Отыз бес жыл шырқалған әуен

2113

0

Әнші-композитор, ғалым-ұстаз Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің доценті Сауран Елеуов – ерекше тұлға. «Сен» деп біреуді артқа тартпайтын, «мен» деп біреудің алдына шықпайтын қарапайым болмыс иесі.

Мені осы бір тұлғамен етене жақын еткен оның ­«Апа­тайым-анашым» деп аталатын әні болатын. Біз оқыған ауылдық орта мектепте бұл әнді шыр­қамайтын бала кемде-кем еді. 8 наурызға арналған класс сағаттарында, мектепішілік мерекелерде хормен де, жеке орындауда да айтылатын. Әннің бір жақсы тұсы, ол балалардың, әсіресе төменгі класс оқушыларының үйренуіне, сазын, сөзін жаттап алуына оңай еді. Әрине, ол кезде өзіміз сүйіп шыр­қайтын сол әсем әнді кім шығарды екен деп аса ойлана қоймағанымыз рас. Себебі ән бізге Шәмші, Ескендір секілді аңыз адамдардың бірінікі тәрізді сезілетін.

Жоғары класта оқып жүрген күндеріміздің бірінде мектебіміз дүрлігіп мерекеге дайындалып жатты. Күткеніміз халық ақыны Манап Көкенов, ақын Адырбек Сопыбеков, әнші-композитор Бексұлтан Байкенжеев болатын. Оқушы болсақ та ол кісілердің атына қанық едік. Бір кезде… күткен адамдарымыз оқушылар жиналған залға сәнімен, салтанатымен кіріп келді. Араларында бізге таныс емес, толқынданған қалың қара шашы өң-жүзіне ерекше жарасатын, мұрты қияқтанған, көзі күлімдеген бір жігіт бар екен. Таныс кісілерден соң кезек алған жас жігіт әнді домбырамен де, баянмен де арқалана шырқап, бәрімізді таң-тамаша қалдырды. Дау­сы біз естіп жүргендерден ерекше. Ұстазы Бексұлтан Байкенжеев екеуі кезек-кезек әуелеткенде орнымызда отыра алмай, біз де қызынып кеттік. Баяғылардың «алты қырдың астынан естіледі» дегені осындай дауыстар шығар-ау. Манап атаның суырыпсалма өлеңдерін, Адырбек ақынның арқыраған жырларын қалай ұмытарсың?! Бәрінен бұрын сол күні алдымызда тұрған өзіміздің бала кезімізден шырқап келе жатқан «Апатайым-анашым» әнінің композиторы екенін біліп, ерекше бір толқыныста болдық. Сахнада рухтанып кететін, былайғы уақытта жусаннан аласа жас жігітке таңырқай қарағанымыз әлі көз алдымда. 

Алайда, мен бүгінде ­С.Елеуов­тің әндері дүйім елдің аузына көшіп, өз деңгейіндегі бағасын алды деп ойламаймын. Оның өзіндік себептері де бар. Бұл енді мүлде танылмай, орындалмай жүр деген сөз емес.

Композитордың «Апатайым анашым», «Бесік жыры», «Жұлдызым», «Айналайын», «Армысыңдар, адамдар», «Туған жер», «Айдында жүзген аққулар», «Домбыра сазы», «Түркістан», т.б. әндері қазақ радиосы мен теледидарында орындалып жүр. Бір топ әндері таңдамалы әндер жинағына енсе, енді бір топ әндері нотасымен «Сыр әуендері» (1991), «Айдында жүзген аққулар» (1996), «Түркістан» (2000) «Апатайым-­анашым» (2011) деген атпен кітап болып  шықты.

С.Елеуов әндерінің өзіндік үнділігі мен саздылығына қазақтың танымал өнер иелерінен басқа, М.Жұрынов, Р.Бердібаев, Қ.Ергөбек, Ж.Әбілов, Х.Тұрсын, секілді академиктер мен белгілі ақын-жазушылар да жоғары баға берген.

