Мен Нәлқожа Ақбалаұлы Ергешбаевпен Қызылорда политехникалық техникумында оқытушы болып жүргенде 1975 жылдың қыркүйек айында кездестім. Ол жылдары жоғары және орта оқу орындарының студенттері Сырдың басты байлығы – күріш жинауға ауыл адамдарына көмекке келетіні үйреншікті нәрсе еді.
Бұл кездесу Ақынбай Тоқберішов басқаратын «Тереңөзек» совхозы 9-бригадасының күріш атызында болды. Ол көгілдір кепка қоңыр күдері етік, кенен ашық түсті жазғы шалбар және қысқа жең көйлек киіпті. (кейіннен бұл сол кездің басшыларының астық жинау науқанына киетін бірыңғай формасы екенін білдім). Бригададағы жұмыстың қарқынына көңілі толмай, звено бастығы мен бригадирге кемшіліктерін айтты. Сырт көзге денелі әрі ірі адамның бір шылымнан соң екіншісін тартып екі үлкен кісіге ұрысып тұрғаны оғаштау көрінді.
Бірақ менің алғашқы әсерімнің алдамшы болғанын өмір көрсетті. Бірнеше күннен кейін студенттермен осы совхоздың 1-бригадасында жұмыс істеп жүргенде түскі ас кезінде келіп, бізбен ашық-жарқын әңгіме құрып, бірге тамақ ішіп, шүйіркелесіп отырды. Шаруашылық директоры Әділ Атақаевтан, қатардағы күріш шаруашылығымен айналысушы Күләш Әсімовадан (кейіннен Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты), Абылай Сейтеновтен (ВЛКСМ сыйлығының лауреаты) науқан кезіндегі қызу жұмыстар мен астық жинау мерзімін аяқтау барысын сұрастырып, арасында қалжыңдап та қояды. Барынша қысқа қайырды, ол аудандағы жағдайды жақсы білетін және оның даму қарқынын жоғарылатуға мүмкіндігі барын байқадым.
Кейіннен облыстық партия комитетінде жұмыс істеп жүргенімде Нәлқожа Ақбалаұлымен бірнеше рет кездесуге тура келді және әр кездесуде ол тұлғалық жаңа қырынан көрінетін. Ол саналы өмір жолын Отан мен халық мүддесіне арнады. Ағамыз Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының «Бірлік» елді мекенінде 1931 жылы 1 наурызда өмірге келген. Еңбек жолын Арал қаласында машина-трактор бақылаушы-инженер, механик болып бастап, содан кейін Тереңөзек ауданындағы «Аламесек» машина-трактор стансында бас инженер, директор болып қызмет атқарды. 13 жылдан астам уақыт облыстық «Казсельхозтехника» бірлестігінің төрағасы, 1974 жылдан бастап зейнеткерлікке шыққанға дейін (1992 жыл) Сырдария аудандық атқару комитетінің төрағасы, Тереңөзек пен Сырдария аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшысы, Сырдария аудандық атқару кенесінің төрағасы болып еңбек етті. Нәкең барлық жауапкершілігі мен қиындығы мол қызметтерді абыроймен атқара білді.
Маңдай терінің және адалдығының арқасында асуларды абыроймен алып, халықтың ықылас-пейіліне бөленді.
Ағамыз мәрт мінезді, адал және өз ісіне берілген азамат еді. Көп сөйлемейтін, бірақ қарамағындағылардан бір нәрсені – өз міндеттерін адал атқаруды талап ететін. Ауыл шаруашылығы мәселелерін егжей-тегжейлі білетін, еңбексүйгіш, ешқашан уақытпен санаспайтын жан еді. Қандай да бір ерекше тәрбиелік құпиялары, әдістемесі болған жоқ. Өзінің жеке үлгісімен, күш-жігерімен және өмірсүйгіштігімен тәрбиелей білді. Олардың ішінде Жаңабай Азаматов, Алдаберген Бисенов, Шамахан Құндызбаев, Әділ Атақаев, Нүрділдә Нақыпов, Ыбырай Сейпулов және өзге де азаматтар бар. Бұлардың әрқайсысы аудандық партия комитеті бірінші хатшысының қандай да бір тапсырмасын орындамас бұрын оған жан-жақты талдау жасайды. Содан кейін барып нақты шешім қабылдайды. Қажет болған жағдайда қарсы да келетін. Бірге жұмыс істей отырып, Нәкең олардан көп нәрсені үйренді, өмірлік тәжірибесінен үлгі алды.
