Өнегелі өмір иесі

1355

0

Өзінің іскерлігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен, топ арасында тауып айтар ұтымды сөзі мен ойлы пікірі арқылы халық жадында қалған аяулы жанның бірі – Отан соғысының ардагері Тілеу Тотаев ағамыз. Ол кезінде облыстың бірнеше ауданында партия-кеңес және ауылшаруашылығында ұзақ жылдар еңбек етіп артында өшпес ізін қалдырған жанның бірі еді.

Тілекеңмен 70-жылдардың ортасында халық депутаттары аудандық Кеңесі атқару комитетінде қызметте жүргенде таныстық. Кабинетіміз де көрші болды. Тілеу ағамыз ол кезде аудандық мемлекеттік инспекцияның басшысы болатын. Қапсағай денелі, бойы ортадан жоғары қайратты шашан кері тараған Тілеу аған өмірден көргені мен түйгеі мол, ортасында сыйлы жан болды.

Кәмпеске, колхоздастыру кезеңі мен аштық пен қуғын сүргін, қанды соғыста етігімен су кешіп, шинель жамылып қар жастанған, соғыстан кейінгі  бірнеше жылдардан қиуы кеткен шаруашылық  тіршілігін жолға  қою үшін басы-қасында жүріп басшылық жасаған Тілекеңнің кейінгі буынға айтары көп жан болатын.

Т.Тотаев 1920 жылы Жайылма ауылында дүниеге келді. Жастық шағы 1930-1938 жылдар аралығындағы аштық пен  қуғын-сүргін кезеңімен тұспа тұс келді. Енді ғана оң-солын танып, атқа мінер шағында батыстан соғыс өрті бұрқ ете қалды. Біз соғыс қарсаңындағы ауыр жылдардағы ересектер мен  балалар өмірі мен тыныс тіршілігі туралы кітаптан оқып, кинодан көргеніміз болмаса білмейміз. Ал аштықты, қуғын-сүргінді басынан өткерген сол заманның балалары ерте есейді.

Тілекең Жаңақорғанда теміржол салынған, 1904-1910 жылдары Омар төренің демеушілігімен ашылған алғашқы мектепте оқып, жетіжылдық білім алады. Бұл мектепке кейін  белгілі ғалым  Мұхамеджан Қаратаевтың аты берілді. Ол мектепте жақсы оқып өзі қатарластарының алды болды.  Қоғамдық жұмыстарына белсене ат салысып, өмірге бейімділігімен көзге түседі. Жыл сайын оқушылардың жазғы демалысы кезінде ашылатын «Тау самалы» тынығу лагерінде пионер вожатый, тәрбиеші болып тынығушыларға жетекшілік қызмет атқарады. Өзінің жақсы оқуымен білім мен жаңалыққа деген ынтасының зорлығын, тапсырылған жұмыстарды дер кезінде орындап тастайтын елгезек бозбала басшылардың назарынан тыс қалмайды. Осылайша, Тілеу Тотаев 16 жасында аудандық комсомол комитетіне қызметке қабылданады.

1937-1940 жылдар жас кеңес өкіметіне өте ауыр кезең болды. Елдің шығысында  Халхин-Голда Манчжурия әскерлерімен, елдің солтүстігінде ақ финдермен ұрыс қызып жатты. Ал батыста Германия соғыс қауіпін тудырып тұрды. Мұның өзі елімізде экономикамызды көтеру, әлеуметтік даму процестерімен қатар болашақ соғысқа дайындықты күшейтуді талап етті.  

Фашистік Германия  1941 жылдың 22 маусымда КСРО шекарасын  тұтқиылдан бұзып кіргені мәлім. Отан соғысы басталды. Арада 3 ай өткенде Т.Тотаев та Қызыл әскер қатарына шақырылып, Ташкент қаласындағы артиллеристер училищесінде 6 ай оқиды. 1942 жылы кші командир шенімен Сталинград майданында зеңбірекші ретінде соғысқа араласты.

