Өмір өтті-ау зулап ағып…

44

0

Жолдасбек Әлмаханұлы әріптес досым еді әрі бір ғасырлық құдандалығымыз тағы бар. Бір ауылда өспесек те, адамгершілігі, парасаттылығы мен пайымы, түсінік-түйсігі арқылы жақын болып кеттік. Жақын болғанымыз соншалықты арадағы сыйластығымыз сырластыққа айналып, қимас достыққа ұласты. Облыстық аға басылым «Сыр бойы» газетінде табан аудармай 43 жыл қызмет етті. Зейнеткерліктен кейін 3 жыл жұмыс жасады. Жастарға ұстаз, әріптес іні-қарындастарына ақылшы аға бола білді. Журналистік жолда өсті, жетілді, елге танылды. Сол Жолдасбек досым өткен жылы 4 желтоқсанда таңертең аяқастынан мына фәни дүниені тастап, бақилықтың мәңгілік мекеніне аттанып кетті. Содан бері арада 40 күн өтіпті. Күтсең өтпейтін, қусаң жеткізбейтін зырғып аққан уақыт-ай, десеңші. Бәрі де ойламаған жерден, ғапыл өлім болды…

Жалған өмір­дің тіршілігі біт­кен бе, қалалық ар­дагерлер ке­ңе­­сінің тө­раға орын­­баса­ры Әлиев Жұма­бек екеу­­міз бір ша­руамен іргедегі Те­реңөзек кенті­нің ішіне ене берген тұста, ұялы теле­фоным азанымен безілдей жөнелді. Қарасам, Жол­дас­бектің зайыбы Қа­маш екен. Ан­да-санда Жөкең де әйе­лінің теле­фонымен қоңырау шалатын еді. Жол­дасбектің өзі шығар дедім. Кө­ңілімде артық ой жоқ, сол бая­ғыша: «Ия, Жолдасбек қалайсың, ай­та бер!» деп құлақ түрдім. Бір кезде Қамаш: «Кенжалы-ау, Жолдасбек до­­сыңнан айырылып қалдым ғой» деп еңіреп қоя берді. «Не дейсің?» деп, біреу үстімнен мұздай су құйып жібергендей, денем қалтырап, сол-ақ екен көзімнен ыстық жас ыршып кетті. Тоқтамай барады. Неткен ауыр еді. Құлағым нені естіді, көңіл құр­ғыр сенер емес. Бірақ амал нешік, жал­ғаны жоқ шындық еді. Жұма­бек інім бірден көлігін тоқта­тып, «Жай­шылық па, екен» деп бетіме қарады. Аузым бармаса да «Жолдасбек қай­тыс болыпты» дедім. Ол да дереу көңілқосын білдіріп, көлік басын кері бұрды. «Сыр медиа» басшысы Марат Аралбаевқа шығып, болған жайды жеткіздім.

…Ішкі дүниемнің астаң-кестеңі шықты. Ішім удай ашып барады. «Ке­ше ғана сөйлесіп едік қой, бұл қалай болғаны?» деп қоям. Жалған өмір-ай! Келе жатып бұлт басып түнерген аспанға қарадым. Қыстың сұрғылт тартқан аспанына іштей мұң шағып келемін. Сан сауалдың жа­уабын таппай ойым сенделе тү­седі. Қапсырып алған ой құрсауы тү­біне жеткізер емес. Қайта, құрғыр тереңіне тарта түскендей. Сан-са­палақ сапырылысқан ойлар әр түрлі қиялды қозғай түседі. Өзім­ше шексіз сауалға пайым жасаған болам. Жолдасбек жайлы толғанып, тағдыр жайлы ойланып келем.

