Өмірден көшсе де,көңілден өшпеген

1016

0

Наурыз – дәстүрлі қазақ қоғамының ұлыс күні, жыл басы. Демек, Наурыз елге тиесілі ең қасиетті мейрам. Наурыз мерекесі 1991 жылы 15 наурызда Қазақстан Президенті Жарлығының негізінде мемлекеттік мәртебеге ие болды. Ал 2009 жылдың 24 сәуірінде Елбасы Наурыз айының 21, 22, 23 күндерін «Наурыз мейрамы» деп жариялады. Осы әз Наурыз арнайы мәртебеге ие болмастан бұрын-ақ айрықша ықылас танытып, жылма-жыл өз мекемесі орналасқан аумаққа киіз үйлер тігіп, ардақты ағалары мен алтын құрсақ аналарын шақырып, дастархан жайып, наурызкөжеден дәм татқызуды айнымас дәстүріне енгізген, облыстық мәслихаттың депутаттығына қатарынан екі мәрте сайланған Тоғыс Жұмашов есімді ақберен азамат болған-ды. Дастархан үстінде өмірден өткен марқұмдарға құран бағышталушы еді.

Иә, елу үшінде, тау суындай тасқын­даған кезінде жол апатынан қапыда мерт болған Жұмашов Тоғыс Махамбетжанұлы кім еді? ­21-де жоғары білімді физик-математик маман­дығын алғаннан кейін он жылдай жауапты қызметтер атқарып, алқалы жиындарда аты аталғасын дау-дамайы көп «Қызылордаотынның» Аралдағы бөлімшесін басқару ұсынылады. Бұл –мызғымас деген одақтың шайқалып, ақыры тарап, өтпелі кезеңдегі нарықтық заманының тұсы еді. Қатты отын тапшы. Оны мұнда жеткізу үшін алдын ала төлем керек. Халық болса айлығын, жәрдемақысын уақытылы ала алмай отыр. Аралға жаны ашығансып бір пысықайдың әкелген жүз тонна көмірінің жарыға жуығы сусыма құм екен.

– Әй, жолдас! – депті оған Тоғыс мырзаңыз, – шегеқұм Аралдың өзінде жетіп артылады. Әкелсең, Қараған­дының тас көмірін әкел, әйтпесе Екібас­тұздың ұсақ, ұлпа, майда көміріне құм қосып әкелгеніңнің алды-арты осы болсын, – депті.

Бюджеттік мекемелердің де төлем қабілеті жоқтың қасы. Ал көмір ауадай қажет. Әйтеуір біреудің жұлқынып шығуы керек-ті. 31-дегі Тоғыс Жұмашов нар тәуекелге басып, баяғының батырларынша, Жанқожа батырдың жорықтас серігі, бесінші атасы Бекмырза ханның аруағына сыйынып, айбарлана іске кірісті дейсің!..

Арал мен Қарағанды арасы екі мың шақырымдай алшақ болса да ұшақпен, пойызбен, тіпті көлікпен жетіп барушы еді. Жұрттың «Тоғыс жүрген жері соғыс» деген сыпсыңдары да естілді. Онсыз бюрократия «қамалы» алынбайтын да еді. Қалай десең де, экологиялық аймақтың тиісті көмірі жан-жақтан вагон-вагонымен келіп жатты…

Енді бірде «Ортақ өгізден оңаша бұзау артық» дегендей, Тоғыс «Қызыл­орда­­отын­нан» бөлініп, өз алдына серіктестік құрыпты және Әйтеке би (Қазалы ауда­нының орталығы) мен Сексеуіл стансасынан филиалын ашыпты. Сөйтіп отыздай жерлесіне жұмыс тауып берді. Ойға-қырға жүгіріп, жүкті тиеу-түсіру техникаларының да орайын келтіріпті. Бір кездері сан түрлі проблемамен бетпе-бет келген «Аралотының» бұл күндері бюджетке жыл сайын 12 миллион теңгеден астам қаржы құятын дәрежеде деген сүйінші хабар дүңк етті.

– Ой-й, бәрекелді-ай! – дестік.

Оның іс-қимылына ел-жұрты құлақ түре бастады. Құрбан айтқа мешітте түйе сойыпты. Түйе болғанда нар екен. 600 кило таза ет беріпті. Соны мүмкіндігі шектеулі жандарға үлестіріпті. Жал­ғыз басты Ұсынадин мен Күнсұлу кейуананың үйлерін жөндеп беріп, күнделікті тұрмыстық қажетін өтеуді мойнына алыпты. Арал мен Қазалыдағы қарастығы жоқ жанұяларға 200 тонна көмірді тегін босатыпты. Жамбыл облысындағы зілзалаға, су тасқынына ұшырағандарға, жас таланттарға, спорт­шыларға, тағы-тағыларға қар­жы­лай қолдау жасапты… Ол – аудан­дағы қайырымдылық шаралардың тұңғыш ұйымдастырушысы, көш­бастар демеуші, үздік салық төлеуші, тәуелсіздіктің 10 жылдығы мерекелік медалімен марапатталған. Алатау баурайындағы жасыл шыршалардың шыбығын арнаулы машинамен алдырып, әуелі  оқыған мектебінің ауласына отыр­ғызғанын  айтсаңызшы… Бостандық күрескері Бекмырза ханға зәулім кесене тұрғызып, қытайдан мүсінін соқтырып, ескерткіш қойғанына қалай таңданбассың!

