Халқымыздың ғасырлардан тамыр тартатын өткені мен бүгінін, жылдар қойнауындағы құндылығы мен тарихын халық арасына, кейінгі ұрпаққа жеткізуде музейлердің маңызы зор. Себебі, музей – бірнеше дәуірдің тарихын, этнографиясын, тарихи тұлғаларын, өнерін жинақы түрде ұрпақтан ұрпаққа жалғап отырған бірден-бір институт. Өңірдің мәдениеті мен рухани ордасына айналған, 80 жылға жуық тарихы бар сондай орындардың бірі – облыстық тарихи-өлкетану музейі. Жуырда музейдің жұмысымен танысудың сәті түсті. Жылдар бойы сақталып, сыны мен сырын жоғалтпаған тарих көмбесіне тағы бір мәрте куә болдық.
Тарих сыр шертеді
Облыстық тарихи-өлкетану музейі Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы ұйымдастыру комитетінің 1939 жылдың 7 ақпанындағы қаулысының шешімімен құрылған. Алғашқы жылдары музей экспозициясы 1890-1896 жылы салынған Перовск Қазан-Богородтық шіркеуі орналасқан ғимаратта болды. Сол кездегі музейдің ең құнды экспонаттар қатарында батыр киетін дулыға, сауыт, 1853 жылы «Ақмешіт» бекінісін алуда пайдаланылған зеңбірек ұңғылары, Ұлы Жібек жолының сауда нүктелерінде айналымдағы ақша коллекциясы болған. 1980 жылы облыстық атқару комитетінің шешімі бойынша музейге 1953 жылы салынған екі қабатты үй бөлініп, 1985 жылдың 7 мамырында өз жұмысын бастайды. Музей орналасқан бұл ғимараттың өзі – 1953 жылы салынған қаладағы архитектуралық ескерткіштердің бірі.
– 2015 жылы музейге реконструкциялық, реэкспозициялық жұмыстар жүргізілді. Соның нәтижесінде музей залдары заманауи үлгіде жасақталып, жаңартылды. Музейдің I және II қабаттарына жаңа технологиялық электронды мониторлар мен теледидарлар орнатылды. Кіре беріс фойеде орналасқан мониторлар арқылы музей залдарының виртуальді экспозициясымен танысуға болады, – дейді музей директоры Сапар Көзейбаев.
Қазіргі таңда төл тарихымыз бен ұлттық идеологиямызды дүниежүзіне насихаттайтын рухани-мәдени орталықтың қорында 60651 экспонат, 1000-ға жуық әшекей бұйымдар коллекциясы сақтаулы. Әйгілі Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясының нәтижесінде Мәскеуден арнайы әкелінген 2000-ға жуық құнды археологиялық бұйымдар да сақталған. Сондай-ақ, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында Шірік-рабат, Жанкент, Сығанақ қалашықтарына жүргізілген археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары кезінде табылған археологиялық экспонаттар, соның ішінде сақ дәуірінде алтыннан жасалған әшекей бұйымдарды да осы жерден табуға болады. Мұндағы енді бір құнды дүние – ХVІІІ-ХХ ғғ.
Санкт-Петербург, Стамбул, Ташкент, Қазан қалаларының баспасынан шыққан сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалардың сақталуы. Айта берсек, қордағы дүниелерді санамалап бітіру мүмкін емес. Бірақ ерекше атап өтетіндері жетерлік. Соның бірі – шетелдік зерттеушілердің аса қызығушылығын тудырып жүрген артефакт Жоңғар дулығасы. ХVІІ-ХVІІІ ғғ. мерзімделген аталған дулыға Қазақстанда баламасы жоқ дүниелердің бірі болып отыр.
Музейде қазір 4 бөлім жұмыс істейді: өлке тарихы, археология және этнография, қор, экскурсиялық-көпшілік бөлім. Өлкенің тарихы мен табиғатын баяндайтын 11 экспозициялық: «Кіріспе», «Өсімдіктер мен жануарлар», «Қасиетті Қазақстан және археология», «Сыр өлкесінің әлеуметтік-экономикалық дамуы», «Өлкеде Кеңес үкіметінің орнауы», «Ауыл шаруашылығының дамуы», «Қызылорда облысы Ұлы Отан соғысы жылдарында», «Облыстың әлеуметтік саласының дамуы», «Мәдениет және өнер», «Этнография», «Тәуелсіз Қазақстан» залы бар. Мұндағы құнды деректер ғасырлар тарихынан сыр шертіп қана қоймай, бүгінгі күннің мұраларымен ұштасып жатыр.