Тілеу бастаған зеңбірекшілер берілген бұйрықты бұлжытпай орындап қана қоймай, кейде снарядтары таусылғанда  жауынгерлерімен  майдан даласында қоян-қолтық  ұрыстарға  да жиі түсетін.  Ол осы майдан шебінде өзінің шапшаң әрі тез шешім шығара алатын озық ойлы командир екендігін  көрсетті. Ол сұрапыл соғыс арасында жүріп бірнеше рет жеңіл жараланса да далалық медпунктте емделіп, алғы шептен кетпеді. Арада жыл өте лейтенант шенінде атқыштар взводының, кейін  1944 жылы «аға лейтенант» шенінде рота командирі болып, 1945 жылы ерлік жолын Прагада жеңіспен аяқтады.

Сұрапыл соғыс барысында ерекше тактикалық айлаларды іске  асырып, снарядты тиімді пайдаланып, немістердің атыс нүктелерін жойғаны және жауынгерлерді жеңіске жетелегені үшін ол полктың ержүрек батыр жауынгерлерінің бірінен саналды. Аға лейтенант Тілеу Тотаевтың Отан қорғаудағы ерлік істері басшылық тарапынан лайықты бағасын алып, 1943 жылы «Ерлігі үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін» медалімен, ал 1944 жылы «Қызыл жұлдыз» орденін наградталды. Алғы шепте жүріп коммунистік партия қатарына алынды. Мұның өзі бір жағынан жас жігітті қайраттандыру болса, екінші жағынан Отанға деген, партияға деген сенімін күшейту болды. Жас офицер Польша мен Чехословакияны азат етуге қатысты. «Варшаваны азат еткені үшін», «Чехославакияны азат еткені үшін» медалін омырауына тақса, 1945 жылдың көктемінде оның кеудесінде «І-дәрежелі  Ұлы Отан соғысы» ордені жарқырады. 1946 жылы жас офицер елге оралды. Бірлік ауылының жас аруы Күлайша Бердіманқызымен отау көтерді. Бейбіт өмірдегі қызу еңбекке араласты. Іскер жас коммунисті аудандық партия комитеті жұмысқа қабылдады.   

Тілеу Тотаев майданнан оралған өз тұстастары секілді соғыстың зардаптарын жою және Сыр өңірінің экономикасын өркендету жолында қызмет етті. 1946 жылдың күзіне ол Қазалыдағы зооветеринарлық училищеге түсіп, оны 1948 жылы бітіріп шығады. Төменарық МТС-інде бас мал дәрігері болып жемісті еңбек ете бастады. 1950 жылы арнайы жолдамамен Сырдария ауданындағы 1-май атындағы кеңшарда, кейін біраз жыл Жалағаш ауданындағы Аққұм, Жаңаталап колхоздары басқармасында, Мәдениет кеңшарында басшылықта, аудандық партия комитетінің хатшысы  болып қызмет істеді. Оның сол жердегі жақсы істері жөнінде жалағаштық ағайындар осы күнге дейін айтып отырады.  

