Погон таққан Сандуғаш

629

0

Погон таққан Сандуғаш Қазіргі кезде форма киген, шен таққан қыз-келіншектерді көрсек онша таңғала бермейміз. Мүмкін заман ағымы ма, әлде жүргізіліп жатырған саясаттың екпіні ме екен?! Әйтеуір, қоғамдағы полиция қызметкері мамандығы тек ер жігіттерге тән деген ұғым бүгінде мүлде өзгерген. Әрине, құқық пен қоғамдық тәртіпті мызғымай күзету ісін меңгеру – бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербеткен әйелдер үшін оңай шаруа емес. Сөйте тұра, олар әйелге тән нәзіктілігі мен биязылығын жоғалтпай, ерлермен иық тірестіріп, тәуліктің қай мезгілімен де санаспай, өздерінің жоғары еңбек қабілеттерін көрсетуде.  
Қызылорда облысы Ішкі істер департаментінде бесіктегі баласының тәтті ұйқысын күзетсе, түзде елінің тыныштығын қорғап жүрген қыз-келіншектер жетерлік. Солардың бірі – Кадр жұмыстары басқармасының психолог-инспекторы Сандуғаш Мырзахметова. Ол – қамқор ана, адал жар, ибалы келін.
Саналы ғұмырын сақшы қызметіне арнауға кез келген адамның бүйрегі бұра бермейді. Алайда, қайсар рухты, жүрегі батыл қыз үшін бұл сауал көп ойланып-толғануды қажет еттірмеген еді. 2008 жылы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін педагог-психолог мамандығы бойынша аяқтап шыққаннан кейін  Қызылорда қалалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығына жұмысқа орналасады. Балалық арманы әрі Қазақстан халқына адал қызмет етсем деген жүрек түбіндегі мақсаты оны осы салаға алып келеді. Сөйтіп 2011 жылы  Қызылорда облыстық  Ішкі  істер департаментінің Кадр жұмысы басқармасына  психолог-инспектор болып қабылданады. Қазіргі таңда осы салада жүргеніне 7 жылдай уақыт болыпты.  Қызметкерлердің психологиялық ахуалын, эмоционалдық ерік-дағдыларын қалыпта ұстау, дағдарыстық жағдайлардың алдын алу – Сандуғаштың басты міндеті.
− Ішкі істер саласында еңбек етіп жүрген қыз-келіншектердің еңбегі зор. Себебі олар осындай қиындығы мол мамандықты алып жүрумен қатар отбасындағы береке-бірліктің ұйытқысы болып отыр. Бала тәрбиелейді, үйдің жұмысын жасайды. Сондықтан мен өзге әріптестерімнің қайсарлығының, табандылығының алдында басымды иіп, оларды әрқашан мақтап жүремін, − дейді Сандуғаш.
Отбасында Ғайни есімді қыз тәрбиелеп отырған Сандуғаш – болашақ жарын қызмет барысында кездестірген. Жолдасы Зиятов Елдос Қызылорда облысы ішкі істер департаменті Арнайы даярлық басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы. Полиция капитаны шенінде. Екеуі де бір салада қызмет етіп жүргендіктен, бір-бірін ыммен түсініседі.  Әрқашан бір-біріне демеу болып, маңызды мәселелерде кеңесіп, болашаққа деген жоспарларын да бірге құрады. Олар үшін полицей абыройынан биік ештеңе жоқ, арнайы форманы ең әдемі әрі сәнді киім санайды.
– Жыл сайын біздің департаментте қыз-келіншектердің мерекесіне орай  мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады. Сый-сияпат жасап, бізді ерекше құттықтайды. Біз үшін ол — үлкен құрмет. Әйел адам үшін өз ортаңда сыйлы, қадірлі, аяулы болғанға не жетсін! Сондықтан бүгінгідей керемет мерекеде барша әріптес қыз-келіншектерді, аналарымызды, әже-апаларымызды мейрамдарымен құттықтаймын! Шаңырақтарына бақ-береке, амандық, бірлік пен молшылық тілеймін – деген жылы лебізімен біздің бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері – Сандуғаш өз сөзін қорытындылады.
Айта кету керек, Сандуғаш бүгінге дейін ҚР Ішкі істер министрлігінің, сондай-ақ облыстық ішкі істер департаментінің Алғыс хаттарымен бірнеше мәрте марапатталған. Аталған марапаттардың бәрі қызметтік міндеттеріне адалдықпен қарап, заңдылықтың бұзылуына жол бермей, құқық бұзушылықтармен күресуде кәсібилігін танытып, басшылық тарапынан жүктелген тапсырмаларды уақытылы әрі сапалы орындай білетіндігінің дәлелі.
Ең маңыздысы, 2013 жылы облысымыздың көшбасшы жастарына табысталатын  «Сыр үміті» жастар сыйлығының иегері атанады. Бұл да Сандуғаштың бір жеңісі екені даусыз.
Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<