Парасатты болмыс иесі еді

1740

0

Уақыт сынаптай сырғып өтіп жатыр. Біз Сәмит ағасыз қырық күнді артта қалдырдық. Алланың жазуы бойынша сұм ажал ағамызды арамыздан алды да кетті. Ғұламалардың айтуынша, толық адамның бойында жеті түрлі ізгі қасиет болуы керек екен. Олар: ізеттілік, әділеттілік, қайырымдылық, мейірімділік, мәдениеттілік, төзімділік, шыншылдық. Мұндай ізгі қасиеттер кімнің бойында бар, мен оны кімнен көре аламын деп жан-жағыма зер сала қарасам, ойыма бірден мемлекет және қоғам қайраткері, Сырдың сырбаз ұлы Сәмит Далдабаев түседі. Сәмит аға туралы өткен шақта жазу, оның адами қасиеттерін даралап көрсету – иыққа мың батпан жүк артқанмен бірдей. Өйткені Сәмит Далдабаев елге танымал тұлға, халықтың көпшілігі ол кісінің өмірімен, қызметімен етене таныс. Бүкіл саналы ғұмыры Сыр бойы халқының көз алдында өтті.

Елге қызмет –

ерге міндет

Алаш арысы Мұстафа Шоқай бір сөзінде: «Оқыған, тәрбие көрген адамның бәрiн «зиялы» деп ойласақ, сөзсiз қателесемiз. Бiздiңше, белгiлi бiр мұрат-мақсаттар төңiрегiне жиналған оқымыстыларды ғана зиялы деп айтуға болады. Ұлттық зиялылар қатарына өз халқының саяси, экономикалық және әлеуметтiк дамуына қалтқысыз қызмет ете алатын адамдар ғана кiре алады. Зиялылардың мiндетi – ұлы да қасиеттi болуы себептi өте ауыр. Халықты ұлт деңгейiне көтеру, яғни жерi, суы, қазынасы, тiлi мен дiнi бар болған халық бұқарасын бiрлестiрiп, олардың санасын бiртұтас саяси, әлеуметтiк, ұлттық санаға жеткiзуде ұлы тарихи мiндеттiң маңызды бiр бөлiгi зиялылардың үстiне жүктеледi» деп зиялы ұғымының мәнін жан-жақты ашып көрсеткен екен. Сәмит аға осы ұғымның үдесінен толығымен шығады деп ойлаймын.

Сәмит Далдабаев мамандығы – мал дәрігері. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін жолдамамен Қызылорда облысына оралып, еңбек жолын Тереңөзек ауданының «Тереңөзек» совхозында (қазіргі Шаған ауылдық округі) бас мал дәрігері қызметінен бастап, бұрынғы Сырдария аудандық атқару комитетінің төрағасы, Жаңақорған аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қызылорда облыстық партия комитетінің хатшысы, облыс әкімінің орынбасары, Жалағаш ауданының әкімі, облыстық тәртіптік кеңестің төрағасы қызметтерінде жемісті еңбек етті. Еткен еңбегі еленіп, лайықты сый-құрметті иеленді. Сәмит Шәкірбайұлы басшылық жасаған облысымыздың үш ауданы бәйгенің алдында болып, тізгінді ешкімге ұстатпады. Соның дәлелі ретінде Сәкең Жаңақорған, Жалағаш, Сырдария аудандарының құрметті азаматы атанды. «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы», «Құрмет» ордендерінің иегері болды.

Сәкең өзінің туған Жалағашын, Жаңақорғанын күмбезді биікке көтерді. Өзі басқарған аудандардың гүлденіп, көркеюіне қосқан үлесі елеулі екенін бүкіл облыс жұртшылығы, әсіресе, қара­пайым адамдар әруақытта құрметпен еске алатынының куәсі боп жүрміз. Оның басшылығы тұсында осы аудандарда жаңа мектептер, балабақшалар салынып, ел қазір игілігін көріп отыр. Күріш егетін алқаптар күрделі жөндеуден өткізіліп, жоғары өнім алуға жағдай жасалды. Интенсивті технология енгізілді.

Бір кездері Сыр өзені тасып, Мөрәлі Шәменов атындағы ауылды су алып кетер қаупі төнгенде, Сәкең батыл шешім қабылдап, Сырдың  арнасын бұрып, жарма қаздырып, елді аман алып қалды. Риза болған ауыл халқы бұл жарманы «Сәмит жармасы» деп атап кетті. Өзі кетсе де, артында жасаған жақсы ісі, ізі қалды.

Күшіңе сенбе,

адал ісіңе сен

Сәкеңнің ерекше қасиеті – адамдарды баурап алатындығы. Ойлы, ақылды сөзге тоқтап, дәлелді пікір айтқан адаммен санасады. Оның ұйымдастырушылық қабілет-қарымын, сөзге берік басшы екенін, істі соңына дейін жеткізетін талапшыл болғандығын ол кісімен жұмыстас болғандардың бәрі біледі. Олар «Біздің Сәкең» деп үнемі жылылықпен еске алады.

Адамға қалай болса да, қашан болса да пайда әкелетін қасиет – ізгілік. Өйткені ізгілікке ұмтылу, жамандықтан қашу –адамның жаратылысында бар нәрсе. Біздің Сәкең – сыпайы мінез-құлқымен, ізгі адами қасиетімен айналасына адал дос, жанашыр бауыр, мүдделес әріптес жинаған адам. Қазақ «Маған досыңды көрсет, кім екеніңді айтайын» дейді ғой. Сәмит аға қоғам және мемлекет қайраткерлері, Сырдың ғана емес, бүкіл қазақтың мақтан тұтар тұлғалары Сейілбек Шаухаманов, Тұрғанбай Маханов, Баянбай Сыздықов, Жорабек Сарбалақов, Оңалбек Сәпиев, Олжабай Сапарбаев, Жарылқасын Шәріпов сынды ел ағаларымен адал дос еді.