Жәдігерлер көмбесі
Аймақта қадым заманнан келе жатқан қос тарихи ғимарат бар. Ішіне енсеңіз, түрлі жәдігерлердің көмбесіне куә боласыз. Ол – С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясы мен «Ақмешіт» музейі. Бұл екі ғимараттың бірі әскери комиссариат болса, екіншісі – 1917 жылы әскери казарма ретінде пайдаланылған. Уақыт өте келе нысандар жаңа кейіпке еніп, көпшілік тамашалайтын мәдени ошаққа айналды.
Мәселен, облыс басшыларының тікелей қолдауымен 2014 жылы тарихи ескерткіштер тізіміне енген бұрынғы әскери комиссариат ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, облыстық музейдің бір бөлімі – Көркемсурет галереясы ашылды. Онда елімізге әйгілі суретшілер Ә.Қастеев, С.Романов, Г.Исмаилова, А.Ғалымбаева, С.Сенчихин, Қ.Мамақов, Қ.Қожықовтардың және Қазақстан суретшілер одағының мүшелері, Қазақстан бейнелеу өнеріне өзіндік үлес қосып жүрген жергілікті қылқалам шеберлерінің қолынан шыққан туындылары орналастырылды. Галерея қорында жақын шет елдердің, еліміздің және жергілікті суретшілердің 600-дей туындылары сақталған.
– Галерея ашылған күннен бастап, елімізге белгілі және жергілікті қылқалам шеберлерінің жеке шығармашылық көрмелері ұйымдастырылып келеді. 2017 жылы галереяның ұйымдастыруымен республикалық суретшілер симпозиумы өтсе, 2019 жылы халықаралық суретшілер симпозиумы өткен болатын. Осы симпозиум барысында көркемсурет галереясына кескіндемеші, график-суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қызылорда облысының тумасы Салихитдин Айтбаевтың есімі берілді. Қазір мұнда көркемсурет галереясы жанында изо студия жұмыс жасайды. Онда оқушыларға бейнелеу өнерінің түрлі жанрларында дәрістер беріледі, – дейді облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары Жаннат Ахметова.
Ал «Ақмешіт» музейі – Николай патша заманынан бері келе жатқан, 1905 жылы салынған архитектуралық тарихи мұра. Музей төрт залға бөлінген. Бірінші зал – қаланың алғашқы Қамысқала болып негізі қаланған тұстан басталып, Ақмешіт, Перовск кезеңдеріне жалғасады. Екінші бөлімде Орынбордан астананың Ақмешітке көшірілуі, ағарту, денсаулық сақтау, мәдениет, тарихи-ғимараттар мен ұлы тұлғаларымыз туралы құндылықтар орын алған. Үшінші зал облыстың құрылу тарихы және аймақтағы өндіріс салаларының дамуынан дерек берсе, соңғысы – зиялы қауым өкілдерінің қонақ бөлмесінің интерьер залы. Онда сол кездегі тұлғалар тұтынған жиһаздар мен мүліктер орналасқан. Сондықтан мұнда жас ұрпақтың өткен тарихты танып-білуіне зор мүмкіндік жасалған.
Жалпы жаһандану заманында мәдени мұраны сақтап, өскелең ұрпақтың тарихи санасын қалыптастырып отырған облыс бойынша барлығы 14 музей халыққа қызмет көрсетеді. Олар – облыстық тарихи-өлкетану музейі, 7 аудандық тарихи-өлкетану музейі, Қорқыт Ата мемориалдық музейі, Қазалы ауданындағы Ғ.Мұратбаевтың мемориалдық музейі, Шиелі ауданындағы Н.Бекежановтың мемориалдық өнер музейі және Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейі, Қызылорда қалаcының тарихы музейі, Арал қалалық тарихи музейі. Қазіргі таңда облыстық музей қорында 144 523 экспонат жинақталған.
Жуырда қор тағы бір құнды дүниелермен толысты. Ол – Қазақ КСР Халық жазушысы, әдебиет зерттеушісі, сыншы-ғалым, Қазақ КСР Fылым академиясының академигі, профессор Мұхамеджан Қаратаевтың тұтынған заттары. Музей қызметкерлері оны арнайы барып әкелген.
– Сыр өңірінің тума таланты, әдебиет зерттеушісі, жазушы Мұхамеджан Қаратаевтың туғанына биыл 110 жыл толып отыр. Осы орайда, облыстық тарихи-өлкетану музейі қорын толықтыру және экспонат жинақтау мақсатында музей қызметкерлері Е.Баймурзаева мен К.Ахметова Алматы қаласына іссапармен барып, жазушының келіні Жәмила Қаратаеваның үйінде болды. Сол сапарда М.Қаратаевтың қазақ әдебиетінің дамуы жолында жасаған еңбектері мен рухани мұраларын, қолжазбаларын, кітаптарын, үй тұрмысында пайдаланған жеке заттарын, жұмыс кабинетіндегі жиһаз жиынтығын, барлығы 1000-ға жуық құнды заттарын елге жеткізді. Жоғарыда аталған заттар музейге орналастырылып, музейдің ғылыми қызметкерлері зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ, Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай соғыс ардагері Ыдырыс Қалиевтің құжаттары мен наградалары, соғыс ардагері Жүсіпов Базар Мұхаммедтің отбасына жазған хаттарымен де толысты.
