Наурыз – жаңарудың, жаңғырудың мерекесі

2989

0

ҚазАқпарат – Бүгін Қазақстан халқы жақсылықтың, қуаныштың, жаңарудың бастауы ретінде атап өтілетін ұлық мерекелердің бірі – Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамын мерекелеуді бастайды.

Наурыз – көктем мейрамы және көптеген халықтардың Жаңа жылы. Ол бірнеше мың жылдан бері аталып келеді. Көне парсы тілінде «наурыз» жаңа айдың бірінші күні дегенді білдіреді. Бұл айды соғдалықтар «наусарыз», хорезмдіктер «наусарджи», армяндар «навасарди», чуваштар «норас-ойахе» деп атаған.

2001 жылы Наурыз мейрамы мемлекеттік мереке ретінде жарияланды. Ал 2010 жылдан бері үш күн – 21-23 наурыз аралығында тойланып келеді. Жүздеген жылдар бойы қазақ халқымен бірге жасасып, ұлттымыздың салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпының ажырамас бөлігіне айналған Наурыз мерекесінің орны әрине ерекше.

Түбі бір түркі жұртының төл мейрамы – Наурыз – ең алдымен қазақтың мәдени мұрасын ұлықтап, ұлттық құндылықтарымызды ерекше қадірлеудің жарқын айғағына да айналып отыр. Жалпы, Наурыз – достықтың, ынтымақтың, ырыс-берекенің, жаңарудың мерекесі, халықтар бірлігі мен татулығының бастауы. Сондықтан да, бұл мейрам бір ұлтқа ғана емес, жалпыға ортақ болуы, ұлыстардың ұйытқысымен шын пейілдегі жалпыхалықтың мейрамына айналуы шарт. Ал бұл мақсатты жүзеге асыру үшін ең алдымен Ұлыстың ұлы күнін тойлау ауқымын да мазмұнын да кеңейте түскен орынды. Қыстың соңы, көктемнің басы жыл құстары келе бастайды. Сол себептен де болар табиғаттың тылсымы мен ғалам ғажайыптарын терең ұғына білген ата-бабаларымыз бұл күнді Жыл басы деп есептеген. Наурызды шығыс халықтары бірліктің, татулықтың, еңбектің, ізгіліктің, бақыттың мерекесі ретінде атап өтеді. Бұл күні шаттанбайтын, қуанбайтын, мейірленбейтін адам болмаған. Осы күні жақсы тілек тілеу, құттықтау, кешірім жасау, табысу сияқты адамгершілік қасиеттер көрініс тауып, кейінгі ұрпақтар сондай жақсы өнегеден үлгі алған.

Наурыздың айрықша тәлім-тәрбиелік, үлгі-өнегелік, сән-салтанаттық, мәрт-жомарттық, қадір-қасиеттілік нышан белгілері мен таным ұғымдарының үлгі түрлері өте көп. Оның барлығы әр адамды жоғары саналылыққа, әдептілікке, өнегеге, бауырмалдыққа, көргенділікке, ізгілік пен білімділікке баурайды. Наурызды халқымыздың асыға күтетіні осы себептен болса керек. Дәстүрлі қазақ қоғамында Ұлыс күні жыл басы саналған. Бұл күнді қарсы аларда халық таза, жаңа киімдерін киген. Ауылдың ер адамдары бір-бірімен қос қолдасып, төс қағыстырып, әйелдер құшақтасып, бір-біріне игі тілектер айтқан. Бірін-бірі мерекеге арнап дайындалған наурыз көже ішуге шақырады. Оған қойдың басы мен сүр ет салып пісірілуі – қыс тағамымен (етпен) қоштасуды, құрамына ақтың қосылуы – жаз тағамымен (сүт, ақ) қауышуды білдіреді. Әдетте, осы күні адамдар арам пиғыл, пендешілік атаулыдан тазарып, ар-ожданы алдында арылады.

Ауыл ақсақалдары араларына жік түскен бауырлас ел, руларды, ағайын, дос-жарандарды бір дастарқаннан дәм таттырып, табыстырған, жалғыз жарым жетімдерді үйлендіріп, жеке отау еткен. Кембағал, мүгедектерді жақын туыстарының қарауына арнайы міндеттеп тапсырған. Жұтқа ұшырап қиналғандарға жылу жинап берген. Алтыбақан басында ән айтылып, күй тартылады. Бұл мерекені «жыл басы» деп танығанымен, оның барша болмысын, философиясын жыл алмасумен шектемейді. Осы күндері дүниеге келген сәбилерге Наурызбай, Наурызгүл сынды есімдер беріледі. Дәстүр бойынша бұрын Наурыз мейрамын бүкіл ауыл, ел болып, әсіресе жастар жағы түгелдей таң шапағатын қарсы алып, арықтарды тазалап, су жіберуден, ағаш отырғызып, гүл егуден бастайды. Бұл күн жер-жерде ат бәйгесі, көкпар тарту, қыз қуу, палуандар күресі тектес ұлттық ойындардан сайыстар ұйымдастырылады. Наурыз мейрамында әркім жылы шырай сезіне бастап, сағынышты көрісулерімен, жалынды құшақтасуларымен жаңа жылды қарсы алады.

