Перзенттің ана алдындағы борышы

7829

0

Дүниеге шыр етіп келген әрбір перзент үшін өзінің анасы қадірлі һәм құрметті. Бұл сөзді естігенде елең етпес жан жоқ. Ана – үйдің берекесі, адамзаттың тәрбиешісі. «Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада» демекші, тоғыз ай көтеріп, дүниеге әкелген перзентінің бақыты мен қуанышын аңсап, бар тілеуін тілейді. Демек ақ сүт беріп, түн ұйқысын қиып, бар мейірімін төгіп мәпелеп өсірген жанның алдында перзенттің де өзіндік борышы тұрады.

Халқымыз «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің» деген сөзді жай айта салмаған. Бір ана он баланы бағып өсірсе де, он бала жабылып қартайған анасын баға алмай жататын кезі болады. Перзенттік борышты білмесе, қызметінде жүрмесе, разылығына бөленіп, батасымен өспесе, бұдан асқан ауыр өкініш бар ма?!

Әманда перзент үшін ата-ана – егіз ұғым. Әкенің отбасыда рөлі қандай биік болса, ананың да құрметке лайық өз орны бар. Әке – асқар тау, ана – кәусар бұлақ, бала – жағасындағы құрақ. Асқар таудай әкемен бірге бар мейірім шуағын төгетін ананың қосарлана аталуы бекер емес. Құран аятында Алла Тағала былай дейді: «Раббың бір Өзіне ғана құлшылық етуді, ата-анаға барынша жақсылық жасауды үкім етті. Егер олардың біреуі немесе екеуі бірдей қолыңда қартайса, (оларды ауырсынып немесе жақтырмаған сыңай танытып) тіпті «Түһ!» деп те кеюші болма, сондай-ақ оларға зекіп ұрыспа! Керісінше, оларға жанға жағымды жылы сөз айт! Олардың алдында барынша мейірімді, мейлінше кішіпейіл әрі тіл алғыш бол! Һәм олар үшін: «Уа, Раббым! Олар мені бала күнімде қалай мәпелеп өсірген болса, Сен де оларды дәл солай мейіріміңе бөлей көр!» – деп дұға ет» («Исра» сүресі, 23-24-аяттар). Осы аяттарға қарасақ, жауапкершілікті, перзенттік борышымызды іштей сеземіз.

Байырғы бабаларымыз «Ата тұрып ұл сөйлегеннен без, ана тұрып қыз сөйлегеннен без» деп ата-анаңды жаныңда жүргенде сыйлап, барында құрмет көрсетіп, оның алдындағы міндеттерді естен шығармау керектігін меңзеген. Осынау жарық дүниеге әкеліп, бағып-қағып өсіргендерге қандай жақсылық жасалса да әбден жарасады.

Шал ақын:

– Мекке менен Медине жолдың ұшы,

Алыс сапар дейді ғой барған кісі.

Ата менен анаңды құрметтесең,

Мекке болып табылар үйдің іші, – деп керемет теңеумен жеткізген.

Иә, исі мұсылманның жүрегінде Мекке мен Мединенің ойып алар орны бар. Бұл қасиетті қос қала құрметтің барлығына лайықты. Қадірлейміз, құрмет тұтамыз, табанымыз тисе екен деп арман қылып, мақсат етеміз. Үлкендерді құрметтей білсең, үй ішіне құт-береке өзі дариды. Қаузағым келген негізгі тақырып ананың алдындағы перзент борышы болғандықтан бар назарды оған құрмет, оның алдындағы міндетке көбірек бұрғанды жөн деп білдім. Олай болса, ана алдындағы перзенттік борышымыздың біреріне тоқталайын.

