Қарақұмда өткен екінші құрылтай

1899

0

Мемлекет басшысының киелі Ұлытау жерінде Ұлттық құрылтай өткізіп, бабалар жолын қайта жаңғыртып, бірлігімізді бекемдеп, елдігімізді нығайтуға бағытталған түбегейлі өзгерістер жайлы баяндағаны мәлім. Құрылтай шақыру – ертеден келе жатқан ата дәстүріміз. Бабаларымыз елдік маңызды мәселелерді  осындай алқалы жиындарда жан-жақты талқылап, кесімді шешімдер шығарып, ел дамуына келелі өзгерістер енгізіп отырған. Тарихшыларымыздың пайымдауынша, қазақ тарихында 60-қа жуық құрылтай жиыны  өткен. Соның ішінде Жоңғар шапқыншылығына қарсы елді ұлы жеңіске ұйыстырған Арал маңы Қарақұмында екі рет өткізілген құрылтай жайлы анықталғандарды соңғы деректерге сүйене отырып баяндауды жөн көрдік.

Ел басына күн туғанда

Арғы тарихымызға ой жіберіп, зерделей қарасақ, қазақ елінің басына қайғы-қасірет әкелген оқиғалар көп болған. Соның ішінде алғаш дүрбіт-ойрат аталған, кейінгі Жоңғар-қалмақ мемлекеті мен Қазақ хандығы арасындағы аз-кем үзілістермен үздіксіз 250 жылдан астам уақытқа созылған соғыс бұрын-соңды ешбір халықтың тарихында кездеспеген ғаламат майдан еді. Жауласқан тынымсыз шайқас екі елдің де бар күш-жігерін жалмады. Рухани дамуын шектеп, сан мыңдаған адам шығынын әкелді. Халықтарды өркениетті елдердің есебінен шығарған қасіретті зұлмат болып тарихта қалды. Осы аяусыз соғыстан ойрат жұртының жер бетінен біржолата жойылып кеткені де белгілі.

Әсіресе, ХVІІІ ғасырдың алғашқы онжылдығы қазақ халқы үшін аса ауыр кезең болды. Осы тұста қайта күшейген Жоңғар мемлекеті қазақ жеріне бағытталған аяусыз шапқыншылық жорықтарын бастап, Арқа өңірін, Жетісу аймағын түгелге жуық басып алып, елді ауыр қасіретке ұшыратты. Жан-жақтан анталаған жауға табанды қарсылық көрсетуге қазақ жүздерінің қауқары жетпеді, өйткені, ұйымшылдығы мен ауызбіршілігі әбден әлсіреген еді. Мемлекеттің басшылығында қартайған, іс жүзінде жүріс-тұрыстан қалған Тәуке ханның ел ішіндегі шонжарлардың бас араздық ру таласын, бірін-бірі аяқтан шалып айдап салу әрекеттерін тыюға шама-шарқы   жетпеді. Тіпті қазақ батырлары арасында елді, жерді сақтау үшін «жоңғарларға сұрағанын беріп, келісімге келсек, не елден жырақтау кетіп сақтансақ қайтеді» деген екіұдай пікірлер белең ала бастаған еді.

 Ел басына қатер төнген осы бір қиын-қыстау сәттерде елді тығырықтан алып шығатын келелі мәселелерді қозғайтын үлкен жиын өткізу қажеттігі айқын көрінді. Жоңғарларға қарсы ортақ күш шығару мәселелерін талқылаған алғашқы үлкен жиын 1710 жылы Арал маңы Қарақұм жерінде өткізілгені тарихымыздан белгілі. Бұл туралы тарихи әдебиеттер мен мектеп оқулықтарында жазылған. Құрылтай басқыншыларға жалпыұлттық қарсылық көрсетудің тарихында шешуші рөл атқарды. Осы жиынның арқасында жұрттың рухы көтеріліп, көңіл-күйі күрт өзгерді. Қазақ жүздерінің жауды жеңіп, оларды ата-баба жерінен қуып тастауға деген ортақ арман-мүддесі қалыптасты.

Қосарымыз, ұлы жиынның қай жерде өткізілгені жайлы алуан түрлі пікірлердің ішінде Әбіш Кекілбаевтың «Үркер» романындағы «Жаманқұмның күнбатыс бетіндегі Талдысайдағы Жалғыз шоқы үш арыстың бас қосып жалау түгендеген жері еді» деп жазғаны бар. Бұл тарихи оқиғаның Ырғыз Қарақұмы жерінде өткізілгеніне дәйекті қисын дей аламыз.