Осы орайда ұлыстың ұлы күніне орай танымал тарихшы-этнограф Жамбыл Артықбаевтан мейрамның мән-маңызы туралы айтқанын көпшілік назарына ұсынуды жөн көрдік. «Наурызға қатысты мейрамдардың, дәстүрлердің көпшілігі әлі орындалмай келеді. Бұл – этнографтардың және көп нәрсені құлаққа ілмейтін қоғамның кінәсі. Наурыздан бір апта бұрын басталатын Көрісу бар. Көрісудің өзі шап беріп қол алысып, құшақтасу ғана емес. Ертедегі жұрт бір-бірімен «Қыстан аман шықтың ба, мал-жан аман ба, шаруашылығың жақсы ма» деген сарында өлеңдетіп көріскен. Қазір телевизиялық айтыстың түр-түрі ұйымдастырылып жатыр. Ерте уақытта ақындар төрт түлікпен де айтысқан. Жылға таласу айтыстары да бар. «Қыс пен жаздың айтысы», «өлі мен тірінің айтысы», «қыз бен жігіттің айтысы» – Наурыздың түбегейлі философиясы, дүниетанымы осы. Осыларды қолдану керек және қайта жандандыру керек. Мәшһүр Жүсіп айтады: «Жыл оны екі ай дегеніміз – үлкен бір шығыр секілді. Соның 12 сатысы бар, әрбіріне бір жануар ие болады. Шығыр айналғанда, яғни жыл ауысқанда бір жануар орнынан түсіп, екіншісі келеді». Дәл осы 12 мүшелдің бейнесінен костюм жасап, кеб (маска) кию 31 желтоқсанға емес, Наурызға анағұрлым жарасады. Тағы бір айта кетерлігі, Наурыз тойларда баланы бесікке бөлеу, тұсауын кесу үрдістері белең алып келеді. Бұл – отбасылық дәстүр, әр отбасының жағдайына қарай айналысатын дүниесі. Сәті келсе, Наурызда жасайды, сәті келмесе жасамайды. Дүйім жұрттың алдында отбасылық салт-жоралғыларды көрсету дұрыс емес. Ерте уақытта Наурызда жағдайы жететін байлар үлкен өгіз бен жылқы сойған. Бәйбішелер қарын-қарын женттерін, сары майын, қазақтың қадірлі тамағының бәрін қоюға тырысқан. Ірі қара союға шамасы жетпегендер де қазан көтеріп «Менің де дастарханымнан жұрт дәм татсын» деп жеті түрлі дәннен көже пісірген», – дейді ғалым.

Наурыз – салт дәстүрді түгендеу емес, салт-дәстүрді тірілту. Бұл – рухани жаңғырудың үлкен бір белесі. Наурызды жай ғана атап өту, немесе жай ғана өткізбеу керек. Жұртшылық Наурызға қатысты кезекті демалыс күндері ретінде қараудан арылуы тиіс. Онда оның мәнін жоғалта береміз. Наурызды тіршілікке ғашықтықтығымыздың үлкен белгісі есебінде, тіршілігіміздің негізгі өзегі есебінде, ризалық пен ризықтық есебінде ішпен, дүниетанымымызбен қабылдау керек. Біздің қазіргі жағдайымыз секілді көбінесе шартты түрде киіз үй тігіп, наурыз көже тарату міндет емес. «Наурыз мейрамы айдың 21-інен 22-сіне қараған түні тойланған. Ерте уақытта әр елдің есепшілері күн мен түннің теңелгенін есептеп отырған ғой. Мен жақсы көретін сүйікті авторлар – Фон Герн, Нельсон Фелл қазақ даласында көп болған екен. Сол ғалымдар «Еуропалықтар сағатына қалай қараса, қазақтар да аспанға солай қарайды» деп естелік жазып кетіпті. Бұл біздің дала есепшілерінің, ұлы дала ғұламаларының даналығын білдірсе керек-ті. Нельсон Фелл: «Қазақтардың Наурызды қарсы алуы өте қызық. Олар алдын ала дайындалады. Ақсақалдар қырдың басына шығып, күн мен түн теңелгенін күтеді. Жаңа ай туды деген уақытта тойлауды бастап кетеді» деп жазыпты.

Сондықтан, тура наурыздың 21-і немесе 22-сі деген қатып қалған уақыты жоқ. Барлығы астрономиялық күн қозғалысына байланысты», – деді Жамбыл Артықбаев. Ұлыстың ұлы күнінде «ҚазАқпарат» ХАА ұжымы барша қазақстандықтарға құт-береке тілейді. Жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы болған Әз Наурыз қажырлы еңбектеріңізге толағай табыс әкелсін. Ел аман болып, арайлап атқан әрбір таң шат көңіл, бақыт және береке сыйласын. Ақ мол, жыл ырысты болсын!

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<