Бүгінгі күні Сырдария ауданының қасиетті төрінде бір орынның босап қалғанын көзімізбен көріп, көңілімізбен сезінудеміз. Ол орын осыдан қырық күн бұрын бақилық сапарға аттанған Ұлы Отан соғысының сарбазы, ішкі істер саласының полковнигі, тәртіп сақтаудың сардары, «Сырдария ауданының құрметті азаматы», батагөй ақсақалымыз Маханбет Бержановқа тиесілі болатын. Майдангер Маханбет Бержановтың өзі өмірден өтсе де, артында өшпес ізі қалды. Ол құрметтеуге лайықты қайраткер-тұлғаның нағыз өзі еді.
Өмірде талай адаммен қызметтес боласың, жақсы мен жаманды көресің, тыңдайсың. Дегенмен, бәрі есте қала бермейді. Осы ретте, өмір өткелінде таныс болған адамдардың көпшілігі бүгінде ұмыт болғаны жасырын емес. Олардың аздағаны жадыңда, санаулысы ғана санаңда. Сол санаулылардың бірі де бірегейі, өнегелі өмір иесі Маханбет аға еді.
Майдангер Маханбет Бержановты жақынырақ танығаныма, көргеніме, білгеніме жарты ғасырдан астам уақыт болыпты. Мен ауылдан аудан орталығына қызметке ауысып келгенімде Махаң аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары екен. Аудандық партия комитетінің қызметкері ретінде ол кісімен жиі кездесіп, жұмыс барысымен араласып тұруыма тура келді. Ол кісінің сөзінен, жүріс-тұрысынан, өзін-өзі ұстауынан нағыз тәртіптің адамы екені анық та айқын аңғарылатын. Ол кезде ішкі істер бөлімінде қазіргідей бірінші, екінші орынбасар деген болмайтын. Жалғыз орынбасар ол Маханбет Бержанов еді.
Сол кездегі аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы қартаңдау, жүріс-тұрысы баяулау, зейнет демалысын күтіп жүрген подполковник болатын. Сондықтан ішкі істер бөлімінің ішкі және сыртқы тірлігінде әркез орынбасар Махаң жүретін. Біз ол кісінің өз мекемесінің жұмысын жете білетіндігіне тәнті болатынбыз. Жиналыстарда сала жұмысын терең баяндайтынына, қоғам мүддесін жанашырлықпен қорғайтынына куә болушы едік. Махаңның ерекше бір қасиеті бастықтарға жеке қабылдаулар мен жиналыстарда өз пікірін ашық, батыл айта алатындығында еді. Өз мүддесін қызметтен ешқашан жоғары қоймайтын. Ортақ абырой үшін азаматтық ұстанымын қай кезде де еркін жеткізе білетін.
Біз қызмет еткен жылдары ауданның құқық қорғау саласында қазіргідей екі қабатты үлкен кеңсе, жүздеген қызметкер, көлік мінген тәртіп сақшылары болған жоқ. Аудандық ішкі істер бөлімінің кеңсесі Тереңөзектегі қазіргі «Парасат алаңы» аумағында орналасқан төрт-бес бөлмелі жер үй еді. Ескілеу көлік бастықта ғана болатын. Ол да бір күн жүрсе, бір күн бұзылып қалады. Жұмыс көлемі қазіргіден кем емес. Тәртіп те, жауапкершілік те жоғары. Бірақ, Махаңдар қолда бар мүмкіндікті тиімді, ұтымды пайдаланып, аудандағы қоғамдық-саяси ахуалдың қалыпты болуы үшін бар күш-жігерін жұмсады. Қызметкерлер тобының шағындығына, көлікпен қамтамасыз етілмеуіне қарамастан, ауданда тәртіптің сақталуына, халық тыныштығының қамтамасыз етілуіне қол жеткізді. Бұл еңбек еленді, көп өтпей ол кісі Тереңөзек ауданында жүргізілген белсенді, осы жұмыстардың нәтижесінде Махаң Қармақшы аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы қызметіне тағайындалды. Ол ауданда да беріле жұмыс істеуі арқылы қол жеткізген абыройлы істерін алыстан естіп жаттық. Әркез «біздің ауданның мақтанышы» деп айтып, үлгі тұтып жүретінбіз. Негізі Маханбет ағаны біздің ауданымыздың шын патриоты десек, қателеспейміз. Оған майдангер ағаның өнегелі өмірінен көп мысал келтіруге болады. Мәселен, кейбір бастықтар әдетте зейнет демалысына шыққаннан кейін үлкен қалаларды саялап, ел аралауды жоспарлайды. Бірақ, біз білетін Маханбет аға олай істемеді. Қай кезде де ауданнан табылды, туған жерден алысқа ұзамады. Тіпті еңбек демалысында жүрсе де, ауданның тазалығына, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне шынайы жанашырлықпен қарайтын. Ал зейнет демалысына шыққан соң ауданның зиялысы, құрметтісі атанды.
