От пен оқтан оралған менің әкем…

1027

0

9-мамыр Жеңіс мерекесінің қарсаңында Мойнақ аулында дүркіреген той болатын. Соғыс ардагерлерінің үйінде мал сойылып, дастархан жайылып , ардагерлер майдандағы ерліктерін айтып, қауқылдасып бас қосатын. Ол кезде соғыс ардагерлерінің қатарының сиремеген кезі.

Жеңіс мерекесіне міндетті түрде соғыс ардагерлерін мектепке шақырып, кездесу өткізіледі. Ардагер ағалардың  қатарында Сапаров Үмбетәлі, Бұхарбаев Шыман, Сермағанбетов Амандос, Махамбетов Әуесхан және менің әкем Есетов Шапқын да бар. Олар ұрыс даласындағы жанкешті қиын оқиғаларын әңгімелегенде арқалары қозып, тіпті іс-қимылдарын сол сәттегідей көрсеткендерін өздері де байқамайтын еді. Ол да заңдылық сияқты. Себебі, олар соғыстың тірі куәгерлері емес пе?! Ал біз болсақ, соғыс ардагерлерінің әңгімелерін ұйып тыңдап, қатты әсерде болатынбыз. Біраз уақытқа дейін ағаларымыздың әңгімелері санамызда сақталып, сыныптағы зерек балалар қызық тұстарын қайталап айтып, қалғандарымыз соның жанына топтаса қалып тыңдайтынбыз.

Менің әкем Есетов Шапқын 1913-жылы Қаратерең ауылдық кеңесі, қазіргі Жаңақұрылыс жерінде дүниеге келген. 1942 – 1945-жылдар аралығында соғысты Украина жерінен бастап, Германиядан аяқтады. Қан майданнан аман-есен оралып, 71 жыл ғұмыр кешіп, 1984-жылы  қайтыс болды. «Германияны жеңгені үшін», «СССР қарулы күштерінің 50 жылдығы» , «Ұлы Жеңіске 20 жыл» медальдары бүгінде әкемнен қалған жәдігер.

Әкем бала кезімде маған өзінің соғыстағы басынан кешкен оқиғалары туралы әңгімелерін былай сабақтайтын. 

«1942-жылдың мамыр айында мені әскерге шақырды. Екі айдай әскери өнерге машықтанған соң, бізді қызыл вагонмен батысқа қарай алып кетті. Қанша жүргеніміз есімде жоқ, Украина майданының  артиллерия әскерінің №71795 бөлімшесіне түстім. Бұрынғыдай елдегідей жайбарақат емеспіз, уақытпен санаспайсың. Өмір мен өлім арпалысы. Ойымызда Отан қоғауға деген сенім, жауға деген өшпенділік, қайтсек те жауды жеңіп, туған жерімізге жеңіспен ораламыз деген сенімділік бар. Әдепкі кезде зуылдаған оқ пен айналадағы тұманданған көк түтін адамның бойына үрей ұялатып, қорқынышты құбыжықтай көрінетін. Бара-бара барлық қорқыныштар артта қалды. Майданның қатал тәртібіне де қалыптастық. Соғыстың қиындығына да бойымыз үйренді.  Біраз уақыт өткен соң бір-бірімізбен жақын танысып, әркім өз ыңғайына қарай дос таба бастадық. Жаудың танкілері, жаяу әскерлері шабуылдаған кезде біз де аянбаймыз. Екі жақтан зуылдаған оқтар адамның төбе құйқасын шымырлатады. Әйтеуір , қарап жатқан ешкім жоқ. Біздің артиллеристердің міндеті – алға адымдаған жаяу әскер мен танк бөлімшесін қорғап, жау танкілері мен бронотехникаларын нысанаға алып, зеңбірекпен атқылау. Артиллерияның да өз қиындықтары жетерлік. Салмақты оқталған зеңбіректі сүйреп, бір жерден екінші жерге көшіру төрт адамның міндеті. Оның үстіне Украина жерінің батпағы табанға жабысып, алға адымдауға кедергі келтіріп жатады. Жан алысып, жан беріскен қанды ұрыстар майданда жиі болып тұрады. Жан-жағымыздан зуылдаған зеңбірек оқтары, ыңырсыған жаралылар, көз алдымызда оққа ұшқан жауынгерлер майдан даласының көрінісі. Сөйтіп, қан майданға барғанымызға үш жыл зуылдап өте шықты.

