Өмір жолы өнеге

39

0

«Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, жас ұрпақтың қандай азамат болып қалыптасатыны мұғалімнің еңбегіне, педагогикалық шеберлігіне, шыдамдылығына, сондай-ақ өз жұмысына деген сүйіспеншілігіне байланысты.

Халқымыз ықылым заманнан ел жақсыларын ұстаз деп құрмет тұтқан. Ұрпақты білім нәрімен сусындатқан абзал жандарды осылай атаудың өзінде бір мән бар. Әкем Қуандық Ахметұлы – ұстаздық атты ұлы қызметті жанына жалау етіп, сүйіспеншілікпен бастаған ісін өмірлік мұратына айналдырған ел ардақтысы.

Ол мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан соң еңбекке ерте араласып, 1966 жылы мектеп жанынан құрылған бригадада күріш егіп мол өнімге қол жеткізді. Іске деген тиянақтылығы мен жауапкершілігін көрсетті. Екі жыл өндірісте табанды еңбек етіп, Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтына оқуға түскен. Еңбек жолын ауыл шаруашылығында бастағандықтан болар, қосымша зоотехник мамандығын да алды. Орынбор қаласындағы заң институтында және Қорқыт ата атындағы университеттің спорт бөлімінде білімін жетілдірді.

Әрдайым үйренсем, білсем деген ниетте жүреді. Қай уақытта, қандай жаста болса да білім алуға кеш емес деп ойлайды. Әскер қатарында жүргенде самбо күресімен шұғылданып, КСРО спорт шебері атанды. Оған дейін де еркін, қазақ күрестерінен спорт шеберіне үміткер болатын.

Қуандық Ахметұлы 1972 жылы 1 май орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті және тарих пәндерінің мұғалімі болып қызметтік жолына қадам басты. Білгенін, түйгенін, түйсінгенін алдына келген әрбір шәкірттің бойына сіңірді.

Сабақ бере жүріп, 1974-1986 жылдары комсомол ұйымының хатшысы міндетін қатар атқарды. Балаларды ерте жастан еңбекке баулу мақсатында ұстаз мектеп жанынан бригада құрып, 30 оқушыны мүше етіп, жүгері екті. Спорт үйірмесін ашуды ойдан шығармады.

Өмірінің 40 жылын спортқа арнап, шәкірт тәрбиелеп 10 спорт шебері, 30 спорт шеберіне үміткер, 100-ден астам І разрядты балуан дайындап шықты. Балалар спорт мектебінің директоры болып тағайындалды. Оған дейін мектеп үйірмесінде еркін, қазақ күрестерінен жаттықтырушы, Жалағаштағы спорт мектебінде бапкер болып қызмет атқарған еді. Қазақстан Республикасының Құрметті спорт қайраткері, Ұлттық олимпиадалық комитеттің алтын белгісімен марапатталған.

Білімді тәжірибемен ұштастырған, басқару жүйесін жетік білетін іскер маман әрдайым сұраныста болады және еліміздің спорт саласын өрістетуге тың идеялар қоса алады.

Әр бастамасының нәтижелі болуы оған жауаптылардың іс-әрекетінен көрінеді. Игілікті істердің ұйытқысы болып жүрген, пайым-парасатына жан сүйсінер ғибраты мол, спорт саласында қызмет атқарған Ахметұлы Қуандықтың өмірі мен еңбек жолы кейінгі ұрпаққа үлгі болсын деген ниетпен «Қазақстанның Алтын кітабы» энциклопедиясына енгізілген.

Лаура АХМЕТОВА,

М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің оқытушысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<