Басшылықтың тапсырмасымен, үлкен сенімімен Маханбет Бержановтың Қармақшы ауданына қызмет ауыстырған кезі әлі есімізде. Көпшілік қызмет бабымен көршілес ауданға қоныс аударған ол кісіні үйін сатады деп ойлаған болатын. Бірақ, Махаң жеке үйін сатпады. Оның себебін ауданға, тереңөзектік жерлестеріне қимастық және құрмет сезімімен байланыстыруға болады. Өзі де кейін Тереңөзекке полковник шенімен қайтадан келді.
Жеңіс туын желбіретіп, ұрпаққа бейбіт күн сыйлап, жұмыста абырой биігіне көтерілген майдангер Маханбет Бержанов Қармақшыдан Тереңөзек ауданына қайта оралғанда ерекше қуандық. Ол кісі ақсақалдар тобын толықтырды. Көпшілік жиындарда төрдегі бір орынды Махаң үшін ұстап отыратын болдық. Ардақты аға өзінің саналы, ғибратты ғұмырында ауданның қоғамдық өміріне белсене араласты. Аудандық ардагерлер кеңесі мен алқасының мүшесі ретінде қарттарды, әсіресе соғыс және тыл ардагерлерін әлеуметтік қолдау мәселелерін көтеріп, оңтайлы шешілуіне көп көмек жасады. Жұртшылықпен кездесуде өткені мен бастан кешкені жайлы тағылымды естеліктерін әсерлі етіп айтушы еді. Соның бірде-бірінде жеке басын дәріптеген сөзін естімеппіз. Ол кісінің елге жасаған еңбегіне орай аудан басшылары әрбір мереке сайын құттықтап, батасын алатын. Бұл қалыптасқан дәстүрге айналған да еді. Өзінің еңбегін, ерлігін айтып, құрмет дәмету Махаңның болмыс-бітіміне мүлдем жат болатын. Ол турашыл, әділ, жан дүниесі таза азамат ретінде бізге үлгі-өнеге көрсетті. Ардагер «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағына ұсынылғанда комиссия мүшелері атақтың Маханбет Бержановқа берілуін бірауыздан қолдағанын, нағыз лайықты кісі екенін жарыса айтқанын көзімізбен көрдік. Бұл елдің ыстық ықыласы, жерлестерінің шынайы құрметі деп қабылдадық. Өзі де сол құрметке әбден лайықты еді.
Мәңгілік Жаратушыға ғана тән. Басқамызға өлшеулі өмір берілген. Ғасырға жуық мәнді де мазмұнды өмір сүрген, елге жасаған еңбегімен ел есінде қалған, «Дүниенің бәлесі мен жамандығынан сақта!» деп бата беретін абзал ағамыз бүгін ортамызда жоқ. Бір жұбаныш, артында шаңырақ ошағының отын сөндірмейтін, ізгілікті ісін жалғастыратын өнегелі, ұлағатты ұрпақ қалды. Жақсы өмір сүріп, жақсы қартайып, артына тек жақсы істер мен өнеге қалдырған Маханбет ағаның топырағы торқа, пейішке барар жолы нұрлы, мәңгілік мекені жұмақ болсын деп тілейміз!
Хайролла ӘБЕНҰЛЫ,
Сырдария аудандық ардагерлер
кеңесінің төрағасы,
«Сырдария ауданының
Құрметті азаматы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<