Өткен ғасырдын алпысыншы жылдары. Тіршілігі қайнаған қаланың ескі базары. Базарды қақ жарып ағатын арықты бойлай өскен алып дарақ көлеңкесінде қобызын сарнатып соқыр шал отыратын.
Біздің үйдің балалары базарды жиі төңіректейміз. Оның себебі де жоқ емес. «Қоғалыкөлдегі» қойлы ауылдағы ата-анамызды сағынсақ, каникулды күтпей-ақ тартып кеткіміз келіп тұрады. Ауылға апаратын автобус осы базардан жүреді.
Базарды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайтын алтынға малынған апамыз Зағипа осы жерде бастық. Ортасындағы сырты жұпыны көрінгенімен іші кірсе-шыққысыз үй – осы апамыздың үйі. Табалдырықтан бастап төселген қалың кілемнің неше түрлісі өрлеп барып қабырғаға ілінген. Сарай толған жеміс-жидек. Апамыздың қолы жомарт. Бара қалсаң, қойын-қонышыңды ауыл баласы үшін жеңсік астың неше атасымен толтырып жібереді.
Базарды бір аралап келіп, сарнаған қобыз үніне қайта құлақ түреміз. Біреу келіп бал аштырап жатыр, қобыз үніне елітіп, көзінен жасы парлап қалғып-мүлгіп тыңдап отырғандар бар. Әйтеуір бақсының жаны адамсыз емес. Жіпсіз байланасың. Ауруы асқынып дертіне дауа іздегендердің, өмірдің қара бұлты басына үйіріліп қиналғандардың шырқыраған шыбын жаны осы жерден байыз тапқандай. Қобызын сарнатып су басындағы Сүлейменнен медет, батагөй баба Қорқыттан бата сұрап, Қойлыбай бақсы піріне қол тапсырып, өз ұстаздары Есақай мен Адасқақтан аруақ шақырып барып, сәл үзіліс жасап әңгімеге кіріседі. Алдына келген адамның жанына жағымды жылы сөздің тасқыны ағытыла жөнеледі. Жоқ іздегеннің жоғын, дертті жанның дертін, қиналғанның қиындықтан шығар жолын қолмен қойғандай баяндай жөнеледі.
Кейін білдік қой, бүкіл Қызылорданы қобыз үнімен ұйытып отырған қарт біздің ауылымыздан екен. Соқыр Нышан – Ысмайыл Шәменұлы 1883 жылы Қоғалыкөл ауылында дүниеге келген. Нәресте кезінде «өзіңді алам не көзіңді алам» деген серті бар шешек ауруынан соң көзі көрмей, зағип болып қалады. Алты жасында анасы, жеті жасында арқасүйер әкесі қайтыс болып, бесіктен белі шықпай жатып тағдыр тақсіретінің ащы дәмін татып үлгіреді. Балалық шағы Ақмешіттегі Мұсаяз әулие бейітінің шырақшысы, ағасы Әуездің шаңырағында өтеді. Мұсаяз бейітіне зиярат етушілердің арасында дін ғұламалары, бақсы-балгерлер, жыршы, күйшілер көп болатын. Баланың өнерге бейімін байқаған Әуез Есақай, Адасқақтай атағы алысқа кеткен бақсылардың киелі өнерін үйренуіне жағдай жасайды.
Кемеліне келген жігіттік шағын еске алғанда қобызшы: «Аққуды» тартқанда аспанға көтерілген аққу жіпсіз байланып, айналып келіп қайта қонатын. «Желмаяның желісін» боздатқанда желіде тұрған інген иіп, емшегінен сүт саулап, боздап қоя беретін кезімді көрмедіңдер ғой» дейтін. Төңкерістен кейін астана болған Қызылордада Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Мағжан, Мұхтар бақсы өнеріне тәнті болып, таңды таңға ұрып тыңдаушы еді. Кейін коммунистерге қожа, молда, бақсы, балгерлер жау саналып, Ысмайыл бақсы бой тасалап, елге кетуге мәжбүр болады.
