Өшпес ерлік

1220

0

Антына

адал азамат

Түріктерде «Жақсы жігіт ерлік істейді, жаман жігіт қылмыс істейді» деген нақыл сөз бар. Бауыржан Момышұлының «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деген қанатты сөздері тағы бар. «Ерлік – елдің қасиеті, жүректілік – жігіттің қасиеті» – дейді дана қазақ. Талғат қаза болғаннан кейін оның ата-анасын қалай жұбатуды, қандай жылы сөздер айтуды білмедік. Өмірде ата-аналарына абырой әпермейтін балалар мас күйінде төбелес немесе автокөлік апатынан қаза болады, болмашы  нәрсеге ренжіп, өзіне-өзі қол жұмсайды. Сөйтіп ата-аналарын тірілей көрге сүйрейді. Оның  қасында Талғат нағыз батыр, адамды қорғап, өзін осы жолда құрбан етті. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің хадисінде төмендегі жолдар бар екен: «Кімде-кім Отанын, отбасын, мал-мүлкін, өзінің ар-намысын қорғау жолында қаза болса, ол шаһидтер қатарына жатқызылады. О дүниеге барған басқа пенделер сияқты Барзақ әлеміне бармайды, яғни пайғамбарлармен, Алла таға­ла жолында өлгендермен бірге жұ­маққа барады. Бір адамды өлімнен құтқарған адам бүкіл адамзатты  құтқарғандай сауап алады».

Қазір айтылып жүрген, ұлттық рух пен ұлттық патриотизм – бұл ұлттың ішіндегі жеке адамның асыл белгісі мен қасиеті. Талғат та қызметтік міндеттерін адал ат­қарып, сол жолда ерлікпен мерт болды. Берген антына соңына де­йін адалдық танытты. Оның ерлігі мен көрсеткен қайсарлығына, тағ­зым етеміз. Азаматтарды қорғау жо­лында өмірін қиған әрбір әріп­те­сіміздің атын құрмет тұту – біз­дің парызымыз. Ол өзіне Пре­зидент, мемлекет тапсырған мін­­детіне зор жауапкершілікпен қа­­ра­ды. Ержүректігі мен та­бан­ды­лығы, азаматтығы көпте­ген қыз­меткерлерге үлгі болды, әлі болады да. Ерлігі жас қызмет­керлерді пат­риоттық рухта, отансүйгіштікке тәрбиелеуге мол үлес қосып, іш­кі істер органдарының даңқты дәстүрлерін сақтауға, жалғастыруға жетелейді. 

Қайта жанған

шырақ

Әлі үйленіп те үлгірмеген, ата-анасының жалғыз тұяғы – жиырма бестегі Талғат бұл дүниеден ұр­пақсыз кете барды. Артында егде жасқа келген анасы  Шынар жеңгей мен әкесі Есентай аға қалды. Бұ­рынғы жаугершілік заманда дала­ның жазылмаған заңы бойынша атадан жалғыз қалған ер баланың сол құлағының сырғалығына бір, ал бүкіл әулеттен қалған жалғыз баланың құлағына қатарынан қос сырға тағылады екен. Жау­мен болатын қанды шайқас ал­дын­да сап түзеген сарбаздарға қол­ба­сылар «түзел!» деп берілген бұйрық ар­қылы атадан, әулеттен қалған жалғыз жауынгерлерді құла­ғына тағылған сырғасы арқы­лы тануға мүмкіндік беріп, қан майданда  оларды басқалардан ажы­рату, қауіпті жорықтарға, тап­сыр­маларға жұмсамай, босатып, оларды шаңырақтың жалғыз заң­ды иесі, отын түтетуші, ұрпақ жалғастырушы ретінде бағалап, бүкіл ондық, жүздік, мыңдыққа қорғауды тапсырады екен. Оларды бастапқыда қосалқы топта ұстап, қан майданға басқа сарбаздардың қатары сиреген кезде ең соңғы кезекте кіргізеді, ондай кезде олар­дың өмірін сақтап қалуға аса мән беріледі екен. Алла Тағала өзінің сүйікті құлдарын сынау үшін оған жүк артады дейді. Сондай жүк Есағаңа да артылған екен.

