Қоразбай молда

2389

0

Ислам дінін мойындамаған кеңес билігі тарапынан қуғын-сүргін көргеніне қарамастан халықты имандылыққа шақырып, дінді дәріптеген  кісілердің бірі ХІХ ғасырдың аяғында  Жалағаш өңірінде туған Қоразбай молданың атына қанықпын. Үлкендердің айтуы бойынша ол  құран кәрімді жатқа айтып, мағынасын қазақшаға аудара білген, шариғатпен жақсы таныс, белгілі ислам дінін насихаттаушы, діни ғұлама болған. Кеңес үкіметі тарапынан қуғын-сүргінге іліксе де халық арасында ислам дінін дәріптеп, уағыздап, ересектер мен балаларға дәріс беріп, сауатын ашқан.

Жалағаш ауданында Қоразбай молданың атымен байланысты екі мешіт қызмет еткен екен. ХХ ғасырдың басында Қаракеткен ауылынан 35 шақырым жерде салынған мектеп-мешіт болған. Мешіт орналасқан жер халық аузында және ауданның елді мекендер карталарында әлі Қоразбай атымен аталады. Мешіт жабылғаннан кейін Қоразбай атамыз ұлдары Ысқақ, Құлмағанбетпен бірге Жалағаш кенті бүгінде Бұқарбай батыр көшесі 72 үй ауласында орналасқан екінші мешітке келіп, халыққа дінді дәріптеуді жалғастырған.

Кеңес үкіметі тұсында қазіргі Жалағаш кентіндегі «Иманқұл» мешіті жабылып, әртүрлі мақсатта пайдаланылған. Сол тұста халық Қоразбай молданың екінші мешітін пайдалана бастайды.

Қоразбайдың Қаракеткендегі мешіті ел жайлауға,  Қарақұмға көшкенде халыққа қызмет істесе, екінші Жалағаштағы мешіт ел қыстауға көшіп келгенде қызмет жасаған. Жалағаш аудандық мұражайдың ғылыми қызметкері, журналист Марат Ақмырзаұлы Шөмекеевтің зерттеуі бойынша, Қаракеткендегі Қоразбай мешіті 1928 жылға дейін жұмыс істеген. Ал қазіргі Бұқарбай батыр көшесінде орналасқан мешіт бақшада «Г» әрпі тәріздес формада салынған екен.

Мешіттің іргетасы дәу қойтастардан қаланған.  Екі адам әрең дегенде көтеретін тастар 1887-1906 жылдар аралығында Жалағаш станциясы арқылы өтетін теміржолдарға пайдаланылған тастар көрінеді. Қоразбай атаның өз қолымен егілген екі ғасырдың куәсі болған жуан қара тал әлі жайқалып тұр.

Бұл мешіт 1930 жылдары үкімет органдарымен мешіттер жабылғаннан кейін де халыққа қызметін тоқтатпаған. Ұлы Отан соғысы кезінде неке қию, жұма намаздар өткізу, соғыста қаза болғандардың жақындарының қатысуымен жаназаларын шығаратын бірден-бір Алла үйіне айналған.

Мешітте Қоразбай атамыз екі ұлымен бірге қызмет жасап, кейін ұлы Құлмағанбет билік өкілдерімен ұсталып, 3 жылға сотталып, Қызылорда қаласына жолдануына байланысты Өмірқұл Табын Бекқұлұлы болыстың қызы Қазына әжемізге тастап кетеді. Қоразбай молда жергілікті билікпен жер аударылып, Қызылорда қаласы жанындағы қазіргі Қызылжарма, бұрынғы Тентек Өзек, Комсомол ұжымшарына көшіп барып, діни жолын, сырқаттанған адамдарды әртүрлі шөптермен, ішірткімен емдеуін жалғастырған. Көнекөз қариялар ол кісінің ерекше қасиеттерін айтып отыратын.

Қоразбай молда туралы деректер Қазақстан Республикасы әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы Х.Ғабжалиловтың бастамасымен «Алаш» тарихи-зерттеу орталығымен (Алматы қ. 2006 ж.) «Қазақ ру-тайпаларының тарихы» жинағының 2 кітабында (121 б.), тарих ғылымдарының докторы А.Қалыштың (Алматы қ. 2016 ж.) Табын шежіресінде (117 б.), Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Ахат Жанаевтың 2007 жылы шығарылған «Бұқарбай батыр» жинағында (273 б.), Жалағаш ауданының 70 жылдығына орай 2009 жылы Алматыда шығарылған «Шежірелі Жалағаш» атты кітапта (218 б.) келтірілген.

