Мен білім саласындағы өмірімде талай жақсылармен жолықтым. Олар менің тұлға ретінде қалыптасуыма тікелей әсер етті. Есімнен ешқашан шықпайтын болмыс ескерткішін қалап кеткен сондай жандардың қатарында ғалым-ұстаз, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Асанов Жұматай Ілесбайұлының орны ерекше тұрады.
Жұматай аға 1957-1962 жылдары Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтында оқып, химия және биология мамандығы бойынша білім алып шыққан. Осы пән бойынша оның ізденістері мен атқарған жұмыстары бір төбе, бұған қоса ол кісі педагогикаға да ден қойып, ғылым докторы атағын алған адам.
Еңбек жолын аудандағы, қаладағы орта мектептерде бастаған Жұматай аға осылайша өзі таңдаған қиын мамандықтың қыр-сырын ашып, ғылымның екінші бір саласын да жетік меңгеріп шыққан ғалым.
Ол кісімен екеуміздің таныстығымыз 1998 жылдан бері басталды.
Бұған дейін ол Қызылорда педагогикалық институтының педагогика және психология кафедрасында оқытушылық қызмет атқарған.
1980 жылы Мәскеу мемлекеттік педагогика институтының аспирантурасын бітіріп, «Ауыл орта мектебінде пәнаралық негізде агрохимия бойынша үйірме сабақтарының педагогикалық тиімділігі» тақырыбында педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін қорғаған.
Қай кезде де мектепте жүріп ғылыми дәреже қорғауды қолға алуға екінің бірі барған жоқ. Барса да, сирек. Менің білуімше, сондай кісілердің бірі – білгір әдебиетші, филология ғылымдарының кандидаты Молдаш Достанов. Мұны айтып отырған себебім, «Алмас кездік қап түбінде жатпайды» дегендей, сана сәулесі жарық нағыз оқымысты қалайда өз биігіне шығады.
Аға батыр болмысты еді. Оның ғылым саласындағы жанкешті еңбегінің өзі осы батырлығымен байланысты. Әдетте қайсар рух кісі бойында жасырынып жатады. Жұматай аға да – өте сыпайы әдептің адамы. Тіпті осыған орай мына бір нәрсені де айта кету керек, ғалымдардың өзара бір-бірін мойындай бермейтін мінездері болады. Себебі, ғылым тереңдеген сайын қазынасын аша береді. Тереңдіктің астында інжу мен маржан ғана бар десең, сенің ойыңа кірмеген керемет дүние де жарқырап шығады. Сондықтан ғылымның айналасында айтыс-тартыс толастамайды.
Алайда Жұматай ағаның алдын ешкім кесе өтпейтін. Пікірі орнықты, айтыстан ада, анығын айтқанда әріптестері ол кісіні сөзсіз мойындайтын.
Ғалымның қаламынан туған еңбектерін атап түгендеуге арнайы зерттеу керек. Ол кісінің орта мектепке арналған «Химиялық анализ негіздерінен факультативтік сабақтар», «Химиялық анализ негіздері» атты оқулықтары, жоғары оқу орнына арналған «Ауылшаруашылық негіздері», «Оқушы, оның дамуы мен тәрбиесі», «Жоғары оқу орындарындағы тәрбие жұмыстары», «Тәрбие жұмысын ұйымдастыру» атты әдістемелік еңбектері, «Химияның ауыл шаруашылығындағы рөлі», «Пәндерді байланыстырып оқыту» атты ғылыми-көпшілік кітаптары жарық көрді.
Ал енді батырлық дегенге нақты тоқталсақ, сонау 1962 жылы мынадай бір оқиға өтіпті. Сол кезде Қостанай облысының Қосарал совхозына барған институтты жаңа бітіріген жас Жұматайдың Қарасу деген көлдің мұзы ойылып, суға кеткен алты баланың төртеуін ажалдан аман алып қалған оқиғасын ешкімнің білмей де кетуі мүмкін еді. Өйткені, тумысынан қарапайым, қазақы мәдениеттің қалпында өскен ағамыз ісімен болмаса сөзімен өзін көрсетуге бара бермейтін.
Жұматай ағамыз 2018 жылы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Біраз адамның жоғары мектеп оқытушысының бұл атаққа қандай қатысы бар деп ойлап қалғаны да шын. Мұның сыры «Сыр құтқарушысы» журналының осы жылғы желтоқсан айындағы санында жарияланған «56 жылдан соң иесін тапқан марапат» атты мақаланы оқығанда түсінікті болды.
Маған ағаның сол бір қарапайым бітім-болмысы ұнайтын. Шыны керек, университет басшылығында болған жылдарымда қонаққа шақырушылар да көп еді. Олардың ешқайсына бара бермейтінмін. Университет оқытушыларының үйлеріне барғаным өте сирек. Ал Жұматай ағаның шақыруын қабыл алып, дастарқанында болдым. Бұл менің қонақ таңдап барамын дегенім емес, ол кезде мойын бұруға мұрша болмайтын. Аяқастынан іссапар, шетелден келетін әріптес-ғалымдар, жұмыс уақытынан тыс өтетін шаралар шаршатады. Қонаққа емес, қонаға үйге баруға асығасың.
Жұматай ағаға жоқ деп айту қиын, ол кісінің тәрбиелі, мәдениетті болмысы өзіне баурап тұратын еді.