Нәлқожа Ақбалаұлы кісілігі мен кішілігі қатар жүретін қарапайым жан еді. Ол ешқашан достық сезіммен айтылған қағытпа қалжыңдарға ренжімейтін, түсіне білетін. Тіпті одан едәуір жас біздің өзіміз мейірімділігі мен ақжарқын, аңқылдақ мінезін пайдаланып кей кездері өткір қалжыңдап алатынбыз. Маған әрдайым құрдастарының достық әзілдері ұнайтын. Елеу Көшербайұлы Көшербаев, Бодаш Уәлиұлы Уәлиев, Нұрділдә Уәлиұлы Уәлиев, Абдолла Дәулетұлы Дәулетов, Ернияз Омарұлы Омаров, Нұрмақ Тоқмырзаұлы Тоқмырзаев сынды азаматтардың Нәлқожа Ақбалаұлымен әзілдері, жарасты қағытпа қалжыңдары бізді қызықтыратын. Құрдастарының әзіліне ағамыз ешқашан ренжімейтін, оларға көңілжықпас пейілмен қарайтын. Әйтсе де, құрдастардың шағып алар қалжыңдары өткір еді.
Ол кісі әрқашан бірінші орынға жұмысты қоятын. Білімі мен күш-жігерін уақытпен санаспай жұмысқа жіберетін, кей кезде денсаулығы мен бос уақытын да жұмысқа сарп ететін. Өзі ерекше жалындап тұратын және өзге серіктестерімен, әріптес азаматтардың да жалындап-жарқырап тұруын талап ететін. Ағаларға қарап жол іздеу – өмір мұраты. Сейілбек Шаухаманов, Дина Есжанқызы Айсина, Алмагүл Божанқызы Божанова, Сейілбек Асқаров, Кеңес Бошайбеков, Бақыт Мықанов, Апбас Камалладин, Сәрсенкүл Сәрсенова, Алдаберген Көлбаев, Қожабек Дәдікбаев және тағы басқа көптеген азаматтар Нәкеңнің жеке қамқорлығы мен қолдауының арқасында өз ісінің майталмандары болып өсті.
Қатардағы еңбекшілерді моральді түрде көтермелеп, оларға да қамқор бола білді. «Шіркейлі» совхозынан күріш шаруашылығымен айналысушы Балдырған Мұстапаева мен «Қараөзек» совхозының қойшысы Ахмет Халықов «Социалистік Еңбек Ері» атағын алды, күрішшілер, механизаторлар Зинадин Лекеров, Абат Сүлейменов, Тұрсын Балапанов, Болат Нұрсейітов, Қыдырқожа Майлықожаев, Бексұлу Синаева және басқалар жоғары дәрежелі ордендердің иегері болды. Еңбек адамдары өз кезегінде Нәлқожа Ақбалаұлын құрмет тұтып, үлкен сенім артты. Ол КПСС-тың XXVI съезінің, Қазақстан Компартиясының бірқатар съездерінің делегаты болып сайланды.
Соншама мемлекеттік жоғары марапаттаулардың иесі бола тұрып («Ленин», «Октябрь революциясы», «Еңбек Қызыл Ту» (екі мәрте), «Құрмет белгісі», бірқатар медальдар), ол ешқашан дандайсымайтын. Сыр елінің әлеуметтік-экономикалық дамуына едәуір үлес қосқан қарапайым, қатардағы еңбекшілер деп үнемі айтып отыратын.
Басқарушысы Нәлқожа Ақбалаұлы болған он жылдың ішінде Тереңөзек ауданы облыстағы сапалы күріш дақылының үштен бір бөлігінен астамын беретін мықты индустриалдық-аграрлық аймаққа айналды. Мұнда сол жағалау магистральдық суландыратын канал бойында жайлылығы мен сәулеті қалалық мекемелерден кем түспейтін, қазіргі заман талабына сай тұрғын үйлер, мектептер, емдеу мекемелері, мәдениет сарайлары тұрғызылды.