Енді мақаламыздың соңында қуанышты бөлігіне көшсек. Талғат тірісінде үйленіп, әке-шешесі келін түсіріп үлгірмеді. Мақаламыздың ортасында біз Талғаттың Алмат ұлы  туралы жазғанбыз. Кейіннен үзілген үміт қайта жалғасты, өшкен шырақ қайта жанды. Ата-аналарының жалғыз ұлдан тұяқ, ұрпақ қалмады… деген үміт шы­рағы қайта жанып, кешікпей қуа­нышты хабар да келді. Пав­лодарда Талғаттың қызмет істе­ген уақытында жалдап тұрған пә­терінің иесі, жақсы көрген әжеміз қайғылы қа­заға ұшыра­ғанын теледидар ар­қы­лы естіп, оның студенттік дос­тары арқылы әке-шешесімен ха­­барласып, Қозыбаевтар әулетінің болашақ мұрагері, олардың неме­ресі өсіп келе жатқандығы туралы қуанышты хабар айтқан. Сөйтіп Есентай аға мен Шынар жеңгей Талғаттың тірісінде Қарағандыда оқып жүргенде бірін-бірі сүйіп, көңілдері жарасып, бірақ неке қиып үлгірмеген құрбысын, өзде­рінің келінін және ол арқылы немересі Алматты тапты. Тал­ғаттың әке-шешесін қазақи дәстү­рімен қабылдаған келін басында олардың өзімен бірге тұрғанын қалаған. Бірақ Есағаң мен жеңгей ыңғай білдірмегесін Алматты ертіп жіберіп, өзі кейін Сыр еліне келетіндігін айтады. Артынша Мәскеуге ағасына барған керекулік ару жол-көлік оқиғасынан қайғылы қазаға ұшырады. Тірісінде қосы­ла алмай кеткен сүйген жары Тал­ғаттың әке-шешесіне жетіп, оның ұрпағы Алматты бірге тәрбиелеп, сөнген отты қайта жандырып, сол отбасында қалам деп Сыр еліне асыққанымен ол арманына жете алмады. Бұл дүниеде тағдырлары қосылмаған ғашық жүректер о дүниеде қосылған болар… Қандай ауыр, қайғылы тағдыр десеңізші?!

Талғаттың сыныптас достары­ның айтуынша, ол болашақ ұл баласын Алмат деп атауды арман­дапты. Кішкентай кезінде «папам қашан келеді?» дейтін. Үлкейгенде полиция қызметкері болуды арман­дайтын. Бірақ оның бұл ойына әжесі қарсы болады. Кейін әкесінің келмейтінін түсінген болар, ата-әжесін мазалауды қойды. Ол өте ақылды, сезімтал бала болып өсті. Алмат атасы мен әжесіне, бізге өзінің қылықтары арқылы Тал­ғаттың кішкентай кезін еске түсі­ретін. Сол Алматымыз – әкесі Талғат Қозыбаевтың атымен атал­ған орта мектепті жақсы баға­мен аяқтап, қазір ҚР Ішкі істер ми­нистрлігі Қарағанды Заң акаде­миясының үшінші курс тың­дау­шысы. Сабағы, тәртібі өте жақ­сы. Тоқсан сайын Қозыбаевтар ака­демия басшылығынан алғыс хат­тар алады. Келешекте оның әділ, білікті, жақсы маман болып, Қа­зақстан Республикасының Конс­титуциясын, заңнамасын қатаң сақ­­тап, мемлекет мүддесін, мүлкін, адам мен азаматтың құқықтары мен бос­тандықтарын адал қорғай­тынына сенімдімін.

Қонақ

арылмайтын

отбасы

Есағаңның үйі үнемі қонақтан арылмайды. Ағайындар, Талғаттың достары, әріптестері, курстас дос­тары, журналистер, мемлекет, қо­ғам қайраткерлері, Нұр-Сұлтан, Алматыдан келетін ресми адамдар және т.б. Өткен жылы отбасында облысымызға гастрольмен келген жастарды әскери-патриоттық тәр­бие беруді насихаттап жүрген Ұлттық Ұлан әскери оркестрінің басшылары болды. Бірақ Талғаттың орны бос қой. Ол кісілерге сәлем беріп барсаң, соған қуанады. Иә, Талғат біздің есімізде мәңгі жасы жиырма бестегі, жас полиция лейтенанты болып қала береді. Ен­дігі бізге керегі – Талғатқа құран бағыштап, оны еске алу шараларын өткізу. Оның жетпегеніне баласы Алмат, әке-шешесі жетсін демекпіз.

Хұсайын ҚОРАЗБАЕВ,

Қазақстан Заңгерлер және Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облыстық  полиция  департаментінің

бөлім басшысы, полиция полковнигі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<