Өткен ғасырдағы жетпісінші жылдардың бас жағында мектептің жоғарғы кластарында білім алып жүргенімде Бахи көкем (әкемді осылай атайтынмын) менің сабағым мен тәртібіме қатты қарады. Класс жетекшім Мұрат Атабаев ағаймен жиі тілдесіп, тұрақты бақылауға алды. Қазіргі күнгі Бекарыстан би ауылындағы К.Маркс атындағы жұмысшылар кооперациясында есепшілік қызмет атқаратын ол кісі көркем әдебиетке біртабан жақын еді. Кейде дастарқан басындағы әңгімесінде «Жас кезімде Қызыл отауда қызмет атқарғанмын. Сонан шығар газет-журнал мен кітапқа бүйрегім қатты бұрып тұрады» дейтін. Маған және кейінгі іні-қарындастарыма М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Ә.Тәжібаев, А.Тоқмағамбетов, Ә.Нұршайықов, З.Шүкіровтің шығармаларын оқуға кеңес беретін. Сәті түскенде кітап дүкендерінен белгілі ақын-жазушылардың дүниелерін сатып та әкелетін.
Оныншы класты бастаған 1974 жылдың күз айы. Оқулықтарды ақтарып, сабаққа дайындалып отырғанмын. Көкем кешкілік жұмыстан көңілді оралды. Күлімсіреген күйі, менің жаныма жақындап келіп «Сахижан, сенің газеттерге мақала жазып тұратыныңды көріп жүрмін. Талабыңа көңілім толады. Осы талпынысыңнан танбасаң, мықты журналист болып кетуің де мүмкін. Баспасөз қызметкерінің сурет түсіре білгені де артық етпейді. Сол үшін мен саған бүгін фотоаппарат сатып әкелдім. «Өнерді үйрен де жирен» деген бар. Келешекте мүмкін бір кәдеңе жарап қалар» деп сөз сабақтады. Кішкене қорапша ішіндегі суретке түсіретін құралды мойныма асты да, құтты болсын айтты.
Бірнеше күннен кейін ауылдағы фото түсірумен айналысатын Жауылбай Пірмановтың үйіне өзі ертіп барып, үйретіп шығаруды өтінді. Мектептегі математика пәнінен дәріс беретін мұғалімім фотоаппаратты пайдаланудың қыр-сырын айтып шықты. Елеусіз тетіктерін қолмен ұстай көрсетіп, пленка, суретті арнаулы қағазға шығару жолдарын байыппен түсіндірді. Ұстазымның арқасында суретке түсіруді біршама меңгеріп алдым. Тіпті аудандық, облыстық газет бетінде еңбек адамдарының келбетін таңбалаған бірнеше фотосуреттерім де жарыққа шықты.
Тәрбие отбасынан бастау алады. Менің жас күнімнен әдебиет пен газет жұмысына жақын болып өсуіме Бахи көкемнің берген бағыт-бағдары мен көрсеткен риясыз қамқорлығының көп әсері тиді деп ашық айта аламын. Журналистика саласында қазірге дейін қандай жетістікке жетсем, алғашқы қадамымды қолдап, қанатымды қомдауға септігі тиген қадірлі көкемнің адамгершілік келбеті мен шынайы мейірбандығы есіме түсіп, рухына бас иемін. Бір сәт көңіл көкжиегіне:
«Бұл күнде мен де өзеннің арнасымын,
Кім мөлдір болса соның жолдасымын.
Қуан сен, қуана бер, әкетайым,
Мен сенің өміріңнің жалғасымын…» деген тартымды ән жолдары оралып, алыс қиырларға жетелейді. Әкелер еңбегін ақтап, олардың аманатына адалдық таныта жүргенге не жетсін?!
Сахи ҚАПАР,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Қазалы ауданы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<