Парасатты ғалым

1499

0

Еліміздің рухани жаңғыруға бет бұрып, қоғам үшін түбегейлі маңызы бар құндылықтарды анықтап жатқан кезеңде есімі елге үлгі болатындай тұлғаларды тану үдерісі де жүріп жатыр. Себебі тәуелсіздіктің рухының өрістеуінде бұл тұлғалар ұлттық бірегейліктің қайта жаңғыруына үлес қосуды өзіндік парызына айналдырған. Оның ішінде, білім беру мен ғылым саласындағы тұлғаларға заман талабына сай келетін үлкен жауапкершіліктер артылған. Осы орайда, қоғамдық-гуманитарлық білімдердің атқарар міндеті орасан. Бұл қоғамның даму келбеті мен үдерістеріне сәйкес, ғалымдарға үнемі-үздіксіз жаңа міндеттер жүктейді. Ендеше, біздің еліміздің зиялы қауымдарының баршасы секілді Сыр өңірінің ғалымдары да жауапкершіліктен тыс бола алмайды.

Сыр өңірінде де бұл жауапкершілікті түйсінген, сирек кездесер болмыс-бітімді, қайталанбас мінезді, бойындағы ізгі қасиеттерін ұлттың іргелі істеріне жұмсаған перзенттеріміз, ардақты тұлғалары аз емес.

Сансыз соқпақты тіршілікте өзіндік биік ерекшелігіңді өзгеге дарыта да, таныта да алу теңдессіз қасиет. Тұла бойындағы асыл қасиеттер мен тазалығын тағылымды тірліктерге, сәулелі де сындарлы істерге бағыттай білген сондай дара азаматтың бірі де бірегейі – Абенов Ербол Мүбаракұлы биыл айтулы 60 жасқа толды.

Ербол Мүбаракұлы киелі Сыр өңірінде, Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Октябрь ауылында 1962 жылы 5 мамырда елге сыйлы, ұлағатты отбасында дүниеге келген.

Мектепті үздік бітіріп, 1991 жылы Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтына «Тарих және қосымша француз тілі мұғалімі» мамандығы бойынша оқуға түсіп, үздік дипломмен тәмамдағаннан бергі ғұмырын тек ғалым-ұстаздықпен байланыстырғанын терең түйсініп, ғылым кеңістігіне ден қояды.

Сөйтіп, 1998 жылы Қазақстан Республикасы Академиясы жанындағы Философия және саясаттану институтында э.ғ.д, профессор Е.М.Арыновтың жетекшілігімен «Қазақстан Республикасында биліктің орталықсыздандырылуы: алғышарттары мен белгілері» деген тақырыпта  кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, өзінің ғылыми ізденісін жалғастыра берді.

Осы зерттеу негізінде Қазақстандағы билік саласын жүйелі түрде зерттеп, жергілікті өзін-өзі басқару реформасының қалыптасуы мен дамуын саяси талдау барысында теоретикалық мәселелері және әдіснамалық мәселелерін анықтап, жергілікті ұжымдар мен мемлекет арасындағы әлеуметтік, экономикалық және мәдени басқару қызметтерін бөлісу туралы тұжырымдар ұсынды.

Тағылымды ұстаз болудағы еңбек жолын 1991 жылы №176 орыс-қазақ мектебінде тарих және қоғамтану пәндерінен сабақ беруден бастап, Сырдария аудандық білім бөлімінде аға инспектор, Қызылорда гуманитарлық университетінің «Қазақстан тарихы, саясаттану және әлеуметтану» кафедрасына оқытушы, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде кафедра меңгерушісі, факультет деканына дейінгі басшылық қызметтерді абыроймен атқарды.

Ербол Мүбаракұлы ғылыми ізденіс жолын өзінің таланты мен шығармашылық ойлауына сәйкес өрістете түсті. Оның жергілікті және республикалық баспасөз беттерінде түрлі тақырыптағы 50-ден астам ғылыми мақалалары қоғамдық саяси зерттеуге қатысты мақалалары ғылыми-сараптамалар жүргізумен қатар, қоғамдағы өзекті мәселелер жайында жеке ой-толғамдарын жариялап келеді.

Қажырлы еңбек пен кәсіби біліктілігіңіздің арқасында жеткен жетістіктерінің өзі бір төбе. Ербол Абенов 2006, 2011 жылдары ҚР Президентінің, 2001, 2020 жылдары университет ректорының алғыс хаттарымен марапатталған. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің дамуына мол үлес қосқаны үшін аталмыш оқу орнының 70 және 75 жылдық медальдарына және Қорқыт ата атындағы Алтын медаліне ие болған.

Әрдайым шығармашылық ізденістерімен, қоғамдық өмірдің өзекті мәселелеріне белсене араласатын ғалым қызмет жасаған жылдары ішінде әр түрлі облыстық, республикалық және халықаралық ғылыми конференцияларға қатысып, баяндамалары ғылыми ортада жоғары бағаланып, сұранысқа ие болды.  Университеттің саяси қоғамдық өміріне белсене араласа отырып, жергілікті телеарналардан саяси хабарларға жиі қатысып жүрді.

Ұлтжанды, терең парасатты ғалым 1999 жылы студенттердің «Ақиқат» саяси-дебат клубының құрылуына ықпал етіп, жетекшілік жасады. Осы саяси-дебат клубының мүшелері әр түрлі облыстық және республикалық дебат сайыстарына қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Бүгінгі күні олардың көпшілігі түрлі қоғамдық және мемлекеттік ұйымдарда мәртебелі қызметтер атқарып жүр.

Қазіргі таңда Ербол Мүбаракұлы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда унверситетінде «Философия және әлеуметік-гуманитарлық пәндер» кафедрасының доценті ретінде шәкірттерге білім беруде аянбай еңбек етіп, тың бастамаларымен, озық ойлайтын дара қабілетімен әлі де қоғамды тәнті етіп келеді.

Таразы басын тең ұстап, ғылымды да, қызметте де, отбасында да, бастысы- өзінің жанында да жайлылық пен түсіністік орната алған ғалымды өз бағытынан бақыт тапқан тұлға ретінде тануға болады. Ғылым мен өмірді, тұлғалық пен әлеуметтік мәртебені  үйлестіре білген Ербол Мүбаракұлы отбасында да тұрмыстық ахуалдардың биік белестерінен көрініп, жұбайы Роза ханыммен бірге отбасында алтын асықтай екі баланы тәрбиелеп, қызығына бөленіп, бақытты ғұмыр кешуде.

Сондықтан Ербол Мүбаракұлы қоғамда өзінің дара бітім-болмысымен үлгі бола алатын, жаны жайсаң, жомарт жанды және адами биік қасиеттерге ие азамат, Сыр өңіріңің ғылыми кеңістігінде өзіндік орнын айшықтаған тұлға деп білеміз.

Міне осындай парасатты ғұмыр иесі Ербол Мүбаракұлын Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің әріптес ғалым ұстаздары атынан мерейтойымен құттықтап, мықты денсаулық, қажымас қайрат, отбасына баянды бақыт тілейміз!

Жарқынбек Әбікенов,

PhD, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің

философия және әлеуметтік-гуманитарлық

пәндер кафедрасының меңгерушісі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<