Аудандық қорлар да жыл сайын жаңа экспозициялармен толығып отырады. Мәселен, Арал аудандық «Балықшылар музейіне» биыл Арал теңізінде жүзген кемелердің техникалық құрал-жабдықтары қосылды. Олардың қатарында барометр-анероид, компас, штурвал, рында, кеме сағаты бар, – дейді музей директоры.
Әңгіме барысында Сапар Алиасқарұлынан экспонаттардың қалай жинақталатынын, халықтың тарапынан өткізу жағы қалай болатынын сұрастырдық.
– Көбіне өзіміз іздеп табамыз. Халықтың арасында «әкемнің, анамның тұтынған бұйымы еді, осында тұрсын» деп өздері өткізетіндер сирек. Әкеліп жатса, қуана қабылдаймыз. Біз үшін жәдігердің барлығы құнды, – деді ол.
Ал жәдігерлерді қабылдау, бір қарағанда, оңай жұмыс секілді көрінеді. Алайда, сөреде жинақы тұрған дүниелердің бірнеше сатыдан өтетінін біріміз білсек, біріміз біле бермейміз. Бұл ретте бас қор сақтаушы Аманкүл Нұржанованы әңгімеге тарттық. Қордың жұмысы мен жәдігерлерді қабылдау туралы біраз ақпаратпен бөлісті.
– Бүгінде қорда 60 мыңнан аса экспонат жинақталған. Оның 36 мыңы негізгі, 24 мыңы көмекші қорға жатады. Біздің басты міндетіміз – келген заттарды түгендеп, тіркеп, зерделенген дүниені қабылдау. Расымен, қабылдау жұмысы бірнеше кезеңнен өтеді. Алдымен, жыл бойы музей қызметкерлері тақырыптық жоспар бойынша халық шаруашылығының түрлі саласына елді мекендерді аралап жинақтау жұмыстарын ұйымдастырып, іссапарға шығады. Сапар барысында жинақталған дүниелерді музейдің қор іріктеу комиссиясына ұсынады. Онан соң комиссияның ұйғарымымен музейлік құндылығын ескеріп, музейдің негізгі немесе көмекші қорына бөледі.
Әрі қарай ғылыми қызметкер бұйымды ғылыми тұрғыда зерттеп, қабылдау актісін толтырады. Қабылдау актісіне заттың қайдан келгені, кімге не үшін берілгені қысқа да нұсқа етіп, сосын заттың өлшемі, сақталу жағдайы материалы жазылады. Қабылдау актісі ресми құжат болып есептеледі, ол сауатты жазылуы керек. Акт толтырылғаннан соң затқа түгендеу карточкасы жазылады. Оң жақ бұрышына заттың суреті жапсырылады. Келесі бетінде зат туралы әпсана жазылады. Мұнан соң қор іріктеу комиссиясы мүшелері қол қойып, музей директоры бекітіп, музейдің бас қор сақтаушысы қабылдайды. Қор сақтау бөліміне қабылданған соң музейдің тіркеу кітабына жазады. Тіркеу кітабы қолжазба ретінде толтырылады. Сондай-ақ, қабылданған әр зат не бұйымға реттік тәртібімен музейдің шифрі – инвентарьлық номері қойылады. Мемлекеттік тіркеу кітабына тіркелген соң зат экспонат аталады. Осыдан кейін барып, қабылданған экспонат қор сақтау ғимаратында арнайы шкафтарға, сөрелерге, папкаларға салынады, – деді ол.
Бас қор сақтаушының бұл пікірі «экспонат бірден сөреге қойылады» деген біздің түсінігімізді мүлдем жаңа қырға өзгертті.
Жөні бөлек жобалар
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында “Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек. …Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен мәдениетіміз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы» деп әдебиетіміз бен мәдениетімізді жаңғыртудың бірқатар тұсын нақтылап берген болатын. Осы орайда музей ұжымы түрлі жобаларды жүзеге асырып келеді. Соның бірі – «Асыл мұра» музейлік жобасы. Бұл жоба арқылы музей қорында сақтаулы этнографиялық, археологиялық, нумизматикалық коллекциялар мен ұлтымыздың салт-дәстүрлерін халық арасында насихаттаса, «Ақмешіт» музейі «Тарихыңды танып біл», «Қазақтың даңқты астаналары» атты жобалар арқылы ортағасырлық Сығанақ, Сауран қалашығына, Түркістан қаласындағы Әзірет Сұлтан кесенесі секілді киелі жерлерге экскурсия жұмыстарын ұйымдастырды. Сондай-ақ, Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150, ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының 175 және тамырлы тарихымыздың бедерлі кезеңін қамтитын Алтын Орда мемлекетінің 750 жылдығына орай «Қанат жайған руханият» атты көрме, оған қоса Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық музейінің «Абай – дана, Абай – дара қазақта» атты жылжымалы көрмесі ұйымдастырылды.