Алайда түпкілікті жеңістің ауылы әлі де болса алыс еді, алғашқы құрылтай ол мәселені біржолата шеше алмады. Қазақ халқының тағдыр-талайында бұдан да ауыр қасіретке толы азапты кезеңдер алда тосып тұрған болатын. Өйткені, 1710 жылы өткізілген Қарақұм құрылтайынан соң да үш жүздің ру-тайпаларының басы бірікпей, дербес қимылдағандықтан, жоңғарлармен күрестегі олардың жағдайын өзгерте алған жоқ. Әр тайпа өз бетімен өзара келісімсіз қимылдағаны себепті қазақтар бірлігі мен тұтастығы берік жоңғарлармен бетпе-бет келгенде жеңіліске ұшырап жатты. Әсіресе, ел билеген сұлтандардың алтыбақан алауыздығы 1715 жылы қазақ хандығының өркендеуіне зор үлес қосқан Тәуке ханның дүние салуынан кейін өріс алып, билікті өз қолына алған Қайып ханның үш жүздің басын біріктіруге жасаған әрекеттері нәтиже бермеді.

Халық жадында «жаугершілік заман» деп сақталған осы кезеңдерде, айталық, 1711-1712 және 1716-1717 жылдардағы қайталанған соғыстар қазақтар үшін сәттілік әкелмеді. 1718 жылдың көктемінде Аягөз өзені бойында үш күнге cозылған қақтығыс ұрыстың соңғы күнінде қазақ сарбаздары ауыр жеңіліске ұшырады. Тарихшылар бұл жеңілістің негізгі себебін қазақ әскерлерін басқарған Әбілқайыр мен Қайып хандардың соғыс қимылдарын келісе отырып жүргізбегендігінен деп пайымдайды. Осыны пайдаланған жоңғарлар жылдам шабуылдап, қазақтарды қапыда қалдырды. Бұл жеңістерге масаттанған Жоңғар қонтайшысы Сыбан Рыптан бүкіл қазақ жерін жаулап алуға мұқият дайындық жүргізеді.

1723 жылы қазақ даласын әйгілі ақ мешін жұты шарпыған еді. Сол жылдың ерте көктемінде жұттан шыққан елге жоңғарлардың 70 мың әскері тұтқиылдан лап қойды. Шона Даба қолбасшы қазақ даласын тұтастай жайпап өту үшін әскерін жеті шепке бөліп, олардың бір мезгілде әрі ширақ, әрі аяусыз қимылдауына жарлық берді. Қазақтар бұл кезде шабуылдың болатынын күтпеген еді. Жазғы жайылымға көшуге даярланып жатқан халықтың дені түгелімен қырылып кетті. Ал тірі қалғандары мал-мүлкін тастап, үдере көшуге мәжбүр болды. Осылайша, қазақ халқы өз өміріндегі аса ауыр апат, зор зобалаңға тап болып, адам айтқысыз аянышты күндерді басынан кешірді. Атақоныс, құтты мекен, мал-мүліктен, баспанадан айырылып, аш-жалаңаш, жаяу-жалпы шұбырған халық ен далада қаңғырып, қынадай қырылды. Осынау аса қасіретті оқиға қазақ елінің тарихында «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» деп аталды. Неше уақыт өтсе де халықтың жадында сақталып қалған «Елім-ай» зары ел басына түскен осы қасіретті қанды қырғынның гимніне айналды. Бұл әннің сөзі мен әуені халықтың зар замандағы көңіл-күйін, өксігі мен өкінішін, мұң-зарын айқын бейнелейді.

Ағартушы ғалым Ш.Уәлиханов баға бергендей, ХVІІІ ғасырдың алғашқы 25 жылы қазақ халқының өміріндегі сұмдық ауыр уақыт болған еді. 1725 жылы жоңғарлар Қазақ хандығының астанасы Түркістанды, одан кейін Сауран мен Ташкент қалаларын басып алды. Сырдың орта және құяр сағасындағы жайылымдарды  түгел иеленді. Қазақтардың көбі еріксіз Орта Азия жеріне қашуға мәжбүр болды. Ұлы жүз рулары Ферғана аңғарына, Орта жүз халқы Самарқан төңірегіне бас сауғалап кетті. Кіші жүздің үлкен тобы әуелде Хиуа мен Бұқар жеріне қарай босып, алайда, ол жерде де тұрақтай алмай, Арал төңірегін жағалап, Оңтүстік Орал маңайына қарай ығысты. Бұл жағдайлар Әлім, Жетіру тайпаларының сол аймақтарға өз билігін орнатқан Аюке басқарған қалмақ хандығымен еріксіз қақтығысына әкеліп соқтырды. Тарихи деректерде жазылғандай, Әбілқайыр хан басқарған 13 мың қазақ сарбазының Сарытау (қазіргі Саратов) төңірегіне дейін барып, қалмақтарды шауып, көп олжамен елге оралатыны осы кез. Алайда бұдан кейінгі жасалған жорықтар жеңісті жақындата алмады. 1726 жылы 10 мың сарбазды біріктірген қазақ қосындары 20 мың дұшпан әскерін қоян-қолтық ұрыстарда жеңе алмай, кейін шегінуге мәжбүр болды. Қазақтардың амалсыз екі жақ арасындағы уақытша келісімге көнуіне тура келді.

