Қарағашқа тіл бітірген Ерболат

1646

0

Жетпісінші жылдары Қазалы аудандық «Ленин туы» газетінде жұмыс істеп жүрген кезім болатын. Үйіміз кенттің қалаға шығар аузындағы «Ақарық» каналының бойында еді. Үйге әке-шешеме сәлем беріп, «Бесінші квартал» деп аталатын жолдың арғы бетіндегі шағын ауданнан жақын ағамыз Әмірхан мен оның туған қарындасы, апамыз Үрімхан жиі келіп тұратын. Бірде Үрімхан апам күйеуі Яхиямен бірге келді. Жетектерінде бес-алты жасар Ерболаты бар.

Ол кездері терме алашаның үстіне дастарханды жайып жіберіп, қолдағы барымызды қойып, қонақты жайлай беретінбіз. Әңгіме арасында Үрімхан апам «Мына күйеу балаңыз ағаш ұстасы ғой, бір дөңгелек үстел істеп берер» деді. Оған шешем қуанып қалды. Алдын ала алғысын жаудырып жатыр. Үш-төрт күннен кейін үш аяқты «Урал» мотоциклінің қапталына көк сырмен сырланған, балталаса бұзылмайтындай берік соғылған дөңгелек үстелі бар Яхия жездеміз келіп тұр. Әп-сәтте үйімізге дастархан мәдениеті еніп, дөңгелек үстелді жағалай жайғасып жатырмыз…

Міне, одан бері де қырық жылдан астам уақыт өтіпті. Сол Әмірхан ағамыз қайтыс болып, қазасына бардым. Марқұм ағамыз бар еңбек жолын депода слесарь болып өткізіп, «Құрметті теміржолшы» атанды. Зейнеткерлікке шыққанда да көше комитеті төрағасы, аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі болса, «Бесінші кварталдағы» біздің аталықтың беткеұстар ақсақалы атанған-ды.

Қазаға жиналғандардың қарасы мол. Үрімхан апама көңіл айтып, амандық-саулық сұрасып жатырмыз. Сыртқа шыққанында бір зіңгіттей жігітті жетектеп әкеліп, «Мынау баяғы сіздің үйге барғанымызда үнемі қасымыздан қалмайтын Ерболат қой» деп таныстырып жатты. Марқұм Яхия жездеміздің өмірден озғанына біраз жылдың жүзі болған. Ол орта бойлы, тығырықтай, қара торы жігіт еді. Қолынан өнер төгілген ағаш шебері-тұғын. Жұмыстан бос уақытында есік-терезе, тұрмыс­тық дүниелер соғып, қосымша табыс көзін тапқан еңбекқор жан еді. Бет-әлпеті жездемізге ұқсағанымен, екі метрдей бойшаңдығы нағашысы Әмірхан ағамызға тартыпты.

– Бұл жиенің де әкесіне тартқан ұста, домбыра соғады, – деп Үрімхан апам баласын мақтап қойды. Домбыраны айтқанда менің де шертетінім бар еді, елең ете қалдым. Оңашаға шығарып кәсібін сұрадым.

Қарағашқа тіл бітірген Ерболат

– Кәсібім – осы, бұрын есік-терезе соғатын едім, енді бірыңғай домбыраға шықтым, – деді.

– Сенің шеберлігіңді көре­йік, маған күйге арналған домбыра ­керек, – деп едім:

– Болады. Мен жеке-дара істемеймін. Бес не онын бірден жасап шығарамын. Ішінен өзіңіз таңдап аласыз. Дайын болғанда өзім хабарласамын, – деді.

Арада екі айдың жүзі өткенде Ерболат телефон шалып, «аға, домбыраңыз дайын, ішінен таңдап алыңыз» деді. Ертеңіне Әйтеке би кентіне келдім. Әйгілі ақын Жамбыл атамыздың атындағы көшеде тұрады екен. Аулада екі үй тұр. Бірі – ескі, екіншісі жаңадан тұрғызылған. Осы үйге кірдік. Төргі бөлмеде оншақты домбыра қаз-қатар тізіліп тұр. «Алайын анасын ба, мынасын ба?» дегендей шетінен қайта-қайта тартып, ақыры қолыма жеңіл, дыбысы күмбірлеп күй төгіп тұр­ған біреуін таңдадым-ау. Осы уа­қытта шай да дайын болыпты. Дастархан басында еркін әңгімеге көштік.