Кеше ғана сөйлескенімде 70 жасы­на орай облыстық кітапханада шы­ғар­ма­шы­лығы мен сараптамалық материал­да­ры төңірегінде ғылыми конфе­ренция өткізетінін айтқан-ды. Со­нан соң кеш соңын ұлан-асыр той­ға ұлас­тырмақшы еді. Осының бәрін жүргізуді қаламдас ақын інісі Дүй­сен­бекке тапсырмақ болған. Тағы бір әріптес інісі, Алаш сыйлығының ие­гері, арқалы ақын Елубай Әуезовке «Сен сөйлейсің» деген-ді. Студенттік жылдардағы курстасы, елге танымал азамат, қоғам қайраткері Өлмесхан Болатбеков екеуі кездесіп, жан-жақ­ты сыр тарқатқан сәттерін қуана жет­кізген-ді. Қызылорда жайлы тари­хи кітап жазуға деректер жинап жүр­ген­ін де ортаға салған-ды. Өйткені Жолдасбек қала жанындағы Абай ауылында дүниеге келген. Шанхай аймағындағы қала мектебіне барып, онжылдықты бітірген.

Енді міне, әй, алдамшы өмір-ай! Сен де Жолдасбек досымнан жалт бұрылып кеттің бе? Бір күні ме­нен де күрт бұрыларың белгілі ғой. Әй, тұрағы жоқ тұрлаусыз өмір-ай! Сенің сондай екеніңді бар­лық пенде білгенмен, өздерін-өздері ал­дау­сыратып, ертеңгі күнге жақсы үмітпен қарап өмір сүретініміз анық.

Жолдастыққа таптырмайтын

азамат,

Сыйласуға жаны жайсаң

ғажап-ақ.

Құрдастыққа келген кезде

баладай,

Оның көңілі болатұғын таза бақ.

Ағып түстің жұлдыздай-ақ

көктегі,

Арманына, мақсатына жетпеді.

Сен кеткелі күн қабағын ашпады,

Сені жоқтап аспан тұр-ау өйткені.

Ертеңіне сені мәңгі сапарға шы­ға­рып салуға келген халықтың нө­пірі қалың болды. Қаралы жиынға жи­налған жұрттың еңселері езіліп тұрды. Көп алдында облыс әкімі Нұр­лыбек Нәлібаевтың отбасына, көп­шілікке арнаған көңіл білдіру лебізі оқылды. Содан соң сөз алған азаматтар Жолдасбектің адал еңбегі мен мін­сіз қызметі туралы айтты. Сыр жур­налистикасының дамуы мен өр­кендеуіне қосқан зор үлесін атап өтті. Қаралы жиын аяқталысымен жаназа өтіп, ақтық сапарға қи­май шығарып салды. Бақұл бол, әріп­тес деп қаламдастары қинала іштей қоштасты.

Осы кезде айтыскер ақын Есенқұл Жақыпбектің:

«Көк шыққанға бір қуанып,

Шөп шыққанға бір қуанып,

Өмір өтті-ау зырғып ағып, зырғып ағып» деген өлең жолдары еске тү­сіп, әр нәрсенің жақсылығына ба­ла­ша қуанып, өсер ұрпақты бағып-қағып алданып жүргенде, өмірдің осылай адамнан жылыстап кете ба­ратынын сезіндім. Сезіндім де, өкін­дім. Өкінгенім, Жолдасбек 2026 жылға аман-есен жеткенде, ақ желеңді 70 жа­сын тойлайтын еді. Жетсем деген ар­маны орындалмады, пенденің емес, Алланың дегені болды. Жалпы өлім жайлы ешкім де жақсы сөз айт­қан емес. Адамдар оған Алланың, тағ­дырдың жазуы деп қараған. Міне, Алланың жазуы осылай болды…