Жақсылық жасау

Анаға жақсылық қылған адам әлемге де мейірімін төгеді. Жасайтын жақсылығымызды оларға қызметінің қайтарымы ретінде емес, бәлки осындай асыл жанның перзенті болғаны үшін шүкіршілікпен етпек керек. Құранда мейірімі мол Алла: «Адамдарға ата-анасына қарайласуды бұйырдық. Ананың оған мешеулік үстіне мешеулікпен жүкті болып, екі жылда омыраудан айыруы бар. Маған және әке-шешеңе шүкір ет. Қайтар орның мен жақ» – деп атайды («Лұқман» сүресі, 14-аят). Сондықтан болса керек «Анаңды үш арқалап Меккеге апарсаң да, оның парызынан құтыла алмайсың» деген мәнді сөз қалған.

Ана алдындағы парызымызды толық өтей алмасымыз сөзсіз. Әйткенмен мойнымызда тұратынын да ұмыт қалдырмаған жөн. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде ананың мәртебесі жоғары көрсетіледі. Ардақты Пайғамбарымыздан (с.ғ.с): «Уа, Алла елшісі! Жақсылықты кімге жасауым керек?» – деп сұрағанда: «Анаңа», – дейді. «Кейін кімге?» – деп сұрағанда: «Анаңа», – дейді. «Кейін кімге?» – деп сұрағанда тағы да: «Анаңа», – дейді. «Кейін кімге?» – дегенде: «Әкеңе, кейін жақынырағыңа, кейін жақыныңа», – деп жауап берген екен.

Сахаба Абдулла ибн Масғуд (р.ғ.) бірде анасының өтінішімен түннің бір уағында су алып келеді. Алайда, суды әкелгенше ол қайта ұйықтап қалған екен. Оянғанда су сұрап қалса, дайын тұрсын деген ниетпен қасынан оянғанша кетпеген екен. Ислам ұлыларының бірі Рабиғ ибн Хусейм жолда жүргенде жолаушыларға зиян тигізетін заттарды қолымен алып тастап отырады екен. Зиянды заттарды әр алған сайын: «Мынау (осының сауабы) әкеме, мынау (осының сауабы) анама!» деу арқылы ата-анасына жақсылық жасайтын болған. «Жәннат аналардың аяғының астында» деген хадис исі мұсылманға таңсық емес. Анасына жақсылығын аямаған адамға жәннат игілігі нәсіп болады. Сондықтан жақсылықты үлкен-кіші деместен шынайы ықыласпен әрдайым жасау керек.

Итағат ету

Борышымыздың бірі – итағат ету. Ана үшін ең ауыр нәрсе – перзентінің тіл алмай, қарсы шығып, кейіп сөйлеуі. Алла Тағала мұндай істен бізді қайтарып, былай бұйырғанын жоғарыда айтып өтсек те, тағы келтірейін «Егер олардың біреуі немесе екеуі бірдей қолыңда қартайса, (оларды ауырсынып немесе жақтырмаған сыңай танытып) тіпті «Түһ!» деп те кеюші болма, сондай-ақ оларға зекіп ұрыспа! Керісінше, оларға жанға жағымды жылы сөз айт! Олардың алдында барынша мейірімді, мейлінше кішіпейіл әрі тіл алғыш бол!» («Исра» сүресі, 23-аят)

Ет пен сүйектен жаралған жанның кейде шаршайтын кезі болады. Ауыр айтар сөзі болады. Пенде болғаннан кейін кемшілік атаулы адамда қатар жүреді. Кей істі қате жасауы да әбден мүмкін. Сондықтан анаға барынша түсіністік танытып, итағат ете білген жөн. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бірде сахабаларынан: «Үлкен күнәлардың ең ауыры қайсысы екенін айтайын ба?» деп сұрайды. Сахабалар: «Айтыңызшы, иә Расулуллаһ!» дейді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алла Тағалаға серік қосу және ата-анаға қарсы шығу», – деген екен.

Аллаға серік қосу ең ауыр күнә болса, перзенттің анаға қарсы шығуы сол деңгейдегі ең ауыр күнә екен. Анасын сыйлай алған перзент өзгелерді де анасындай құрметтей біледі. Алла Тағала тәрбиенің үлгісін көрсетіп, оған жылы сөз айтуды, алдында тұрғанда мейірім танытуды, кішіпейіл қалыппен тілін алуды бұйырады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисте былай дейді: «Алла Тағала аналарыңның тілін алмауды, бересіні өтеуден бас тартуды, өздеріңе тиесілі болмаған дүниеге қол сұғуды және қыз нәрестелеріңді тірідей көмуді харам қылды».