Ерболат орта мектепті бітірген соң, 1990-1992 жылдары әс­кер қатарына алынып, азаматтық борышын өтеп келгеннен кейін теміржолды сумен жабдықтау меке­месінде ағаш ұстасы әкесі Яхия­ның жанында жұмысқа ор­нала­сады. Үйде жүргенде де әкесі­нен көріп үйренгені бар, бұл жұмыс оған қиынға соқпайды. Жасынан ұсынақты Ерболат ұсталыққа әбден бейімделіп, қалыптасып келе жатқанында нарықтық қатынастың қиындығына тап болып, жұмысынан қысқарып қалады. Бірақ мекеменің жұмысынан шеттегенмен, оны ешкім шеберлігінен шеттете алмайтыны анық. Енді ол ұсталықты үйінен бастауды ұйғарып, тұрғындар тапсырысымен есік-терезе соғуды қолға алады. Бұрын мекеме үшін жұмыс істесе, енді өзі үшін еңбек етеді. Сондықтан жауапкершілік те жоғары. Осылайша шеберлігін шыңдаған Ерболат ұста елге кеңінен танылып, қымбатшылық пен тапшылықтың қамытынан құтыла бастайды.

– Ал, домбыра соғуды қалай бастадың, кімнен үйрендің? – дедім ұсталығына риза болып.

Сәл ойланып:

– Аяқ астынан, – деді қысқа қайырып.

– Сонда да…

– Мен 2004 жылы бөлек шық­тым. Әкем үйге келіп, хал-жағдайы­мызды біліп кетіп тұрады. Жасап жатқан дүниелерімді көріп, ақыл-кеңесін айтып кетеді. Сондай күндерінің бірінде Дина апамның баласы Айдостың біздің үйдің көлеңкесінде сыпырғышты домбыра қып тартып отырғанын көріп: «Әй, осыдан бірдеңе шығады-ау, сен оған бір домбыра соғып бер!» – деді. Дереу қолға алдым. Тың тапсырыс болған соң ба, қызығып кеттім. Сөйтіп, бір жастағы Айдос жиеніме домбыраның ең кішкене түрі «шіңкілдек» деген аспапты сыйға тарттым. Осыдан соң-ақ домбыраға деген қызығушылығым басталды.

Бір күні Мұңсызбай деген көршім сынып қалған көне домбырасын әкеліп берді. Соны жөндеп, қалпына келтірдім. Қиын болған жоқ. Содан бастап көне домбыраларды жөндеуді қолға алдым, – деді.

Ерболаттың ескі, сынық домбыраларды жақсы жөндейтінін білген аудандық әуез мектебінің мұғалімдері Ерпайыз Жүсіпов пен Мұрат Жебеевтер одан өз бетінше домбыра соғуды өтінеді. Өйткені мектептерде домбыра тапшы. Жаңасына тапсырыс беруге қаржылық жағдай көтермейді, бағалары тым қымбат. Ал өздері қалағандай ауылда жасалса, әлдеқайда арзан. Ауданның айтулы домбырашылары қолқа салып қоймаған соң Ерболат қазақтың төл аспабын соғуға берік бекінді. Көптеген домбырашы кенттегі №421 мектептің мұғалімі, күйші Әбен Жолтаевтың домбырасын мақтайтын. Соның баласы, сыныптас досы Мұхтар Ерболаттың талабын біліп, әкесінің атақты домбырасын үйіне әкеліп береді. Домбыраның барлық өлшемін: ұзындығы, сабы, сағағы, шанағы, беті, пернелердің саны, орналасуы, құлағына дейін, бәрін де осы үлгіде алып, іске кіріседі. Міне, алғашқы домбыра дайын болып, қолға тиді. Сынақшысы да, ақылшысы да – Ерпайыз бен Мұрат. Олар тартып көргеннен кейін жақсы бағасын беріп, әлі де жетілдіре түсетін жерлерін айтып, өз ойларын білдіріп отыр­ды.

