деген осы болар.
Жарқынбектің өнері балаларына да дарыған. Үлкен ұлы Ердана ауыл шаруашылығы саласын меңгергенімен, атадан берілген өнерімен көпшілікті тамсандырса, екінші ұлы Нұрдана Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің үрмелі аспаптар мамандығын таңдауда.
Сазгердің жыраулық дәстүрді дәріптеу, ұстаздық жолындағы жетістіктері жетерлік. Мәселен, аудандық, облыстық педагогикалық оқулардың және «Жыл мұғалімі» байқауларының жеңімпазы болса, “Наурыз шапағаты”, «Сырдария – жырдария», «Сыр сазгері» фестивальдарының лауреаты. Обылыстық “Бард-авторлық орындаушылар – 2002” байқауының бас жүлдегері, республикалық “Текті сөздің төресі – терме” байқауының “Үздік мақам” белгісінің иегері.
– Ең бастысы, өмірде өз орнымды таптым. Әнімді қазақ елі шырқауда. Өзім жетпегенге шәкірттерім жетуде. Еңбегім елеусіз қалып жатқан жоқ, – дейді ол.
Қарапайымдылық пен адалдықты жанына серік етіп, өнердің туын көкке көтерген Жарқынбектің бұл сөзі көпке үлгі.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<