«Қара алтын» өндірісінің ел экономикасы үшін маңызы өте зор. Десе де, ірі мұнай державаларымен салыстырғанда біздің елде бұл саланы игеру біршама қымбатқа түседі. Оның көптеген технологиялық себептері бар. Мәселен, елімізде өндірілетін «қара алтын» құрамында парафин және асфальт-шайырлы заттардың көп болуы. Бұл әсіресе Батыс Қазақстан мұнайында анық байқалады. Осы себепті 30 градустық аязда қоюланып, қатып қалады. Оны құбырмен тасымалдау үшін 50 градусқа дейін қыздырып, ыстық күйінде айдайды. Бұл әдіс көп энергияны қажет етеді. Энергияның 80%-і сорғы жабдықтары мен жылыту пештеріне жұмсалатын болғандықтан, қосымша қаржы шығыны көп.
Соңғы кездері осы технологиялық процестерді оңтайлы басқару нәтижесінде энергияны тиімді жұмсауға қол жетті. Отандық ғалымдар мен инженерлердің ізденістері экономикалық тиімділік әкеліп, қаржы үнемдеуге мүмкіндік берді.
ҚР Президентінің 2019 жылғы 6 желтоқсандағы Жарлығымен «ҚазТрансОйл» АҚ мұнай құбыры маршруттары бойынша мұнай және мұнай қоспаларын тасымалдауда энергия үнемдеуді ғылыми-техникалық қамтамасыз ету» тақырыбындағы жұмыстар циклі үшін оның авторларына Қазақстан Республикасының Әл Фараби атындағы ғылым және техника саласындағы 2019 жылғы мемлекеттік сыйлығы берілді. Осы авторлар қатарында Қызылорда облысы, Қармақшы ауданының түлегі, техника ғылымдарының докторы, профессор Ұзақ Жаппасбаев та бар.
Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің «Энергия модельдеу» ғылыми-өндірістік зертханасының меңгерушісі қызметін атқаратын жерлесіміз әріптестерімен бірге мұнай құбырларында «ақылды» тасымалдау технологиясын жасап шығарды. Олар магистральды құбырлардағы қондырғыларды цифрландырып, SmartTranPro, SCADA және ACKУЭ ақпараттық жүйелерін біріктірді. Ол алдымен «Өзен-Атырау-Самара» мұнай құбырында қолданылды. Бұл жерден нәтижелерге қол жеткізілген соң осы бағдарлама бүкіл жүйеге енгізілген. Ол еңбек өнімділігін, мұнай тасымалдаудың технологиялық режимдерін басқаруды жоспарлау тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді. «ҚазТрансОйл» АҚ бас директоры Димаш Досанов келтірген мәліметтерге сәйкес, компанияның 2018 жылы шоғырландырған пайдасы 39,5 млрд теңгені құраған. Ал энергияны үнемдейтін технологиялар 19,3% экономикалық тиімділік берді. Бұған SmartTranPro технологиясының да қосқан үлесі бар.
Сөз жоқ, бұл – үлкен жетістік. Осындай ілгерілеушілікке қол жеткізген мамандар қатарында жерлесіміз Ұ.Жаппасбаевтың болғанына қуаныштымыз. Жалпы Ұзақ Қайырбекұлының таңдаған мамандығы өндірістік процестермен тікелей байланысты. Ол 1971 жылы КазМУ-дың механика-математика факультетін механика мамандығы бойынша үздік бітіргеннен кейін аспирантураға оқуға қалады. 1976 жылы ғылым кандидатының, ал 1991 жылы Сібір академиялық қалашығында докторлық диссертациясын қорғады. 175 ғылыми еңбегі бар, 63-і республикалық және 99-ы шетелдік басылымдарда жарияланған. Сондай-ақ 6 монография, 7 патент және авторлық куәліктері жарық көрді. Оның жетекшілігімен 14 кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғалды.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<