Екінші Қарақұм құрылтайы

Міне, осындай қым-қуыт қысылтаяң шақтарда Кіші Жүздің ханы Әбілқайыр баһадүр өзіне бағынышты Кіші жүз ру-тайпаларының  күшімен уақыт ұттырмай анталап келген жауға  қарсы шешуші соққы беру жайын ойластырады. Бұл жайында «1726 жылдың қысында немесе 1727 жылы елдің айтуынша қазақ батырларының бастамасымен, үш жүздің ең беделді, ықпалды өкілдерінің қатысуымен Қарақұмда тағы бір құрылтай жиыны  өтті» деп пайымдайды белгілі тарихшы Ирина Ерофеева өзінің кейінгі жылдарда жарық көрген «Рыцарь звания чести, казахский батыр Букенбай Карабатырулы» атты тарихи еңбегінде. Оқырман қауым бұл кітаптағы осы кезге дейін бізге белгісіз болып келген мағлұматтармен, «Егемен Қазақстан» газетінің 2018 жылғы 13-14 наурыз күнгі 49-50 нөмірлерінде жазушы Мейірхан Ақдәулетұлының тәржімасымен жарық көрген «Ар намыстың ақтаңгері» атты мақаладан оқып, таныса алады. Ғалым бұл жазбасына дәйек ретінде «Төніп тұрған қатер өзара қырқылжыңды келтіріп, елдің бәрін бір мақсатқа бағыттады, күллі жұрттың жиынында ортақ жауды шауып, қазақ жерінен қуып шығуға кірісу белгіленген жиында Әбілқайыр хан бас қолбасшы болып сайланып, халық дәстүрі бойынша құрбандық шалынған ақ боз ат болашақ жеңістің тұмарындай әсер етті» – деп қазақ-орыс қатынастарына байланысты көп мұра қалдырған А.Левшиннің жазбаларына және басқа дереккөздеріне сүйене отырып мәліметтер келтіреді. Мұның өзі жергілікті өлкетанушылардың осы тақырыпқа қызығушылық білдіріп, зерттеп, әлеуметтік желі беттерінде пікір білдіруіне қозғау салды.

1710 жылы өткізілген алғашқы Қарақұм құрылтайынан кейін араға 16 жыл салып өткен бұл жиын туралы «осы азаттық жорық жолында Алшындар орасан зор рөл атқарды» деген белгілі тарихшы М.Тынышбаевтың пікірін алға тарта отырып, И.Ерофеева «құрылтайдан кейінгі шайқастарда қазақ жасақтарының жеңіске жетуіне Кіші жүздің көптеген батырлары үлес қосты» деп пайымдайды. Одан әрі қазақ халқының басына түскен осынау қасіретті кезеңде Әбілқайыр ханның сенімді серігі болған, қазақ әскерін талай аламан шайқастарда жеңіске бастаған қаһарман батыр тұлға Табын Бөкенбай батырдың ұйымдастырушылық рөліне айрықша тоқталып, тарихымыздағы оның алар орнын орыс тарихындағы Кутузовпен салыстыра отырып салмақтайды.

