Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 21 маусым – Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында бірқатар дәрігерді нарградтады.
Қажырлы еңбектеріне алғыс айтып, амандық тілеп, мемлекет жан-жақты көмек беретінін жеткізді.
Осындай марапат биігінен көрінген жанның бірі – «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған Қызылорда жұқпалы аурулар ауруханасы балалар бөлімінің балалар инфекционист-дәрігері Збира Айдарбекова.
Өз мамандығын сүйетін жан үшін атақ та, байлық та, мансап та маңызды емес. Олар үшін ең бастысы– адам денсаулығы. Алдына келген науқастың жанына жылу сыйлап, ертеңіне үміт берсе, олар үшін зор қуаныш. Міне, Збира Айдарбекова – бiлiмі мен тәжірибесін жүрек жылуымен ұштастыра білген абзал жан.
Ол Қазалы ауданында дүниеге келген. Дәрігер болсам деген арман жетегінде Ақтөбе медициналық институтына «Педиатрия» дәрігер мамандығы бойынша оқуға түсіп, тәмамдайды. Кейін Сәкен Ибраевпен отбасын құрып, ұл-қыз сүйіп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды.
Кейіпкеріміз – бірінші санатты педиатр, жоғары санатты инфекционист-дәрігер. Оның осы біліктілігі қазіргідей пандемия жағдайында көп септігін тигізіп келеді.
«Сұлулық – саулықта» деген сөз бар емес пе?! Қатерлі індет алқымнан алғанда өмірдегі ең маңызды дүние – денсаулық екенін көп адам ұғынғандай. Дем жетпей қиналған науқас тек дәрігердің біліктілігіне ғана үміт артады, сенеді. Ал дәрігерге сол сенімнен шығу – ең басты міндет. Жағдай белгілі, қазір ауруханаға түсетін науқас саны тым көп кез. Тіпті қабылдап үлгірмей жататын, кезекшіліктен шаршап-шалдығып шығатын уақыт. Одан кейінгі анализ қабылдау, талдау жасау, ем тағайындау секілді бітпейтін процестің арасында жүріп кейіпкерміз өзін де ұмытып кетіп жатады.
Отбасынан оқшау жүріп жұмыс істеу қандай қиын?! Әсіресе әйел адам үшін бұл – қиынның қиыны. Немеренің тәтті иісі, шаңырақтың шаттық жылуы, дастархан басындағы әңгіме-дүкен, бәрі-бәрін айырбастау шынында да шаршатады. Алайда артылған сенім бар, жүктелген жауапкершілік бар. Міне, осы міндеттер оны жігерлендіре түседі.
Айта кету керек, Збираның жары Сәкен Ибраев та осы саланың маманы. Отыз жылдан аса дәрігерлік қызметте келе жатқан ол соның 27 жылын облыстық полиция департаментінің медицина қызметі саласына арнаған. Ол – «Жоғары санаттағы дәрігер», Медицина ғылымдарының кандидаты және полиция полковнигі. Елімізде төтенше жағдай жарияланғанда қауіпті індетке қарсы күресте жанын салып еңбек еткен жанның бірі. Блок-бекеттерде күндіз-түні кезекшілікте тұрған қызметкерлердің қауіпсіздігін бақылау Сәкеннің мойнында болды. Ел басына түскен қиындықты жан-тәнімен түйсінгендіктен әрі осы саланың шебері болғандықтан, жары Збираның қызмет жолындағы қиындықтарын ұғынады, түсінеді.
Мамандыққа адалдықтан айнымау қажеттігі қос дәрігердің кеудесінде сайрап тұр. Сонымен бірге қос дәрігердің Ақерке атты қызы да С.Асфендияров атындағы Алматы медицина университетін тәмамдап, Алматы қаласының №12 емханасында дәрігер-эпидемиолог болып қызмет етуде.
Бір саланы таңдаған бұл отбасы мүшелерінің өлшеусіз ісіне елдің алғыстан өзге айтары жоқ.
Света АРТЫҚБАЙҚЫЗЫ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<