Мен өзім хат танымаймын. Елде молдадан аздап сауат алғанмын. Ол сауатым елге хат жазып, хабар алысуға жарамайды. Сондай кезде қасымдағы татар жолдасым көмекке келетін еді. Елден хат-хабар алысып тұруға соның көмегі көп тиді. Адам қиын-қыстау, етігімен су кешіп, бір окопта бір үзім нанды бөліскен кезде туыстай болып кетесің.  Сол татар досым екеуіміздің жұбымыз еш жазылмайтын. Кейде ұрыс басылып, тыныштық орнаған кезде темекімізді хошқыртып отырып  екеуміз елдегі әке-шешемізді, бауырларымызды, туған-туыс, дос-жарандарымызды еске түсіріп, көңіліміз босап, елге деген сағынышқа ерік беретін кездеріміз болатын.
Сондай кездердің бірінде татар досым : «Шәке, осы соғысты аяқтап, жеңіспен елге жетсек, мен саған қарындасымды беріп, күйеу қыламын»,-деп қалжыңдайтын. Қайран, сол досым кезекті үлкен ұрыста дәл көз алдымда қаза тапты. Кеудесіне тиген снаряд жанды жеріне тиген екен. Досымның кеудесін құшақтап біраз жыладым. Алланың ісіне шарам бар ма?! Қолымнан келгенше арулап, соңғы сапарға шығарып салдым.»

Осы әңгімесін айтып болды да, әкем майдандас жолдасын еске түсіріп, көзін бір нүктеден алмай ұзақ ойланып кетті.

Бала кезімнен әкемнің оң жақ бүйірінде үлкен тыртық барын білетінмін. Білуге деген құмарлығым оянып, әкемнің сол тыртығының сырын сұрадым. Әкем ұзақ ойланып отырып,  әңгімесін жалғастырды : «Балам, қанды қырғында көп жағдай болады. 1944-жылдың күз айы. Кезекті фашистермен ұрыс кезі. Екі жақтың әскерлері де жан алысып, жан берісіп ұрысып жатырмыз.  Дала көк түтінге оранған. Гүрсілдеген зеңбіректерден ұшқан снарядтар аяғымыздың астына келіп жарылады. Сондай кезде гүрс етіп жанымнан снарядтың жарылғаны есімде. Ол бәлең жарылса, жүз метр жерді бір-ақ қамтиды. Есімді жисам, әскери госпитальда жатырмын. Айналамда ыңырсыған жаралылар. Оң жақ бүйірімнің сыздағанын сеземін, денемді қозғалтуға дәрмен жоқ. Жанымды көзімнің ұшына көрсетіп ауыртып барады. Қасыма жақындаған әскери дәрігерден бұл жерге қалай түскенімді сұрағанымда, ол снаряд жарқыншағының  оң бүйірімді жұлып әкеткені, соның салдарынан ішек-қарнымның атқарылып қалғанын айтты. Көрер жарығым бар екен.  Құдай сақтап, әскери дәрігерлердің жедел қимылының арқасында аман қалыппын.
Госпитальда алты ай емделіп, 1945-жылдың көктемінде ұрысқа қайта аттандым. Көп ұзамай, 9-мамырда Жеңіс деген хабар естідік. Танитын да, танымайтын да солдаттар бір-бірімізді құшақтап жатырмыз. Біреулер бөркін аспанға атса, бір топ солдаттар командирді допша аспанға лақтырады. Винтовкалардан әуеге оқ атып жатқандар да бар. Қуаныш сезімі бойымызға ерік берер емес. Жеңіс! Жеңіс! Біз жеңдік! Солдаттардың қуанышты дауыстарынан дала күңіреніп кетті. Не керек, солдаттар мәз-мейрам болдық та қалдық.
1945-жылдың  9-мамырында соғыс аяқталғанымен, совет шекарасында әлі де  қауіптің сейілмеген кезі. Сол себептен бізді әскери басшыларымыз бес айға әскерде  қалдыруға бұйрық берді. «Қырық жыл қырғын болса да ажалы жетпей ер өлмес»-деген. Сол жылдың қазан айында елге аман-есен оралдым.»