Қазақта «Әулие – Алланың досы, Пайғамбардың мирасқоры, ғалымдардың ақылшысы, хандардың пірі, адамдардың ұстазы» деген сөз бар. Дана халқымызда «Молдамен жолдас болсаң, намазың қаза болмас, Ұрымен жолдас болсаң, қазаның таза болмас» деген де халықты имандылыққа шақыратын ұлағатты сөздер бар. Қоразбай атамыздың ұлдары Ысқақ та, Құлмағанбет те кеңес үкіметі тарапынан қуғын-сүргін көргеніне қарамастан әкелері сияқты елді имандылыққа шақырып, халықтың діни сауатын ашып, балаларды сүндетке отырғызып, діни шараларға қатысқан белгілі ағартушы, діндар кісілер болған.

Қоразбай мен оның екі ұлы Ысқақ, Құлмағанбеттің елде жақсы аттары қалды. Олар өздерінен кейін жақсы, елге үлгі болатын ұрпақ тәрбиеледі. Қоразбайдың Мария атты қызынан 1962-1980 жылдары Қазақ КСР Ішкі істер министрінің орынбасары лауазымын атқарған милиция генерал-майоры Нұрылла Алмағанбетов туған. Қоразбай молданың інісі Оңғарбайдың келіні, ұлы Әміренің зайыбы кезінде бірнеше рет Қазақстан атынан майдан даласына азық-түлік, киім-кешек апаруды ұйымдастырған. Ол – Мәскеуде өткізілген Қазақстанның мәдени онкүндігіне республиканың әнші, биші, композитор, өнер ұжымдары мен қайраткерлері делегациясын басқарып барып, Кремльде КСРО жоғары басшыларының қабылдауында болып, оң баға алған, 1938-1955 жылдары Қазақ КСР  Жоғары Кеңес төралқасы төрағасының орынбасары лауазымын атқарған Шекер Ермағанбетова.

Қоразбайдың тағы бір інісі Оңғарбайұлы Алмағанбеттен Жалағаш өңіріне белгілі Орынбасар, Орынбек, Жалағаш ауданының Құрметті азаматы Тынымкүл Алмағанбетова тарайды. Қоразбай молданың Құлмағанбетінен тарайтын немересі – жауынгерлік «Қызыл Жұлдыз», «Отан соғысы» ордендерінің иегері, өңірімізге белгілі сот, партия, кеңес, кәсіподақ ардагері Асан Қоразбаев. Қоразбайдың інісі Мергенбайдың немересі елімізге белгілі мемлекеттік қайраткер, Қазақстан сотының ардагері, бұрынғы сенатор Жалағаштың Қаракеткенінде дүниеге келіп, бастауыш мектебінде білім алып, елмен байланысын үзбей, көптеген игі іс-шараларға қатысқан Жалағаш ауданының Құрметті азаматы Иран Әміров.

Ұрпақтар сабақтастығы жалғасуда. Қоразбай молданың шөбересі заңгер-журналист, полковник Хұсайын Қоразбаев елдегі іс-шараларға белсене араласып, мұрындық болып жүрген белгілі азамат. Ол елге белгілі іні-қарындастарымыз Қожахмет Баймаханов, Райкүл Байназаровамен бірге өңірде Бұқарбай батырдың 200 жылдығын, Нұр-Сұлтан қаласында батырдың атына көше берілуіне байланысты іс-шараларды өткізуге атсалысты. Тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қалыш Аманжолдың төрағалығымен шығарылған Табын руының 6 томдық шежіресіне республика бойынша деректер жинақтауға үлес қосты. Қызылордалық жерлестермен бірге жыл сайын Жалағаш ауданында «Мектепке жол» қайырымдылық акциясын өткізуді,  2021 жылы Жалағаш кентінде ашылған жаңа мешітке аздаған қаржылық көмек көрсету мен көгалдандыру жұмыстарын, сонымен қатар  өткен  жылы Қаракеткенде өрт салдарынан үйі толық өртеніп кеткен Нұрадин Сқақовтың отбасына киім-кешек пен қаржылай көмек көрсетуді ұйымдастырды.

Ысқақ молданың ұлдары Құдайберген мен Тәңірбергеннің де аттары елге жақсы таныс. Осы жолдардың авторы Ысқақ молданың қызы Базаркүл мен өткен ғасырдың елуінші жылдары №31 мектепте бірге оқыған, баласы Тәңірбергенмен сексенінші жылдары Жалағаш кентінде көрші тұрған еді. Милиция ардагері Тәңірберген Ысқақов пен Өмірқұл аталығынан шыққан белгілі батыр Қайқы Бекжанның немересі Сәннен тарайтын республикамызға белгілі қаржыгер, банк саласында басшылық лауазымдар атқарған Сәкен Ысқақов Бұқарбай батырдың 200 жылдық тойына қомақты үлес қосып, ел ықыласына бөленген болатын. Бір сөзбен айтқанда, бір кездерде қиын-қыстау заманда Қоразбай ата мен оның ұлдары Ысқақ, Құлмағанбеттің халыққа сіңірген еңбегі осы төңіректегі елдің жадында қалды, өнеге көзіне айналды. Өкінішке орай Қоразбайдың халық аузында  жүрген  бірнеше ғана кереметтері сақталыпты.