Есімі ислам әлеміне таныс, атақты хадистанушы Имам әз-Зәһәбиді  замандастары еске алып, жас кезінде оның тек өз қаласында ғана ілім алғанын айтады. Оған басты себеп – анасының қаладан шықпа дегені. Имам әз-Зәһәби анасы қайтыс болғанға дейін қаладан шықпаған екен. Кейіннен имам Зәһәбидің өзі: «Мен ілім іздену үшін басқа жерлерге барғым келетін. Алайда, анам қарсы болды да мен оған итағат еттім. Сол итағатым үшін Алла менің іліміме береке жаудырды», – деп еске алады. Міне, анаға итағат көрсету береке әкеледі. Адамгершілік оның тілін алып, оған әрдайым итағат етуден басталарын перзент ұмытпауы керек.

Дұғадан қалдырмау

Дұға – дініміздің негізі, құлшылықтың өзегі, мұсылманның қорғаны. Ол пенде атаулының әлсіздігін Жаратушы алдында дәрменсіздігімізді білдіреді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сендерге дұшпаннан  қорғайтын әрі ризықты молайтатын бір нәрсені айтайын ба?! Күндіз-түні Аллаға дұға етіңдер. Өйткені, дұға – мүминнің қаруы», – деген екен. Сондықтан адам баласы өзі үшін дұға еткені секілді дүниеге әкелген ата-анасын да дұғасынан ешқашан қалдырмауы керек.  Құран Кәрімдегі: «Уа, Раббымыз! Есеп беретін күні мені, ата-анамды және күллі мүміндерді кешіре көр!» деп келетін аят бізге қалай дұға жасау керектігін үйретеді («Ибраһим» сүресі, 41-аят). Тағы бір аятта: «Уа, Раббым! Олар мені бала күнімде қалай мәпелеп өсірген болса, Сен де оларды дәл солай мейіріміңе бөлей көр!» деп дұға ет» деп бұйырады («Исра» сүресі, 23-24-аяттар).

Жоғарыдағы екі аяттан байқағанымыз ата-анаға әрдайым дұға жасау – перзент борышы. Олар дүниеден өтіп кетсе де, Алладан күнәларының кешірілуін тілеп, «Раббым, мейіріміңе бөлей көр» деп жалбарынып, дұға жасауы қажет. Дүниеден өткендердің артынан жасалатын дұғаның сауапқа айналарын Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деп жеткізеді: «Адам баласы дүниеден өткен соң амал дәптері жабылады. Бірақ үш ісінің сауабы үзілмейді. Олар: жария садақа (сауапты іс қалдырса мешіт-медресе, жол, құдық, т.б.), басқаларға жеткізген пайдалы білім, артынан дұға ететін салиқалы ұрпақ». Кей сахабалар: «Ата-анаға дұға етуді ұмыт қалдыру өмірдің таршылығына алып келеді» деген екен.

Саңлақ сахабаның бірі Әбу Хурайра (р.ғ.) үйіне кірген сайын анасына: «Мені кішкентайымда қалай тәрбиелеген болсаңыз, Алла Тағала да сізге дәл солай мейірімін жаудырсын» деп дұға жасайтын болған. Анасы да: «Ержеткен кезде маған жасаған жақсылығың секілді, Алла Тағала да саған бар мейірімін жаудырсын» дейді екен. Салиқалы ұрпақ жанында жүрген ата-анасының тілеуін тілеп, егер дүниеден өткен болса, олардың артынан Алладан мәрхамат сұрап, дұға жасайды.