Соғыстан кейінгі жылдары елдің  жағдайы әлі мәз емес еді. Ел экономикасын соғыстан кейін қалпына келтіру кезеңі. Әкем өзі туып- өскен, соғысқа дейін еңбек еткен Жаңақұрылыс колхозында ауыл шаруашылығының әр саласында туған жерін коркейтуге бар күш–жігерін салды. Ол кезде әлі техниканың ауыл шаруашылығында дамымаған кезі. Шаруашылықтағы жұмыстардың барлығы қолмен атқарылды. Егін даласын суландыру үшін  канал қазуға, құрылыстар салуға атсалысты. Еңбек жолы 1957-жылдан бастап жаңадан құрылған  Приарал совхозының 3-фермасында шопан болумен өріледі.  Сол кездегі «Қой басын 50 миллионға жеткізейік!» ұраны және КПСС-тің 5 жылдық жоспарларының орындалуына маңдай терін төгіп, қажырлы еңбегімен үлес қосты. Еңбегі еленіп, мал басын жүз пайызға аман сақтап, төлдің көбеюіне үлес қосқаны үшін, бірнеше мәрте ауданның, облыстың «Құрмет грамоталарымен» марапатталды.

1973 жылы көп жылғы мал шаруашылығы саласындағы еңбегі, төккен терің қарымтасы-зейнетке шығып  Мойнақ бөлімшесіне қоныс тепті. Әкем өмірде ақ көңіл аңғалдау  адам болған, осы қасиеттерін пайдаланатын  құрдастары мен нағашылы-жиенді тұстастарының  қызықты күкілі әңгімелері ел аузында әлі күнге дейін айтылып жүр. Ол бөлек әңгіме.

Әкем соғыстан оралған соң Асан-Матығұлдың Тоғыс руының қызы Бибіхан Қолдасбай қызымен бас қосып өмірдің қиын да қызық сәттерін бірге өткізіп, соңғы күндеріне дейін тату-тәтті өмір сүрді. Анамды 2006 жылы сексен жасқа қараған шағында арулап соңғы сапарға шығарып салдық.

Осы жолдардың авторы мен шал мен кемпірдің ұлы да, қызы да бір сөзбен айтқанда жалғыз сүйенері болдым. Жеңгелеріме рақмет, атымды атамайды. «Қайнағаның баласы», болмаса мамандығыма байланысты «ағаймын».

Ұлы Жеңіске 76 жыл! Кешегі біз көрген, әңгімесін тыңдаған ардагер ағалардың келместің кемесіне мініп кеткені қаншама, тіпті жоқтың қасы. Олардың өз аузымен айтқан ерлікке толы естеліктері біздің жадымызда сақтаулы. Кейінгі ұрпақ соғысты көрмедік. Алла бетін әрмен қылсын. Өзімізден кейінгі ұрпақтарға соғыстың тірі куәгерлерінен естіген әңгімелерімізді санасына жеткізіп, Отансүйгіштікке, ерлікке тағзым етуге тәрбиелеу – басты парызымыз.


Марат ШАПҚЫНҰЛЫ,

Арал ауданы,

Аралқұм ауылы




 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<