Ағамыз 1962 жылы туған ауданына оралып, «Талап» кеңшарының, 1967 жылдан Түгіскен массивіндегі  жаңадан бой көтерген Түгіскен совхозына партия комитетінің хатшысы болып қызмет атқарды. Бұрын күріш екпеген, мал баққан халық үшін кеңшарды құру және ондағы жұмыстарды қалыптастыру оңай іс емес. Инженерлік жүйеге келмеген жерлерге күріш егу мен баптау алғаш рет қолына кетпен ұстаған жандарды егіншілікке үйретуде Тілекең бастаған мамандар  қажырлылық танытып, шаруашылықтың ісі өрге басуына өз үлесін қосты. Түгіскен массивін игерудің алғашқы жылдарында жаңадан ашылған кеңшарларда адам  күші жетіспеді. Міне, осы кездері арасында Тілеу Тотаев бар, бір топ ауданның баскөтерер азаматтары сонау 30-жылдары аштықтан, репрессия жылдары жер ауып Өзбекстан мен Тәжікстан, Ауғанстанға  шекара асып кеткен қандастардың туған жерге оралуына көп күш салады. Осы үгіт-насихат жұмыстары кезінде Тілекеңнің тілге шешендігі, ұйымдастырушылық қабілеті жарқырай көрінді. Нәтижесінде өзге республикалар мен Түркістан (бұрынғы Шымкент) облысынан 1500-дей отбасы туған жерге оралды. Оларды жұмыспен қамту, әлеуметтік жағдайларын жақсарту сияқты мәселелерді шешу, тұрғын үйлермен қамтамасыз етуде  қыруар шаралар жүзеге асты.

Тілекең 1973 жылға дейін Түгіскен кеңшарының өсіп-өркендеуіне, ауыл тұрғындарының  ауыз біршілігінің артуына, татулығына өлшеусіз үлес қосты.  Тілеу Тотайұлы білікті маман, шебер ұйымдастырушы, ақылгөй азамат ретінде көпшіліктің есінде қалды. Тілекеңнің ұсынысымен 1971 жылы ауылдың 32 қыз-келіншегі  техниканы меңгеріп, трактор мен автомашина руліне, комбайн штурвалына отырды. Солардың бірі Айша Наубаева  қостанайлық Кәмшат Дөненбаева апасынан қалмай  К-700  алып тракорының руліне отырып, ширек ғасыр табысты еңбек етті.

  Т.Тотаевтың Түгіскен тыңын игеру саласындағы еңбегі ескеріліп, облыс, аудан басшылығы тарапынан түрлі марапаттарға ие болды. Қай салада  болмасын  абыройлы қызмет етіп,  өз ісін зор жауапкершілікпен атқарғаны үшін Жаңақорған ауданының «Құрметті азаматы» деген атаққа ие болды.

Ол 1973-1990 жылдар аралығында ауданда ауылшаруашылық өнімдерінің сапасын тексеру инспекциясы басшысы қызметін абыроймен  атқарып, зейнеткерлікке шықты. Қай салада  болмасын  абыройлы қызмет етіп,  өз ісін зор жауапкершілікпен атқарғаны үшін Жаңақорған ауданының «Құрметті азаматы» деген атаққа ие болды.

   Зейнетке шыққаннан кейін де қоғамдық жұмыстарға белсенді араласқан Тілекең Түркістан, Созақ, Жаңақорған, Қызылорда аралығындағы ағайынмен бірлесіп ежелгі Сығанақ қаласы орнында  «Сунақ Ата»   кесенесін салуды ұйымдастырып, соның басында жүрді. Тілеу Тотаев 1993 жылы ауыр науқастан өмірден озды. Қазіргі таңда аудан орталығындағы абаттандырылған көшенің бірі Тілеу Тотаевтың есімімен аталады.

Тілеу Тотайұлы мен Күлайша Бердіманқызы 9 ұл-қызынан тараған ұрпақтары бүгінде үлкен әулетке айналды. Перзенттері жоғары білімді,  еліміздің түкпір-түкпірінде әр салада тәуелсіз еліміздің дамуына өз үлестерін қосып келеді.

  Тілекең білікті байсалды басшы болумен қатар ұтымды сөздерімен, әзілдерімен де ел есінде қалды. Жалағаш Шиелі, Сырдария ауданы мен Жаңақорғанның Талап, Түгіскен ауылдарында «Тілекең айтқан» деген сөздері мен әзіл әңгімелері әлі күнге айтылады. Осыдан ақ, жақсы адамның артынан жақсы сөз қалады дегенді түсінгендей болдық.

Ерубай ҚАЛДЫБЕК,

Жаңақорған ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<