– Елімізде төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты шаралардың барлығы дерлік онлайн түрде әлеуметтік желілер арқылы көпшілік назарына ұсынылуда. Музейлердің экспозициялары Алаштың асқақ рухын баяндап, Сыр елінің тарих тағылымын кейінгі жас ұрпаққа танытады. Бүгінде көпшілікті өлке тарихымен таныстыру, ел тарихын насихаттау мақсатында музей қорындағы ең құнды экспонаттарымыз «Бір жәдігер тарихы» айдары арқылы жарияланып, «Сіз білесіз бе?» рубрикасы арқылы кезінде елімізде жұмыс жасаған тарихи орны бар зауыт-фабрикалар, кәсіпорындар туралы түрлі құнды мәліметтер халық назарына ұсынылуда. Тарихи оқиғаларға қатысушылар, ғылым және мәдениет өкілдері, Сыр өңірінің дамуына еңбек еткен құрметті азаматтар туралы мәліметтер, қызықты лекциялар әлеуметтік желілер арқылы жарияланып келеді. Музей қызметкерлерінің зерттеуі нәтижесінде дайындалған тарихи-танымдық видеолар желі көрермендерінің көңілінен шықса, мәдени тегімізді танытатын жауһар жәдігерлерімізді насихаттау, ел тарихын халыққа таныту мақсатында «Асыл мұра», «Ескерткіштер туралы біле жүріңіз», «Бұл үйде кім тұрған?» музейлік жобалары ерекше қызықтыруда, – деді музей директоры С.Көзейбаев.
Алдағы уақытта «Туған жер» бағдарламасы аясында әр аудан аумағына этнографиялық экспедиция, «Тоғысқан мәдениет» атты этноэкскурсия ұйымдастыру жоспарлануда.
– Аудандарда түрлі жобалар қолға алынды. Мәселен, Жалағаш ауданында «Туған жерге саяхат» кіші музейлік туризм жобасы іске асырылса, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстанның қасиетті нысандар тізіміне Жаңақорған ауданы бойынша 10 ескерткіш еніп, оларға да экскурсия жұмыстары жүргізілуде. Мұның барлығы өңірдің мәдениетін дәріптеуде тарихи маңыздылығымен құнды. Алда жүзеге асыратын жоспар көп. Келер жылы Арал ауданында ашық аспан астындағы музей ұйымдастыру, «Ақмешіт» музейіне жаңа атау беру жоспарда бар. Сондай-ақ, ішкі туризмді дамытуға үлес қосып, Шірік-Рабат, Жетіасар мәдениеті секілді көне тарихи мекендерге экстремальді туризм ұйымдастыратын боламыз,– деді енді бір сөзінде музей директоры.
Жалпы ұжымның атқарған жұмыстары жетерлік, алға қойған мақсаттары да айқын. Ендігі меже – тамыры терең таңғажайып тарихымызды дәріптеуді, кейінгі ұрпаққа жеткізуді жалғастыра отырып, әлемге танытуды қолға алу. Ол алдағы уақыт еншісінде.
Түйін. Жаһандану заманында әлемнің көптеген елі жаһандық үрдіске ереміз деп ұлттық болмысы мен рухани құндылығынан айырылып, азып-тозудың алдында тұрғаны белгілі. Ойланып қарасақ, ұлттық құндылық байлықпен не экономикалық көрсеткіштермен өлшенбейді. Ұлттық құндылық – біздің рухани құндылығымыз, адами қасиеттеріміз, қазақи таным-түсінігіміз бен болмысымыздан, салт-дәстүрімізден бастау алатыны сөзсіз. Елбасының «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайды» деген ойы осыдан туындаса керек. Бұл тұрғыда музей – тарих пен дәстүрдің ұштасқан, ұрпақтар жалғастығының негізгі алтын көпірі. Сол себепті көнеден жеткен жәдігерлерді жинақтап, көздің қарашығындай сақтайтын осынау мәдени ошақтың ұрпақ тәрбиесі үшін маңызы зор.
Мейрамкүл Дауылбайқызы,
«Сыр бойы»
Суреттерді түсірген Нұрболат Нұржаубай.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<