Тарихшы ғалымның бұл еңбегіндегі атап өтер бір жай, жоңғарларға қарсы шайқастардың алдыңғы сапында болған көптеген қазақ батырларының есімдері алғаш рет аталады. Олардың қатарында Тама және Табын қосындарын басқарған Есет Көкіұлы, Құдайназар Ақманұлы, Төлебай Жолболдыұлы сынды батырлармен қатар, елін жауға бастаған Малай Көкшеұлы, жұрт арасында «сұр найзалы» атанған Тайлақ Жездібайұлы сияқты хас батырлардың да Бөкенбай батырдың айтулы серіктері болғанын дәйектейді. Сондай-ақ, 1727-1730  жылдарда Бөкенбаймен бірге соғысып, даңққа бөленген батырлар Кете Алтай Ебескіұлы мен Арал Болпашұлы, Шөмекей Арыстанбай, Шекті Бәйімбет Ақкісіұлымен қоса өз руының ұранына айналған он жеті жасар батыр Сартай Байжанұлының да осы қатарда айтылуының  дәйекті мәліметтер ретіндегі алар орны ерекше.

Екінші Қарақұм құрылтайының ұйғарымы негізінде жасақталған Кіші жүз сарбаздарының жарақты жауға қарсы ұрыс қимылдары бұдан әрі қалай өрістейді? Тарихи деректерде атап көрсетілгендей, қазақ даласының әр өңірінен келіп, басы біріккен жасақтар Әбілқайыр хан белгілеген жалпы стратегиялық жоспар бойынша жеңісті жорықтарын жалғастырады. Сәтті басталған жорықтың шарықтау шегі Ұлытаудың оңтүстігіндегі Сарысудың батыс жағындағы Қарасиыр деген жазықта (кейіннен Қалмаққырылған деп аталған) өткен қан майданда шешіледі. Бұл шайқас туралы тарихи деректерде молынан қамтылған, «үш арыстың баласы бұл жолы, обалы не керек, елдік жасады. Ортаға да, қол басына да сұлтандар емес, батырлар шықты. Содан кейін олар Қаратауды місе тұтпай, Сарыарқаға қарай еңкілдеп келе жатқан жоңғар әскерлерімен ұстаса кетті. Көптеген жылдардан бері еңселері түсіп кеткен қазақ осы шайқастан төбелері көкке жетіп, желпініп қайтты» деп баяндалады деректерде. Одан кейін Бұлантыдағы жеңіс шеруі Аңырақай шайқасындағы  шешуші ұрыстағы қазақ қосындарының ұлы жеңісіне ұласып, жоңғар шапқыншылығының бетін біржолата қайырды. Бұл туралы белгілі қазақ жазушысы М.Мағауин өзінің «Қазақ тарихының әліппесі» атты толғауында «Бұланты мен Аңырақай шайқастары Алаш ұлының ғұмырын ұзартқан, оған ең қажет жерінде тыныс берген елеулі оқиға болды. Егер ол жеңістер болмаса Қазақ мемлекеті осыдан жүз жыл бұрын мүлде тозып, құрып біткен Ноғай ордасының кебін киген болар еді. Тоқтау көрмеген жоңғар Еділ қалмақтарымен қосылып, қазақтың барар жері, басар тауы қалмас еді. Хандық садақа, халқыңның өзі құрып кетер еді» деп баға берген болатын.

«Мың бала» жорығының тарихи шындығы

Қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық жолындағы күресі ауыз әдебиеті үлгілерінде де көптеп қамтылған. Нақты мән-жайлар жылдар өткен сайын ескіріп, көнере келе, бірте-бірте ел жадында сақталып қалады. Соның ішінде сталиндік саяси қуғын-сүргін науқаны кезінде жазықсыз жала жабылып, құрбан болған Арал өңірінен шыққан атақты ақын-жыршы Нұрмағанбет Қосжанұлының   «Мың бала» дастанының алар орны ерекше. Бұл туынды кезінде кеңестік идеологияның  қысымына ұшырап, ел арасында ұмыт болған еді. Шығарманың қолжазбасын алғаш рет Арал ауданы Аманөткел ауылының тұрғыны Өмірзақ деген қариядан тауып, сұрап алып, кітап етіп бастырып, халқымен қауыштырған  елжанды азамат, профессор Өмірзақ Жолымбетов ағамыз болатын.

Ата-бабаларымыздың тарихи шежіресін анықтаған сайын өз халқымыздың басынан кешірген оқиғаларын, көрнекті тұлғалары мен олардың аңызға айналған ерлігін, ақыл-парасатын таразылап, өткен өмір жолдарын жете тани түсеміз. Соның айғағындай, «Мың бала» дастаны бізге Арал маңы Қарақұм өңірінде екінші рет өткізілген құрылтай жиыны және осы төңіректі мекен еткен Әлім балаларынан құралған Сартай батыр бастаған мың бала жасағы, олардың үлкендерге еріп, жатжерлік басқыншыларға қарсы күрестегі қаһармандық ерлік жолдары жайлы әдеби көркем тілмен шебер баяндалып, дәйекті мағлұматтар береді. Шығарма өзінің шынайылығымен де құнды, көптеген маңызды деректерді қолға ұстатқандай әсер етеді.