«Үйдің жақсысы ағашынан» демекші, домбыраның да сәтті соғылып, жақсы шығуы ағашына байланысты. Домбыра негізінен әннің және күйдің домбырасы болып екіге бөлінеді. Оның да өзіндік жасалу сыры бар. Осы жайлы сұрағанымызда Ерболат қызып кетті.

– Мен әдепкіде домбыраны үйдегі шпалдан, қарағай, қайың, қараталдан жасадым. Жақсы ағаштарды сырттан тасып әкелуге көп қаржы керек. Сондықтан қолда бар ағаштарды пайдаландым. Шанағына қайың ағашы қолайлы. Құмар адамдар осы ағаштың өніміне көп тапсырыс береді. Өйткені қайың ағашы тығыз келеді, одан жасалған домбыра күмбірлеп шығады, бұл күйге келеді. Ал қарағайдан жасалғандардың дыбысы шашырап шығады. Бұл ән-термеге қолайлы.

Домбыраның шанағы қатты қайың ағашынан жасалады. Жыңғыл, өрік ағаштары да қатты, бірақ оның кейін жарылып кететіні бар. Әнге арналған домбыра шанағының қалыңдығы 2 мм, күйге арналғаны 3 мм-ден келеді. Домбыраның бәрінің беті қарағай ағашынан дайындалады. Ал сабына қатты шетен ағашы пайдаланылады, – деп бір тоқталды.

«Ерінбеген етікші болады» дегендей, Ерболат өнерін шыңдауда ерінбей, жалықпай ел-елді шарлап, домбыра жасайтын ұсталармен жолығып, тәжірибе жинақтапты. Қазалының Бекарыстан би ауылында Абай деген ақсақалға барып танысса, ол жасаған домбыраның құндағы төртбұрышты болып келеді екен. Дайын домбыраларын әйелі базарға апарып сатып отырыпты. Ерболаттың жасаған домбырасын тартып көргенінде көңілінен шығып, қарт шебер тебіреніп батасын беріпті. Қармақшы ауданында Ешнияз салдың шөбересі Нұржан деген азамат домбыра соғатын шебер екен. Оған да барып, өнерімен танысып, білісіп қайтыпты.

Бүгіндері 20 жылға жуық тәжірибесі бар Ерболаттың есімі еліміздің түкпір-түкпіріне тараған, қазағымның қасиетті қара домбырасын соғудың қас шебері болып табылған өнер иесі. Оның қолынан шыққан домбыраларға интернет жарнамалары арқылы танып-білген Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Орал, Ақтау, Қызылорда, Байқоңыр қалаларының тұрғындарынан тап­сырыстар түсіп, пайдалануда. Олар­дың арасында елімізге танымал өнер иелері Қанат ­Әлжаппаров, Қайнар Алагөзов, тағы басқалары бар.

Ерболат домбырамен бірге қобыз жасауға да маманданып, бірнешеуін өнер иелеріне табыстапты. Ол аудандық мәдениет бөлімі, әуез мектебі, оқушылар үйімен тығыз байланыс орнатып, олардың сынған домбыраларын жөндеп, қажет болғанда жаңасын да жасап беріп, «Шебердің қолы ортақ» деген қанатты сөздің куәгеріне айналып отыр.

Бүгіндері әкелі-балалы Қанат­баевтар соққан дөңгелек үстел мен әдемі домбыра үйіміздің төрінен орын алып, қымбат қазынамызға айналған. Айтулы ағаш шебері ретінде Яхия Қанатбаев ауданға белгілі болса, баласы Ерболат Яхияұлы Қанатбаев – есімі елге жайылған домбыра жасаудың қас шебері.

«Ұстаздан шәкірт озар» деген осы болар.


Жұмабай ЖАҚЫП,

Қазақстанның Құрметті журналисі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<