Жолдасбектің жаны өте нәзік бо­латын. Адам жанын қисынсыз сөзбен жараламайтын. Өті­рік айт­қанға жаны қас еді. Кейбі­реу­лердей қосып та, есіп те, бөсіп те айтпайтын. Айтар сөзін тура жеткі­зе­тін. Артына кек, реніш сақтамайтын жа­ны таза еді. Бір айтқан сөзін екін­ші рет қайталамайтын ер жігітке тән мәрт еді. Түсінігі зор-тұғын. «Сыр бо­йында» жүріп қаншама басшы­лар­мен қызметтес болды. Атап айт­қанда, Қалқабай Әбенов, Нұрділда Уәли­ұлы, Әскербек Рахымбекұлы, Жақ­сылық Рахматулла және Серік Пірназармен бірге тізе қоса қызмет ат­қарды. Өзі де бас редактор бол­ған тұста талай жастарға жол көр­сетті.

Жолдасбек өте сауатты, қа­­ла­мы қарымды журналистер қа­та­ры­­нан еді. Әсіресе, экономика та­қы­ры­­бында сараптамалық қалам тарт­­қан­да, білікті экономистердің өздері жаса­ған талдауларын таңғала, таңдана мо­йын­дайтын. Әсіресе, еліміз нарыққа көшкен тұста, на­рықты сұраныс пен ұсыныс реттей­тінін тайға таңба бас­қандай етіп жаз­­­ғанда, облыстағы эко­но­ми­каның білгір мамандары Ж.Ақса­қаловқа риза болып жүрді. Сол ке­зеңдегі об­лыстың елге танымал эко­но­мист азаматтары, аға буын өкілдері Би­менді Баймаханов, Камал Шө­кенов, Қалқазбек Әжібеков Жол­­дас­бекпен тікелей байланыста болып тілдесіп, ой бөлісетінін айта кеткеніміз жөн болар. Міне, бұл қаламгер шебер­лі­гінің айқын дәлелі. Ол экономикада сандарды тізбейтін, талдап тұрып сөйлететін. Көп нәрсені тұспалдап, болжаммен оқырманға тү­сінікті, ұғы­нықты етіп жеткізетін. Мі­не, білім­ділік, біліктілік. Міне, шеберлік.

Екінші қыры саясатқа да қорық­пай қалам тербейтін. Сталиннен бас­тап, Горбачевқа дейінгі жазған кіта­бын алып оқысаңыз оның сая­си сауаттылығына таңғаласыз. Кремль­дегі бақталастық пен тақ таласын оқып білгенде, еріксіз жағаңызды ұс­тайсыз. Қазақтың мықты жазушысы Әзілхан Нұршайықов «Журналистер – көреген халық. Аспандағы бүркіт жердегі қыбырлаған құмырсқаны көр­се, журналистер жұрт жүрегінің әр лүпілін сезеді де, жарыққа шы­ға­рып жария етеді» деген еді. Міне, Жолдасбектің экономиканы да, сая­сатты да көрегендігімен жаза біле­тіні оқырмандарын қызық­тыратын. Оның жазған материалдары мен кітаптары сонысымен құнды. Жол­дасбектің үшінші қырын айтар болсақ, ол тәжірибесі мол тәржімашы болатын. Сондықтан болар, Кремль төңірегіндегі тайталасты орыс­ша оқып, оны өз түсінігімен жа­зып шы­ғуы үлкен шеберлік еді. Жө­кең­­нің бұл еңбегі бүгінгі ұрпаққа ой салып, келе­шекте қоғам мұра­сына айна­лары бек мүмкін.

Алда Жолдасбек Ақсақалов жай­лы талай жақсы дүниелер жазы­ла­ры анық. Оны уақыт еншісіне қал­­дырдық.

Құрдасымның жаны жән­наттан бо­лып, Алланың нұрына бөленіп, Пай­ғамбарымыздың шапа­ғатына кене­ліп, топырағы торқа болсын дей­міз! Отының басына аманшылық, есен­дік тілейміз!

Кенжалы ЕРІМБЕТОВ,

Қазақстанның Құрметті журналисі, «Сыр медиа» ЖШС жанындағы ардагерлер ұйымының төрағасы