Зайыбы Светлана Мұсағалиқызы да – ізетті ұстаз, үйінде қонақжай отанасы. Аға екеуі төрт бала тәрбиелеп өсірген өнегелі отбасы. Бір баласы Сұңғат менің шәкіртім болған, қазір белгілі құрылыс маманы. Сұңғат студент кезінде әке атағын емес, жеке еңбегін сарп етіп үздік оқыды. Кейде белгілі кісілердің баласы өзін ерекшелеп көрсеткісі келеді. Сұңғат өзін тек жақсы жағынан ғана ерекшелеген жас болды. Мұның бәрі – ата-ананың өнегесімен өрілетін адами қалып. Ал бұл баланың анасы педагог болса, әкесі – педагогика ғылымының докторы, профессор.
Педагогика ғылымы ұлттың қадір-қасиетіне, болмысына негізделген. Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика» дейтін еңбегінің қай дәуірде де құнды болып қала беретіні сондықтан.
Ұлттық қадір-қасиет дегеніміз – ұлттық код. Кодты білмеген адам құпияның кілтін ешқашан таппайды. Меніңше, Жұматай ағаның химия- биология мамандығын алса да, педагогика ғылымына тереңдеп баруы – оның ұлт кодын жатқа білетін жадына қатысты жайт. Дәлірек айтсақ, жас күнінен обал-сауапты, ар-ұятты сыналай сіңірген қазақы тәрбиені терең меңгерген жан. Осы құндылықтарды бойында қорытып, біліммен бедерлеуі ол кісінің парасат биігіндегі бейнесі екені сөзсіз.
Университетте қызмет етіп жүрген жылдары Жұматай аға профессор Б.Кәрібозұлымен, Х.Нұғмановамен бірлесіп оқушының дамуы мен тәрбиесіне қатысты еңбектер жазды.
«Жастарға кәсіптік бағдар беру мәселелері», «Этнопедагогика» оқу курсының бағдарламасы, «Қорқыт атаның тәлім-тәрбиелік мұраларын оқу-тәрбие процесінде пайдалану» секілді жеке еңбектері әдістемелік құрал есебінде кітап болып басылды.
1989 жылы Алматыдағы «Жалын» баспасынан «Ақылды аңшы» ертегі түріндегі кітабы жарық көрген.
Бұл жылдары айтарың бір бөлек, жазушылық талаптан шыға алмасаң «Жалынның» кітап шығара қоюы да қиын. Өйткені, әдебиеттегі көркемдік кеңестің жұмыс істеп тұрған кезі. Осы тұста Жұматай ағаның ғылымда да, әдебиетте де сыннан мүдірмейтін кәсібилігі көрінеді.
Сонымен бірге Жұматай ағаның «Сарыбай руының шежіресі, оның танымал тұлғалары» дейтін кітабы да бар. Қанша араласып жүрсек те ағаның руын сұрамаппын. Өйткені, бізді жақын қылған туыстығымыз руластық емес, рухтастығымыз болды.
Ағаның қаузай қамтыған тақырыбының бірі – Сыр бойының батырлары мен би-шешендері, ақын-жыраулары және емші-шипагерлері, олардың тәлімдік, тәрбиелік тұлғасына ден қою мәселесіне қатысты.
Сірә, «сегіз қырлы, бір сырлы» деген осы шығар. Химия мен биологияның мәніне, педагогиканың жанына, мирас болған билердің, жыраулардың болмысына санамен үңілу, одан еңбек жазу үшін қанша маңдай тер төгілу керек, қанша ой салмағын көтеру керек.
Біз сөз ішінде Жұматай ағаның мерзімді баспасөзде жарияланған өзекті мақалалары туралы айтып отырғанымыз жоқ.
Ол кісінің қоғамдық мәселелерге, білімге, жастар тәрбиесіне қатысты мақалалары жиі жарық көретін. Сондықтан да ҚР Журналистер одағының мүшелігіне қабылданды.
Жұматай аға 2013 жылы педагогика саласындағы еңбегі үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ы.Алтынсарин атындағы 3-дәрежелі сыйлығына ие болды.
Сонымен бірге «Халық ағарту ісінің озық қызметкері», Ресей халықаралық педагогикалық білім беру Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақстанның Педагогикалық ғылымдар академиясының құрметті академигі атанды, кеудесіне «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін тақты.
Мұның бәрі – адал еңбектің көрсеткіші. Ол кісінің білім саласында, қазіргі Қорқыт ата атындағы университеттің тарихында өшпес есім болып қалатыны анық.
Бүгінгі күні университетте профессор, педагогика ғылымдарының докторы Асанов Жұматай Ілесбайұлы атындағы дәрісхана жұмыс істеп тұр. Осы дәрісханадан ұлағатты ұстаз, ірі ғалым Жұматай Асанов жолына түсем деген қаншама жастар білім алып шығады. Олар үлкен өмірге «инемен құдық қазғандай» ғылымға қызмет етудің үлгісін көріп жолдама алады.
Осылайша парасат биігіндегі ұстаздың екінші өмірі де тіршілікпен қатар жасай береді. Жұматай ағамыздың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болғай. Ағамыздың жарқын бейнесі, жылы жүзі шәкірттері мен әріптестерінің жадында мәңгі сақталады.
Қылышбай БИСЕНОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
техника ғылымдарының докторы, академик,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің
құрметті ректоры





