Қасым Қайсенов немістерден неге кешірім сұрады?

3000

0

1975 жылы жеңістің 30 жылдығын атап өту үшін Кеңес Одағы құрамындағы Қазақстан делегациясы сол кездегі Герман демократиялық республикасының астанасы Берлинге аттанады. Ол делегацияның ішінде атақты партизан Қасым Қайсенов болған.

Берлинде бірнеше мың адам жиналған салтанатты сарайда екі елдің басшылары сөйлеп болғаннан кейін сөз көзі тірісінде аңызға айналған көрнекті жазушы партизан Қасым Қайсеновке беріледі. Трибунаға көтерілген ағамыз: «Мен ең алдымен неміс халқынан кешірім сұрағым келеді» деп залға қарап еңкейеді. Залда отырған немістердің көздері шарасынан шығып, ауыздары ашылып қалады. Президиумда отырған кеңес делегациясының есі шығып не істерін білмей: «Қасеке, біз жеңгенбіз… соғыста біз жеңгенбіз…» деп оның сөзін түзетпекші болады.

Ал партизан ағамыз болса сөзін әрі қарай байыппен жалғастырып, соғыс кезінде өзінің партизан болғанын, партизандар жау солдатын тұтқынға алмайтындықтан немістердің олардан қатты қорқатынын, сол жылдары өз қолымен талай неміс солдатын о дүниеге аттандырғанын айтып келіп: «Мүмкін солардың арасында сіздердің балаларыңыз, әкелеріңіз болған шығар, сол үшін мені кешіріңіздер!» деп залда отырған немістерге тағы да иіліп тағзым етеді. Разы болған немістер ұзақ қол шапалақтап тоқтамай қойған деседі.

Қайран Қасеке, жауларына мейірімсіз болған асыл ер соғыстың қасіретіне қатысты бейбіт уақытта осындай шындықты да жайып салған. Өзіне Халық Қаһарманы атағы берілгенде оңаша бөлмеге тығылып алып, бір шөлмек коньякты ішіп, өксіп-өксіп алған көрінеді. Неге жыламасын, сол соғыста өшпес ерлік көрсеткен бауырлары Бауыржан мен Рахымжанға бұл атақ өлгеннен кейін берілген еді.

Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<