Аққу әнші атанған Мәдина Ералиева кезінде «Туған жер» әнін баянмен орындаған. «Қыздарым ұзатылғанда ақын Сәнімкүл Желдербаеваның «Аққудың баласындай көгілдірім» атты өлеңіне ән жаздым. Бұл әнді Мәдинаның жеке дауысына арнаған едім. Өмірден озарынан үш ай бұрын қолына бергенмін, әншіге ұнаған, әттең айтып үлгіре алмады», – деп өкініпті композитор тілшілерге берген бір сұхбатында. Осы секілді әндері Нұрғали Нүсіпжанов, Зейнеп Қойшыбаева, Бибажар Махамбетованың, қазіргі эстрада жұлдыздары Жанболат пен Жәзира, «Аршат», «Арман» топтарының орындауында өз тыңдаушыларын тапқаны анық.

Ал, менің «бағасын алмады» деп отырғаным, біріншіден, музыкатанушылар Сауран Елеуов шығармашылығына шын көңіл бұра қойған жоқ. Егер композитордың әндерін балабақшалар мен мектептерде кеңінен пайдаланса, ол баланың танымына да, туған жерді, ата-ананы құрметтеу, сүю сезімінің бүр атып, көктеуіне де бек әсерін тигізер еді.

Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойғанын білеміз. Заң ұлттық электрондық кітапхананың, фонограмманы қолдану тәртібін, шығармашылық одақтарды мемлекет тарапынан қолдау, қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді шығару мәселелерін реттеуге бағытталған.

Айтайын дегенім, осы заң күші арқылы даусын компьютер мүмкіндігімен әдемілеп алатын әсіреәншілер енді даладай кең диапозонмен шы­найы шырқалатын әндерге ығысып жол береді. Міне, Сауран секілді нағыз әншілер мен оның мән-мағынаға  толы әндерінің кең таралмауына тағы бір себеп болып келген осы жағдай екенін жұрт бізсіз де жақсы біледі.

С.Елеуов – жан-жақты композитор. Оның лирикалық әндермен қатар патриоттық әндері де кеңінен танымал. Халық театрындағы қойылымдарға арнап жазған әуендері өз алдына, оған қоса айтып өткеніміздей, балаларға ла­йықталған шығармалары бір төбе.

2009 жылы «Түркістан» деп аталатын Мағжан Жұмабаевтың сөзіне жазылған марш екпініндегі әнімен «Елім менің» атты бай­қауға қатысып, екінші орын иеленген.

«Түркістан – екі дүние есігі ғой,

Түркістан – ер түріктің бесігі ғой.

Тамаша Түркістандай жерде туған,

Түріктің тәңір берген несібі ғой, – дейтін Мағжанның рухты сөзіне ән жазуға қорқа-қорқа бардым, әуені екі жылда өмірге келді. Әнді Түркияға барған сапарымда ала барғанмын. Түріктердің Мағжанды, қазақ елін қаншалықты сыйлайтынына көзім жетті, сонда. Ән айтылғанда ел орындарынан тұрып тыңдады, ұзақ қол соғылды», – дейді композитор.

Бұл әннің орындаушысы Түркі елі дәрпін аспанға көтеріп, отанға деген махаббаттан өртенетіні, жүрегіндегі отансүйгіштік сезімін селдетіп шырқайтыны анық. Біз мұны сол шығарманың бой шымырлатқан әуенін тыңдағанда таныдық. Әрине, бұл – композитордың дара дарыны мен өз тарихына, ата жұртына деген шынайы сүйіспеншілігінен кеуде жарып шыққан тамаша туындысы.

С.Елеуовтің шығарма­шы­лығы алдағы уақыттарда табысты болатынына, ғұмырлы әндердің туатынына сенеміз. Композитор 1994 жылы Қазақстан Жастар одағының сыйлығына ие болған еді. 2005 жылы ҚР Мәдениет министрлігі бүгінгі ұрпақты ұлттық салт-дәстүрімізді қастерлеуге үйретудегі, парасаттылық пен инабаттылыққа баулудағы сіңірген  қызметін бағалап, «Мәдениет қайраткері» құрметті атағын берді. 

Қазақ ән өнерінің биігіне қанат қағып, көңіл көгімізді шарлаған композитор туралы аз ғана айтарымыз – осы. Бұл күндері алпыс бес дейтін жас­тың белесін бағындырған ағамыздың халқына бергенінен берері көп екені де ақиқат. 

Мәншүк ТӘШІМОВА

М.Әуезов атындағы Әдебиет және  өнер институтының

ғылыми қызметкері, театртанушы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<