Қазақстанды қуатты мемлекетке айналдырды

1992

6

Ширек ғасырдан сәл ғана астам уақытта бір елді қуатты мемлекетке айналдыру – ерлікпен пара-пар. Ол кей мемлекеттерде ғасыр жүгін арқалайтын жұмыс. Қазақстанның тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев саналы ғұмырын ел дамуына арнаған тұлға. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тарихи тұлғадан алған тағылымын тілге тиек еткен мақаласында тұңғыш Президент туралы тың деректер мен оның болмысын айқындайтын тұщымды дүниеге қанықтым.

«Бас болмақ оңай, бастамақ қиын» дейді халық даналығы. «Көш жүре түзеледі» деп бейқам отырсақ, біз бұл деңгейге жетпес те едік. Елдің ел болуы ерінің еңбегіне қарай орындалатын миссия. Бірлікті ту етіп, ынтымақты күн кешсек, біздің алар асуымыз әлі алда. Қасым-Жомарт Кемелұлы «Бұл үлкен жүректі адам менің қабілетіме сенді, сенді де өзім туып-өскен Қазақстан игілігі үшін аямай жұмсауыма жол ашты» дейді «Тарихи тұлға тағылымы» атты мақаласында. Н.Назарбаев талай жанға даңғыл жол ашты. Мемлекеттің абыройын асқақтатып, әлемдік дамуға тыңнан түрең салды. Отыз жылда ойға келмес жетістіктерге қол жеткіздік. Елбасы сара жол салмаса Еуропа мен Азияны жалғап, Еуразияның жүрегіне айналар ма едік?! Мемлекет қабылдаған түрлі бағдарламалар мен стратегиялық жоспарлар мезгілінен бұрын орындалып, көшіміз ілгері жүрді. Міне, Президент мақаласында елімен етене Елбасының осы қырларына ерекше мән берілген.

Елі сүйген, елін сүйген Елбасының батыл қадамдары қазақ халқына аян. Дегенмен Президент мақаласында дерек пен дәйекті тоғыстырып, ұлы мұрат жолындағы қадамдар айқын жазылады. Біз ой-санамызға сілкініс берген осы мақаланың ішінде ел дамуы үшін қайнаған оттың ортасында өз мүддесінен мемлекет мүддесін биік қойып, тәуелсіз елдің тұғырының биіктеуіне тер төккен тұлғаны тағы бір мәрте жаңа қырынан танығандаймыз.

Орынбай ҚУАНЫШБАЕВ,

Смағұл Ысқақов атындағы Қызылорда құрылыс және

бизнес колледжінің директоры.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<