Бірге қызмет ете жүріп  Бердібек Сапарбаев, Сағидолла Құбашев, Оралбай Әбдікәрімов, Тоқтар Әубәкіровпен ағалы-інілі қарым-қатынас орнатса, Қазақ­стан­ның халық жазушылары Тұманбай Молда­ғалиев, Дүкенбай Досжанмен жақсы қарым-қатынаста болды.

«Дүние ойлап тұрсаң шолақ екен,

Адамзат бұл өмірге қонақ екен», – деп «шолақ өмірге» «қонақ» болып келгенде, жақсылық жолында ізгі қарым-қатынас жасау, бір-бірін құрметтеу керектігін айтқан шығар. Осыны жақсы ұққан Сәкең ағасы Қаһарман мен  жаңақорғандық інісі Аманкелдінің қазасына мына бүкіл әлемді жайлаған пандемияның кесірінен бара алмай, топырақ сала алмағанда «Асқар тауларым құлады ғой» деп қатты қайғырып еді. Бұл да болса досқа, бауырға деген адалдықтың жарқын үлгісі екен ғой.

Біздің Сәкең соңынан ерген жалынды жастарды, інілерін де үнемі қолдап, ағалық қамқорлығын жасады. Әркез қасынан табылатын Шәкизада, Қылышбай, Нариман, Биғали, Барлыбай, Салхаддин, Сұлтан, Қанағат, Берік, Имамзада деген інілері – аймақтың әлеуметтік-экономикалық, рухани дамуына сүбелі үлес қосқан тұлғалар. Аға қамқорлығына адалдықпен қызмет көрсетудің үлгісін осы жігіттерден көрдік. Сәкеңнің отбасындағы қуанышты тойлардың бәрін де жұмыла жүріп атқарды, ағаларын ақтық сапарға аяқтарынан тік тұрып аттандырды. Бұл да болса Сәмит ағаның адалдығының арқасы деп білемін.

Адамзат баласын тығырыққа тіреген мына індеттің қаупіне қарамастан, қайраткер бітімді қайсар жанды соңғы сапарына шығарып салуға ақжүрек халқы көп жиналды. Дұғаларын бағыштады. Бұл біздің Сәкеңнің адалдықпен атқарған ісіне берілген иман игілігі еді.

Өз отбасын сүйе алған –

елін сүйер ер болар

Сәкең құдай қосқан қосағы Айгүлмен 6 қыз, 3 ұл өсіріп, немере-шөбере сүйген алып бәйтерек болатын. «Ер кісі бір мезгілінде барлық жерді жарық етіп отыратын күн емес. Олай болса, ері аңға не жорыққа кеткенде, әйелі ерінің отбасын көңірсітпей, үй ішін үлбіретіп отыруы керек. Келген кісіге ерінің жоқтығын білдірмей, құрметпен қарсы алып, дәмді тағам беріп, адал пейілмен сыйлап жіберсе, өзінің абыройын арттырып қана қоймайды, ел арасында ерінің де абырой-беделін асқар шыңға шығарады. Ер кісінің абыройы әйелінің адамгершілік қасиеттеріне тікелей байланысты», – деген Шыңғыс ханның сөзі Айекеңнің болмыс-бітімін толық суреттеп тұрғандай. Айекең Сәмит аға болмаса да үйінің жылулығын сақтап, берекесін ұстап  отыр.

Сәкең салған сара жолды ұлдары Ғабит, Мақсат, Мәжит жақсы жалғастырып келеді. Бірі – кәсіпкер, бірі – мемлекеттік қызметкер, бірі – мұғалім, бірі экономист болып, ата-анасының аманатын арқалап,  жауапты қызметтер атқаруда.

Жол жолға жалғасады. Әлімсақтан келе жатқан адамзаттың жолы бар. Бір сүрлеу өшеді, бір соқпақ өседі, даңғыл, даңғайыр жолға айналады. Сәкеңнің даңғыл жолы осы балалары мен немерелерінің арқасында даңғайыр жолға айналсын деп тілейміз.

Атақты Алаш арысы Мағжан Жұмабаев:  «Елге еңбегін сіңірген – ер қымбат. Ердің елге бағасы қаны бір болуда емес, жаны бір болуда: қуаныш-қайғысы ортақ болуда. Ердің бағасы елге еткен еңбегінің зор, яки кішілігінде емес, ел деген жүрегінің таза болуында; тілегінің елмен ортақ болуында; ер өмірінің өрі мен көрі ел өмірінің өрі-көрімен бір болуында» деген екен. Кемеңгер Мағжан айтқан ердің бағасы Сәмит Далдабаевтың бітім-болмысына сай келеді. Кісілік келбетімен айналасына қадірлі бола білген тұлғаның бейнесі ағайынның жүрегінде ұзақ сақталатынына күмән жоқ.

Алла Тағаланың бір есімі халық десек, сол халық С.Ш.Далдабаевтың елі­не, жеріне сауапты істер жасағанын, хал­қынан алғыс алғанын, сүрінгенге сүйеу, деміккенге демеу болып, айналасына жа­рық сәулесін түсірген нұрлы тұлға бол­ғанын білері сөзсіз.

Келместің кемесіне мініп кеткен жақсы адам, жайыңыз жаннатта болсын.

                                                              Аббас Камалатдин

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<