Соғыс басталардан бұрын «Қаратабанға» Әлкей Марғұлан әдейі іздеп келіп, күйін тыңдап, таңданып аттанған. Сол сапарда ғой Әлекеңнің «Қарашеңгел», «Қышқаланы» зерттеп, картаға түсіріп кететіні. Елуінші жылы «Қаратабанды» су басып, Ысқақ бастаған бұл әулет «Қоғалыкөлдің» батысындағы «Жетімасар» жағындағы «Айдаршоқыға» қоныс аударған. Біздің құдамыз Ысқақтың жары Мырза – Бақмұхаммед қожаның ұрпағы. Соқыр Нышан да – Бақмұхаммед. Өзі жарымжан жан Мырза әжемізді сағалап жүретіні содан. «Ысқақтың бағы» деген бақ «Октябрь» каналының жамбасында бертінге дейін болды. Ескі көздер Ысқақ бағындағы тұттың дәмін әлі ұмыта қоймаған шығар.
Мен Мырза әжемізді көрдім. Жеңгем Сәрсеннің нағашы әжесімен жақсы араластық. 1994 жылы қалың қар жауатын қыста «Бесарықтағы» үйімде айға жуық жатты. Анам екеуі талай тарихтың тінін тарқатқан, жады мықты әңгімешіл жан еді. 1959 жылы жеңгем Сәрсеннің әкесі Емберген құдамыз «Қоғалыкөл» ауылының орталығындағы, «Бәлтік» мешіті жанынан жер алып, үй-жай салуға қам қылды. Бұл әулеттен іргесі ажырамаған Нышан да жаңа қонысқа бірге келді. Ересектер кесек кұйып, там салу қамында болса, бес жасар Сәрсен қобызшы атасын жетелеп, қораның аяғына еккен тарыны қоритын. Жағалай жіп тартып, оған қалбыр, қарақшы ілінген егістік басына бақсыны іздеп аракідік келушілер де болатын. Соқыр Нышан келушілердің тамырын ұстап отырып аһылап, уһілеп бастағаннан-ақ қобыздың басына таққан қоңыраулар мен моншақтар сыңғырлап, сыңси бастайды. Меккедегі Мұхаммедтен бастап әулие-әмбиелерді жағалап келіп, «Бегім Сейіт бабам-ай, Бегім-ай менің анам-айлап» қобыз шала бастайтын. Аспанға аққу, қаз ұшырып, бота, түйе боздатып, азан-қазан кылып сарнатып барып, келген кісінің жайына көшетін.
1962 жылы кемпірімен Қызылордаға қайта көшіп, «Айтбай» мешіті жанынан жай алып, сонда тұрды.
– Алда-жалда біз бара қалсақ, «Әй, барыңдар, Қымбатқа сәлем айта бар, саған бал ашпаймын» деп танып қоятын. «Қобызымды да, киесін де саған берем» деп Қымбатқа қанша айтса да, шешем көнбей қойды. «Ендеше қызың Сәрсенге берем» деп кейін ықыласы маған ауды, – дейді жеңгем Сәрсенкүл. – Кейін мен көп ауырып, гарнитурдағы ыдыстар сыңғырлап, баяғы бала кездегі қобыз моншақтарының сыңғыры құлағыма келетін. Қиналған сәттерімде ақ киімді Нышан атам өңімде де келетінін айтқанымда анам Қымбат «Әттең, Соқыр Нышан атамыздың өнері мен киесі иесін таппаған екен ғой. Сені жағалап жүргені ғой» деуші еді. Енді ғой біліп жатқанымыз, Ахат Жанаев ағамыз азаматтық танытып, бабамыздан Қорқыттың тоғыз күйін, бақсының «Елім-ай, халқым-ай» күйін жазып алып, таспаға түсірді. Асылдың асыл екенін көзден таса болғанда бағалайтын, бақсы, балгерді, молда, ишандарды жау көрген марғау заманда өмір сүрдік, ненің парқын білдік?! Кімді кінәлаймыз? – деп жеңгем өнер иесі жайлы әңгімесін аяқтады.
Жұмабай БАЙЗАҚҰЛЫ
*сурет ашық дереккөзден алынды
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<