Ой-хой, халық бір қозғалса қоя ма, жақсыны осылай дабылдатты.

Республикалық «Егемен Қазақ­стан», облыстық «Сыр бойы» газет­теріндегі оның депутаттық парыз, қайырымдылық жайындағы ой орамдары, сұхбаттары оқырманның наза­рын аударды…

1998 жылдың көктемі-ау деймін. «Наурыз айының 21-де, сағат 12-00-де «Бекмырза хан ауылына келіңіздер» деген шақыру алдық. Ал ертеңі наурыздың 22-сі, үлкен Наурыз. Бұл қалай екен десек те бардық. Қатар-қатар киіз үйлер тігілген. Қазан-қазан наурызкөже асылған. Бас-көз болып, Би Фатимадай асыл жары Несібелі жүр. Абысын-келіндері жанында. Тілек айтылып, бата берілді. Бұл дәстүр жылма-жыл қайталанғасын сол 1998 жылдан бері  «Тоғыс-Наурыз» деп аталып келеді.

«Азырақ жүріп ортаңда, көңіліңде қалсам көбірек» деп Төлеген Айбергенов жырлағандай, қайран ер, 2009 жылдың маусымында көз жұмды. Бірақ ол көптің жүрегінде қалды. «Орнында бар оңалар» деген емес пе? Тоғыс бастаған салауатты істі аяулы ұлы, мамандығы заңгер Мейрамбек Жұмашов іле жалғастырып әкетті де, жұмысты Тоғыс Махамбетжанұлы Жұмашовты еске алуға арналған рес­публикалық бокс турнирін өткізу­ден бастады. Оған Қазақстанның бар­лық өңірінен 1996-1999 жылдары туған жасөспірімдер қатысты. Мұндай берекелі іс-шара әлі күнге қайталануда. Ал кәсіп жайына келсек, қызмет түрі көбейді, өнім мөлшері артты. Байланыс шеңбері ұлғайды. Заманауи технологиямен жабдықталған жаңа кірпіш зауытын салып, кірпіштің түр-түрін өндірудің өзі неге тұрады?

Қазақта «Жарлыға қарас, жәрдемі тиер әр жерде, жақсымен жанас, шарапаты тиер тар жерде» деген ғой, Мейрамбек Тоғысұлының облыс пен аудандардағы қайырымдылық шараларынан қалыс қалған жері жоқ. Арал мен Қазалыдағы «Мектепке жол» акциясына, мүгедек балалар мен тұрмысы төмен отбасы шәкірттерінің түрлі фестиваль, конкурс, мерекелерге қатысуын ынталандыруға, қарттарға, мешітке, мәдениет пен медицина саласына, Ғ.Мұратбаевтың 110 жылдығына, Жанқожа батыр тойына, Жақайым ата асына, Қазақ хандығының 550 жылдығына, Ақиректегі Арыстан баб рухына арнап кесене тұрғызуда, және-жәнелеріне қаржылай көмек қолын созумен келеді… Міне, әлгіде ғана аудандық «Толқын» газетінен оқыдым. 2017 жылдың қараша айында аудан намысын қорғайтын спортшыларды түгелдей арнайы спорттық киіммен жабдықтапты.

«Әке көрген оқ жонар» деген осы. М.Жұмашов «Ауданның үздік кәсіпкері», «Жастардың жанашыры» номинациясы бойынша марапатталуымен қатар, Елбасының алғыс хаты мен «Атамекен» палатасы марапатының иесі.

Марқұм Тоғыс  Жұмашов Қызылорда облыстық мәслихаттының ІІІ-IV шақы­ры­лым­­дарының депутаты болса, Мейрамбек Жұмашов осы мәслихаттың VI және VII шақыры­лымдарының депутаты. Демек, халық қалаулысының ұлы да халық қалау­лысы.

«Бақыт қонған ердің әрбір ісі оң болар» деп со-нау Бекмырза хан атасының ізімен келе жатқан ұрпақ сабақтастығына береке-бірлік тілеушілердің қатарында біз де бармыз. Наурыздың 21-жұлдызын, яғни «Тоғыс-Наурыздың» 23 жылдығы аталып  өтер күнді  асыға күтіп отырғанымызды да жасыра алмаймыз. Өйткені, сол күні айбозым азаматты еске алып, құран оқылып, бата қайырылады ғой!

Кел, төрлет, әз Наурыз!

Шәкірат ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ,

республикалық дәрежедегі

дербес зейнеткер.

Арал қаласы