Белгілі қоғам қайраткері Иран Әміров: «Үлкендерден естігенім, бірде ол кісінің құрдастарының бірі «сіз перілермен жолдас екенсіз ғой» деп әзілдесіп қоймапты. Шамасы шамына әбден тиген болар, бір кезде Қоразбай атамыз әлгі кісінің үстін, айналасын үлкен қап-қара түнекке айналдырып жіберіпті. Әлгі кісі қалтырап, дірілдеп, бүкіл денесі қара терге түсіп, атамыздың аяғына жығылып, жалынып, жалбарынып кешірім сұрағаннан  кейін ол кісі райынан қайтып қара түнекті сейілтіпті» дегенді еске алатын еді.

Сыр еліне белгілі абыздардың бірі, әулие Беркімбай қалпенің айтқан әңгімесі екен. Сонау соғысқа дейінгі жылдары Қоразбай атамыз қасында бір топ ауыл ақсақалдарын ертіп, қазіргі Сырдария, Жалағаш аудандарына қарасты жерлерде орналасқан бір ауылдан екінші ауылға келе жатады. Атамыз Қоразбайдың көріпкелдігі бар екен. Бір кезде Қоразбай атамыз «ей патшағар, қайт кейін орнына апарып қой» деп жұртқа түсініксіз себеппен атын қамшылып алға шаба жөнеліпті. Қасындағы кісілер оған бірден ілесе алмай артынша алда кездескен  ауылдың бір үйіне келіп кірген атамызды қуып жетеді. Сөйтсе ол үйде ауыр халде жан тапсырайын деп жатқан жас бойжеткенді қимай жылап-сықтап отырған әке-шешесі, бауырлары үстінен түседі. Олар аяқастынан үйге кіріп келген қолында қамшысы бар, астында қызылқара ат мінген, ұзын ақ шапанды, басына сәлде ораған, ұзын бойлы, ақ сұр түсті кісінің келуімен науқастың жағдайы бірден жақсара бастағанын байқап таңғалады. Артынша  аздаған уақыттан кейін науқас мүлде айығып, орнынан тұрып тілге келеді. Аң-таң болған бойжеткеннің туыстары бейтаныс кісінің кім екенін біліп, ауылға қарай келе жатқанда бір қызыл ит адамның өкпесін аузына тістеп алып алдынан өте шыққанын көріп, оған тұра ұмтылып артынан қуып, ол итті осы үйдің ауласына дейін қуып келгенін айтады. Қыздың лезде айығып кетуіне себеп болған қызыл ит кейпіне айналған жын-перінің адам өкпесін орнына қайтып салдыруы болған екен.

Өздерінің үйіне атақты молда әулие Қоразбайдың келгенін, оның ауыр халде жатқан қыздарының өмірін сақтап қалғанын білген әлгі үйдің егелері атамызды серіктестерімен қонақ қылып күтіп, құрмет көрсетіп, алғыс айтып шығарып салыпты.

Асылдарымыз дәріптеп, атын шығаратын емес, олардың үстінен арыздарды қарша боратқан, қудалап, итжеккенге айдатып, атып-асқан, еңбектерін, кереметтерін ұмыттырған заман болды ғой. Бүгінде тоқсан үшке келіп отырған белгілі ұстаз, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Рақымжан  қажы Байменов ағамыздың айтуы бойынша Қоразбай, Ысқақ, Құлмағанбет молдалар алғашқыда Қалжан ахуннан дәріс алып, кейіннен мешіт ашып, балаларды сауаттандырған, кейін кеңес үкіметі олардың ашқан мешітін жауып, өздерін қуғынға ұшыратқан.  

Қазір елді мекендер көшелерін қайта атауды уақытша тоқтату туралы жарияланған мораторий күші жойылуына байланысты жергілікті әкімдер көшелерді ел тарихында қалған адамдар атымен қайта атау жұмыстарына кіріскен екен. Осыған байланысты Жалағаш ауданының Қаракеткен ауылының ардагерлер ұйымының төрағасы мен бір топ ардагері ауыл көшесінің біріне Қоразбай молданың  атын беру туралы аудандық ономастика комиссиясына өтініш жасапты. Мен олардың игі бастамасын қолдаймын. Кейде қала, аудан орталығы мен ауыл көшелері ол жерге мүлдем қатысы жоқ кісілер атымен аталып жатады. Бұл дұрыс емес, көше аты берілетін адамның сол жер тарихына қатысы бар, еңбегі сіңген адам болу керек. Келешекте ұрпақтарға айтып, мақтан тұтып отыратын адам аты қойылуы керек деп есептеймін. Осыны ескере келгенде Қоразбай молда-әулие атына көше беру лайықты іс болар еді.

Рысбай Кәрімов,

Жалағаш ауданының Құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<