Десе де арагідік дастанда қамтылған оқиғалар мен тарихи тұлғалар жайлы шындыққа жанаспайтын ұшқары пікірлер айтылып қалып жүр. Мәселен, жақында әлеуметтік желідегі «Сәті түскен сұхбат» хабарында жырдың мазмұнының жай аңызға құрылғаны, Сартай бейнесі албан Райымбек батырдың образына құралғаны жайлы жаңсақ пікірлер айтылды. Тарихқа қиянат жүрмесе керек-ті, сол себепті нақты деректерді назарға ұсынуды жөн көріп отырмыз. Алдымен, Сартай батыр Байжанұлының  өмір дерегіне тоқталайық. Ол – ержүрек батырлығымен қатар, халық аузында хан атанып, Кіші жүзде ықпалы жүрген би, сол тұстағы қазақ-орыс дипломатиялық қатынастарында да ерекше орны бар қайраткер. Сонымен қатар, жеке басының әулиелік, көріпкелдік қасиеттері де мол болған халқының ардақты да айбынды тұлғасы. Ол туралы архивтік деректер бізге көп жайларды жеткізеді. Айталық, Ресей патшалығының бодандығына кіргізу үшін Анна патшайымның арнайы жіберген елшісі Тевкелевтің «Күнделік жазбаларында» Шекті руының батыр билері Сырлыбай, Бәби және Байжан билермен қатар, оның баласы Сартай батырдың да аты аталады. Осы айтылған деректерден Сартай батырдың Әбілқайырдан ант қабылдауға келген патша елшісіне ашық қарсылық ниетте екенін байқауға болады. Сартай бастаған Шекті  би-батырларының ант бермеуге тырысқан іс-әрекеттері жайлы хабар патшайымға жетіп, ол 1732 жылы Әбілқайырға жазған хатында «қырғыз-қайсақтардың жүгенсіздік әрекеттерін» тоқтатуды қатаң талап етеді. Сондай-ақ, Кіші жүздің елуден астам би-батырларының 1785 жылдың жиырма бірінші шілдесінде Екатерина екінші патшайымға Нұралы ханды тақтан түсіру жөнінде жазған өтінішінде де Сартай бидің есімі аталады. Тағы бір тарихи құжатта 1786 жылы өткізілген Кіші жүз старшындарының жиналысында патша ағзамға басқа да Кіші жүз руларының ішінде Шекті руының он мың үйі артынан Сартай батырдың да ант бергені дәйектелген. Тарихшы Ж.Кеңесов 1817 жылдың 16 тамызында Орта және Кіші Орда билерінің патша ағзамға Шерғазы Айшуақұлын өздеріне хан етіп сайлауды ұсынған жүзден астам би қол қойған тағы бір хатындағы «Мен Сартай Байжанұлы өзімнің мөрімді бастым» деген дәйегіне сүйене отырып, Сартай батыр 1817 жылы өз ажалынан қайтыс болды деген пікірді алға тартады.  Біздіңше, осы дәйекті пікір қисынға келетін сияқты.

Дастан желісіне зер салсақ, жоңғарларға қарсы күш біріктіріп, жорыққа аттану мәселесі Қарақұм төңірегінде өмір сүрген Жақайым Құрым биге арнап берілген ас жиынында шешілгені баяндалады. Құрым би ұрпақтарының жадында сақталған шежірелік деректерге сүйенсек, жырда есімдері аталған Көлімбет Құрым би Мантақұлы және оның балалары Ақкісі мен Байкісі батырлар – өмірде болған адамдар. Олардың ұрпақтары қазіргі күндері Арал өңірінде өмір сүріп келеді. Сондай-ақ, сол жиынды басқарып жүрген, ел аузында «Қарашора – Қармыс би, панасы таудың ығындай» деп аталған ағайынды билердің есімдері қазақ-орыс қатынастарына байланысты құжаттарда да кездеседі.

Сонымен қатар, жергілікті өлкетанушылардың деректеріне сүйенсек, бұл жолғы құрылтай жиынының өткен жері – осы күнгі Қарақұм ауылдық округі аумағындағы Құлжымыр Қасқатөбе деген жер. 2012 жылы Қарақұм құрылтайының 300 жылдығын мерекелеу шаралары кезінде Абай ауылындағы орта мектеп алдына ескерткіш стелла орнатылды. Аталған төбе басына белгітас қойылды. Осыдан екі жыл бұрын осы аумақты кесіп өтетін «Сексеуіл-Жезқазған» теміржолының бойындағы Промежуточная аталып кеткен разъезге «Мың бала» атауы берілді.