Ол кісі Сырдария ауданын басқарған кезінде өте тығыз қарым-қатынаста болдық. Жұмыс бабына байланысты облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Е.Әуелбековтің тапсырмаларының орындалуын тексеру үшін кемінде айына екі рет осы ауданға (ол облыс орталығына жақын болатын) баратынмын. Мүмкін құрдас болғандықтан шығар, Еркін Нұржанұлы мен Нәлқожа Ақбалаұлының өзара қарым-қатынасы басқа басшыларға қарағанда жылы, сенімге құрылған болатын. Оның үстіне E.Әуелбеков осы ауданнан екі мәрте Халық депутаттары облыстық Кеңесінің депутаты болды. Осындай мүмкіндікті пайдалана отырып, Тасбөгет ауылында жаңа әлеуметтік мәдени объектілер (Мәдениет сарайы, Тұрмыс үйі, СПТУ, стадион, дәмхана) салынды. Киров атындағы (қазір Ж.Махамбетов атында), Абай атындағы совоздарда сүт кешендерін, ҚазҒЗИ-дың күріш-тәжірибелік шаруашылығын, қаракөл шаруашылықтарының бордақылау аландарын қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Абай, Жамбыл атындағы совхоздарда мектептер, СССР-дың 50 жылдығы совхозында (Бесарық) Мәдениет сарайы, аймақтық машина сынау станциясының зертханалық корпусы салынды. Тоған шаруашылығының екінші кезегі салынды және оның қуаттылығы жылына 600 тонна тауарлы балыққа дейін жеткізілді.
Аманкелді атындағы совхоздың әлеуметтік-экономикалық дамуына көп көңіл бөлінді. 100 бас ірі қара малға арналған сиыр базасы, витаминдік-шөптік ұнтақтың брикеттері мен түйіршіктерін өндіру үшін жем-шөп цехы, 5 мың бас қойға арналған бордақылау алаңы, былғары, қаракөл өндеуге, қаракөлден және қаракөлшеден бұйымдар тігуге арналған кіші цехтар, 400 орындық Мәдениет сарайы, 640 оқушыға арналған орта мектеп, Қаракөл шаруашылығы институтының 30 орындық мейманханасы бар оқу-зертханалық корпусы, 20 орындық сауықтыру профилакторийі салынды.
Нәлқожа Ақбалаұлы ағаны ағадай, ініні інідей сыйлай білетін, жақсының қадірін арттыратын, қашанда кеңпейіл, жомарт азамат еді. Оған дәлел – қарапайым, қатардағы еңбекшілер туралы да ұмытпағандығы. Ол кісінің бастамасы бойынша СССР-дың 50 жылдығы совхозының (Бесарық) Қалыбаевтар әулетінен шыққан өндіріс озаты – шопанына жаңа жеңіл көлік берілді. Қалыбаевтар «Арысқұм» отарлық жайылымында «Қалыбай бауы» атты бақ отырғызған. Кейіннен бұл жер көптеген адамдар мен малшылар, Жезқазған жағына бара жатқан адамдарға демалыс орны болған. Ағамыздың жоғарғы органдардың алдында зейнеткер, соғыс ардагері Құлахмет Әубәкіров, шопан, «Ленин» орденінің иегері Сейтнәби Мінайдаровқа көмек көрсету, олардың тұрмыстық мәселелерін шешу жөнінде сұранғаны әлі есімде. Ол кісінің осындай қарапайым азаматтардың өзекті мәселелерін бірінші орынға қойғанының куәгері болып едім.
Нәлқожа Ақбалаұлы салмақты, байыпты кісі болатын. Қанша мазасын алып, берекесін қашырып жатса да, алдына келген адамды меселін қайтармай, қабылдауға дайын еді. Әрқашан ұстамды, ақжарқын, ілтипатты мінезінен таймайтын. Кабинетінің есігі қандай адамға болса да ашық еді. Нәкең – адуынды ашумен келген адамды ақырын сөйлесіп, байыпты әңгімеге көшіре білетін, ашуды ақылға жеңдіре алатын адам. Ол кісінің мейірімділігі мен мәрт мінезі қарсыластары мен ашулы адамның мысын басатын. Мұндай адамдарды уақытын да, күш-жігерін де аямастан шыдамдылықпен тыңдай білетін.