Әдеп таныту

Аяулы жанның алдында әдеп сақтау, құрмет көрсету – перзенттік борышымыздың бірі. Кейде оның есімін атап, өз құрдасындай мәміле жасайтындар кездеседі. Мұндай мәміле ананы өзімен тең көру немесе өзгелердің алдында төмен санап, кемсіту. Дана халқымыз «Анаңа ауыр сөз айтпа, атыңа ауыр жүк артпа» деген. Сондықтан кемсітуге емес, оны барынша құрметтеуге әдеттенуіміз қажет. Ұлы сахабалардың бірі Абдулла ибн Масғуд (р.ғ.) былай дейді: «Бірде Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Алла Тағала қандай істі анағұрлым жақсы көреді?», – деп сұрадым. Ол: «Уақытылы оқылған намазды» деді. Мен тағы: «Одан кейін ше?» деп сұрағанымда: «Ата-ананы құрметтеуді» деп жауап берді».

Ислам дінімен сусындаған ұлы ғалымдарымыз аналарын ардақтап, олардың алдында перзенттік әдебін сақтаған. Табиғиннің бетке ұстары, дін ғалымы Ибн Сириннің (р.ғ.) әдебін көріп таңғалмасқа шараңыз жоқ. Ол (р.ғ.) анасын көрсе түрі өзгеріп кететін болған, сөйлесе қалса, өзін мырзасының алдындағы құл іспетті ұстайтын. Бұл әдебі оған деген шексіз құрметі болса керек.

Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Барлық күнәлардың жазасы  Алла Тағаланың қалауымен қиямет күніне дейін кешіктірілуі мүмкін, тек ата-анасына құрметсіздік танытқан адамның жазасын осы өмірде өлім келмей тұрып береді» деп айтқан. Үлкен ғалымдардың бірі Хасан Басри (р.ғ.) әдеп танытып, анасымен бір табақтан тамақ ішпеген. Оның себебін сұрағандарға: «Анамның қалап тұрған дәмді асын одан бұрын алып қоямын ба деп қорқамын», – деп жауап берген екен.

Сахаба Ибн Аббас (р.ғ.) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім күнін Алла ризалығы үшін ата-анасына бой ұсынған күйде бастаса, оған екі бірдей жәннаттың есігі ашық болады, егер біреуі тірі болса, бір есігі ашық болады. Егер кімде-кім ата-анасына бой ұсынбаған күйде кешті батыратын болса, ол үшін екі бірдей тозақтың есігі ашық болады, егер біреуі тірі болса бір есігі ашық болады» дейді.Сол кезде бір адам тұрып: «Ол екеуі оған зұлымдық жасаса да ма?» деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Иә, зұлымдық жасаса да» деп үш мәрте қайталады. Ананың алдында әдеп сақтау – дініміздің әмірі, иманның көрінісі.

Түйін

Мәулана Жалаладдин Руми: «Ананың ақысына абай бол! Оны басыңдағы тәж деп біл. Өйткені,  ана босану бейнетін тартпағанда, бала бұл дүниеге жол тартпаған болар еді» деген екен. Ардақты адамының қызметінде жүріп, разылығы мен батасын алған перзент екі дүниенің бақытына жетеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алланың разылығы ата-ананың разылығында, Алланың ашуы ата-ананың ашуында» деп айтқан. Әкеге жасаған жақсылық секілді, анаға да жақсылық жасау – Алланың разылығына жеткізетін амал.

Анаға жасалған жақсылық күнәлардың кешірілуіне жол ашады. Ислам ғалымы, имам Ахмад ибн Ханбал: «Ата-анаға жақсылық жасау үлкен күнәлардың кешірілуіне себеп болады» дейді. Түркі халықтарына ортақ ойшыл, қобызшы Қорқыт бабамыз: «Ананың хақы – Құдайдың хақы» деген екен.

Ананың алдындағы перзент борышы жоғарыдағы аталғандармен шектелмейді. Дұғасын алу, көңіліне қаяу түсірмеу, сый жасап, қуанту, әрдайым жылы сөз сөйлеу, тоқтаусыз жалғаса береді. Ең бастысы, ана алдындағы борышына аса жауапкершілік танытқан перзент ешқашан жаман болмасын білген жөн.

Болатбек қажы ӘБУ,

Қызылорда облысының бас имамы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<