Қарақұм құрылтайы сынды қазақ тарихында аса маңызды орны бар оқиға жайлы әлі де болса терең ашылмай, бірізділікке түспей, кей жағдайларда бұрмаланған пікірлердің айтылып келе жатқаны байқалып жүр. Оның ішінде ең бастысы – жоңғар шапқыншылығына қарсы күреске елді ұйыстырып, бастама болған жалпыхалықтық жиын осы кезге дейін тек 1710 жылғы Қарақұмдағы құрылтаймен ғана байланыстырылып келеді. Тарих –  ғылым, ал ғылым шындықты, нақтылықты, дәлелді дәйектерді ғана қажет етеді. Сонда ғана оның ақиқаты ашылады. Сол себепті, жоғарыда айтқанымыздай, тарихшы И.Ерофееваның зерттеу еңбегінде нақтыланған жасақты жауға қарсы шешуші шайқастар бастауы 1726-1727 жылғы екінші Қарақұм құрылтайында шешілгенін атап көрсетсек дейміз.

Сондай-ақ, көкөрім жастардан құрылған жасақтың үлкендерге еріп жорыққа аттануы жайлы әңгімелер Ақтөбе, Арал өңірлерінде ел аузында көп сақталған. Эпостың ізімен жазылған «Сартай батыр» дастанында кейіпкерлерді ерекшелеп көрсету мақсатында әсірелеу қолданылатыны бар, дегенмен, жас ұландардың қан майданда үлкендермен қатар соғысып, ерлік көрсетуі онда нанымды суреттелген. Қарап отырсақ, жас батырлардың үлкен соғыстарға қатысып, жанкешті ерлік көрсетуіне күмән болмауы тиіс. Өйткені, мұндай жағдай басқа халықтардың тарихында да болған. Бір замандарда Тбилисиге Нәдір шах бастаған парсы әскерлері келгенде жүзге жуық грузин бозбала күші басым жауды тоқтатып, өздері түгелдей шейіт болған. Грузин патшасы сарайының  алдындағы Кура өзенінің жағасында осы балғын жауынгерлердің аттары жазылған құлпытас орнатылған еңселі ескерткіш бой түзеген. 1915 жылы османдық түріктердің елін жатжерліктерден қорғау кезіндегі соғысында да бойы қылыштан жоғары балалардың әскер қатарына шақырылғаны жайлы бұйрық шығарылып, елін қорғап қалғаны жайлы мысалдар бар. Ұрпақтарға үлгі болған хас батырлар есімін біз де осылай дәріптесек артық болмас еді! Себебі, Сартай бастаған мың бала ерлігі – қазіргі толқын ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің теңдессіз тағылымы. Бірде шайқас алаңында кездескен екі жақ бір-біріне бата алмай, тұрып қалса керек. Бұл бір өмір мен өлім арпалысқан сәт еді! Сол кезде бір тұстан Сартай батыр бастаған бала сарбаздар лап етеді. Балалардың тұтқиылдан жасаған шабуылын көрген басқа қазақ сарбаздары да арқаланып, ұран шақырып, найзаларын кезеп, ұрысқа кіріп кетеді. Ересектерге ілесіп соғысқа аттанған сол сайыпқырандар елге арада төрт-бес жыл өткенде оралады. Ел аузында аты қалған Жылқыайдар, Жылқыаман, Құлбатыр, Бақтыбай, Арал сынды ұландар кейін атақты батырлар сапына қосылып, ерен ерлік көрсетіп, тарихта қалған.

Соғыс болған соң шығынсыз болмайды. Бір деректерде Бұлантыдағы жан алып, жан беріскен шайқаста 500 баланың қаза тапқаны айтылады. Олардың есімін ардақ тұтып, кейінгі ұрпаққа жеткізіп, қастерлеп отыру – ортақ міндетіміз. Тарих дегеніміз – заманалар бойы халық жадында сақталып, жинақталған қазынамыз. Сол қазынаны шынайы деректермен зерделегенде ғана бабалар аманатына адал болып, ел бірлігі мен оның ғұмырлылығына кепілдік бере аламыз.        

Үргенішбай Қуатов,

ардагер ұстаз, өлкетанушы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<