Басқалардың жоғын жоқтап, барына қуанып, көңіліне ортақтаса білетін мінезімен Нәлқожа Ақбалаұлы Алаштың айтулы азаматтарының қатарынан табылды. Отыз жылдан астам уақыт облыстық деңгейдегі басшы болып істесе де билікқұмар, мансапшыл шенеунік болған жоқ. Қолы ашық, жайсаң жан қалпын жоғалтпады. Өтірік айтқанды ұнатпайтын. Қандай да болса ащы шындықты талап ететін. Жолдастарын ешқашан жерге қаратып көрмеген адам.
Сырдария ауданының құрметті азаматы, облыстың құрметті ардагері, Ембергенов Хамит қажы өз замандасы әрі әріптесін былай деп еске алады.
«Нәкең өте қарапайым, мінезге бай, мәдениетті, парасатты азамат еді ғой. Кадрларға бірдей көзқараспен қарайтын, талғамайтын, біреуге қиянат жасап, дауыс көтеріп, дөрекі мінез көрсеткен емес. Нағыз марқасқа, бекзат, зиялы, жаны жайсаң, жомарт, жүрегі кең, дархан, яғни барлық теңеуге лайық еді. Мұндай қасиет екінің бірін де болмайтыны анық.
Оның көп жыл хатшылық қызметте жүріп, мол тәжірибе жинағаны, басқару стилі мен әдісін жақсы меңгергені, халықпен, кадрлармен тіл табысып, жақсы қарым-қатынаста болғаны анық байқалып, сезіліп тұратын. Сол ауыр жылдары шаруашылық жұмыстарын саяси-көпшілік жұмыстармен ұштастыра жүргізіп, қиыншылықтан шығудың жолын тауып, ауданның өркендеуіне аянбай тер төгіп, қажымас қайраттың үлгісін көрсетті. Өзінің іскерлігімен, талапшылдығымен, ұйымдастырушылық қабілетімен танылды. Н.Ергешбаевтың елге істеген табанды да жемісті еңбегі ел есінде».
Осындай жомарт ағамыздың атында Қызылордада көше бар. Былтыр жыл соңында 90 жылдық мерейтойы қарсаңында қаладағы орта мектептің біріне ағамыздың есімі беріліп, ауласына бюст орнатылды.
Нәкең тек білікті басшы, ұйымдастырушы әрі қамқор тәрбиеші ғана емес, сонымен бірге сүттей ұйыған отбасының отағасы, тірегі де бола білді. Асыл жары Шыныгүл жеңгемізбен бірге ақылды да парасатты ұл-қыздарын ер жеткізді. Барлығына да жоғары білім берді. Қызы Шынар – педагогика ғылымдарының кандидаты, жоғары дәрежелі әдіскер. Ұлдары Мұрат, Жомартпен Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдіктерінде бірге қызметтес болдық. Қызмет бабы бойынша Әбдіқадырмен де кездестік. Ол аймақтың дамуына көп үлес қосуда.
Мен ағамызбен ресми, хаттамалық шараларда, шақырылған жерлерде, дастарқан басында да, Кавказда демалыста да, тұрмыста да, басқа да жағдайларда бірге болдым. Есімде адал, жүзі жарқын, тілегі түзу, көңілінің шуағы бәріне жететін жаймашуақ мінезді аға ретінде қалды.
Осындай халқына қалтқысыз қызметімен, адамдармен қарым-қатынаста адал, адамгершілігі мол, өз биігіне шынайы көтерілген қазақтың айтулы азаматтарының бірі – Нәлқожа ағамыздың өнегесі ұмытылмайды. Мұндай адамдарға халық «аузын ашса, жүрегі көрінетін еді» деп баға береді.
Кеңес МАХАМБЕТОВ.
Нұр-Сұлтан қаласы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<