Қазақ жауынгерінің өшпес өнегесі

1473

0

Қан майданда ерен ерліктің үлгісін көрсетіп, Ленинград қаласын қорғауда көзсіз ерлігімен үлгі болған аталарымыздың майдан даласындағы ғажайып ер­ліктері уақыт өткен сайын ұрпақтар сабақтастығында жаңғыра түспесе кеміген емес. Сол бір ел басына күн туған қысылтаяң шақты кешегі көзкөрген қариялар әлі де ұмыта қойған жоқ. Сайын дала қанға боялып,от пен оқтың ортасында сынға түскен батырлардың бірі сол мезетте Отан үшін мерт болса, енді бірі бүгінде кеудесі орденмен көмкерілген ардагерге айналған. Бізге жеңіс дейтін теңдесіз сыйды тарту еткен дәл осы жандар. Содан бері де жылдар жылнамасыжылжып, уақыт шіркін өз өрмегін айналдырып үлгеріпті. Иә, биыл Ұлы Жеңіс күніне 75 жыл толып отыр. Қаншама қасіретпен келген бұл ұғымның біз үшін қашанда құны жоғары.

Ал, Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күні – соғыстан оралмай қалған аталарымыздың рухына бас иіп, ал арамызда жүрген соғыс ардагерлеріне бұрынғыдан да құрметпен қарап, олардың жауынгерлігіне және ерліктеріне тағзым ететін күн.

Мәселен, деректерге сүйенсек, Қызылорда облысы, Арал ауданынан Ұлы Отан соғысына 11 мың 45 жауынгер аттанып, оның 6047 майдан даласында ерлікпен қаза тапқан. Солардың бірі – өз ауылымыздан шыққан, ер жүрек жауынгер Дабылов Қошабайдың майдандағы ерлігібір төбе.

Дабылов Қошабай Дабылұлы 1910 жылы қазіргі Ақбасты ауылының маңында Шөмішкөл елді мекенінде балықшы отбасында дүниеге келген. Әкесі Дабыл балық шаруашылығында еңбек етті, анасы Иық үй шаруасында.Атасы Ақмырзаұлы Дос әулие, би елге сыйлы артынан жел сөз ермеген қабырға Жақайымның 500 шаңырақ, кейбір жазбаларда 1000 шаңырақтың болысы, өте таза адам болған. Дос әулие балаларын өз атақ-абыройына қарамай қарапайым,еңбекқорлыққа тәрбиелеген. Солардың бірі Дабылда ел қатарлы еңбек етті. Дабыл атамызбен Иық анамыз отбасында Қошабай, Ханзада, Дәләфруз есімді үш перзентті өмірге әкелді.Әкесі Қошабайды Жиделісайдағы Андағұл-Құлжан мешітіне ауыл молдасынан сауат ашуға береді, кейін Шөмішкөлде алғашқы мұғалім Ықыласов Өмірзақтан 2 кластық білім алады. Әкеден ерте айрылған Қошабайға отбасының барлық ауыртпалығы түсіп, еңбекке ерте араласады. Отбасының асыраушысы, қарындастарының қамқор ағасы бола білді. Сұрапыл соғыс басталып теңіз жағалай отырған В.И.Ленин және И.В.Сталин колхоздарынан 350-ге тарта өрімдей жас, жігіт ағалары майданға аттанды. Олардың қатарында  Қошабайда бар еді.

Қошабай Дабылов 1942 жылы маусымда полкке келгеннен бастап өзін тәртіпті және ұқыпты жауынгер ретінде көрсете білген. Алғы шепті бақылау қызметін жақсы меңгерген.

1943 жылы 16 марттың түнінде  Қошабай шептің алдыңғы жағында траншеяны тереңдетіп қазып жатқанда біртоп финдер байқатпай шабуыл жасайды. Кенет ол аяғының қатты ауырғанын сезінді. Жаулар жауынгер Дабыловты қоршауға алды. Қошабай винтовкасын алуға үлгірмеді, бірақ өзін қарусызбын деп санамады. Қошабай қолына күрегін қатты қысып, төніп келген жауларына мықты соққылар берді. Жаулар жауынгердің қолынан күректі тартып алды. Жауынгер оларды жұдырықтап, күшті қолдарымен тұншықтырды. Қанжармен тілгіленген Дабылов қансырағанына қарамастан, күресе берді. Жау Дабыловты тірілей қолға түсіргісі келді. Бірақ оларға қатты соққымен қарсыласқан жауынгерді Ақ финдер оның жүрегіне қанжар сұғып, ержүрек, батыр Қошабайды жауынгер қатарынан шығарады. Қошабай Дабылов Отанға деген сүйіспеншілігін және халықтың қарғыс атқыр жауларына деген  шексіз өшпенділігін іс жүзінде көрсете білді.

1943 жылы 16 март күні ертеңгілік уақытта жауынгердің денесін полктің алдынан алып өтіп, «Бұл ержүрек солдатты танитындарың бар ма?» – дейді командир.Жауынгерлер «Танимыз,  Ол – қазақ жауынгері Қошабай Дабылов» деп айқайлайды. Оның құрметіне автоматтан дүркін-дүркін оқ атылып, салют беріледі.

Қошабай Дабылов сол кездегі жоғарғы марапат жауынгерлік «Қызыл Ту» орденімен және «Ленинградты қорғағаны үшін» медалімен марапатталады.

Ленинград блокадасына қатысқан ауылдасы Ыбырайым Төлеубаев былайша суреттейді: «Сол тұста Қошабай 32 жастан енді асқан ерге лайық тұлғасы бар, өр кеуде,ат жақты, жазық маңдай, орақ мұрынды, жауырынды, алапат күш иесі еді, қапыда кетті» деп өкінішпен еске алады.

Ақбастылық өрен «Өлермін, бірақ тірілей қолға түспеймін!» – деді. Солай болды. Жан берсе де, азаматтық арын, антын сақтап қалды. Оның денесі  Ленинград облысының Светное-Сержантское  көлінің жағасынан жай тапты. Атамызға қандай құрмет көрсетсекте лайық. Себебі, ерлік  еш ұмытылмауы тиіс. Өткенді ұлықтау – бізге парыз.

Гүлфарида ЫСМАҒҰЛОВА,

облыстық тарихи-өлкетану

музейінің ғылыми қызметкері.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<